Менің редакторым

0
1784

Бүгін, 1 сәуір – «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қазақпен қайта табыстырған баспагер, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ» газетінің 2006-2014 жылдардағы бас редакторы, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің дүниеге келген күні. «Байлығым – қазақтығым» деп өмірден өткен жазушы көзі тірі болғанда 81 жасқа толар еді.

Кешегі күннен жүйрік жоқ. Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңізші. «Алашым» дегенде кеудесі қарс айырылған, ұлтының рухы мен намысын бәрінен биік қойған, қазақтың жүзін жерге қаратпау үшін бар саналы ғұмырын халқына арнаған Қоғабай Сәтенұлын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне биыл күзде алты жыл толады.

Иә, 2014 жылы 17 қарашада Қоғабай Сәрсекеевтің ауыр науқастан өмірден өтуі артында қалған қалың елді мұңға бөлеген әрі бел қайыстырған ауыр қаза болған еді. Қалам мен ақ қағазды жанына серік етіп, абырой-беделге ие болған, елін сүйген, елі сүйген қаламгердің қазасы бір отбасының, не бір аймақтың ғана емес, тұтас халықтың азасы болды. Бұл қазаны да халық осылай қабылдады.

«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым ақын (Аманжолов) дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Қоғабай Сәрсекеевті әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, газетіміздің екінші тынысын ашқан баспагердің артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді

2016 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Өнегелі өмір» сериясының бір санын Қоғабай Сәрсекеевке арнап, қазақ зиялыларының басын қосып, кітаптың тұсаукесерін өткізген еді. Сол кітапқа енген ескірмейтін естелігімді қайта өңдеп, төменде оқырман назарына ұсынып отырмын.

Адамның өмiр жолы… Ол жазмыштың жазуымен тағдыр жолықтырған адамдар арқылы тiршiлiктiң сан алуан соқпақтарына түсiрiп, өмiрбаяныңда өшпестей iз қалдыратыны белгілі. Айтса айтқандай, 2008 жылдың наурызында «Қазақ» газетінің киелi табалдырығын аттап, Қоғабай Сәрсекеевпен алғаш танысқан кезде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студенті едiм. Қазір орда бұзар отыздан асқанда өткен күндерге шегініп, ұстазымның журналистика жолындағы өнегесі, тәлiм-тәрбиесi, барлығы да менің жүрегімнің төрінде мәңгілік қалатынын білемін.

Амал қанша, атпал азаматтың орны ойсырап қалғанына, міне, алты жылға жақындап қалыпты. Қандай ыстық сағыныш десеңізші! Дәл қазір мен де сондай күй үстіндемін…

Бұл эссенің тақырыбын «Менің редакторым» деп қоюымның өзіндік себебі де бар, өйткені естелігімде жазушы, публицист, қайраткер Қоғабай Сәрсекеевті емес, «Қазақ» пен «АйҚАП»-ты қазақ жұртымен қайта қауыштырған редактор Қоғабай Сәрсекеевті жазғым келді. Неге десеңіз, Қоғабай Сәтенұлы өзінің жазушылық, публицистикалық, қайраткерлік қырын қажырлы еңбегімен көзі тірісінде-ақ қазақ жұртшылығын мойындатып қойған. Ондаған кітабы оқырманға жол тартты. Сол еңбектерінің арасынан жетпісінші жылдардың соңында жарық көрген «Қызыл жалау» романының орны ерекше. Өйткені, Кеңес Одағының тұсында қазіргідей екінің бірі кітапты жарыққа шығармайтын. Жазушыдан асқан беделді мамандық болмайтын. Кітаптың оқырманы да көп болатын. Ондаған мың тиражбен жарыққа шығатын. Қоғабай Сәрсекеевтің жоғарыдағы романы да ондаған мың тиражбен жарық көріп, оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Алғысөзін Ғабит Мүсіреповтің өзі жазған.

