Саддамның ақыры: Ирак президентінің түбіне кім жетті?

1
2959

Саддам Хусейн (1937-2006) – 1979-2003 жылдардағы Ирак президенті. Ауқымды реформаларымен, әскери операцияларымен, соғыс барысында химиялық қаруды жиі қолданғанымен әлемге танылған саяси қайраткер.

Дегенмен, оның саяси қызметіне түрлі баға беріледі. Бірі мақтайды, екіншісі даттайды. Ал, 24 жыл бойы ел тізгінін ешкімге бермей, 36 млн халықты уысында ұстаған Саддам Хусейн билігіне Батыс елдері қырын қарады. Сөйтіп, оның Ирактағы билігі 2003 жылы АҚШ пен Ұлыбритания құрған коалицияның шабуылы кезінде құлап, 2006 жылы Саддам Хусейн өлім жазасына кесілді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Саддам Хусейннің өмір жолы мен саяси қызметіне, Иран-Ирак және Парсы шығанағы соғыстарының барысына тоқталады.

Ауыр айыптар тағылған Саддам Хусейн 2006 жылдың 30 желтоқсанында дарға асылды.

САДДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ ЕСІМІНЕ САЙ ҚАЛЫПТАСТЫ

Бұрынғы Ирак басшысының жеке басы туралы сөз қозғалғанда, көпшіліктің назары алдымен  оның есіміне ауады. Неге десеңіз, «Саддам» сөзі араб тілінде «қарсы тұрушы» деген мағына береді. Аты затына сай келді ме екен, расымен де, Саддамның бар өмірі күрестен, қарсы тұра білуден тұрды.

Мемлекетті 24 жыл бойы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған  Саддам  Хусейн  1937 жылы 28 сәуірде Тикрит қаласының маңындағы әл-Аджа ауылында дүниеге келеді. Басына түскен сынақ ол дүниеге келместен бұрын басталса керек. Әкесі Хусейн Саддам дүние есігін ашпай жатып қайтыс болады. Тағы бір нұсқада Хусейн отбасын тастап, хабар-ошарсыз кеткені айтылады. Сөйтіп, болашақ президент туылмастан бұрын оның анасы да қиындықпен бетпе-бет кезігеді. Саддамның он екі жасар ағасы қатерлі ісіктен көз жұмады. Қайғыны көтере алмаған анасы күйзеліске түсіп, жаңа туылған Саддамды бағып-қағуға құлықсыздық танытады. Нәрестеге жаны ашыған анасының ағасы баланы бірнеше жыл бауырына басады. Алайда, нағашысы британдықтарға қарсы көтеріліске қатысқаны үшін түрмеге тоғытылады. Қамқоршысынан айырылғандықтан ес біліп қалған Саддам амалсыз көкек анасына оралуға мәжбүр болады.

Қазақ дәстүріндегі әмеңгерлік салты арабтарда да жоқ емес. Салт бойынша Саддамның шешесі қайтыс болған Хусейннің інісі – Ибрахим әл-Хасанмен тұрмыс құрады. Тағдыры аямаған Саддамды өгей әкесі де басынан сипай қоймайды. Әл-Хасан Саддамды қатал тәртіпте тәрбиелейді. Ұрып-соғады, ауыр жұмыстарға салады. Осылайша, болашақ президенттің балалық шағы кедейлікте, аштықта өтеді. Өгей әкесі оны қара жұмысқа салудан бөлек мал ұрлауға да мәжбүр етеді.

Күнделікті ұрып-соғу мен жеке басын қорлау – Саддамның мінезіне де тікелей әсер етеді. Алайда, Саддам қоғамнан оқшауланған жоқ. Оның түрлі жастағы достары, пікірлестері аз болмады.

Үй шаруасынан, мал ұрлығынан әбден мезі болған Саддам білім алғысы келеді. Өгей әкесінен өзін мектепке беруді өтінгенде, әл-Хасан Саддамды оқытқаннан гөрі жұмысқа сала беруді жөн көреді. Содан оқуға келісім бермейді. Осыдан кейін Саддам Тикрит қаласындағы түрмеден шыққан діндар, ұлтшыл нағашы ағасына қашып барады. Нағашы ағасы Саддамның тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал етеді.

Тикритте Саддам мектепке барады. Оған білім беру оңайға соққан жоқ. Он жастағы Саддам оқуды, жазу-сызуды мүлдем білмейтін еді. Сондай-ақ, құрдастарымен, мұғалімдерімен жиі сөзге келіп, тәртіп бұза бергені үшін көп ұзамай мектептен шығарылады.

