Дербестік ғарышты игеруге жол ашты

0
940

Ғарыш туралы сөз айтылғанда, кезінде Кеңестер Одағы құрамындағы республика халықтарының есіне алдымен Юрий Гагарин мен Валентина Терещкованың есімдері түседі. Гагарин ұшқан 1961 жылдың 12 сәуірі «Космонавтар күні» болып күнтізбеге енсе, екінші кеңестік ғарышкер Валентина Терещкова 1963 жылдың 16 маусымында «Восток-6» ғарыш кемесімен орбитаға көтеріліп, ғарышқа ұшқан тұңғыш әйел ретінде әлем тарихында қалды. Осы екі ғарышкер туралы кезінде тақпақтар жаттадық, ән салдық, қаншама балалар осылар сияқты ғарышқа көтерілгісі келді.

Шын мәнінде қазақ елі үшін ғарыш туралы кең ауқымды тақырыпты қаузау – тәуелсіздіктен соң басталғаны жасырын емес. Жетпіс жыл бойына өз топырағының қазына-байлығы тек Кеңестер Одағына тиесілі болған қазақ жұртында ғарыш саласы ортақ тақырып болды. Ендеше, Қазақстанның дербестік тұсындағы ғарыш саласының өткені мен бүгініне шолу жасап көрелік.

Кеңестер Одағынан бөлініп, өз тәуелсіздігін алған Қазақстан етек-жеңін жиып, еңсесін тіктеу үшін кез келген саланы заманауи уақытқа бейімдеудің іс-жоспарын жасады. Соның ішінде отандық ғарыштық қызметті дамытудың ұзақ жылдарға арналған жобасы қаралды. Бұл саланы әлемдік деңгейдегі  технологиялармен қамтамасыз ету үшін де, игеру үшін де жас мемлекетке біраз жылдар қажет-тұғын.  

Ғарыш әлемінде Байқоңыр өңірі әлемге белгілі. Себебі, «Байқоңыр» – дүниежүзіндегі ең ірі әрі танымал ғарыш орны. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, бұл аймақта ғарыш айлағын қалыптастыру жұмыстары өткен ғасырдың елуінші жылдарында қолға алынып, елу бесінші жылдары ғарыш айлағының маңызды нысандарымен бірге құрылысты қатар жүргізу жұмыстары жүзеге асырылған және КСРО Үкіметі осы жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағын бекіту туралы шешім қабылдаған. Осынау күрделі жұмыстарға қарап-ақ бұл айлақтың халықаралық маңызы зор болғандығын аңғару қиын емес. Бір қызығы, он тоғызынша ғасырда осы жерді адамды опат қылатын орын санап, патша билігіне қажетсіз  жандарды осында жер аударған.

Көлемді аумақты алып жатқан Қазақстан территориясына кіретін Байқоңырды кезінде Кеңес Одағы тектен-текке таңдап алған жоқ. Бұл өңір ауыл-ауылдан қашық орналасқан, экватор жазықтығына да жақын, зымыран ұшырудың қауіпсіздігін сақтауға оңтайлы, ғарыштық нысандар үшін де қонуға қолайлы орын екендігі жан-жақты зерттеліп, ескерілген. Сондай-ақ, зерттеу көрсеткіші бойынша аймақтың  жер бедері – тұзды топырақты, жылжымалы  құмды  төмпешіктерден  тұратындығымен де ерекшеленген.

Міне, қазақ топырағындағы әлемдік маңызы зор нысан – «Байқоңыр» тәуелсіздік алған 1991 жылы өз меншігімізге өтті. Енді осы айлақты сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында Ресеймен мемлекетаралық келісім жасай отырып: «Байқоңыр ғарыш айлағы – бүгінгі күні біздің әлемдік экономикалық сайыстағы жалғыз басымдығымыз», – деп Тұңғыш Президентіміз орынды бағасын берді.

Сөйтіп, еліміздегі айтулы ғарыш орны 1994 жылы «Байқоңыр ғарыш  айлағын пайдаланудың басты принциптері мен шарттары туралы» атты  келісімге  сәйкес  50 жылға  Ресейге  жалға  берілді.  Жылдық жалға алған  баға 115 миллион долларды құрайды. Ең бастысы Елбасымыз «Байқоңырды» жалға алушы Ресей елімен ортақ келісімге келісе отырып ғарышкерлерді, осы салада жұмыс істейтін мамандарды даярлауға аса назар аударды.