«Амангелді тақырыбын жазуға біраз автор атсалысып жүр. Солардың бірі – Қоғабай Сәрсекеев. Оның батыр өмірінің балаң кезін суреттейтін алғашқы романы бұрнағы жылы «Жұлдызда» басылды. Енді сол роман «Жалын» баспасынан шығып отыр.

«Қызыл жалау» деген жалпы атпен берілген бұл романның бірінші кітабын мен қадағалай, барлап оқып шықтым. Оқиға сонау 1880 жылдар бедеріндегі ел басына түскен ауыртпалық, халық үстіндегі қиын кезең Торғай даласында болған нақты тарихи фактілер негізінде өрбиді екен. Шығармада автор бала Амангелдінің өзін қоршаған әділетсіз ортаға кектене өсіп келе жатқан сәтін беру арқылы шындығын бәз қалпында оқушы алдына тартуға талаптанған.

Шығармаға мінез керек. Бұл жағынан алғанда автордың қадамы құптарлық па деп қалдым. Көркем дүниедегі әрбір әрекет өзіне лайық жағдайында шыншылдықпен бейнеленгенде ғана үйлесімділік табады. Типтік характерлер қай уақытта да типтілік тұрғыда жасалуға тиісті. Қоғабай Сәрсекеев романында осындай мінездің барлығы ішті жылатады» деп ағынан жарылыпты Ғабең – Ғабит Мүсірепов.

Көзі тірісінде Қоғабай Сәрсекеевтің қаламгерлігіне Ғабеңнің өзі жоғары баға бергенде, біздің ол тақырыпқа қалам тербегеніміз артық болар.

Кешегі күндер, «Қазақ» газетімен, оның редакторы Қоғабай Сәрсекеевпен алғашқы таныстық – күні кешегідей бәрі есте.

2007 жылы журналистикаға алғаш қадам басып, «Республика ұстаздары» газетінде тілші болып еңбек жолымды бастадым. Баяғы әдет бойынша күнде дүңгіршектен бірнеше газет-журналдарды сатып аламын. Дүңгіршектегі көп басылымдардың ішінен «Қазақ» газеті көзіме ыстық көрінді. Өйткені, мектепте «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» оқулықтарынан бұл басылымның тарихынан қысқаша хабардар едім. Сондықтан да, басқа газеттерден бұрын «Қазақты» оқуға асықтым. Бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев екен. Содан біраз уақыт газетке мақала апарып жүрдім. Мақалаларым үзбей жарық көретін де болды. Сол тұста «Қазақтың» жауапты хатшысы Қуаныш Әбілдәқызымен шығармашылық байланыс орнаттым. Алайда, Қоғабай Сәрсекеевпен кездесу сәті түспей-ақ қойды. 2008 жылдың наурыз айында бас редактордың мені шақырып жатқанын жауапты хатшы айтты. Осылайша, бұрын есімін көп естіген жазушымен алғаш жолықтым.

Есігінің маңдайшасында «Бас редактор» деген жазуы бар мен үшін беймәлім кабинетке жүрексіне кіргенім әлі есімде. Өзің жүрегіңмен сүйген, бірақ, қыр-сырына әлі қанық емес кәсіптің құлағынан ұстар-ұстамасың белгісіз өтпелі сол кезде толқымай тұру мүмкін бе!? Ішке аттаған бойда, «сценарий» бойынша «ассалаумағалейкүмді» жаңылыспай айтып, «сіздің шақыруыңызбен келдім» дедім. Қара торы өңді, дөңгелек жүзді ел ағасы көзілдірігін алып, орнынан көтерілген бойда қобалжу бірден жойылды. Өйткені, жылы қарсы алды. Таныстықтан соң Қоғабай Сәтенұлы: «Айналайын, жақында жауапты хатшымыз декреттік демалысқа кеткелі жатыр еді. Жазу-сызуыңды байқап жүрмін, болашағың зор балаға ұқсайсың, бізге жұмысқа келсең қайтеді?» – деді. Ол кезде жаспын ғой, несін жасырайын, «Республика ұстазындағы» айлығымнан екі есе көп айлық айтқанда, тіпті, ойланбастан редактордың ұсынысына келіскім-ақ келді. Бірақ, бұрынғы жұмысыма айлық үшін емес журналистиканың қыр-сырын үйрену үшін тұрғаным есіме түсті. Сондықтан да, бірден жауап бере алмадым. Соны байқаған Қоғабай аға: «Жақында Нью-Йоркке екі аптаға ұшқалы жатырмын, мен келгенше жақсылап ойлан», – деді.

