АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына неге шүйлікті?

0
4170

1948 жылы Швейцарияда Біріккен ұлттар ұйымына (БҰҰ) қарасты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) құрылды. Бүгінде әлем халқының денсаулығына жауапты ұйымға 196 мемлекет мүше. Сол елдер өзінің экономикалық жағдайына және тұрғындар санына байланысты белгілі бір мөлшерде жарна төлейді. Дегенмен, аталған ұйымның бір жылдық бюджеті 4,4 млрд доллар болса, соның 52%-ы жеті елдің ғана жарнасынан құралады. Мұның сыртында демеушілердің бөлген қомақты қаржысы тағы бар. Яғни, ұйым АҚШ, Жапония, Германия сияқты елдердің жарнасынан және қалталы демеушілерден түскен қыруар қаржыны түрлі эпидемиялармен, аурулармен күресуге, ұйымға мүше кедей елдердің медицинасын жақсартуға жұмсайды. Оның үстіне ұйым бүгінгідей COVID-19 сияқты белгісіз індеттердің алдын алуға міндетті.

Жыл басынан бері Вашингтон сол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қызметіне өкпесі қара қазандай екенін жасырмай айтып-ақ келді. Тіпті, 14 сәуірде Ақ үй қожайыны Дональд Трамп Вашингтонның енді ұйымды қаржыландырудан бас тартатынын мәлімдеді. Ал, ұйым бюджетінің бестен бірі АҚШ-қа тиесілі екенін ескерсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басына қара бұлт үйірілгенін аңғару қиын емес. Сонда аталған ұйымға АҚШ неге шүйлікті?

Сонымен, 14 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп ресми түрде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шотына Вашингтон енді бір тиын да аудармайтынын мәлімдеді. Екі күннен кейін АҚШ-тың әріптестері Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония, яғни «Үлкен жетілік» (G7) басшылары да оның қызметіне тексеру жүргізіп, ұйымды реформалау қажеттігіне тоқталды.

Айталық, Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эмманюэль Макрон ұйымды реформалаудың қажеттігін баса айтты. Олар қазіргідей коронавируспен арпалысқан сын сағатта ұйымға артық қаржы да аударуға қарсы емес. Дейтұрғанмен, ұйымды ысырапшылыққа жол бермеуге шақырды. Өйткені, «судың да сұрауы барын» ескертті.

Коронавирус арынын басып, алқымынан алған еуропалық екі ел осылайша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ескерту жасаумен ғана шектелсе, АҚШ бірден сөзден іске кірісті. Вашингтонның бұл әрекетіне ДДСҰ-ның қазіргі басшысы Тедрос Гебрейесус алаңдаушылық білдіріп, бюджеттің 22%-ға қысқаруы ұйымға қалай кері әсер ететінін есептеп, тығырықтан шығар жолды қарастырып жатқандарын жеткізді.

«Бүгінгідей күрделі кезеңде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының толыққанды жұмыс жасауына қаржы тапшылығының қолбайлау болатыны сөзсіз. Әйтсе де, біз әріптестерімізбен қаржы мәселесін шешу жолдарын ақылдасып жатырмыз», – деді Тедрос Гебрейесус.

Ұйым басшысының алаңдайтындай жөні бар. Өйткені, жоғарыда жазғанымыздай, барлық бюджетінің 22%-ын бір АҚШ-тың өзі береді. 2020-2021 жылдарға жоспарланған ұйым бюджетінің 8,6%-ы – Жапония, 6,1%-ы – Германия, 4,6%-ы – Ұлыбритания, 4,4%-ы – Франция, 3,3%-ы – Италия, 2,7%-ы – Канада елдерінің жарналарынан құралады.

Бір қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бюджетінің бестен бірін беретін АҚШ-тың «айтқанымен жүріп, айдауына көнгеннен» басқа амалы да жоқ. Бірақ, коронавирус басталғанда әлемнің басты денсаулық ұйымы Қытайдың жағында болды. Ақ үй сондықтан аталған ұйымға шүйлікті. Неге десеңіз, аспан асты елінің ұйымға төлейтін жарнасы америкалықтардан екі есе аз, ал халқы 3,5 есеге көп.

