Гүлнәр Міржақыпқызы: «Қымбат маған босағам…»

0
6679

Алдағы 25 қарашада Алаш арысы Міржақып Дулатұлының туғанына 139 жыл, 4 қарашада оның аяулы қызы Гүлнәр Міржақыпқызының туғанына 109 жыл толады. Яғни, келесі жылы қос мерейтойды атап өтеміз.

Гүлнәр… Гүлнәр апай! Атын айтқанда ауыз толатын еді. Гүлнәр Міржақыпқызы тектінің тұяғы еді. Тұяғы болғанда жай ғана тұяғы емес, Гүлнәр апай тұтас бір Алаш арыстарының іздеушісі, жоқшысы еді. Ол Алаш арыстарын бөлмей, жармай, толайым жоқтайтын.

Гүлнәр Міржақыпқызы 1915 жылы Орынбор қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1939-1987 жылдары – дәрігер-дерматолог қызметін атқарған. Ол «Алаш» қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар туралы деректерді алғаш жариялаған. Алматыдағы Орталық мұражайға, Торғайдағы, Семейдегі, Астанадағы мұражайларға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты олардың жеке заттарын, кітаптарын, суреттерін, хаттары мен құжаттарын тапсырған.

Баспасөзде Гүлнәр Міржақыпқызының очерктер мен эсселері 1988 жылдан жариялана бастады. «Свет истины» («Шындық шырағы») кітабы 1995 жылы, 1999 жылы екі томдығы жарық көрді. Сондай-ақ, ол әкесінің «Оян, қазақ!» (Алматы, 1989) кітабын, екі томдық шығармалар жинағын (Алматы, 1996, 1997), бес томдық шығармалар жинағын (Алматы, 2004) құрастырушылардың бірі. Осындай ерен еңбекті Гүлнәр Міржақыпқызы өз талабымен, өзінің жүрек қалауымен – жеке күрескерлік мінезімен жасады. Ақысыз, пұлсыз, ешкімнен қолдау, марапат күтпей-ақ, көрмей-ақ жасады.

Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Гүлнәр Міржақыпқызы 2013 жылы 18 ақпанда 98 жасында өмірден өтті. «Қазақ» газеті араға 88 жыл салып, 2006 жылы қайта шыққанда газеттің тұғыры берік болуын, жұрт сүйсініп оқитын газетке айналуына, халқымызбен бірге ұзақ жылдар жасап, жарыққа шыға беруіне сәт-сапар, ақ жол тілеп, алғаш құттықтаған еді. Өмірге қайта оралған «Қазақ» газетін көріп, қатты толқып, көзінің жасы көл болып, қуанып тұрып: «Үйге әкем кіріп келгендей әсер алғанымды қарашы!» – деп еді.

Гүлнәр Міржақыпқызының 2009 жылы жарыққа шыққан «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабындағы «Қымбат маған босағам» деп аталатын ескірмейтін естелігін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Ғайнижамал, Гүлнәр, Міржақып Дулатовтар. Орынбор, 1923 ж.

Өткен күндер хикаясын жазуды өзімнен бастаймын. Мен Гүлнәр – Міржақып пен Ғайнижамал Дулатовтардың тұңғыш перзентімін. 1915 жылы қарашаның төртінші жұлдызында дүниеге келіппін. Туған қалам Орынбор болғанымен, әкем туу туралы куәлігімді елден біреулер арқылы алдырған екен. Төлқұжатымда: «Қостанай облысы. Торғай. Қазіргі Жангелді ауданы» деп көрсетілген. Міржақыптан қалған жалғыз перзент болғандықтан, өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнар Дулатова болып өмір сүріп келемін.

Өзім туралы көңіл түкпірінде ұялап, есімде қалған көрген-білгендерім, жиған-тергендерім көп, бәрін түгел жазып шығу оңай дүние емес. Өзімнің қандай ортада туып-өскенімді, әкем Міржақыптың қаламдас дос-жарандары, ұстаздары, кімдермен жақын ара-қатынаста болғаны жайлы анам Ғайнижамалдан естіп-білгендеріме сүйенемін. Оған қосарым: есейгеннен бері білетінім – қай жерде, кімдермен бірге тұрғанымызды, таныс кісілердің түр-әлпеттері, киген киімдеріне дейін көз алдымда, көңілімде сайрап тұр, ұмытылған жоқ. Соның бәрін жазу үшін Ғайнижамал анамның әңгімелерін де жиі-жиі еске алуыма тура келеді.

«Жақаңмен қосылу тойымыз Омбыда 1914 жылдың 14 мамырында өтіпті. Үйлену тойымыз Омбыға таяу «Коломзино» стансасындағы мейрамханада болды. Тойға қатысқандар: шешем – Қанипа, үлкен әжеміз, ақ батасын берген Әйеміз еді (сол кісіні бәріміз «Әйе» дейтінбіз). Омар ағам (Оматай) мен Батиха жеңгем, оның туыстары Досмұхамбет Кемеңгеровтерден: Қошмұхамбет (Қошке) – Батиханың немере інісі, өзінің сіңлісі Рахима (Ботанай) – менің айырылмас досым, Зейнеп (оны «Япон» дейтінбіз) – менің бөлем, шешемнің Мүслима деген сіңілісінен туған. Японның күйеуі Қартқожа Тоғанбаев, Гуля, жездем Ерқосай Мұқышев, апам Ғалия мен Омбы мешітінің имамы Ғалым Әбдірахымовтің ұлы Сұлтан, қарындасы, менің құрбым – Халима және Айдархан Тұрлыбаев. Семинария оқушылары – Мағжан, Сәкен, Сәдуақас Шорманов әйелдерімен, Асфендияр Шорманов, ауыл шаруашылығы мектебінде оқитын Бірмұхамбет (Біркей) Айбасов, жас жігіт Мұхтар Саматов, Қуанышев деген купецтің қыздары – Әмина мен Жәмила, Сафа Шонаев, ағайынды Асылбек, Мұсылманбек (Мүси), Мұратбек Сейітовтер, Омбының атақты дәрігері Нечаев, Оспан Төлепов (Японның ағасы), бәрін атап айтар болсам, кісілер толып жатыр», – дейтін шешем. 