Екі апта зымырап өте шықты. Қуаныш Әбілдәқызы қоңырау шалды не шешкенімді білу үшін. «Қазақ» газетіне кеткім-ақ келгені әу баста белгілі-тін. Ары ойланып, бері ойланып, Қоғабай ағаның ұсынысын қабыл алдым.

Қуаныш Әбілдәқызы декреттік демалысқа кетті, мен оның орнына жұмысқа орналастым жауапты хатшы болып. Бір қызығы, жас тілші де тәжірибе қайдан болсын. Қазір ойлап қарасам, Қоғабай ағаның сол кезде менің бойымнан талантты байқапты. Редакцияда жүріп көп нәрсені үйрендім, артынан бас редактордың орынбасары болдым.

Мен жұмысқа тұрған кезде «Қазақтың» қайта жарық көргеніне екі жыл ғана болған еді. Демек, газеттің әлі аяқтан тұрып кетпеген кезі. Сонда Қоғабай ағаның еңбекқорлығына, жұмысты жанындай сүйетініне, небір қиындықтарға төтеп бергеніне куә болдық.

«Сын мақаласыз газет оқырманын жоғалтады» деген қатқан қағида бұрыннан бар. Қоғабай Сәрсекеев бәрімізді (редакция тілшілерін, – авт.) арагідік болса да сын мақала жазуға дағдыландырып, өзі де көкейтесті мәселелерге жиі қалам тербейтін. Жазған мақаламыз сәтті шықса, редактордың қуанғанын көру біз үшін бір мәртебе ғой. Соның әсері болса керек, 2008 жылы қараша айында «Қазақ» газетінде менің «Ай қарап отырмыз ба мектепті қытайлар жалға алып жатқанда?» атты сын мақалам жарық көрді. Мақалада Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Тасөткел ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің бір бөлігі қытайларға жалға берілгендігі жазылған. Шу аудандық білім басқармасынан, аудан әкімінің орынбасарынан менің мақаламмен келіспейтін сыңайдағы жауап хаттар келіп жатты. Артынан 3-4 айға созылған даулы мәселеде менің мақаламның дұрыстығына қолдау білдірген хаттар да келді. Бас редактор мен Премьер-Министр араласты. Жеңіс – редакцияда болды. Мектептен қытайлар кетті, артынан директор орнын босатты. Осы арада ғой Қоғабай ағамыздың шыдай алмай бұл іске араласқаны. Редакторымыздың сарыауыз балапанын қорғаштаған қарлығаштай шырылдаған сондағы бейнесі әлі күнге бәріміздің жадымызда!

1913 жылдың 2 ақпанында жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған қазақ даласында ұлттың еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрген болатын. 2013 жылы «Қазақ» газетін бүгінгі заманның талабына сай қайта шығарған, осынау игі жұмыстың басы-қасында жүрген Қоғабай Сәрсекеев зиялы қауымның басын қоса отырып, ата басылымның 100 жылдығын Алматыдағы «Достық» үйінде атап өтуге ұйытқы болды. Салтанатты жиында «Қазақ» газетіне – 100 жыл» мерейтойлық медалімен, «Қазақ» газетінің Алғыс хаттарымен бір топ азаматтар марапатталды. Сонымен қатар, ата басылымның 100 жылдығына орай шығарылған «Қазақ шаруасы» кітабының тұсаукесер рәсімі де өткізілген-ді.