Он бес жасар Саддам үлкен күйзеліске душар болады. Сүйікті жылқысының өлгеніне қатты қайғырған Саддамның қолы сал болып қалады. Өз естеліктерінде бұрынғы Ирак басшысы ең соңғы рет осы жылқысы үшін қатты жылағанын айтқан-ды. Сал болған Саддам бірнеше ай ем қабылдап, аурудан айығады. 1953 жылы нағашы ағасы Бағдатқа көшкенде өзімен бірге жиенін де ала кетеді. Бағдаттағы әскери академияға түсіргісі келгенімен, Саддам емтиханнан өтпей қалады. Сөйтіп, 1954 жылы Саддам әл-Карх мектебіне түсіп, сонда орта білім алады.

Қиратылған Саддам Хусейн ескерткіші. Ирак астанасы – Бағдат. 2003 жылдың 9 сәуірі.

АБАҚТЫДАН БАСТАЛҒАН САЯСИ ҚЫЗМЕТ

Саддамның саяси мансабының басталуы оның әрі қарай білімін жетілдірумен тығыз байланысты болады. Жас белсенді әл-Карх  мектебін аяқтаған соң Каир университетінен (Мысыр) заңгер мамандығын алып шығады.

1952 жылы Мысыр төңкерісі басталады. Жетекшісі – Гамал Абден Насер еді. Бұл адам Саддам үшін табынатын пұттан кем болған жоқ. Гамал Абден Насер Саддамның кумиріне айналады. Гамал төңкерістің нәтижесінде оның кумирі қозғалыс жетекшісі ретінде Мысырдың президенті болады.

Ирактың болашақ билеушісі 1956 жылы екінші Фейсал патшаға қарсы әскердің сапына кіреді. Бірақ, төңкеріс сәтсіз аяқталады. Келесі жылы Хусейн «Баас» партиясының мүшесі болады. 1958 жылғы көтеріліс кезінде патша тақтан тайдырылады. 21 жасында Саддам жергілікті губернатордың өліміне күдікті деп танылып, абақтыға жабылады. Бейресми мәліметтер бойынша, Саддамның нағашы ағасы Хейрулла жиеніне өзінің қарсыласын өлтіруді тапсырған. Жиені нағашысының тапсырмасын бұлжытпай орындағаны жөнінде қауесет бар. Оқиға орнынан полиция айғақ таба алмағандықтан, алты айдан кейін Саддам бостандыққа шығады. Кейіннен генерал Касемге қарсы арнайы операцияға қатысады.

Каир университетінің қабырғасында (1961-1963) Саддам өз ортасында абыройға ие болып, өзін белсенді саяси қайраткер ретінде көрсете біледі. 1963 жылы «Баас» партиясы генерал Касемнің жүйесін жеңеді. Саддам Иракқа саяси қайраткер болып оралады. Орталық шаруалар бюросының мүшелігіне өтеді. Жас белсенділер Саддамға «Баас» партиясының өкілдері өздеріне жүктелген тапсырмаларды ұқыпсыз орындағанын жеткізеді. Саддам болса бұл мәселені жалпы араб жиналыстарында көтеріп, аяусыз сынға алады. Нәтижесінде, басистер биліктен аластатылып, Саддам өз бірлестігін құруға кіріседі. 1964 жылы «Баас» партиясының бес адамнан құралған жаңа басшылығы пайда болады. Оған Хусейн де қосылады. Партия басшылары Бағдатты басып алуға шешім қабылдайды. Шабуыл сәтсіз аяқталып, Саддам қамауға алынады. Бірақ, 1966 жылы саясаткер түрмеден қашып шығады. Бірнеше айдан кейін «Баас» партиясының бас хатшысының бірінші орынбасарлығына тағайындалады.

1968 жылы Иракта тағы бір төңкеріс басталып, 1970 жылы Саддам Хусейн елдің вице-президенті болады. Үлкен билікке ие болған ол арнайы қызмет сегментінде бірқатар қайта құру жұмыстарын жүргізеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, Саддамның бала кезінен қалыптасқан қатал мінезі оның жұмысында көрініс береді. Жаңа үкіметке қарсы шыққандар қатаң жазаланады. Түрмедегі тұтқындар электр тоғымен, химиялық қышқылмен, газбен, зорлық-зомбылықпен азапталады. Тұтқындардың туған-туыстарына да шектеулер қойылып, бақылауға алынады. Елдегі екінші адам мәртебесіне ие бола отырып, Саддам Хусейн мынандай мәселелерге назар аударады:

1) Сыртқы саясатты нығайту;

2) Әйелдердің және жалпы халықтың денсаулығын нығайту;

3) Жеке меншікті дамыту және ауылдарды модернизациялау;

4) Кәсіпкерлерді ынталандыру;

5) Әртүрлі оқу орындарын, ауруханалар, техникалық кәсіпорындарды көптеп салу және т.б.

