ЮНЕСКО: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

0
551

Көлемі жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін қазақ даласының әр тасында тарих бар. Қазақ жері сан түрлі мәдениеттің тоғысқан мекеніне айналды. Оның ішінде ешкімге ұқсамайтын, өз заманының жауһары болған мәдени мұралар, жәдігерлер жетерлік. Ежелгі тарихи-мәдени ескерткіштердің сан ғасырлар бойы сақтаған өзіндік сыры мен жыры бөлек. Еліміз егемендігін  алған  кезден бастап қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгерді. Мемлекетіміздің өз заңнамасы қалыптасып, тарихи нысандарға баса назар аудара бастады. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында тұрақты ынтымақтастық орнатты.

ЮНЕСКО (БҰҰ білім, мәдениет және коммуникация мәселелері жөніндегі ұйымы) 1945 жылы 16 қарашада құрылды. Францияның Париж қаласында штаб-пәтері орналасқан ұйым құрамына әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 67 бюро мен бөлімше кіреді. Бүгінде ұйымға 193 мемлекет мүше.

ЮНЕСКО-ның басты мақсаты – бейбітшілік пен қауіпсіздікті елдердің білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын БҰҰ Қаулысында айтылғандай жалпыға бірдей құрметпен қарап, әділеттілік пен заңдардың орындалуын, адам құқығын, бостандығын оның түр-түсіне, жынысына, тілі мен дініне қарамастан қамтамасыз ету арқылы нығайту. 1972 жылы ЮНЕСКО 1975 жылы күшіне енген Әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау конвенциясын қабылдады. Әлемдік мұраның негізгі мақсаты – өз санатындағы ерекше болып табылатын ескерткіштерді дәріптеу және қорғау.

1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО қатарына кіріп, гуманитарлық саладағы қарқынды дамуды және мәдени байланыстар мен алмасуларды кеңейтуді көздеді. Араға екі жыл салып, яғни 1994 жылы Қазақстан Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қосылды. Содан бері Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық қарым-қатынасы артып келеді.

Тізімге қалай енуге болады? Ең алдымен ЮНЕСКО-ға кез келген нысанға қатысты құжаттар тапсырылады. Дүниежүзілік мәдени мұра орталығы оның дұрыс толтырылғанын, қажетті карта мен суреттерінің бар-жоғын тексереді. Одан кейін бұл құжаттар ИКОМОС-қа жіберіледі. ИКОМОС (International Council on Monu-ments and Sites – Ескерткіштер мен назар аударарлық орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңес) – тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының басын біріктірген үкіметтік емес ұйым, ЮНЕСКО-ға кеңес беретін орган. Олар номинацияны қарап, қажетті маманды нысанды зерттеуге жібереді. Содан кейін ғана ЮНЕСКО нысанды тізімге алу-алмау мәселесін қарайды. Өтініштердің жауабы кем дегенде бір жарым жылда белгілі болады. ЮНЕСКО ешқандай қаржы бөлмейді, тек табиғи-мәдени мұраларды сақтау үшін платформа ұсынады. Бұл ұйымның конвенциясы – нормативті-құқықтық құжат. Ол конвенцияға қол қойған елдер арнайы қаржы бөліп, өз ескерткіштерін сақтауға міндетті.

Елінің ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу – әр мемлекеттің абыройы. Тізімге енген нысан төрткүл дүниеге танымал болады. Сондай-ақ, көптеген халықаралық туристік агенттіктер, саяхатшылар сапарын жоспарлағанда ЮНЕСКО тізіміне енген ескерткіштерге қарап бағыт-бағдар алады. Конвенцияға сәйкес әрбір алты жыл сайын мониторинг жүргізіліп, бас штабқа ескерткіштерге қатысты есеп беріледі. ЮНЕСКО конвенциясы бойынша, мемлекет тізімге енген ескерткішті қорғап-сақтауға міндетті. Ол ескерткіштің жанындағы инфрақұрылым, жол және тағы басқа жайттар – биліктің жұмысы. ЮНЕСКО ескерткіштің тізімге алынған кездегі жағдайы қандай болды – сол күйінде сақталуын ғана қадағалап отырады.

