Мемлекет ішіндегі мемлекеттер: РФ құрамында 22 республика бар

0
14688

«Темір ханшайым» аталып кеткен Ұлыбританияның 71-ші Премьер-министрі Маргарет Тэтчердің 1991 жылы Ресейдің жер көлемі жөнінде: «Мұндай кең-байтақ жерде бір ғана мемлекеттің өмір сүруі әділетсіз», – деп айтқан пікірін қазір әркім өзінше бағалайды. Бір анығы, Ресей Федерациясының жер көлемі – 17,1 млн шаршы метр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ресей Федерациясына сол Маргарет Тэтчердің отаны – Ұлыбританияның жетпісі еркін сыйып кетеді. Тіпті, Еуропаның 43 мемлекетін қоссаңыз, Ресей Федерациясы жер көлемінің 65 пайызын ғана құрайды.

Иә, біздің солтүстіктегі алып көршіміздің құрамында Қырымды қосқанда Алтай, Башқұртстан, Мордовия, Татарстан, Хакасия, Шешенстан сияқты 22 республика бар. Осы республикалардың аз бөлігі ұзақ жылдардан бері өз егемендігін аңсап келеді. Ғасыр  тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Ресей Федерациясындағы тәуелсіздікке ұмтылған бірқатар республикаларға тоқталады.

ДАҒЫСТАН, ЯКУТИЯ, ШЕШЕНСТАН… АЗАТТЫҚ АЛУҒА НЕГЕ АСЫҚПАЙДЫ?

Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын Ресей Федерациясының жер көлемі туралы қызықты мәліметтер көп. Мәселен, бүкіл бір елдің аумағы 11 сағаттық белдеуге бөлінеді. Яғни, Калининград қаласында бозарып таң атқанда, қиыр шығыстағы Владивостокта кеш батады. Сонымен қатар, бұл елдің екі өңірінің (Сібір және Қиыр Шығыс федералдық округтері) жері жоғарыда айтқан Еуропа құрлығынан да үлкен. Алайда, көрші ел жерінің 80 пайызын алып жатқан осы екі аймақта Жапония астанасы Токионың тұрғындарынан да аз халық тұрады (Токио тұрғындарының саны – 13,7 млн адам).

Міне, Ресей Федерациясы жерінің осындай үлкендігі үшін оған қай кезеңде болмасын әңгіме айтушылар көп болған. Оның үстіне мемлекеттік құрылымы – федерациялық мемлекет. Сондықтан оның құрамында ондаған республика өмір сүріп келеді.  Олардың тәуелсіздікке  ұмтылу  жолдары  да әр кезеңде күшпен жанышталды. Өткен ғасырдың соңында Шешенстан, Дағыстан секілді республикалар талай мәрте өз тәуелсіздігін сұрады. Тіпті, Ресей мен Шешенстан арасында он жылда екі рет соғыс та болды.

Мәскеу мен Грозныйдың әлеуетін салыстырудың өзі артық. Таразы басы тең емес. Сондықтан соғыста шешендер үшін азаттықтың құны тым жоғары болды. Опат болған мыңдаған адам, үйінді астында қалған Грозный… Ақыры Мәскеу Грозныйды алды. Шешендер жеңіліс тапты. Сөйтіп, шешендер азаттық алу армандарынан бас тартты.

Кезінде сепаратистер жағында соғысқан Ахмат Қадыров кейін Кремльдің саясатын қолдап шықты. Мәскеудің тілін тапқан Қарағандының тумасы 2000 жылы аймақ басшысы қызметін атқарушы болып тағайындалды. Содан елде Қадыров әулетінің шексіз билігі басталды.

Рас, елде тыныштық орнады. Террорлық әрекеттер азайды. Елдің инфрақұрылымы біртіндеп жақсарды. Ауыл-аймақтар қалпына келтірілді. Грозныйда аспанмен таласқан жаңа ғимараттар салынды. Үлкен мешіттер  бой  көтерді. Дегенмен, жыл сайынғы миллиардтаған қаржыны Шешенстан өзі тауып отырған жоқ. Бұл Мәскеуден бөлінген қомақты дотацияның арқасы. Шешенстан экономикасының 90 пайызы орталықтан бөлінген ақшаға тәуелді саналады.