«Әр заманның өз мәселесі, өз проблемасы, өз айтар сөзі бар. Осындай реттерден де біз де осы тақырыпты қолға алған едік. Әлекеңше, Ахаңша, Жақаңша толғап, Алаш арыстарының дәстүрін жалғастырғымыз келді, бұл ретте әуелі тоқтап, үзіліп қалған басылымдарды қайта тірілттік, жарыққа шығардық, содан соң қазақ шаруасын әл-қадірімізше тізе жаздық. Бұл кітапқа енді сол жазбаларымызды тіздік. Қазақ шаруасының ауқымы, әрине, кең, бірақ ең өзекті дегенді ғана ақ қағаз бетіне түсірдік», – деп жазды «Қазақ шаруасы» кітабының алғысөзінде Қоғабай Сәрсекеев.

Расында да, Қоғабай Сәтенұлы «Редактор бағанында» қазақ шаруасын үзбей жазды. Осылайша, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады.

«Қазақты» қазақпен қайта табыстырған қайраткер 2012 жылы 1911-1915 жылдар аралығында жарық көрген «АйҚАП» журналын да жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақтың тұңғыш журналын жұртшылықпен 97 жылдан кейін қайта қауыштырған еді.

Айта кетейік, Қоғабай ағаның қазасынан кейін «Қазақпен» бірге «Айқапты» да жарыққа шығару редакцияға қиынға түсті. Содан редакциялық шешіммен журнал Ғалымқайыр Мұтанов басқаратын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің меншігіне өтті. Журнал жарыққа шығуын тоқтатқан жоқ.

Қоғабай Сәрсекеевтің тұсында «Қазақ» газеті мен «АйҚАП» журналы материалдық қиындықтарға қарамастан жарыққа шығуларын бір тоқтатқан емес. Сонымен қатар, қос басылымда қазақ шаруасы, Алаш арыстарының азапты жылдарға толы ғұмыры кеңінен жазылды. Бұл, әрине, Қоғабай ағаның үзбей iзденiп, талмай толғанып, жазар тақырыпты жазбай танып, келiстiре жазған – қалам қуатының арқасы болса керек. Қоғабай Сәрсекеев сондай редактор – қайталанбайтын тұлға, ұлтының адал азаматы болғанына редакция ұжымы, газеттің мыңдаған оқырманы, газетте жарияланған мақалалары куә. Редактордың жазған мақалаларын «Қазақ» газетінде қайта жариялауымыздың да сыры осында. Өйткені, Қоғабай ағаның тақырып қоюдың, мазмұнына сай айдар ойлап табудың, толғақты мәселелерге қалам тербеудiң нағыз тарланбозы екенiн айту бiздiң парызымыз. Өйткенi, бiз – Қоғабай ағаның шәкірттері оның редакторлық, қаламгерлiк, қайраткерлiк қасиеттерiн көрiп өстiк.