Енді ойласам, бұл тойға қатысушылар қазақ халқының алғашқы зиялылары, есімдері мен еңбектері әлемге жайылған Алаш азаматтары екен. Көбін естігенім болмаса, көруге нәсіп бұйырмады. Бірақ, жоғарыда аты аталған кісілерден қалған ұрпақтарымен ұдайы кездесіп, араласып тұрамын.

Анам Ғайнижамалдың естелігінің жалғасына қайта оралайын.

«Тойымыздан кейін Омбыда кідірмей, Орынборға жүріп кеттік. Орынбордың вокзалы басында бізді қарсы алғандар: Сейдәзім Қадірбаев (заңгер), оның жамағаты Жаңыл мен Таймінер Қоқанов орыс әйелімен. Сейдәзім Жақаңмен бірге өсіп, бірге оқыған жан жолдасы әрі құрдасы екен. Таймінер де оның айырылмас досы, бұлар Орынборда қызмет атқаратын зиялылар болып шықты. Менің танысуым сол күннен басталып кетті. Жақаң 1913 жылдан бері өзі тұрып жатқан Абрамованың Поцелуевский деп аталатын тар көшесіндегі үйіне түсірді. Ол заманда жалға пәтер берушілер үйлерін толық жиһаздармен өткізетін.

Жүгімізді түсіріп, үйге кірсек, Жаңыл құрбым той рәсімін жасап, қонақтарға дастарқан жайып қойыпты. Көп ұзамай үйімізге Ахаң мен Бадрисафа Байтұрсыновтар келгенде қуанғаным-ай! Құшақтарына кіріп кеттім. Байтұрсыновтар – Омбыда тұрған кезінде біздің Досымбековтердің үйімен танысып, жақындасып кеткен кісілер. Бала кезімнен «ағай», «жеңгей» деп үйреніп кеткендіктен, маған бөтендігі болмайтын. Ағай мені «Гая қарындасым» дейтін. Енді келіні боп түскенімде де бұрынғыша «қарындасым» деуін өзгерткен жоқ.

Біз 1915 жылға дейін жоғарыда айтылған пәтерімізде тұрдық, сен сол үйде дүниеге келдің. Үш үйдің ортасында туған жалғыз бала бәріміздің қуанышымыз, алданышымыз болғандықтан, сені қатты еркелетіп өсірдік қой. Сенің қырқыңнан шығарып, шілдехана өткізуге сонау Омбыдан нағашы әжең – менің шешем Қанипа келді. Ахаң, Бадрисафа бастаған топқа қосылған кісілер: Қадірбаевтар, Таймінер Қоқановтар, Хайретдин Болғанбаев, Файзолла Ғалымжанов, Сағындық Досжанов, оның қарындасы Аққағаз бен гимназияда оқитын Гүләйім Болғанбаева, оқушы Сара Есова, медресе шәкірттері Шамғали Сарыбаев, Мұхаметжан Фаризов, теміржол депосында істейтін Сұлтан Жантуаров сықылды жастар. Орынборда татар тілінде шығатын «Уақыт» газетінің редакторы Ахаң мен Жақаңның досы Фатих Каримов әйелімен болды. Фатих «Қазақ» газетінің редакциясын құрған күннен бастап қолынан келген көмегін аямаған кісі еді.

Қанипа әжең шілдеханаға келгендерге әкелген сыйлығын үлестірді. Қыздарға – күміс сақина, білезік салды, алқа тақты, жігіттерге – алтын теңгелер, әйелдерге – жібектен көйлектік мата тарту етті. Қонақтар саған да неше түрлі киім-кешектер, ойыншықтар әкелген болатын. Тілің шығып сөйлей бастағаныңда, папаң жақын адамдарды қалай атауды үйретті, қырық бірдегі Ахмет ағасын ең алғашқы Ата – атеке, Бадрисафаны – әжеке атандырған, Сейдәзімді – папа, Жаңылды – мама дегізген Жақаңның өзі», – деп тоқтады анам.

Бір қызығы, тілім татарша шығыпты. «Ол неліктен?» дегенімде: «Оның себебі, Орынбор тұрғындарымен, Қазан, Уфадан келіп-кетіп жүретін таныс татар-башқұрт зиялыларымен жиі кездесетінбіз. Көршілес бай татар миллионерлерімен де араласатынбыз. Бәрінен бұрын сені ойнатып, күтетін (няня) татар әйелі болатын, сол сенімен татарша сөйлесетін. Сондықтан сенің татарша сөйлеп кетуіңе оның әсері тимеді дей алмаймын, тіпті мүмкін де емес деп ойламаймын», – деп отыратын шешем.

Тағы бірде анам мынадай сұмдық оқиғаны есіне алды: «Сен 1916 жылы бір жас екі айға толғаныңда балалардың сал ауруымен қатты ауырдың. Жаңа қаз-қаз басып, жүре бастағаныңда, оң аяғыңды көтеріп баса алмай, оң қолыңның қимылсыз қалғанын көргенде қатты қорықтық. Біз ол уақытта Каратаевский деп аталатын тар көшедегі №9 үйде тұратынбыз. Ол заманда бұл ауруды емдейтін дәрі-дәрмектер мүлдем болмайтын. Сондықтан дәрігердің берген кеңесін орындаудан басқа шара қалмады. Дәрігер: «Қимылсыз қалған қол-аяқтың бұлшық еттері бара-бара семіп, әл-күштен айырылып қалады. Мүгедектіктен сақтану үшін ерінбей, күнде массаж жасап тұру ауадай қажет», – деді де, оны қалай жасауды үйретіп берді. Мен массажды ұзақ жылдар бойы (14 жасқа дейін) тоқтатқаным жоқ. Мектепте оқып жүргеніңде де өзің емханаға барып, электро-массаж алып жүрдің».