«Байқоңыр» – елімізді тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де әлемге танытқан бірден-бір өңір болып табылады. «Байқоңырдан» «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» және «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» секілді ғарыш кемелері, күннің, айдың, Шолпан жұлдызының алғашқы жасанды серіктері және «Салют», «Мир» орбиталық стансалары ғарышқа ұшырылып, табиғаттың қаншама тылсым сырының ашылуына сеп болды. Әсіресе, ғарыш жаңалықтарының шаруашылық пен ғылымға зор пайдасы тиді.

Бүгінгі таңда «Байқоңыр» ғарыш айлағында 9 ғарыштық кешен, 11 монтаждау-сынақ орны, 15 ұшыру  қондырғысы бар.  

Десе де, тәуелсіз Қазақстан ғарыш саласын дамытуға арналған ауқымды жобаларын күн тәртібінен шығармады. Керісінше Үкімет ғарыш саласын дамытуды негізгі мақсат етіп белгілеп, мемлекет тарапынан жағдай жасауды барынша қолға алды. Осыған байланысты Үкіметтің қаулысымен «Қазғарыш» ұлттық компаниясы құрылды. Артынан компания атауы Ұлттық ғарыш агенттігінің бастамасымен «Қазақстан ғарыш сапары» деп өзгертілді.

Аталмыш компанияның басты қызметі – ғарыш саласын дүниежүзілік бәсекеге ілесе алатын қабілетті салаға айналдыру. Ол үшін алдымен ғарыш техникасын заманауи тұрғыда меңгере отырып, ғарыш инфрақұрылымын әзірлеу, өндіру, пайдалану міндеттерімен қоса ақпараттық және ғылымға қажетті ғарыштық технологияларды қалыптастыру еді. Мемлекет тарапынан міндеттелген осынау тапсырмаларды жүзеге асыру барысында ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы құрылды. Ұлттық геостационарлық байланыс спутнигін жасау және ұшыру жөнінде ұсыныстар дайындалды. Көп қызметті спутниктік байланысты пайдалану жөнінде серпінді жобалар орындалды, зымыран тасығыштарға қатысты ұшу аппаратын бейнелеу орталығы құрылды.

Ұлттық ғарыш агенттігінің бастамасымен жүзеге асқан тағы ірі жобаның бірі – зымыран тасығыш ракеталарды ұшыру алаңының салынуы болатын. Осындай айтулы жобалардың нәтижесінде ғарыш саласын дамыту стратегиясы жасалып, бүгінде әлемнің дамыған көптеген елдерімен әріптестік байланысымыз орнады. «Ғарыш байланысы» республикалық орталығы да ғарыш саласын дамытуда өз үлесін қосуда. Ал, «Қазсат» ғарыш қондырғысы болса, қазақстандық операторларға заманауи-спутниктік қызметін көрсетуде. Яғни, бұл қондырғы еліміздегі ғарыш кеңістігін игеру бағытында жасаған алғашқы қадамымыз болып отыр. 

Қазақстан әу бастан-ақ ғарыш саласын бейбіт мақсатта ғана дамытуды қолға алған бірден-бір мемлекет. 

Міне, осынау саланы игеруде, дамытуда Елбасымыз қыруар еңбек етті, соның нәтижесінде өз «Байқоңыр» ғарыш айлағымыздан үш қазақ азаматы ғарышқа ұшты. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров тәуелсіздігіміз жарияланған 1991 жылдың 2 қазанында «Союз ТМ-13» кемесімен 8 тәулік ғарышта болып, ол көмекші ғарышкерлерімен бірге биотехнология, металлургия, медицина  салалары  және  Арал  теңізі  аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын, сонымен бірге еліміздің аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстарын да жүргізіп қайтты. Тұңғыш ғарышкердің бұл қайталанбас ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Ал, Елбасы ғарышкерімізге «Халық қаһарманы» атағын берді.