Қазақстанның мәдени және табиғи мұрасының бес көрнекті ескерткіштері, атап айтсақ, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы петроглиф тас кешені, Қорғалжын және Наурызым қорықтары, Жібек жолы: Тянь-Шань дәлізінің бағыттар желісі (Қазақстан, Қытай және Қырғызстан. Қазақстаннан 8 нысан кірді: Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе және Өрнек), Батыс Тянь-Шань (Қаратау қорығы, Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық паркі) ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енді. Енді тізімге енген нысандар туралы толығырақ тарқатайық.

1. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген халық арасында сөз бар. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алғаш болып ортағасырлардан қалған қайталанбас туынды Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі енді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Яссауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды.

Кесене 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауда Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған көрінеді. Кесене – үлкен порталды-күмбезді мемо-риалдық құрылыс. Архитектуралық жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы құры-лысқа негіз етіп алынған. Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені – 46,5 м, ұзындығы – 65 м. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Кесене жобасының ерекшелігі – онда Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылған.

Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер тек аркалы күмбезді жүйенің өзіне сан түрлі әдістерді қолданған. Кесенеде аса үлкен портал (ені – 50 метрге жуық, порталдық арканың ұзындығы – 18,2 метр), бірнеше күмбез, 35 бөлме бар.

Ғимараттың биіктігі – 37,5 метр. Сыртқы қабыр-ғалардың қалыңдығы – 1,8-2 метр, қазандық қабыр-ғаларының қалыңдығы – 3 метр.

Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Жазулар көгілдір қышпен өрнектелген. Жазулардан «Алла», «Мұхаммед», «О, Жарылқаушы», «Билік Аллада», «Алла менің әміршім», «Һижраның 800 жылы» деген сөздерді оқуға болады.

Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. Бұларда оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һижраның 799 жылы жасалғандығын көрсетеді.

Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі – қабірхана ортасында Қожа Ахмет Яссауиге құлпытас қойылған. Қабірхана есігі жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Кесене мешітінің 16 терезесі, қос қабат күмбезі бар. Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағба іспетті 3,5-2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Кесененің оңтүстік-батыс жағындағы Аллаға құлшылық етуге арналған жер асты ғибадатханалары Яссауидің тірі кезінде жасалып, кейін қайта жаңғыртылған.

XVI ғасырдан кесенеде және оның төңірегінде қазақ халқының атақты адамдары (Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б.) жерлене бастады.

XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Қоқан билеушілері кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оның төңірегіне қамал-бекіністер салуды қолға алды. 1864 жылы Түркістан қаласын жаулап алған Ресей отаршылары зеңбірекпен атып, кесененің 11 тұсына зақым келтірді.

XIX ғасырдың соңына қарай Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы ашылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды.

2. Тамғалы петроглифтері. Жер жәннаты Жетісудың ең көне ескерткіштерінің бірі – Тамғалы петроглифтері. Таңбалы – петроглиф тас кешені 2004 жылы Қазақстандағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандары тізіміне енді.

Қазақстанда петроглифтер ертеден пайда болған және еліміздің бірнеше өңірлерінде кездеседі. Біздің жерімізде қалған қырма суреттер жайында, қимақтардың сол суреттерді ерекше қастерлеп, табынатындарын ХІ ғасырда әл-Бруни айтып кеткен. Тамғалы петроглифтерін 1957 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологы Анна Георгиевна Максимованың жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тарих және археология институтының Оңтүстік-Қазақстан археологиялық экспедициясындағы Жетісу отряды ашқан.

Тамғалы – бұл ежелгі шығармашалық көрме, оның суреттерінде адамдар мен жануарлар, ежелгі адамдардың өмір қалпы суреттелген. Тамғалы шатқалы Алматы қаласынан солтүстік-батысына қарай 170 км, Алматы облысының Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.

«Таңбалы» деп шатқалды жергілікті халық атаған. Жартылай шөлейт аймақтарында орналасқан шатқалдың жылы мезгіл кезінде қалың бұтамен жабылып, көктемде гүлдерден көмкерілген кілем төселеді. Тамғалы тек табиғатымен қызықтырып қоймай, бұл жерден сирек өсімдіктер мен жабайы қасқыр, түлкі, қоян, тасбақа, жылан және сұңқар, дала бүркіті сынды құстарды кездестіруге болады.