Гүлнәр Міржақыпқызы жұбайы Әбен Сатыбалдиевпен бірге

«1916 жылы Самарада айдауда жүрген Әлекең (Бөкейханов) жаза мерзімін өтеген соң, үй ішімен Орынборға көшіп келген еді. Бұл – жаз айы болатын. «Қазақ» газетінің редакциясында тыным таппай жұмыс істейтін Ахаң мен Жақаң шілденің күйіп тұрған күндерінде қалада қалмай, Жайықтың арғы бетіндегі Бөрте ауылына жақын Қарасу деген жерге екі үй тіктірген еді. Бір үйде көшіріп апарған редакциялары да, екінші – одан алысырақ үйде бізбен бірге Ахаң, Әлекеңнің он үштегі Лизасы мен он бірдегі Сергейі (Үгітай) тұрды. Әлекеңнің жұбайы Елена Яковлевна жеңгей қаладан шыққан жоқ, тек Әлекең үш-төрт күнде бір келіп кететін. Ол кезде сен тоғыз айлық едің, еңбектеп жүретінсің. Қала мен екі ортада жүріп-тұратын редакцияның жеңіл автомашинасы болатын, оның жүргізушісі аустриалық тұтқын жігіт еді. Әлі есімде, патшаның цензоры газеттің әр санын тексеріп отыратын, өкіметке қарсы келетін материал басылса, бас редакторы Ахаңды жауапқа тартып, түрмеге отырғызуға, не айыппұл салуға дейін баратын. Бұл кездерде құтқару жағын Жақаң қолына алып, жан-жаққа хабарлайтын, естіген жұрт көмектерін аямайтын еді. Онымен тынбай пәтерімізді тінтіп, үй ішінің астаң-кестеңін шығаратын. Түстері суық жандармдардан зәрем қалмай қорқатын едім. Жүре-жүре оған да үйренеді екенсің. Сол әдеттерін қоймай, ауылымызға келіп, мазамызды алғандарын ұмыта алмаймын…» – дейтін анам Ғайнижамал.

1917 жылы бүкіл ауыл-аймақты түгел қамтыған толып жатқан оқиғалар мен саяси өзгерістер баршамызға мәлім, оған тоқталмай-ақ қояйын. Ол кезде мендей сәби не білуші еді. Тұрмысымыздың өзіме белгісіз тұстарын толықтырып айтып берген анам Ғайнижамалдың сөзі мен туыстардан естігендерімді мүмкіндігімше бір-бірімен байланыстырып әңгімелеп беруге тырысайын.

Ғайнижамал шешемнің сөзіне қарағанда, 1918 жылдың соңында біздің үй ішіміз, А.Байтұрсынов, С.Қадірбаевтар қосылып, Торғайға қарай жолға шығыппыз. Қастарына кімдердің ергенін, жол үсті қандай мекендер арқылы жүргендерін мен білмеймін. Өйткені, жасым небәрі үштен төртке қараған шақ. Жолаушылардың ат басын тіреген жері – Торғайдың Сарықопа өңіріндегі Қоңыраулы өзенінің жағасындағы бірінші ауыл Қызбел болыпты.

Енді сол күзгі болған оқиғалардың куәгері, өз көзімен көрген жақын туысымыз Бәйеке Жұмабаев ағамыздан естігеніме көңіл аударайық.

«Әлі күнге дейін есімде, ол кезде мен баламын. Бұл 1918 жылдың күзі еді. Үлкендерден білгенім: Міржақып көкем Орынбордан ауылға келетінін, қашан шығатынын күні бұрын Ақайекесіне (Асқар ағасын осылай атайтын) хабарлаған. Ауыл-аймақ күтіп алуға қамдана бастады. Елдің салты бойынша қадірлі қонақтарының алдынан ауылдан жырақ бірнеше шақырымдай жерден қарсы алуға шығатыны бар емес пе. Асқар ағамызға ерген кісілердің ішінде мен де бармын. Сөйтіп, бәріміз алдарынан шықтық. Алыстан көргенім: қара жолды шаңдатып келе жатқан бірнеше пар ат жегілген пәуескелер мен арбалар (тарантас), олардың екі жақ бүйірін ала жүрген салт атты жігіттер. Жолаушылар жақындап қалғанда, біз атымыздан түсіп, қарсы беттедік. Аға-жеңгелерімізбен сағыныса көрісіп, бір-бірімізді ыстық құшаққа алғанымызды ұмытуға бола ма?!

Жолсоқты боп шаршап келген кісілерді бүкіл ауыл үйлеріне түсіріп, дастарқан басында қонақ етті. Сапардан келгендерді жайғастыру міндетін Асқар ағам атқарды.

Ең алдымен Ахаң Бадрисафасымен, Сейдәзім Жаңылымен, Қырымгерей Сейдалин төрені және оралдық оқыған азаматтардың бірі Сейсекенов Ілиясты біздің үйге орналастырды (сол Жұмабаевтар, яғни біз тұрған үй әлі күнге дейін бар). Жақаңды Ғайнижамалымен, Гүлнар сені Асқар атаң өзінің бажасы Ізтілеу Нұржановтың үйіне тұрғызды. Сіздермен бірге Омар Алмасов, Ғазымбек Бірімжанов, Асылбек Сейітов (дәрігер), орыс медбикесі, Ғаббас Нұрымов, күтуші Әрир деген жігіт тұрды. Кейін Ғайнижамал жеңгейді, сені және медбикені Асқар ағамыз өз үйіне әкеткен. Алаштың атты әскерін (бас-аяғы төрт жүздей) жасақтаған – Міржақып ағамыз. Әскер қатарына қосылуға: Ақтөбе, Ырғыз, Шалқар, Орал, Қостанай, Торғайдан келген жігіттердің бастарының біріккен жері – осы біздің ауыл. Асқар ағам әскерлерді топқа бөліп, әр үйге тұрғызды. Тамақтандыру мен күту жағы үй иелерінің мойнында болды да, жігіттер меншікті аттарын өздері баптайтын еді.

Жақаң дамыл таппай жұмыс істейтін. Әскерлеріне соғысқанда қару-жарақты қалай қолдануды, атыс-шабысты қалай жүргізуді, басқа да әдіс-тәсілдерді үйретіп оқытатын. Қолбасшы рөлін Міржақыптың өзі атқарды. Ағамыздың келбеті, киген киімдері, үстіндегі ұзын сұрғылт шинелін айқастырған былғары тартпалар, аяғындағы қисық табанды етігі әлі күнге дейін көз алдымда. Күнде көретініміз – Жақаңның әскерлерін сапқа тұрғызып, ауылдан алысырақ жерге апарып жаттығу жүргізетіні. Жігіттер ауылға қайтарда бәрі қосылып «Алаш маршын» шырқайтын. Есімде қалған мына шумақ», – деп сәл ойланды да, ағамыз шырқай жөнелді:

«Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жараған асынып міндің атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап жас ұлан, қарап жатпа.