Арада үш жылдан соң, яғни 1994 жылдың бірінші шілдесінде қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен  ғарышқа ұшып, ғарыштағы 125 тәулігінде екі рет кемеден шығып, кеңістіктегі күрделі тапсырмаларды орындап жерге оралса, 1996 жылдың  29 қаңтарында екінші рет ғарышта «Союз ТМ-27» ғарыш кемесін басқарып, 207 тәулік бойы ғарыш кеңістігінде ғарыштық ғылыми-зерттеу бағдарламасын толығымен орындап қайтқаны үшін «Ресей Федерациясының Батыры» және Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» атақтарымен марапатталды.

Үшінші қазақ ғарышкеріміз – Айдын Айымбетов. Бұл ғарышкер тәуелсіздіктің алғашқы жылында Елбасы құрған «Қазақстан-Ғарыш» жобасының мықты түлегі. Ол ғарышта қазақ ғалымдарының тапсырмасы бойынша физика-техникалық, медико-биологиялық бағыттағы 20-ға тарта ғылыми тәжірибе жүргізіп қайтты. Ғарышта жасалған бұл тәжірибелердің бәрі де отандық ғылымды дамытудағы аса ауқымды жобалар болатын.

Негізінде тәжірибедегі кей заттардың тартылыс күштерінің ғарыш кеңістігіндегі ахуалын, Арал теңізінің түбі мен Каспий аймағындағы мұнай-кен орындарының орналасуын, ауа райын бақылауға ықпалы болатын мұз тауларының сырларын және шикізат тасымалына пайдаланатын құбырлар желісіне де бақылу жүргізген. Ғарышкер мұнысымен қоса арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәулелерін де түсіріп алған. Бүгінде ғалымдарымыз ғарышкердің осы материалдарын жіті бақылап, радиация сәулесін де тереңірек зерттеуге мүмкіндік алып отыр.  

Осылайша, ғарышкерлерін ғарышқа ұшырған санаулы елдердің қатарына Қазақстан Республикасы да кірді. Бұл әлемдегі тарихи оқиға болды. Елбасының «ғарышқа қол созбай, алдыңғы қатарлы дамуға қадам басуымыз бос әурешілік» деген көрегендігін аңғарамыз. Расында да, ғарыштық сала арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізудеміз. Мысалға, көктен бақылау арқылы біршама ақпараттарды дер кезінде ала аламыз, экологиялық шешімі қиын мәселелерді анықтауда, тіпті ғылымның қарыштап дамуына да ғарыштың пайдасы орасан.

Иә, жоғарыда сөз еткен ғарыш айлағының пайдасымен қатар көлеңкелі тұстары да баршылық. Мәселен, ғарыш айлағы маңында тұратын жұртшылықтың айтуынша, 365 күннің 300 күнінде мұнда жел соғып, шаңды боранды күндер жиі болатынын ғарыш кемесінің ұшырылуымен байланыстырады. Сондай-ақ, ұшу жұмысынан соң жер беті қабаттары зымыран жанармайымен және айнала ұшырылған заттың қалдықтарымен ластанып, қышқылды жаңбырдың жаууына да себепші болса керек. Жаһандық кезеңде, технологиясы мықты дәуірде осындай олқылықтардың алдын алу жолдары қарастырылса екен деген ой тастағымыз келеді. Көпшіліктің бұл ой-пікірімен Мемлекет басшылары да санасуды қолға алған сыңайлы.

Стратегиялық маңыздылығы басым және экологиялық қауіпсіздігімен де ерекше «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешеніне келсек, бұл Қазақстан-Ресей арасындағы бірлескен жоба.

Коммерциялық ұшудың әлемдік нарығына жол ашқан аталмыш жоба Қазақстан мен Ресей елдерінің «Зенит М» ғарыштық зымырандық кешені инфрақұрылымы аясында жүзеге асырылып, гептил отынын пайдаланатын «Протон» зымыранының орнын баспақ. Демек, ұшырылған зымырандардың қоршаған ортаға тигізер кері әсері азаятын күн алыс емес. Сондай-ақ, отандық зымыранды жер серіктерімен қатар басқарушысы бар жаңа буын кемелерін ұшыруға пайдалануға болады. «Бәйтерек» жобасы 2017-2022 жылдарға арналған Жол картасы негізінде жасалған. Бір сөзбен айтқанда, «Бәйтерек» дамыған отыз елдің қатарына қосылуымыз үшін серпіліс беретін бірегей жоба.

