Үшкемпіров қандай кәсіппен айналысады?

0
8867

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің өнегелі өмір жолы баршаға аян. Одақтың төрт жылда бір өтетін басты жарысы – КСРО халықтарының спартакиадасында топты жарған қазақ балуанының Мәскеу Олимпиадасының (1980) чемпионы болғанына дейін талай байрақты бәсекелерде қазақ болғаны үшін құрамадан сырт қалғанын талай естігенбіз. Әрине, бұл өзегі басқа әңгіменің арқауы. Ал, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, қазақтың даңқты ұлы Жақсылық Әмірәліұлының мал шаруашылығымен айналысатынын біреу білсе, біреу білмес.

1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы. Финал. Жақсылық Үшкемпіров (КСРО) және Павел Кристов (Болгария).

Жақсылық Үшкемпіров 1982 жылы татами төріне шықпайтын болғанымен, спорттан түпкілікті кетпейді. Айталық, Олимпиада және әлем чемпионы 1984-1993 жылдары Республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Алайда, денсаулығы сыр бере бастағаннан кейін спорттық мансабына нүкте қойды.
«1995 жылы жүрегім ауыра бастады, спортпен қоштасуға тура келді. Достарым ауылдық жерге қоныс аударуға кеңес берді. Осылайша, мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдадым. Өйткені, менде ветеринарлық институттың дипломы бар. Бақанасқа келдім, маған шағын жер телімін бөліп берді, мен ол жерде ешкілерді баға бастадым. Уақыт өте келе жаңа жер телімдерін сатып алып отырдым. 2000 жылдың басына қарай менің қарамағымда 5 мың гектар жер болды», – деп өткен күнге сәл шегініс жасады чемпион.
2007 жылы Жақсылық Үшкемпіров Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданындағы Мыңбай ауылына келеді. Кезінде гүлденген ауылдың тоқыраған кезі. Жол мен инфрақұрылым атымен жоқ, ал ауыл тұрғындары газ жайлы армандамайтын да.

Өз қаржысына салған спорт мектебінде 300-дей шәкірт бар. Ал, «Жақсылық» шаруа қожалығында 4 500 сиыр мен 1 500 жылқы бар

«Мен жергілікті шаруашылықты көтеруді жөн көрдім. Ең шағынынан – ауылдық кеңсенің жөндеуінен бастайын деп шештім. Мұнда өмір бойы тұрған бір әже: «Міне, тағы бір ұрлықшы келді. Бұл жерде бәрі ұрланып біткен ғой», – деп ұрысқан еді. Сонда мен: «Ұрлықшы емеспін, спортшымын. Бұл жерде бірнеше жылдан кейін не болатынын әлі-ақ көресіз», – деп нық сеніммен жауап бердім», – деп еске алды Жақсылық Үшкемпіров.
Осылайша, әйгілі спортшы іске табандылықпен кіріседі. Өзінің қаржысына ескірген ғимараттарды жаңартып, қоралар көтеріп, қажет жабдықтарды сатып алады. 2010 жылы 320 миллион теңге несие алып, кезінде аңызға айналған қазақтың ақбас тұқымды сиырының 500 басы мен Әулиекөл асыл тұқымды 500 сиырды сатып алады. Қазіргі таңда «Жақсылық» шаруа қожалығында 4500 сиыр мен 1500 жылқы бар. Осылайша, Үшкемпіровтер әулеті де ата кәсіптен нәсіп тауып жүр.
Естеріңізде болса, 2017 жылы Жақсылық Үшкемпіров Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Сонда Мемлекет басшысы: «Бәріңіз білесіздер, ол даңқты балуан, Олимпиада және әлем чемпионы. Халқымыздың атын Кеңес Одағы кезінен бері шығарып келеді. Ол заманда билік мұны үнсіз қалдырып, оған атақ бермеді. Енді жоғары марапатқа ие болып отыр. Бүгінде ірі мал шаруашылығын басқарады. 20 жылдан бері ауылды өркендетуге ерен еңбегін сіңіруде. Өзі басқаратын шаруашылықты жоғары дәрежеге жеткізді. Ол шығаратын ет бүгінде Ресейге, Қырғызстанға, басқа да елдерге сатылуда. Ел арасында абыройы үлкен. Қазір өз жұмысын ғана орындап қоймай, туған еліне адал қызмет етудің үздік үлгісін көрсетуде. Өз қаржысына ауылда спорт кешенін, балабақша, жас отбасыларға үй салғызды. Ауылға газ тартқызды. Тағы-тағы үлкен нысандар тұрғызып, ауылдағы елдің алғысына ие болып жүр», – деген еді.
Биік марапатқа риза болған Жақсылық Әмірәліұлы: «Қазақстанда 5 мыңға жетер-жетпес ауыл бар. Соларды қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек?!» – деп орынды бастама көтерді. Ал, тәуелсіздік жылдарында біраз азаматтың байығанын еске салған Мемлекет басшысы: «Енді бұл азаматтар тапқанының біразын Сіз сияқты елге берсін!» – деп чемпионның бастамасын құптайтынын білдірді.
Жақсылық Әмірәліұлының тағы бір қолға алған шаруасы спорттық мансабымен тікелей байланысты. Өз қаржысына чемпион балаларға арналған спорт мектебін ашты. Спорт мектебінде 300-ден астам жас жеткіншектер самбо, дзюдо, бокспен айналысады.
Несі бар, бұл жеткіншектердің арасында байрақты бәсекеде ел намысын қолдан бермейтін қазақтың болашақ чемпиондары бар шығар. Осыдан елу жыл бұрын өзі алғаш рет боз кілемге шыққан чемпионның шәкірттерінен күтер үміті зор. Ал, 27 жыл бұрын азаттығын алған Қазақ елі Жақсылық Үшкемпіровтен кейін күрестен бір Олимпиада чемпионының қашан шығатынын сарғая күтіп жүргені белгілі.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here