Заман-ай!
Азаматы Алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды!»

Мен оны қағазға түсіріп алғанмын. Ағадан: «Әңгімеміз үзіліп кетті ғой, кешіріңіз, әрі қарай айта беріңіз», – деп өтіндім.

Ағам: «Иә, ол кездің өзі бізге, балаларға қызық көрінетін. Ауыл тұрғындары кешкі шаруаларын бітіріп, қолдары босаған соң жастардың сауықкеш өткізулеріне қарсы болмайтын. Бәріміз бір оңаша отауға жиылып, пар-парымызбен отырып ойын ойнайтынбыз. Домбыра тартып, оған қосылып ән шырқайтынбыз. Жұмбақ айтысатынбыз, шеше алмасақ, айыбымызға – алақанымызға ширатулы орамалмен соғып, пай салатын. Тездетіп жаңылтпаш айтқанда, жаңылып қалғандарды мадақтап, күлкіден ішек-сілеміз қататын еді. Жастар үшін осындай думанды күндер өте шықты.

Алаш азаматтары қараша айынан наурызға дейін ауылда болды.

Қызылдармен соғысу үшін Торғайға аттанарында Жақаң атты әскерін өзі бастап, қару-жарақты өз қолымен үлестірді. Жасақтың әр жігітіне бір мылтық, бір қылыштан берді де, ауыл-аймақпен қоштасып, жүріп кетті.

Бұл уақыт қызылдар мен ақтардың әскерлері Торғайда соғысып, екі жақ қаланы қолдан-қолға өткізіп, жауласып жатқан шақ.

Екі армияның солдаттары да қалаға кіргеннен кеткендерінше тұрғындардың үйін тонаумен болған. Ел ішін, Торғайдың төңірегіндегі ауыл-аймақтың малын үйірімен айдап әкетіп, мүліктерін қалдырмай тонап, үйлерін өртеп отырған. Онымен қоймай, қыз-келіншектерге де зорлық-зомбылық жасап кеткендерін көрмесек те, Торғайдан келгендерден естігенбіз», – деп Бәйеке ағамыз әңгімесін аяқтады.

Азамат соғысының салдарынан Торғайдың тыныштығы кетіп, астан-кестені шығып, бүлініп тұрған кезін анам Ғайнижамал былайша еске алатын: «Папаң екеуімізді ауылда қалдырмай, өздерімен бірге Торғайға алып келді. Қаланың түрі мынау! Жақаң өз үй ішіне төніп тұрған қауіп-қатердің барын, одан аман сақтап қалудың шараларын ойластырып, айқас басталмай тұрып бізді қолайлы жерге орналастырудың қамына кірісті. Үйлеріне тұрғызатын таныстар болғанымен, олардың үйлеріне қалдыруға болмайтын қатерлі кезең еді. Сонымен Жақаңның көп таныстарының ішінен таңдап тапқаны – Асқар ағасы. Қаншама қиыншылық болса да, олардың ара-қатынастары үзілмей келген. Керек десеңіз, Асқар ағамыздың өз балаларына сол кісінің есімін қойғанында білеміз. Тағы да осындай Дулатовтарға ағайын боп кеткен кім десеңіз, «Жақсының жақсылығын айт – мерейі тасысын» дегендей, ол – торғайлық боп кеткен, ұлты татар – Хайдар қажы Шағиахметұлы Мүліков. Хайдар қажының Торғайда бірнеше дүкендері болатын. Сауда-саттықтың арқасында байыған купец. Ол кісінің зәулім көк шатырлы, қызыл кірпішті үйіне жұрт беталды бара бермейтін, жаулар да діни қызметкерлерге тиісе бермейтін. Сондықтан Жақаң сен екеуімізді Хайдар ағайдың үйінде уайымсыз қалдырды».

Хайдар қажының әулеті жайлы анамнан естігенімді толық түрде «Шындық шырағы» естелігімнің ІІ-бөлімінде (135-149 б.) жазғанмын, сол себепті қайталамай-ақ қояйын.

Тағы да Ғайнижамал анамның айтқандарына құлақ салайық.

«1918 жылы Кеңес үкіметі Торғайда құрылған соң, Жақаң атты әскерін жартылай большевиктерге қосты да, қалған серіктерімен Торғайды тастап, Атбасарға жол тартты. Атбасар Ақмола уезіне қарайтын (қазіргі Ұлытау ауданы). Сол Атбасардың 24-ші ауылы Табай байдың қыстауына келіп тоқтадық. Атбасарға келгеннен кейін әскерлерін таратып жіберді де, өздері Семейге жүрерде екеуімізді Табайдың ұлы Шұбай (Жақаңның бажасы) мен Сараның үйінде қалдырып кетті. Өйткені, менің аяғым ауыр, босанар мезгілім таяу, қақаған аязда алыс жолға шығу қиындық туғызары ақиқат еді. Сонымен Табаевтардың қолында тұрып жаттық», – дейтін анам.

Біз Орынбордан шыққаннан бері еш жерде ұзақ тұрақтамаппыз. Есімді еміс-еміс білетін кезімде өзіміздің бірінші ауылда болдық, одан кейін Торғай қаласында, енді Атбасарға келгендегі көрген күніміз де сол баяғы Торғайдағы тұрмысымызға ұқсас сияқты. Бұлар да бізді тірі жанға көрсетпей неге тығып отырды? «Сен папаңның атын айтып қойма, бөтен біреу «Кімнің баласысың?» деп сұрай қалса, «Шұбайдың баласымын» дегізіп неге үйретеді? Мамам бұрынғыдай емес, күрсіне береді, төсек тартып жатып қалатын болды. Көздері де қызарып жүреді. Ол неліктен? Анамның бұл түрін көргенімде жаным ашитын да, әлде бір сұмдықтың барын сезіп, қорқатын болдым. Үйде қамалып отырудан жалығып, ішім пысатын. Шұбайдың отбасында маған қосылып ойнайтын балалары жоқ-тын. Бір мезгіл далаға шығаратын, қыстаудың айналасындағы қалың қардан аяқ алып жүруім қиын болғандықтан, қорапты шанаға отырғызып қыдыртатын. Ұзақ кештерде үлкендермен бірге асық ойнау қандай қызық еді! Ермек үшін айнала отыра қап жүн түтетінбіз не түбіт қылшықтаймыз. Сара тәтем ұршықты шебер де тез иіретін еді. Маған қарап: «Түтілген жүнің алдыңа толып, ауызға дейін жетсе, көзіңді жұма ғой, сонда мұрныңнан қызыл моншақ түсе қалады», – дегеніне кәдімгідей нанып, жүнді ерінбей түте түсетінмін. Қайран, аңқау балалық-ай!