Бір ғана Шешенстан емес, Ресей Федерациясының құрамындағы Дағыстан да, Саха (Якутия) да, Қырым да, Қабардин-Балқария да, Марий Эл де Мәскеуден бөлінген ақшаға тәуелді, яғни бұл республикалар өз бетімен күн көре алмайды. Сондықтан олар азаттық алуды армандамайды, жеке отау тігуге ұмтылмайды.

Ресейдің федерациялық мемлекет екендігін білетін сыртқы күштер де қаншама жыл оны ыдырату мақсатындағы астыртын жұмыстарын жалғастырып келсе де, оған қарап отырған Кремль жоқ. Қол астындағы республикаларға азаттық бермек тұрмақ, 2014  жылы  Мәскеу  Украинадан Қырымды өз құрамына қосып алды. Тіпті, айдың-күннің аманында Қырымнан айырылып қалған Украинаның шығысындағы Луганск, Донецк облыстары қазір Киевтің бас ауруына айналды. 2014 жылдан бері сыртқы күштердің (мысалы, Кремльдің) ықпалындағы және солардың астыртын қолдауына ие болып отырған Луганск пен Донецк облыстары Украинадан бөлініп, өз тәуелсіздіктерін жариялап та үлгерді. Қазір саяси картада әлемдік  қауымдастық  мойындамаған  Луганск Халық Республикасы мен Донецк Халық Республикасы пайда болды.

БАШҚҰРТСТАН МЕН ТАТАРСТАНҒА КРЕМЛЬДІҢ УЫСЫНАН ШЫҒУ ОҢАЙ МА?

Ресей Федерациясының құрамындағы Башқұртстан мен Татарстан Республикаларының экономикалық әл-ауқаты жоғары. Олар азаттық алса, өз күндерін көріп кетер еді. Дербес ел болуға жер көлемі де, халық саны да мүмкіндік береді.

Татарстанмен көршілес жатқан Башқұртстан Ресей өңірлері арасында экономикасы жөнінен 5-орын алады. Өзінің тамаша табиғатымен де ерекше  көзге  түседі.  Бұл  елде  12 000  көл  мен  2 700-ден  астам  өзен  бар.  Ел  территориясының  40 пайыздан астам жерін орман алып жатыр.

Башқұртстанның энергетика мен өндіріс саласы да жыл өткен сайын өркен жайып келеді. Елде туризмді дамытуға болатын ерекше аймақтардың бар екендігі белгілі.

Башқұрт жерінде мұнай қоры мен табиғи газ және көмірдің үлкен алабы да бар. Ал, астанасы Уфа – ресейлік қалалар арасында қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Ресей жеріндегі бизнеске ең қолайлы қала саналады.

Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланса, Башқұртстанның да алда алар асуы көп болмақшы. Бірақ, бұл елдегі белсенді топ өкілдерінен әзірге Татарстандағыдай тәуелсіздік жолындағы толқыныс байқалмайды. Олар өз бетінше өмір сүріп жатыр.

4 млн адам мекендеген Башқұртстан үшін тәуелсіз ел ретінде өмір сүруге мол мүмкіндіктің бар екендігі жасырын емес. Алайда, башқұрттар тарапынан тәуелсіздік бағытындағы нақты қадамдар жасалмаса да, қазір бұл тақырыптағы әңгімелер алыстағы Түркияда жиі айтыла бастады. Ол бірінші кезекте Мәскеудің боданында қалған түркі тілдес елдерге қатысты жағдай. Ал, Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Тыва, Башқұртстан, Чувашия, Қарашай-Черкес, Саха (Якутия) Республикаларында миллиондаған түркі тілдес халық тұрады.

Соңғы кездері кейбір ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Татарстан Республикасының тәуелсіздік жолындағы ұмтылысын жиі жариялап жүр. Оның үстіне Мәскеу мен Қазан арасында Татарстан Республикасының мәртебесі жөнінде келісім бар. Бұл Ресей Федерациясы құрамындағы басқа ешқандай елде жоқ жағдай. Аталған келісім бойынша Татарстан Республикасы кейбір мемлекеттік маңызды мәселелерде бірқатар артықшылықтарға ие.