Бәрінен бұрын адам қолынан туындаған Тамғалы петроглифтері ерекше. Петроглифтер – Тамғалы шатқалының аса маңызды және көптүрлі ескерткіштерінің бірі. Петроглифтер мерзімі б.з.д. ХIV ғ., б.з. VI-VIII ғасырлар аралығы, яғни қола дәуірден түркі халықтарының Ұлы даланы жаулап алғанға дейінгі уақытты қамтиды. Петроглифтер кең аймақта жайғасып, өлшемі 3 км х 10 км құрайды. Олардың ең маңызды бөлігі 250 м х 500 м, онда 2 000 петроглифтер бар, жалпы Тамғалыда 5 000 суреттей бар.

Тастағы суреттердің бәрі пикетаж техникасында, кейде ғана темір аспаптың немесе тастың көмегімен ойып жасалатын, бояумен жасалғандары кездеспеген. Тастағы суреттер галереясын арғы ата бабаларымыз орта қола, кеш қола, өтпелі дәуір (ертедегі сақ), ертедегі темір дәуір (сақ және үйсін), ортағасыр (ертедегі түрік) және жаңа заман (жоңғар және қазақ) сияқты әртүрлі тарихи дәуірде құрған. Тамғалы тастағы суреттердің көне және ең әсерлі сериясын құрайтын, орта қола дәуірдің петроглифтері эстетикалық және мәдени құндылықтарға ие. Сол кездегі тастағы бейнелеу өнерінің шеберлерін солярий құдіреті (күнбастылар), маскарадшылар, шоқпарұстаушылар, қасқыр маскасындағы садақшы, қару ұстаған жауынгерлер, малдар мен адамдарды құрбандыққа шалу көріністері, жас босанған әйелдер, арбалар, түрлі белгілер, символдар, сондай-ақ бұқаларды, құландарды, аттарды, түйелерді, қабандарды, қасқырлар мен бұғыларды бірнеше рет бейнелеу сияқты ойларының кеңдігі ерекшелендіріп тұрған. Бұл сол кезеңде өмір сүрген адамдардың ойының кеңдігін, қиялының ұшқырлығын көрсететіні анық.

2003 жылы Тамғалы шатқалының 3800 гектар жері арнайы «Тамғалы» атауын алып, табиғи қорық-мұражай болып бекітілді. Негізгі археологиялық ескерткіштің барлығы осы аумаққа кіріп, керемет тарихи кешенге айналды.

3. Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері. 2008 жылы Канаданың Квебек қаласында Бүкіләлемдік мұра бойынша ЮНЕСКО комитетінің 32-ші сессиясында Наурызым және Қорғалжын табиғи қорықтары «Сарыарқа – солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» деген бір атаумен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енгізілді.

Қорғалжын және Наурызым мемлекеттік табиғи қорықтары – Қазақстанның далалы аумағында орналасқан екі кластерлік аумақ. Екі аумақ та жыл сайын Афро-еуразиялық ұшу жолымен миллиондаған жыл құстары тоқтайтын маңызды орын болып есептеледі. Сондай-ақ, нысан тұщы және ащы сулы екі өзендер тобын қамтып, солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құятын өзендердің су айырығы болып табылады.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы – Ақмола облысының Қорғалжын ауданында 1968 жылы 16 сәуірде құрылған аумағы бойынша Қазақстан Республикасының ең ірі қорықтарының бірі, әлем картасында ерекше орын алатын сулы да нулы аймақ. Аймақ дейтініміз, қорық көлемі 259,9 мың гектар жерді алып жатса, оның 198 мың гектары акваторий саналады. Қорық аумағында Теңіз және Қорғалжын көлдері бар. Бұл қорықтың негізін құрайтын Теңіз көлінің ұзындығы 85 шақырым, ені 35 шақырымға жетіп жығылады. Көл суы минералды. 2000 жылдан бастап «Тірі көлдер» халықаралық ұйымына кіреді. Әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар Конвенциясының «А» тобында тіркелген.

Қорғалжын қорығында 340 түрлі құстар мекендейді, оның ішінде 126 құс осында ұя басады. Теңіз көлінен сирек кездесетін құстарды да көруге болады. Ерекше қорғауға алынған қорықты мекендейтін 37 құс түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілсе, 26 құс түрі халықаралық «Қызыл кітап» тізіміне тіркелген. Ғалымдар Қорғалжын қорығының табиғи ресурсы 15 млн құсты асырауға мүмкіндігі бар екенін айтады.