Бір күні кешке қарай мамам мен Сара тәтем бір жаққа жүретіндей асығып, даярлана бастады. Қолдарында орап алған нәрселері бар, мені киіндіріп, өздері де әзір болған соң үйден шықтық. Далада ат жегілген шананың қасында Шұбайдың атқосшысы бізді күтіп тұр екен, бәрімізді отырғызды да, бөстекпен қымтап тастады. Ішімнен «Папама бара жатқан шығармыз» деп ойлап, қуанып отырмын. Сөйтіп отырып ұйықтап қалыппын. Көтеріп үйге кіргізгенін де сезгем жоқ. Оянсам, бөтен үйдеміз. Бөлменің бір жағында тұтас алып үлкен пеш бар екен. Үйдің іші жылы да таза. Үй иесі неміс кемпірі (акушерка екенін соңынан естідім) мамамды екінші бөлмесіне әкетіпті. Сара тәтем: «Сен қорықпай осында отыра тұр. Тілімді алсаң, саған бөпе сатып аламыз», – деді де кетіп қалды. Елегізіп айналама қарасам, есікке таяу жерде қап-қара бұйра жүнді дәу ит жатыр. Көздерін сабалақ жүн басқан. Мені көрмейтін шығар деп қозғалсам болды, ит басын көтеріп алады, қорыққанымнан тырп етпей отыра бердім. Бір мезгілде шырылдап жылаған баланың дауысынан ояндым, сол сәтте Сара тәтем: «Мамаң саған кішкентай сіңілі әкелді», – деп құшақтап, бетімнен сүйді. Міржақыптың менен кейінгі ұлы Абылайға (қайтыс болған) тетелес туған үшінші перзенті Халида Атбасарда осылай дүниеге келген еді. Бірақ, ғұмыры ұзаққа бармай, Шұбайдың үйіне келген соң, бірнеше күннен кейін шетінеп кетті.

Шұбайдың үйінде қанша уақыт тұрғанымызды айта алмаймын. Күн, ай, жұлдыздарын санап күнтізбеге қарайтын сәбилерді кім көрген? Солардың бірі – өзіммін. Атбасардан қашан кеткенімізді де білмеймін. Анамның айтуына қарағанда, біз Көкшетауға Қарқаралы арқылы жүріппіз.

Біздің алыс жол үстінде жайлы баруымызды ойлап, соның қамына Табаевтар күні бұрын кіріссе керек. Жауын-шашыннан қорғайтын (жиырмалы) төбесі жабық пар ат жегілген пәуеске даярлапты. Еркін отырып-жатуға ыңғайлап, пәуескенің аяқ жағындағы отырғышын (скамейка) алып тастапты да, ішіне кілемше жайып, үстіне көрпелер төсеп, арқалығымызға жастықтар қойыпты.

Бар жүгіміз – бір шабадан және ұсақ-түйек заттар. Киім-кешек салынған су өтпейтін брезент портплед арбаның артына тиеліпті.

Бізге ел ішін аралаған, белгілі байлардың ауылдарын білетін, жолдың мән-жайымен таныс Шұбайдың сенімді жігіті атқосшы болды.

Сарыарқаның жазық даласымен, жаз жайлап, көшіп-қонып жүрген елдің ішімен сапар шеккеніміз, жол-жөнекей көргендеріміз ұмытылмайды. Арбаның шайқалғанынан ба, әлде отырып жалыққанынан ба – көбіне қалғып-мүлгіп ұйықтап кететін едім. Ояу отырғандағы бар ермегім – төңірекке қарап тамашалау болатын. Сөйтіп отырып уақыттың қалай өткенін, жолдың қысқарғанын байқамай да қалады екенсің. Жол бойында қалың өскен қарағайлар мен аққайыңның ормандары да кездесіп жатты. Бірнеше терең сайлардан да аман-есен өттік, маған бәрі де қызық.

Атбасардан шыққаннан бері іргелес қонған талай ауылдар кездескенімен, бұрылып тоқтамайтынбыз. Ат шалдырып, дем алу үшін бұлақтың басына келіп тамақтанып алып, әрі қарай жылжитын едік. Жолымыз – жазық далаға шыққанда – алыстан көзге түскен ұзыннан-ұзақ созылып жатқан көгілдір таулар тізбегі болды. Атқосшы бізге қарап: «Анау Қарқаралы тауы», – деді. Тау атаулы жаратылысты алғашқы естуім, бірінші көруім – осылай Қарқаралыдан басталып еді.

Алыстан көргеніміз – тау етегіне қонған ауыл. Қатарласа тігілген ақ киіз үйлер. Олармен аралас отырған қоңырқайлары да бар. Жақындап келдік те, шеткі, басқа үйлерден бір табан жоғарырақ тігілген үйдің жанына тоқтадық. Біреулердің келгенін естіген болар, үйден бір кісі шығып сәлемдесті де, сөзге келмей үйлеріне түсірді.

Кеңпейілді қазекемнің құдайы қонақ келгенде, танысын-танымасын: «Кейін білісе жатармыз», – деп ықыласпен қарсы алатыны бар емес пе? Бізді де солай қабылдады. Жайғасқан соң, анам кім екенімізді айтып таныстырды. Аты бүкіл қазақ еліне жайылған Міржақыпты білмеуші ме еді?! Ойда-жоқта оның зайыбымен кездескендеріне қуанған үй іші дереу сый-құрметтерін көрсете бастады. Бұл үйде екі күндей жатып тынықтық. Ауылдың үлкен-кішісі әдеттегідей «келген қонақты көрсек» деген құмарлығымен келіп сәлем беріп жатты. Мен ауыл балаларына қосылып ойнап кеттім. Тауға қызыға қарай бергенімді байқаған балалар: «Жүр, сені тауға шығарайық», – дегенде, мен үшін бұдан артық қуаныш болмады. Балалармен бірге өрмелеп, тастан-тасқа секіріп, тау басына да шықтық. Бүкіл тау беткейін алып жатқан қолдан қалап қойғандай төртбұрышты, тақтайдай теп-тегіс, үй төрінде жиналған жүкке ұқсап, қабаттасып үйіліп жатыр. Тас жіктерінен жарып шыққан көгілдір шашақты жайқалған аршалар, әр жерде тас бетіне жабысқан қызғылт сары қыналар көрінеді. Осының бәрі төселген кілемнің түріндей таудың көркін келтіріп-ақ тұр. Сол көріністер осы уақытқа дейін көз алдымда тұрады да қояды. Ауылдан кетерімізде Ғайнижамал анам үй иелеріне алғысын айтып, ауыл-аймақпен қоштасып, жолға шықтық.