Осындай бастамалардан кейін Саддам халық арасында құрметке ие болып, Ирактағы нақты экономикалық өрлеуге қол жеткізіп, елдегі сұңғыла саясаткерге, болашағы зор тұлғаға айналады.

42 ЖАСЫНДА ЕЛ ТІЗГІНІН ҚОЛЫНА ҰСТАҒАН ҚАЙРАТКЕР

1976 жылы Саддам Хусейн партиядағы барлық қарсыластарының көзін жойды. Өзіне бас изейтін әскер жасақтады. Көп ұзамай мемлекеттік аппараттың барлық маңызды құрылымдары: түрлі министрліктер, қарулы күштердің басшылары Саддамның алдында құрша жорғалап, есеп бере бастады.

1979 жылы Ирак президенті отставкаға кетіп, таққа өзінің ізбасары Саддам Хусейнді отырғызды. Билікке келген алғашқы күндерден бастап Саддам өзін әлемдік көшбасшылардың қатарынан, ал Иракты дамыған елдердің қатарынан көргісі келеді. Сол туған мемлекетін өркендету мақсатында үлкен жоспарлар құрады. Ирактың табиғи ресурстарының (мұнай) арқасында түрлі елдермен келісім жасауға және одан әрі дамудың деңгейіне қол жеткізуге жол ашылады. Бірақ, Саддамның иелік етуге деген бейімділігі үлкен қателік жасауға итермеледі.

КСРО мен АҚШ арасындағы «қырғи қабақ соғыстың» салдары біршама мемлекеттердің саясатына салқынын тигізеді. 1979 жылы Саддам Хусейннің Иракқа президент болуы, дәл сол жылы төңкерістің нәтижесінде аятолла Хомейнидің Иранның діни басшысы болып тағайындалуы – қос мұсылман мемлекетінің дамуына, заман көшіне ілесуіне үлкен ықпалын тигізеді. Иран билігінің тізгінін қолына алған аятолла Хомейнидің ұраны ислам әлемінің аясын күшейту еді. Басқа дінді ұстанушы державаларға қырын қарады. «Ислам төңкерісінің» тізбегін құруға асықты. Саддам Хусейн болса, 1967 жылғы араб-израиль соғысында АҚШ-тың Израильге қолдау көрсеткені үшін антиамерикандық көзқараста болады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, Ирак пен Иран мүдделес-тін. Екі елдің бірігіп, өзіне қарсы шығудың алдын алу үшін АҚШ іріткі салу саясатына көшеді. Іздегеніне сұраған болып аятолла Хомейни Ирактың оңтүстік аймақтарын шиіттік қозғалыс ұйымдастыруға азғыра бастайды. Саддам Хусейн өз басқаруындағы Иракта Хомейни қалаған төңкерісті болдырғысы келмейді. Бұған қоса, Хусейн мен Хомейнидің жеке басының араздықтары бар болып шығады. АҚШ үкіметі тақырыпқа тұздық ретінде жер дауын қосып береді. Екі ел арасындағы Шатт-Эль-Араб өзенінің бойындағы шекаралық жердің кімге тиесілі екендігі ертеден шешімін таппаған күрделі мәселе еді. Қос басшының араздығы, идеологиялық қайшылық, жер дауы Иран-Ирак соғысының өртін тұтатты.

1980-1988 жылдары болған Иран-Ирак соғысы – қос елге де тек шығын ғана келтіреді. Соғыстың жеңімпазы болмады. КСРО мен АҚШ бұл соғыста Иранның да, Ирактың да жеңуіне жол бермеді. Соғыста жеңіле бастаған Иранға 1985 жылы АҚШ Израиль арқылы қару-жарақ жөнелте бастады. Ал, КСРО ислам революциясын тежеу үшін Саддам Хусейнді қолдады. Нәтижесінде, ит жығыс соғыстан қалжыраған Ирак пен Иран 1988 жылы 20 наурызда соғыс қимылдарын тоқтатып, 1990 жылы 15 тамызда екі жақты қарым-қатынас қалпына келтіріледі. Сегіз жылдық соғыс Ирак экономикасының құлдырауының басы болады.