Мәселен, Татарстан  толыққанды  тәуелсіздік  алмаса да, Ресей Федерациясынан бөлініп шықпаса да, 1990 жылы Тәуелсіздік туралы декларациясын жариялады, 1992 жылы Конституциясын қабылдады. Ата заңында татар тілінің орыс тілімен бірдей мемлекеттік мәртебесі тайға таңба басқандай айқын көрсетілді.

Күні кеше Кремль ендігі жерде Татарстанмен ешқандай келісім жасамайтындығын жариялапты. Бұл бодандықтың құрсауындағы мемлекеттің бұдан ары ешқайда жылжи алмайтындығын көрсетсе керек.

Татарстан екі жүз жыл бұрын Ресейдің құрамына күштеп кіргізіліп, бүгінде екі ғасыр бойы өз тәуелсіздігін ала алмай келеді. Әйтпесе,  бұл  елдің азаттық алып, әлемдік қауымдастықта өз орнын табуына мүмкіндігі өте жоғары.

Иә, сарапшылардың да айтуынша, 3,8 миллионнан астам халық тұратын Татарстанның жеке мемлекет ретінде өз күнін өзі көріп кетуіне жағдайы бар. Өйткені, қазір Татарстан Республикасы Ресей Федерациясының өңірлері арасында экономикалық әл-ауқаты жөнінен 6-орында келеді.

Елдегі мұнай қоры 1 млрд тоннаны құрайды. Қазірдің өзінде Татарстан территориясында 127 барланған мұнай қорының орындары бар.

Татарстан тек мұнай қорымен ғана емес, өзінің үлкен көмір алабымен де мақтана алады. Елде барлығы 109 көмір кенішінің болуы да көп нәрсені аңғартса керек.

Екі мыңға жуық мешіті бар бұл мұсылман елінің басты байлығы ретінде суды да айтсақ болады. Мәселен, бүкіл батыс Еуропадағы ең ірі өзендер – Волга мен Кама татар жерін басып өтеді. Бұл өзендер елдегі ағын су мәселесінің шешілуіне өз септігін тигізеді.

Татарстан Республикасындағы осындай мүмкіндікті білетін жергілікті белсенді топ өкілдерінің тәуелсіздікке ұмтылу жолы да тегін емес екендігі түсінікті. Себебі, Татарстан – өзін-өзі толық асырай алатындай жағдайдағы ел.

Рас, татарлар Ресей Федерациясының өзге де субъектілері мен автономиялық республикалары секілді дотацияда отырған жоқ. Ол жалпы ішкі өнім бойынша тек елдің еуропалық бөлігіндегі Ленинград, Мәскеу облыстары мен Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларын ғана алдына салады.

Демек, Татарстан өзінің 3,8 миллион халқымен жеке мемлекет болса, оның жағдайы Қырғызстан немесе Тәжікстан секілді ортаазиялық елдерден де мықты болар еді. Алайда, бұл Ресей билігінің жоғарғы эшелонынан ешқашан қолдау таппайтыны айтпаса да түсінікті.

Рас, бұл тақырыпта талай әңгіме көтерілгенімен, Мәскеудің берер жауабы біреу ғана: «Татарстан – алып империяның құрамдас бөлігі».

Бір жағынан Ресей Федерациясының Татарстан секілді экономикалық әл-ауқаты жоғары елді уысынан шығармай ұстауы да аса тиімді. Өйткені, бүгін Татарстанға ерекше мәртебе берсе, ертең экономикасы жақсарған өзге де автономиялық республикалар бастапқыда ерекше мәртебе, кейіннен тәуелсіздік сұрауы да ғажап емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, Ресей Федерациясының құрамындағы қандай автономиялық республика болмасын өз бетінше күнін көріп, өз тәуелсіздігін аңсайтындығы белгілі. Алайда, Михаил Горбачевтің бір жылда посткеңестік 15 республиканы таратып жібергеннен кейін енді Кремль бұл мәселені қатаң назарында ұстайды.