Анамның қырға шыққанда қалай киінетінін айтуды ұмытып барады екенмін, енді соған тоқталайын. Ауылға барғанда Еуропа киімін қазақы ұлттық киімге ауыстыратын. Басына сол барған жердің, елдің кимешегін не жаулығын салатын. Әр елдің киім-кешегінің үлгісі жалпы бірдей болғанымен, әйелдердің жаулығында айырмашылық барын білесіздер. Мысалы: Қызылорда мен Торғайдың жаулықтары сәукеле тәрізді биік оралып келетін де, орамалының екі ұшы байланбай алдына қойылатын.

Орал, Ақтөбе, Жетісу өңірлерінің жаулығы бір-біріне ұқсас келетін, Семейдікі бір бөлек. Ал Атбасар – Ақмоланың кимешегі мүлдем басқаша. Анамның бұл жолы кигені – Атбасар үлгісімен тігілген кимешек болатын. Кимешегі маңдайын жауып, қастың ортасынан айшықталып, арты арқасынан төмен, етегіне дейін жететін. Бір түсті жібек не жай матадан тігілген қосетекті көйлектерін ретіне қарай жиі ауыстырып киетін. Қынамалы барқыт қамзолының қапсырмасы алтын жалатқан күмістен соғылған. Бекітілген ілгегінің екі тұсына төртбұрышты, алақанның жартысындай келген жалпақ, бетіне түрлі түсті құлпырып тұратын асыл тастар (топаз, лағыл, зүбәржат) әдемілеп орнатылған. Төменгі жағындағы шынжырмен тізбектелінген ұзынды-қысқалы салпыншақтарының жиегі ұсақ көгілдір түсті асыл тастармен әшекейленген.

Сыртынан киетін қызыл мақпал шапаны өңірінен етегіне шейін зерленген. Оның оюларының өрнегі де кісі қызығарлықтай еді. Аяғына қонышы көк, сары, қызыл былғарыдан оюлап тігілген, өкшелі, Қазан татарларының қолынан шыққан етікті киетін.

Бірін айтып, біріне кеттім-ау. Жоғарыда айтқанымдай, әлгі ауылдан жолға шықтық. Әр ауылға бір тоқтап, Көкшетауда тұратын анамның апасы Ғалия (Ағатай дейтінбіз) Мұқышеваның үйіне де жеттік-ау. Бұл – көктемнің орта шені болатын. Ғалия (1881-1970) өте көрікті, ақ құба, ашаң денелі, мінезі тұйық, көп сөйлемейтін, іске шебер, үй шаруасына мықты адам еді. Ол – бізді жылы қарсы алып, қолынан келгенше қамқорлық көрсеткен аяулы жан.

Ғалияның күйеуі Ерқосай Мұқышев (1877-1920) – Көкшетау өлкесінде орта шаруалы кісінің отбасында дүниеге келген, атығай-қарауыл руынан. Мектеп жасына толғанда ауыл мектебінде мұсылманша-орысша оқып, екі тілді бірдей меңгерген адам болатын. Патша заманында бұратана санайтын халыққа «жеңілдік» көрсеткендей, бай балаларына арнап оқуларына разверстка беріліп тұратын. Қазақшылық қала ма? «Балаларымыз шоқынып, кәпір боп кетеді» деп, балаларын оқытудан қашатын. Сол берілген разверсткамен Ерқосай Омбыға келіп, әскери медицина училищесіне түседі де, оны үздік бітіріп шығады. Оқуын тәмамдаған Ерқосай дәрігерлік қызметін Омбыдағы ауруханада атқарған. Ерқосаймен Омбы училищесін әр жылдары бітіріп шыққан қазақ жігіттері Жұмағали Тілеулин, Байахмет Рүстембеков, Әділбек Майкөтов сынды достарымен ара-қатынастары (хат алысу) көп жылдар бойы үзілмеген көрінеді.

Ашық мінезді, көпшіл Ерқосай өзі қатарлы Омбы тұрғындары: Санкт-Петербург университетінің заң факультетін үздік бітірген адвокат – Айдархан Тұрлыбаев, жерлестері – Есім Байғасин, Бірмұхамбет (Біркей) Айбасов, ақын – Мағжан және Мұхтар Саматовтармен тіл табыса білген, достасқан адам. Олармен қоса Қошмұхаммед (Қошке) әулетімен туыстасып, жақын боп кеткені белгілі (Ғалияның інісі Омардың зайыбы Батиха – Қошкенің апасы). Ерқосайдың рухани өсуіне, дүниетанымымен, ой-өрісінің кеңеюіне ықпалы тиген кісінің бірі, есімі елге танымал Ахмет Байтұрсынов. Ахмет жайлы естіп, сырттай білгенімен, әлі жүзбе-жүз кездеспеген кезі. Жолығып, танысу сәті Омбыда басталған көрінеді.