Әрине, Вашингтон жарна төлеуді тоқтатқанын мұндай себептермен байланыстырмайды. Ақ үйдің ұйымға айтар өз уәжі бар.

Жыл басында, 7 ақпанда АҚШ президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейжіңнің сойылын соғып жатқандықтан өз елінің бұл ұйымға төлейтін жарнасын қысқартатынын айтты.

«Түсініксіз себеппен АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландырады. Ал, олар Қытайдың сөзін сөйлейді, солардың пайдасын ойлайды. Мысалы, бастауын Уханьнан алған COVID-19 індеті алғаш таралғанда ДДСҰ бізге қытайлықтарға шекараны жаппауға кеңес берді. Індеттің қауіп-қатерін білмейтін немесе біліп тұрып жалған кеңес беретін ұйымды қаржыландырудың мәні болмаса керек. Демек, алдағы уақытта Вашингтон ұйымның бүгінгі ұстанымына баға беріп, шара қолданатын болады», – деген-ді екі ай бұрын Дональд Трамп.

Ақ үй қожайынының былайша «шырылдайтын» да жөні бар. Неге десеңіз, 72 жылдық тарихы бар беделді ұйымның барлық кеңесіне оған мүше 196 ел құлақ асады. Биыл 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 індетіне байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялағанда, ұйымға мүше елдер шекараларын жаба бастады. АҚШ сияқты бірқатар елдер ұйымның пандемияны кеш жариялағанына наразы. Өйткені, ұйым өкілдері коронавирустың қаупін ерте сезініп, дабылды ерте қағуы керек-ті. Соның салдарынан еуропалық елдерді айтпағанда, бір АҚШ-тың өзінде бүгінде коронавирусты жұқтырғандар саны 700 мыңнан асып, 40 мыңдай америкалық бұл індеттің құрбаны болды. Ел экономикасына келген шығын айтпаса да түсінікті. Вашингтонның пікірінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа салғырт қарамағанда, Бейжіңнің айдауымен жүрмегенде, мұндай әлемдік апаттың алдын алуға болар еді.

Вашингтонның бұл уәжімен келіспеске тағы болмайды. Дегенмен, кейбір сарапшылар коронавируспен арпалысып жатқан қазіргідей күрделі кезеңде Ақ үйдің бұл мәселеге бас қатыруына саяси реңк береді. Олардың айтуынша, Вашингтон елді жайлаған коронавирусқа қатысты барлық жауапкершілікті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына арта салып, өзі «сүттен ақ, судан таза» болып шыққысы келеді. Бұл – бір. Екіншіден, ұлы державаның кейбір елдер мен ұйымдарды қаржыландыруын америкалықтар құптамайды. Содан денсаулық ұйымын қаржыландыруды тоқтату арқылы Дональд Трамп халық арасында ұпай жинауды көздейді. Өйткені, биылғы жылдың қарашасында америкалықтар өзінің 46-шы президентін таңдайды.

Қалай болғанда да, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемияны кеш жариялағаны шындық. Коронавирус ешкімді аямай келеді. Ұйымның қателігінен адам шығыны да, қаржы шығыны да шаш етектен. Тіпті, оның қалай, қашан аяқталатыны да белгісіз. Бір анығы, індет келтірген шығын орасан зор болады. Содан АҚШ-тың ғана емес, «Үлкен жетіліктің» өзге де елдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына деген көзқарастарын өзгерте бастады. 16 сәуірде «Үлкен жетілік» басшылары аталған ұйымнан әрбір тиынның есебін сұрайтындарын және реформа жасауды талап ететіндерін мәлімдеді.

«G7 елдері жылына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 1 млрд доллар көлемінде жарна төлейді. Әйтсе де, қаржының жұмсалуы жабулы қазан күйінде қалады. Ашықтық жоқ. Пандемияның уақытылы жариялануында да сұрақтар көп. Осындай жағдайларды ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұмысын қайта қарауды талап етеміз» деп бірлескен мәлімдеме жасады «Үлкен жетіліктің» басшылары.

Бұған дейін «ішкені алдында, ішпегені артында» болып келген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына осылайша бір күнде тықыр таянды. Енді аталған ұйым коронавируспен де, қаржы тапшылығымен де алысады…

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here