Қорғалжын қорығы сулы-нулы жерде тұрғандықтан мұнда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Әсіресе, қызғалдақ гүлі қорық даласының сәніне айналған.

Қорық аңдар мен жабайы жануарлар мекендейтін аймақ ретінде де танымал. Ерекше сұлулығымен ерекшеленетін қоқиқаздар үшін Қорғалжын қорығы солтүстікте қоныстанатын соңғы мекені. Бұл құстар жыл сайын көктемде Африканың шығыс-батысынан, Иран, Үндістан және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырып, қара күздің салқыны түсе бергенде келген жолдарымен жылы жаққа бет түзейді. Қоқиқаздың негізгі қорегі – артемия құрты. Мұндай құрттар тек тұзды көлдерде болады. Ал, Теңіз көлінің тұздылығы әлемдік мұхиттардан 5-6 есе артық.  Сонымен қатар, мұндағы көлдерде тулаған балықтың алуан түрі бар. Қорғалжын даласының сәні саналатын ақбөкендер ерекше қамқорлыққа алынған жануарлар тізіміне енгізілген.

Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы – Қостанай облысының Наурызым және Әулиекөл аудандарында орналасқан мемлекеттік қорық. Наурызым қорығының негізі осыдан сексен жыл бұрын қаланған. Сол кезде оның жалпы аумағы 320 мың гектар жерді құраған. Кеңес өкіметі кезінде қорықтың кейбір бөліктері егін егу үшін пайдаланылса, енді бір бөлігінде ағашынан отын мен май шығарған.

Өкінішке қарай, орманды жайлаған өрттің салдарынан қорықтың көлемі 70 мың гектарға дейін кеміген. Жалпы қорықтың аумағы бір-бірімен оқшау жатқан төрт бөліктен тұрады. Тірсек – Қарағай, Сыпсын – Ағаш, Наурызым – Қарағай, көлді жүйелерден Сарымойын, Ақсуат көлдері және жеке жатқан Жаркөл көлі бар. Қорық аумағы 191 381 гектар жерді алып жатыр.

Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы – өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биологиялық алуан түрлілігі мен генетикалық қорын табиғи жағдайда сақтап, дамуын зерттеуге арналған ерекше қорғалатын аумақ. Қорықта қотыр қайың, ақ қайың, бозшағыл, кәдімгі қарағай, терек, итмұрын, тобылғы, каспей талы іспетті 687 түрлі өсімдік өседі екен. Солардың ең танымалы – «Наурызым қарағайы». Аталған ағаш тек «Наурызым» аумағында ғана өседі. Биіктігі үш метрден кем емес ағаштың діні екі адамның құшағына сыймайды.

Наурызым қорығы құстарымен де көрікті. Мұнда аққулар, қаз-үйректер (қызыл жемсау қараша қаз, шиқылдақ қаз, ақмаңдайлы қаз, тарғақ, жалбағай, бұйра бірқазан, безгелдек, сұр тырна, ақ бас тырна, дала қыраны, ителгі, қасқалдақ, т.б.) мекендейді.

4. Жібек жолы: Тянь-Шань дәлізінің бағыттар желісі. 2014 жылы Ұлы Жібек жолын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан елдерінің бірігіп берген өтінімдері Дохада (Катар) білім, ғылым және мәдениет жөніндегі мәселелері жөніндегі БҰҰ комитетінің 38-ші сессиясында бекітілген.

Ұлы Жібек жолы – Қытай жерінен басталып, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне беттеген керуен жолы. Бұл жолдың басым бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінің үстімен өтті. Жібек Жолы б.з.д. III ғасырда сауда магистралі ретінде пайда болып, XVI ғасырға дейін қызмет етті. Жібек жолының бойында орналасқан көне қалалар бірталай соғыс, өрт, аштық, апат-ойрандардың куәсі болды. Ұлы Жібек жолы арқылы тек сауда жүйесі дамып қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысып, мәдениет және дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

VI-VII ғасырларда Қытайдан бастау алған керуен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан даласын кесіп өтіп, Отырар, Тараз, Сайрам (Испиджаб), Түркістан (Яссы), Суяб, Баласағұн сияқты көне қалалар сауда ғана емес, мәдениет және ғылым орталықтары болды. Керуен жолдарының тарамдалған жүйесі Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуропа мен Азияны кесіп өтіп, ерте дүние мен орта ғасыр дәуірінде сауда байланыстары мен Батыс пен Шығыс мәдениеттері арасындағы тілдесуінің маңызды құралы қызметін атқарды. Бұл жол жібек саудасына байланысты «Жібек жолы» атанған. Жібек жолы Шығыс пен Батыс өлкелерін байланыстырған. Сондықтан «Ұлы Жібек жолы» болып тарихқа енді.