Ғайнижамал анам бұл жөнінде былай әңгімелейтін: «1896 жылы Ахмет Байтұрсынов жамағаты Бадрисафамен бірге Омбыға келіп, 1904 жылы Қарқаралыға жүргенге дейін осында тұрған еді. Келген бойда Ахаң көптеген қазақ зиялыларымен жүздесіп, араласып жүрді. Солардың арасынан дәрігер Баймұрат Досымбековпен пікірлері жарасып, үй ішімізбен қоян-қолтық араласып, өз адамымыздай болып жақындасып кеттік. Қанипа мен Баймұраттан туған. Үлкені – Сара, одан соң мен – Ғайнижамал, кенжелері Гүлшаһра – Гуля. Ұлы жоқ әке-шешеміз мені еркек-шора етіп өсіргендіктен, гимназияда оқытудың ретін келтіре алмай (ер балалар мен қыздар бөлек болған), Сара екеуімізді үйде, әр пәннен беретін мұғалімдер жалдап, орысша оқытты. Әкеміздің бізді орысша оқытқанын, Ахаң барынша қолдап мақұлдағанымен, ана тілінде сауатты болуымыздың қажеттілігін әкеме айтып: «Көмегімді өзім беремін, ақысыз оқытамын», – деп, іске кіріскен болатын. Сара екеуімізге араб әрпімен жазуды, оқуды оңай жолмен – өз әдісімен тез үйретіп, оқытып шығарды. Ахаңдай озық ойлы, білімді мұғалім-ұстаздан сабақ алып, алғашқы сауатымды ашқанымды мақтан етемін. Бадрисафа жеңгейдің қазақша сөйлеуді жаңа ғана үйреніп жүрген кезі еді, бізбен тек орысша сөйлесетін. Бізді баласынып, жанынан қалдырмай, қыдыртып үйіне апаратын. Үй жиһаздарымен қоса алған жалдамалы пәтерін жеңгей күтіп, таза ұстайтын. Өздеріне қараған дүние-мүліктері жоқтың қасы. Жеңгейдің қымбат санайтын нәрсесі – «Зингер» тігін машинасы. Өзі іс тігуге шебер, Сара екеуімізге киім-кешек пішуді, тігуді, машинамен кесте шалуды (дастарқан жапқыш, сүлгінің шеттерін) үйреткен-ді. Ол жылдары Ерқосай жездем үйімізге күн аралатып келіп тұратын. Ахаң мен Ерқосайдың таныстығы, достасуы біздің үйден басталған болатын. Ерқосай 1917 жылы Омбыдан туған жері Көкшетауға көшіп келіп, қалалық емханада хирург боп жүргенінде, 1918 жылы он сегіз жасар ұлы Қанапия (Қанаш) түрмеге қамалады да, ұзамай тілме (рожа) ауруының асқынуына байланысты қайтыс болады».

Қыршынынан қиылған баласының қайғысынан, бір жағы шалдыққан ауруынан айыға алмай, жиырмасыншы жылы Ерқосайдың дүниеден өткенін анамнан естігем.

Әкелерінің соғында жастай қалған балалары: Мариям, Асқар, Нұрғали мен Зейнептерді асырап, өсіру аналары Ғалияға жеңіл тимеген-ді. Ел ішін жайлаған ашаршылық, малдың жұттан қырылуы, халықтың тұрмысын күйзелткен шағында Мұқышевтың ағайын-туыстарының көмегі арқасында Ғалияға аз да болса жеңілдік тигені белгілі. Балаларын оқудан қалдырмай, бәрінің қолдарын ауыздарына жеткізген сол аяулы аналары Ғалия болды. Мұқышевтардың тұрған көк шатырлы үйі қарағайдан қиылып салынған бес бөлмеден тұратын. Терезелері көше жаққа шығатын. Сыртқы есік орналасқан дәліздің доға тәрізді иіп келтірілген төбесі баспалдақтарға көлеңке түсіріп тұратын. Оның қарама-қарсы жағында екі орындығы (скамейка) болатын. Сібірдің оқта-текте дамылсыз соғып тұратын қарлы боранынан соң жауған қар таудай боп үйіліп, кісі шыға алмайтындай етіп есіктерді бекітіп тастайтын. Сондықтан сібірліктер үйлеріне екі қабатты есік салатын: сыртқысы үйдің ішіне қарай ашылатын да, ішкі есігі дәліз жағынан қарсы жабылып ашылатын. Екі есік бірден ашылғанда, екі ортасына кісі сыятындай орын қалатын. Мұны тәптіштеп айтуымның себебін кейінге қалдыра тұрайық.

Ас үйден веранда арқылы қораға шығатынбыз. Үй мен қора айналдыра биік ағаш дуалмен қоршалған. Қақпаның кіреберіс оң жағында шағын үйде (флигель) Бәдіғұл деген жесір әйел жалғыз қызымен тұратын (кім екенін білмеймін). Бұл үйдің қарсы бетінде монша, кең отын сарайының жартысында арбалардың (тарантас, фаэтон) орны және сараймен іргелес ат қора. Мұқышевтардың үй ішіне тез бауыр басып, үйреніп кеттім. Ес біле бастаған шағымның қызықты кезеңі осы үйде өткендей көрінетін. Менен бір-екі жастай үлкендігінен болар, Зейнептің істеген ісіне еліктеп, айтқанын бұлжытпай орындайтынмын. Жаңбыр жауса, «шашымыз өседі-міс» деп, верандадан басымызды шығарып, жаңбырдың суына тосатынбыз.

Үйдегі үлкендер әр балаға арнап күн жаққа қараған қораның бір шетіне жер қазып, дестелерге көкөніс ұрықтарын сеуіп, картоп отырғызып берген еді. Көкөністер қылтиып шыға бастағаннан-ақ мезгілінде суаруды, арам шөптерін отап тастау жұмыстарын балалар өздері істейтін. Өсірген көкөнісімнің пісіп, жеуге жарайтын күнін күтумен болдым, бірақ арманыма жете алмай Көкшетаудан кетіп бара жатқаныма өкіндім. Көкшетаудан кетерден бұрын, жаздың басында бізді Бурабайға апарғандарын еміс-еміс білемін, бірақ көргенімді есіме анық түсіре алмайтын шағым. Бурабайдың айдын көліне, Оқжетпесіне, басқа да сұлу табиғатының жаратылысына қызыға қарайтындай ол кезде менде қайбір ақыл-ой, сана бола қойды дейсіз, тек көгілдір көлі ғана елестейтін де қоятын.

Мұнда келгеннен бері біраз уақыттың аралығында бойымның әжептәуір ұзарып, есейіп қалғандығынан ба, қайдам, анам екеуіміздің өне бойы жалғызсырап, біреулердің қолына қарап қалғанымызға, бала болсам да, мынадай тұрмыс-күйімізге кәдімгідей намыстана бастадым. «Жұрт қатарлы өз үйіміз неге жоқ? Қашанғы таныстарды паналап қонақ бола береміз? Менің сағынғанымды папам білмей ме? Қашан бірге тұрамыз?» деген сұрақтарды анама қоя беретінді шығардым. Байғұс анам басымнан сипап: «Аз ғана шыдай тұр, Гүлнәр, папаң жақында Семейден келіп бізді әкетеді», – деп жұбататын.