Бүгінде жоқ болса бере алмайтын, бар болса көре алмайтын ағайынның дәуірі жүріп тұр. Айтайын дегенім, 1913 жылы негізін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары қалаған «Қазақ» газетін араға 88 жыл салып 2006 жылы қайта жарыққа шығарғанда Қоғабай ағаның мұнысына қарсы болып, «Бұл «Қазақ» ол «Қазақтың» жалғасы емес» дегендер де аз болмады. Қарсы мақала жазғандар да табылды. Әлі де бар арамызда ондайлар. Бұл жөнінде Қоғабай ағаның өзі 2013 жылы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында былай деп еді: «Рас, қазір баяғы замандағыдай емес, Қазақстанда газеттер көптеп шығады. Әсіресе тәуелсіздік алғаннан бері бұл салаға кең жол ашылды. Мұндай қадамға қуану керек. Тіпті, «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастыруды ниет етуші басылымдар да табылады. Кей тұста бүгінгі «Қазақты» кешегі «Қазақтың» мұрагері, жалғасы деп айтуға қимайтындар да бар. Қайтесіз, ондайлар қателеседі деп ойлаймын. Жалпы, мұндай ұшқары, жел сөздердің жетегіне кетпеген де жөн шығар. Абзалы, асығып-аптықпай түгенделе берген жөн ғой. Сонда бүтінделеміз, етек-жеңіміз жиналады. Мәрт болайық. Әйтсе де, енді жарық көріп отырған «Қазақтың» ешқандай басылыммен таласпақ ойы жоқ, бәсекеге де түспейді, әр газет-журналдың өз жолы бар, сол жолда кім-кім де оза шапса, беті қабыл. Әріптес басылымдармен бірлесе «Қазақ» қазақ жүгін сүйреуге тырысып, ақ сөйлейді, ешкімнің айыл тартпасы болмайды, түтіні түзу шығады десем сөзім жаңсақ болмас».

Расында да, араға 88 жыл салып «Қазақ» газетінің қайта жарыққа шыққанынан кім қандай жамандық көрді? Қайта керісінше осы 14 жыл ішінде «Қазақ» газеті Қоғабай ағаның арқасында жұртпен қайта қауышып, өзінің екінші тынысын ашты емес пе?!

Белгілі журналист Жанболат Аупбаев: «Бас редактор погонсыз генерал, патентсіз өнертапқыш, лицензиясыз конструктор, атақ-даңқы рәсімделмеген ғылым докторы, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер», – деп тауып айтқан. Өйткені, редакцияға бәрін де өзім білем дейтіндер шоғыры жинақталады. Көп білетіндерге көп білетін нағыз редактор керек. Міне, Қоғабай Сәрсекеев сондай нағыз редактор болды.

Жоғарыда сөз болған «Қазақ шаруасы» кітабының сүйінші данасы шыққанда Қоғабай аға: «Қазақ біткеннен таңдап, талдап, көріп барып тапқан көмекшім Жасұланға автордан. Ұлтыңның ұланы бол! Ағаң Қоғабай. 11.04.2013 жыл», – деп маған кітапты қолтаңбасымен сыйлаған еді.

Жеті жылдай Қоғабай ағаның жанында болып, оның «Қазақия», «Дешті Қыпшақ», «Қазақ шаруасы» сынды кітаптарының шығуына атсалысқаныма өзімді бақытты санаймын.

Рас, ол кісі «Қазақты» 2006 жылдан, «АйҚАП»-ты 2012 жылдан 2014 жылға дейін, яғни ақтық демі таусылғанша басқарды, бұл жылдары көрегендiк, көсемдiк қасиетiнен айырылған жоқ. Редакциядағы жалынды жастарға өнеге-үлгi көрсетумен өмiрден өттi.

Туған күн, мереке күндері редакцияда ақ дастарқан жайылатын. Редакцияда кілең жастар қызмет атқарды. Бір қуанышқа жайылған сол ақ дастарқан басында басшымыздан неге жұмысқа кілең жастарды қабылдағанын сұрадық. Сонда Қоғабай аға: «Мәңгілік ештеңе жоқ. Менен кейін газеттің жұмысын сендер жалғайсыңдар», – деп жауап берген-ді. Әрине, ол кезде редакторымыздың бұл сөзіне мән берген ешкім болмады. Қоғабай Сәрсекеев ауыр науқастан өмірден өткенде ғана сол сөзі санамызда қайта жаңғырды. Бұл редакторымыздың соңғы аманаты екен. Ал, аманатқа қиянат жасауға болмайды. «Қазақтың» Қоғабай Сәрсекеевсіз жарық көріп жатқанына биыл алты жылға жуықтады…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here