Ұлы Жібек жолының Қытай, Қазақстан мен Қыр-ғызстан дәлізіндегі 33 нысаны дүниежүзілік мәдени  мұра тізіміне алынды. 33 нысанның жиырма екісі Қытайда, сегізі Қазақстанда, үшеуі Қырғызстанда орналасқан. Қазақстаннан Қөстөбе, Ақтөбе, Құлан, Қаялық, Талғар, Өрнек, Ақыртас аймақтары енді.

5. Батыс Тянь-Шань. Батыс Тянь-Шань тау жүйесі. Бұлар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізімі-не 2016 жылы қосылды.

Батыс Тянь-Шань сілемдері Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан территориясында орналасқан. Тізімге Канада, Қытай, Иран, Мексика, Судан мен Чад ұсынған нысандар да енгізілген. Батыс Тянь-Шань – әлемдегі ең ірі жеті тау жүйелерінің бірі Тянь-Шаньнің бір бөлігі саналады. Батыс Тянь-Шаньнің кейбір бөліктерінің биіктігі 700 метрден 4 503 метрге дейін жетеді. Батыс Тянь-Шаньнің Қазақстанға тиесілі аумағында Қаратау қорығы, Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар.

Ақсу-Жабағылы – Орталық Азия мен Қазақстанның ішінде алғаш ашылған қорықтардың бірі. 1926 жылы гидробиолог А. Л. Бродский қорық құрылымының басы-қасында болады. Мемлекеттік қорғаудағы табиғи қорық Батыс Тянь-Шаньдағы Талас Алатауы жотасының батыс бөлігінде орналасқан. Ақсу-Жабағылы теңіз деңгейінен 1300 метрден 4200 метрге дейінгі биіктіктегі таулы өңірді алып жатыр. Қорық алуан жануарлар мен өсімдіктерге бай. Оның аса үлкен емес аймағының өзінен Еуропаның, Солтүстік Африканың, Алдыңғы және Орталық Азияның түрлі ландшафтарына тән жануарларды кездестіруге болады. Ақсу-Жабағылы емдік қасиеті бар мекен саналады. Себебі, ол жақтың ауасы таза және дәрілік өсімдіктерге өте бай. Онда 200-ден астам дәрумен болатын өсімдік түрлері өседі. Қорықтың өсімдік қоры жалпы алғанда 1 737 түрге ие.

Қаратау қорығы – 2004 жылы аймақтағы эндемикалық өсімдіктерді сақтап қалу мақсатында құрылды. Мойынқұм шөлдерімен және Бетбақдала өңірімен шектесетін Қаратау қорығы ерте заманнан адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы жер саналған. Оған қорықтары көне тарихи-мәдени ескерткіштер дәлел. Өзге қорықтардағыдай Қаратау қорығы да жануарлар мен құстарға, алуан түрлі өсімдіктер өте бай. 

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-шығыс бөлігін қамтиды және Өгем, Қаржантау, Боралдай, сонымен қатар, Талас Алатауының солтүстік батыс бөктерін алып жатыр. Ұлттық парктің территориясынан Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді. Парк аумағында 7 табиғат зонасы бар, шөлейттен бастап тау зонасына дейінгі, яғни онда өсімдіктің 1 635 түрі, сүтқоректілердің 59 түрі, құстардың 300 түрі кездеседі. Парктің өсімдік әлемі өте ерекше. Мұнда Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген өсімдіктердің 240 түрі өседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Дәуірлер төсінен дүрілдеп өткен жазиралы даланың сырын ұғыну үшін тарихтың тұңғиығына сүңгиміз. Іздеген асыл мұраны таба аламыз ба, босқа шарқ ұрамыз ба, ол уақыттың еншісінде. Ал, ұлы даланың асыл құндылықтарын көздің қарашығындай сақтау – ұлттың ұлы міндеті болып қала бермек.

ЖАНСАЯ ШЫҢҒЫСХАН, «QAZAQ»-ТЫҢ НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here