Иранмен болған соғыстан кейін Ирактың экономикасы құлдырады. Ирак Кувейтке 20 млн доллар көлемінде қарыз болып шығады. Қарызды қайтарудан бас тартқанымен қоймай, Саддам Хусейн «Парсы шығанағындағы Кувейттің мұнай қоры Иракқа тиесілі» деп айды аспанға бір-ақ шығарады. Сондай-ақ, Бағдат үкіметі Тегеран үкіметін Иранның мұнай өндіру мөлшері Ирактың мұнай өндіру мөлшерінен 14 млн долларға артықтығы үшін айыптады. Сөйтіп, 1990 жылы 2 тамызда Ирак әскері Кувейтке басып кіріп, елді толықтай жаулап алады. Ирактың экспансиясына жауап ретінде БҰҰ, АҚШ және Ұлыбританияның түртпектеуімен 35 елден тұратын әскери коалиция құрылады. Соғыс 1990 жылдың 2 тамызынан 1991 жылдың 28 ақпанына дейін жалғасады. 1991 жылы коалиция әскерінің әуе шабуылының салдарынан Ирактың қуатты қару-жарақтарының үштен бірі істен шығып, 100 сағатқа созылған жердегі ұрыста Ирактың 500 мыңнан астам сарбазына күйрете соққы беріледі. Жеңілген Ирак әскері Кувейтті босатуға мәжбүр болады.

ИРАК БАСШЫСЫ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА НЕ ҮШІН КЕСІЛДІ?

2003 жылы АҚШ Ирактағы Саддам Хусейннің билігін құлату үшін әлемдік көшбасшылармен бірлесе отырып жұмыс жасады. Бірнеше жылға созылған операция ұйымдастырады.

АҚШ Иракқа әскер кіргізу себептерін былайша түсіндірді:

1) Ирактың халықаралық лаңкестік топтармен байланысын үзу;

2) Химиялық қару шығаратын зауыттардың көзін құрту;

3) Елдегі мұнай кен орындарын өз бақылауына алу.

АҚШ әскері елге кіргеннен кейін Ирак президенті жасырынып жүруге, әрбір үш сағат сайын жасырыну нүктесін ауыстыруға мәжбүр болады. Бірақ, АҚШ әскерилері 2004 жылы оны туған жері Тикрит қаласының маңында қолға түсіреді. Бағдаттағы АҚШ әскерилері орналасқан аймақтағы сот отырысында Хусейнге көптеген айыптар тағылады: адамгершілік принцптеріне қарсы билік жүргізді, соғыс ұйымдастырды,148 шиіт мұсылманды өлтірді…

2006 жылы Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейн өлім жазасына кесіліп, оны дарға асуға үкім шықты. Үкім орындалғанға дейін оған түрлі қорлық көрсетілді. Тіпті, шиіт мұсылман сақшылар бетіне түкіруге дейін барды. Саддам бастапқыда қарсыласып баққанымен, суға кеткен тал қармайдының кебін киіп тұрғанын түсінді. Соңғы минуттарда тынышталып, дұға оқи бастады. Хусейн көп қиналмады. Лезде жан тапсырды. Сақшылардың бірі оны ұялы телефонмен суретке түсірді. Саддамның өлім алдындағы соңғы суреті әлемді шарлап кетті. Әлемдік БАҚ Саддам Хусейнді құбыжыққа, қанды қол диктаторға, адамзат күресуге тиіс зұлымдықтың символына айналдыруға барын салды. Және олар бұл мақсаттарына жетті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Саддам Хусейн – өмірі тартысқа, сынаққа толы күрделі тұлға. Саналы ғұмырында өгей әкесі әл-Хасанға, Фейсал патшаға, генерал Касемге, «Баас» партиясындағы қарсыластарына, аятолла Хомейниге, АҚШ үкіметіне шын мәнінде қарсы тұра білді. Мейлі, жеңіліске ұшыраса да, бірақ тізе бүккен жоқ. Есімі тағдырына тікелей әсер етті. Бәлкім, азан шақырып қойған аты басқаша болғанда тағдыры да басқаша болар ма… Қаншама айыптаулар тағылса да, Саддам Хусейн өз биігінен түспейді. АҚШ пен Ұлыбританияның Саддамға қарсы коалиция құрғанының өзі оны мықты қарсылас ретінде іштей мойындағандарының дәлелі.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here