Дүние-керуен: Жақсы жан өтті өмірден…

0
846

Халқымыздың тарихынан текті Торғайдың алар орны аса жоғары. Оған ешкімнің таласуы мүмкін емес, тек елдің-жердің тарихы мен одан шыққан тұлғалардан хабары жоқ бос сөзді біреу болмаса. Тарих алдында өзінің азаматтық, пенделік, адамгершілік парызын адал атқарып келе жатқан бір аймақ болса, ол талассыз текті Торғайдың киелі топырағынан шыққан, әділдікті ту еткен, еліне, халқына абыроймен қызмет етіп, елдің, ұлттың мерейін көтеріп келген асылдарымыз.

Бүгінгі күннің өзінде Торғайдан шыққан тарихи тұлғалар саны 50-ге жетті, ғылым докторлары 52 адам. Осыған бұрынғы өткен тарихи тұлғаларды, ел қорғаған батырларды, құралайды көзге атқан мергендерді, шешендерді, датқалар мен көсемдерді, діни ғұлама ғалымдарды, ақын, жыршы-жырауларды, ел басқарған хан, сұлтан, болыс, бектер мен билерді, халқына қайыры тиген байларды, діни шамшырақтар мен бақсы-балгер, сынықшы, оташыларды, көріпкел әулиелер мен емшілерді, шебер, ұста, зергерлерді, сыншы атбегілерді, құсбегілерді қосыңыз.

Осындай жақсылар мен жайсаңдардың осы өңірден ерекше көп шығуы, әрине, алдымен Ұлы Жаратушының шапағаты, құнарлы жердің киесі, атаның қанымен, ананың сүтімен келген артықшылық. Күні кеше киелі Торғайдың текті азаматының бірі де бірегейі Өрекен аға өмірден озды. Алмат атамыз тоғыз әйел алған екен. Өрекен аға әкесінің 54 жасында 9-шы анасынан өмірге келген. Атасы мен анасы жас сәбиге «біреудің көзі, біреудің сұғы тимесін» деп атын Өр Екен деп қойған. Уақыт өте келе Орекен аталып кеткен. Алмат атамыз әулие адам екен. Өмірге келген ерекше сәбиге Өр Екен деп ат қоюында өзіндік сыр болуы анық.

Балам ешкімнен кем болмай, ортасынан озық, шамалы адам теңесе алмайтын «Өр болсын» деп ырымдаған болу керек.

Иә, Орекен аға ешкімге ұқсамайтын қатарынан озық азамат болатын. Оқығанынан тоқығаны, көңілге түйгені көп жады ерекше азамат еді. Жадының мықтылығы сондай, кез келген адамның руын сұрап, оны әрі қарай түп атасына дейін тарататын. Оның нағашысы кім, жиені кім, ол әулеттен қандай тұлғалар шықты, бәрін жатқа айтатын. Бір өзі бір университет, тірі энциклопедия болатын. Әсіресе, екі тілді бірдей еркін меңгеру әр пендеге бұйыра бермейтін бақыт болатын. Топта сөз тимесе ауырып қалатын. Сөйлегенше алаңдап, елеңдеп отыратын. Ал, сөз кезегі келгенде қара сөздің қаймағын айырып, арасын өлеңмен өріп, ұшатын қырандай қанатын қомдап өсіп отыратын. Орекен ағаны тыңдай бергің келетін. Ол кісі сөйлеп тұрғанда сөзін бөлмесе екен, уақытыңыз аяқталды деп тоқтатпаса екен деп тілеп отырушы едік. Көпшілікте әй-шайыңа қарамай сөз бастап, жиналған халықты аузына қаратып отыратын. Орекен аға қазақ жақсыларының бәрін танитын. Ол кісілер де Орекенді ерекше құрметтеп аузынан тастамай отырушы еді. Торғай аймағынан Қазақстанға танымал бір азамат болса, ол – Орекен аға.

Талай жақсы-жайсаңдармен дәмдес, сыйлас болған. Қасым Қайсенов айтқан екен: «Апырмай, мынадай қабілетпен Торғайға қалай сыйып жүрсің?!» – деп.

Иә, асыл ағамыз билік пен бедел қуып сыртқа шықпай өзі туған топырақта ғұмыр кешті. Халқына адал қызмет жасады. Сол еңбегі үшін 2007 жылы Орекен Алматовқа «Жанкелді ауданының Құрметті азаматы» атағы мен №1 куәлігі тапсырылды.