Ғарыштық саланың маңыздылығын Нұрсұлтан Назарбаев кезекті бір Жолдауында: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деп, бұл мәселенің ғарыш саласын да айналып өтпейтінін айқындап берген еді.

Ғарыштық саланы қамтитын отандық «KazSat» байланыс жүйесінің жұмысы айтарлықтай зор.  Бұл ғарыш жүйесі екі жер серігімен бірге табысты жұмыс жасауда. Олардың негізгі және жер үстіндегі қосалқы басқару кешендері бар. Бұл байланыс жүйесі еліміздің аумағында спутниктік байланыс пен телерадио хабарлар таратуды қамтамасыз етіп қана қоймастан, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және жеке ұйымдардың сұраныстары бойынша деректерді беріп, шалғайдағы ауылдардың ұялы байланыс қызметін пайдалануына зор септігін тигізіп келеді.

«KazSat» жобасы шеңберінде ғарыш аппараттарын жобалау, жинақтау және сынақтан өткізу жөніндегі 12 қазақстандық инженер және «KazSat» ғарыш байланысы жүйесін пайдалану жөніндегі 60 қазақстандық маман Ресей кәсіпорындарында (М.В.Хруничев атындағы ғарыш орталығы және «Академик М.Ф.Решетнев атындағы ақпараттық жер серіктері жүйелері» ААҚ) жұмыс істей жүріп, іс-тәжірибеден өткен.

Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «KazSat-2» спутнигі де жетістіктен құр алақан емес. «KazSat-2» жүйесі – спутник-телевизиялық ақпарат таратуға және байланысқа арналған. Нақтырақ айтсақ, біз ақпарат таратып, байланыс орнату үшін басқа елдердің спутнигін жалдап, қаржыны басқа елдерге аудармаймыз деген сөз. Бұл байланыс арқылы кез келген адам еліміздің әр қиырынан бір-бірімен ешбір кедергісіз ақпарат алысып, хабар бере алады. Яғни, өз еліміздегі, өз жеріміздегі жер серігі іске қосылғаннан кейін байланыс саласы, интернет те арзандай бастады.

Сондай-ақ, осынау байланыс жүйесінің пайдасын «Отау ТВ» жүйесінің 1 миллиондай пайдаланушысы көріп отыр. Және бұл жүйе жылына есептегенде мемлекеттік қазынаға 5 млрд теңгеден аса кіріс түсіріп, шетелдік спутниктердің қызметін пайдалануды азайту арқылы 12 млрд теңге үнемдеген.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шет ел жоғары оқу орындарында ғарыш технологиялары мен техникалары бағытында білім алып келген алғашқы түлектер бүгінде «Қазғарышта» және оның қарамағындағы ұйымдарда қызмет етуде. Олар инженерлік дайындықтан Англия, Франция және Ресей сияқты алып мемлекеттердің ғарыш орталықтарында өткен.

Соңғы жылдары ғарыш саласы мамандарын дайындау өз еліміздегі базалық жоғары оқу орындарында да қолға алынды. Атап айтсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Азаматтық авиация академиясы. Аталған оқу орындарында ғарыш саласы кадрларын дайындау мына мамандықтар бойынша жүзеге асырылуда: «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарын ұшуға пайдалану»; «Авиация техникасы мен технологиялары»; «Ғарыш техникасы мен технологиялары». Бұл мамандықтар бойынша білім алушылардың саны да жыл сайын өсіп отырғанын мына көрсеткіштен байқаймыз, мысалы, 2015 жылы 160 шәкірт білім алса, 2016 жылы 165 шәкірт, 2017 жылы 173 шәкірт ғарыш саласының мамандығын игерген.

Осынау көрсеткіштерге қарасақ, ғарыш саласына деген сұраныстың жоғары екендігін, тіпті 2022 жылдарға арналған жаңа ғарыш жобаларын жүзеге асыруға екі есе маман қажеттігін байқауға болады.

Дегенмен, ғарыш державасына айналуға ниетті Қазақстанға ғарыш саласына арнайы бағытталған дербес университет керек-ақ. Ол күнге де жететін күн алыс емес…

Қызжібек БӘКІР, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here