Бірнеше рет тәуелсіздік сұраған Шешенстанмен бір келісімге келгенін жоғарыда жаздық. Қазір Грозный азаттық туралы ауызын ашпайды. Тіпті, Рамзан Қадыров Владимир Путинге шаң жуытпайды.

Кремльдің Татарстанға қарсы ұстанған саясаты да белгілі.

Өзге өңірлер дәл осындай мүмкіндік сұраса, оған да қатысты жауаптың табылатындығы айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, өз құрамындағы 22 республиканы уысынан шығармауға барын салады.

АЙБОЛ ҚАРАШЕВ

РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛАР

Республика Астанасы Халқы * Әлемдегі орны Жер көлемі, км2 * Әлемдегі орны
01 Адыгея Майкоп 453 000 175 (Мальтадан көп) 7 792 163

(Брунейден үлкен)

02 Алтай Горно-Алтайск 218 000 191 (Самоадан көп) 92 903 109 (Португалиядан үлкен)
03 Башқұртстан Уфа 4 063 000 128 (Оманмен бірдей) 142 947 94 (Тәжікстанмен бірдей)
04 Бурятия Улан-Удэ 984 000 160 (Джибутидан көп) 351 334 63 (Германиямен бірдей, Малайзия, Италия, Ұлыбританиядан үлкен)
05 Дағыстан Махачкала 3 063 000 138 (Армениядан көп) 50 270 127 (Эстониядан үлкен)
06 Ингушетия Магас 488 000 174 (Мальтамен бірдей) 3 628 166 (Сингапурден төрт есе үлкен)
07 Қабардин-Балқария Нальчик 865 000 161 (Кипрден көп) 12 470 157 (Катардан үлкен)
08 Қалмақия Элиста 275 000 186 (Вануатудан көп) 74 731 117 (Грузиядан үлкен)
09 Қарашай-Шеркесия Шеркесск 466 000 175 (Мальтадан көп) 14 277 155 (Черногориядан үлкен)
10 Карелия Петрозаводск 622 000 168 (Черногориямен бірдей) 180 520 89 (Уругвайдан үлкен)
11 Коми Сыктывкар 840 000 162 (Кипрмен бірдей) 416 774 59 (Жапониядан үлкен)
12 Марий Эл Йошкар-Ола 682 000 169 (Макаодан көп) 23 375 146 (Македониямен бірдей)
13 Мордовия Саранск 805 000 164 (Гайанадан көп) 26 128 144 (Гаитимен бірдей)
14 Саха (Якутия) Якутск 964 000 160 (Джибутидан көп) 3 083 523 08 (Аргентина, Қазақстаннан үлкен)
15 Солтүстік Осетия – Алания Владикавказ 701 000 167 (Черногориядан көп) 7 987 163 (Брунейден үлкен)
16 Татарстан Қазан 3 894 000 129 (Грузиядан көп) 67 847 120 (Литвадан үлкен)
17 Тыва Қызыл 321 000 183 (Исландиямен бірдей) 168 608 90 (Грекиядан үлкен)
18 Удмуртия Ижевск 1 513 000 152 (Косовомен бірдей) 42 061 131 (Швейцариядан үлкен)
19 Хакасия Абакан 537 000 173 (Суринаммен бірдей) 61 569 123 (Хорватиядан үлкен)
20 Шешенстан Грозный 1 436 000 153 (Бахрейнмен бірдей) 15 647 154 (Ливаннан үлкен)
21 Чувашия Чебоксары 1 231 000 159 (Маврикиймен бірдей) 18 343 151 (Словениямен бірдей)
22 * Қырым Симферополь 1 913 000 151 (Эстониядан көп) 26 081 145 (Израильден үлкен)

Ескертпе:  * Ресей Федерациясының құрамындағы бұл республикалар тәуелсіз болмағандықтан халық саны мен жер көлемінің әлемдегі көрсеткіші ресми саналмайды. Дегенмен, олар тәуелсіз ел болғанда осындай орындардан көрінер еді.  * Әлемдік қауымдастық Қырымды Ресей Федерациясының құрамындағы республика ретінде мойындамайды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here