Ұлы Жаратушы ерекше алып тұлғалы етіп жаратқан ағамыз спортқа да, өнерге де аса бейім болған. Өмірі өнеге, жүріс-тұрысы тәрбие, әр сөзі өсиет, ісі ізгілік, әр қадамы игілік, тәрбие-тағылым. Отырған жері той думан, әзіл-оспақ. Үлкенмен де, кішімен де бір дастархан үстінде танысып, сыйласып, сырласып, араласып кететін. Сол сыйластық өткінші емес, өмірлікке жалғасушы еді. Қырық жылдан сыйласқан ағаның біз айтып жеткізе алмайтын қырлары аса көп еді. Қазақстанның қай аймағына барып «Торғайдан келдім» десең, алдымен Орекен ағаның амандығын сұрайтын. Жыл басында өмірден озғанда да Қазақстанның әр аймағынан қазанама, көңіл айту келді. Оңтүстік аймақтағы ағайын мешітте құран бағыштады. Жастардың тәрбиешісі, бағбаны еді. Сексеннен асқан қария барша өмірін тәрбиеге, жастарға уағызға арнады.

Қандай басқосуда болса да, қандай келелі кеңесте болса да, көсіле сөйлеп, көш бастап, бағыт-бағдар беріп отыратын. Ақты ақ, қараны қара деп айта алатын. Сол үшін де сыйлы еді. Мал жинамай, өнер, білім, өнеге жинаған азамат. Баспасөзге, кітапқа, телехабарға қаншама мол мұра жазды. Кездесулерге көп барды. Родина кітапханасына 250 әдеби кітап сыйлаған ағамыз кітапты өте көп оқитын адам еді. Карл Маркстің «Өлуге үш күн қалса да оқып, білім алудан танба» деген қанатты сөзі осындай білім құмарларға айтылған болу керек. Қашан барсам да алдынан кітабы, қолынан қаламы түскен емес.

Конфуций айтқан екен білімге үш жол алып барады деп. Ойлану, оқу жолы – бұл ең парасатты жол. Орекен аға осы жолды таңдаған аса білімді, оқымаған, дәреже алмаған дала академигі болатын. «Ақылдың мәйегі – оқу» деген қытай ғұламасының ұстанымын өмірлік серік еткен азамат.

Орекен ағаның білмейтін саласы кемде-кем шығар. Энциклопедиялық ой-өрісі, қабілет-қарымы бар азаматты көзі тірісінде еңбегіне қарай бағалай алдық па деген ой көкейге орала береді. Жаттанды жауыр сөзді жинамай, Ұлы Жаратушы ойына оралтқан сөзді нәшіне келтіріп айта отырып, сөз арасын өлеңмен өріп не әзіл-оспақ, мақал-мәтел, өнегелі, тәрбиелі сөзбен өріп, жымдастырып отыратын.  Жаттап бата берген адам емес. Алла аузына не сөз салса, соны жеткізетін.

Иә, жақсы өтті жаны жайсаң жарқылдаған. Орны ойсырап, орындығы бос тұр. Текті Торғайдан талай дүлділдер мен шешендер, көсемдер мен датқалар шыққан. Соның бірі Өр-аға еді десек қате айтпаспыз.

Таудың биіктігі алыстаған сайын көрінетіндей уақыт өткен сайын жақсының жақсы қасиеті, атқарған ізгі ісі, жасаған қызметі, қайталанбас әзіл-оспақ, қазақы қалжыңы, тапқырлығы мен шешендігі көз алдымызға елестеп, алып бейнесі ойға орала берері хақ.

Жақсыны жоғалтып алып, асылдан айырылып барып «ах!» ұратын халықпыз. Текті Торғайдың кешегі тектілерінің соңғы жалғасы Табай би Тәйпен шешеннің осы ғасырдағы жалғасы, топтан озған торы жорға Орекен аға өмірден озғанда қыстың суығына, жердің шалғайлығына қарамай мың жарымнан аса сыйлас ағайын аяулы азаматты соңғы сапарға шығарып салуға жиналды. Көзі жасты, көңілі қаяулы ағайын қимай қоштасты. Артында қарақұрым елі, сыйластары, 60 жыл отасқан аяулы жары Гүлжан апай мен сегіз баласы сегіз ауыл болып қалды. Бірақ, армансыз адам болмайды. Жалғыз Торғайдың емес, қазақтың Орекені болатын. Ағаның 70 жасында айтқан сөзім ойыма оралады: «Аға, түріңізге қарасам, кешегі ел қорғаған Шақшақ Жәнібек бабам көз алдыма келеді, әніңді тыңдасам, дауысы қозы көш жерден естілетін Естай ақын ойыма оралады, сөзіңді тыңдасам, кешегі от ауызды, орақ тілді шешен бабалар есіме түседі».

Ұлы Жаратушы Орекен ағаға иман, отбасына амандық, халқымызға береке-бірлік берсе екен деп тілеймін!

Шөптібай БАЙДІЛДИН, қолөнер шебері, өлкетанушы

Қостанай облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here