Менің тілегім, Алланың құлағына шалынғандай, қуанышты күніме де жеттім-ау. Қуанышты күнім деп отырғаным, папамның келуіне байланысты.

Сағынышпен күткен папамның келуі біздің уайым-қайғымызды лезде таратып жібергендей, көңілді күй кешкенімізді айтып тауыса алмаймын. Дастарқан басында алаңсыз жайбарақат отырғанбыз. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармай, су сепкендей басылды. Ежелден қуаныш пен реніштің қатар жүретіні бар емес пе? Мұндай оқиғаның боларын кім біліпті? Осындай бей-жай қалыпта отырғанымызда, сыртқы есік үсті-үстіне қатты қағылды, неге екенін білмеймін, папам асыға киінді де, есік ашатын кісімен ілесіп шығып кетті. Айқара ашылған есіктен сау етіп үйге кіріп келгендердің біреуі – қазақ, басқалары – қару-жарақ асынған орыс солдаттары. Бастарына кигендері – қара сеңсең қоқиған папаха, үстерінде ұзын шинель. Суық түсті кескіндерінен бе, әлде төнген қауіптен бе, қайдам, мамам отырған жерінде құлап, талып қалды. Мұны көргенде – қорыққаннан еңіреп жылағаным есімде. Әлгідегілердің бізде жұмысы да жоқ: «Где Дулатов?» – деп, үйдегілердің жауаптарын күтпестен бөлмелерді тегіс аралап шықты да, басқамызға тиіспей, үндемей өз жөндеріне кетті. Ағатайым (Ғалияны солай атайтынбыз) мамамның бетіне су бүркіп есін жиғызды. Сіңілісін жұбатып: «Қорықпа, Гая, аналар кірген кезде Жақаңның екі есіктің ортасында жасырынып қалғанын байқаған жоқ. Жақаң сыртқа шығып үлгерді, қазір барған үйі біздің сенімді орыстар», – деген соң, мамам тынышталғандай болды. Осы қорқынышты оқиға миыма шегелеп тастағандай өмір бойы ұмытылмай қалды.

Гүлнәр Міржақыпқызының 95 жылдығына арналған тойда қаламгерлер Пернебек Бейсенов пен Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетінде жарық көрген мақаланы көрсетіп тұр. 2010 ж.

«ӘКЕМДІ ЖАМАНДАП ЖАЗҒАНЫ ҮШІН СӘБИТ МҰҚАНОВҚА ӨКПЕЛЕЙ АЛМАЙМЫН…»

Бертін келе анамнан Көкшетауда болған оқиғаны білгім келіп сұрағанымда, ол кісі былай деген еді: «Азамат соғысынан кейін большевиктер Кеңес өкіметін құрғанын жариялады. Соғыс бітсе де, жаулармен күресін тоқтатпай жүргізе берді. Қолдарына түскен ақтарды Ревтрибунал соты қатаң үкім шығарып, атқызып та тастайтын. Жақында ұстауға чекистермен бірге келген жас жігіт Сәбит Мұқанов екенін біз артынан естідік. Алғашқы уақытта жауларға қарсы күресетін ЧК-ның қылышынан қан тамып тұрған кезі. Қолдарына түскен тұтқын ақтарды тексеруді созып жатпай, сотсыз атып тастайтын. Соның бәрін білгендіктен мен қатты қорқатынмын. Құдай сақтап, Жақаң аман қалды. Бұл іске кімнің қолғабысы тигенін білмеймін», – дейтін.

Ғайнижамал шешемнен естіген осы оқиға есімнен шықпайтын еді. Өмір өз арнасымен жылжып өте берді. Мен де есейдім. Елуінші жылдары Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» (1932) кітабында Көкшетаудағы осы айтылған оқиға жазылған екен. Оқыдым да, ішіме түйіп жүре бердім. Биыл (2002 жылдың тамыз айы) С.Мұқановтың «Өмір мектебінің» І-кітабын (1932) қайтадан оқыдым, ал сол жылғы шыққан ІІ-кітабын қолыма түсіре алмаған соң (кітапханада жоқ), 1953-1956 жылдардағы басылымдарынан оқуыма тура келді. Көп нәрсеге көзім жетті. С.Мұқановтың Көкшетауға 1921 жылы қалай келгенін, чекистермен бірге істегенін кезінде не болғанын, командирі Е.Даниловтың бұйрығын еріксіз орындағанын, Кырчик деген ақ офицері бір емес, екі рет атқандығын айтады да, сыйға тартқан сол маузердің қалыбына №210759 нөміріне дейін көрсетіп, оны өмір бойы сақтап жүргенін жазыпты.

1956 жылы шыққан «Өмір мектебінің» ІІ-кітабында М.Дулатов жайындағы бұл эпизодты Сәбең кіргізбеген. Осы жөнінде қосымша материал қарастырып жүргенімде, мұрағат қоймасынан мына құжатқа қолым жетті. Жүнісов деген біреу: «Первому секретарю ЦК КП Казахстана тов. Д.А.Кунаеву» деген хаттамасында С.Мұқановтың жаңадан шыққан «Есею жылдары» (бұрынғы «Өмір мектебі» кітабының жалғасы ретінде) кітабында жазғандары туралы былай деп келтіреді:

«В очерке «Досыма хат» С.Муканов писал, что смерти беглеца М.Дулатова. Но не указывал на то, что Дулатов убица Амангельды Иманова. Кроме того, выражал сожаление, что он не оправдал его доверия, не стал советским писателем и свой поступок оценил как проявление либерализма».

М.Дулатұлының қалай да Көкшетаудан аман кетуіне себепкер болған, ЧК-ның жазасынан құтқарып жіберген С.Мұқанов екендігі туралы шындықты айқындап отырған мына құжатқа жүгінбеске амалың нешік. «Сәбит Мұқанов Міржақыпты ЧК-дан неге құтқарады?» деген сауал әркімнің басына келуі ғажап емес.

Міржақыптың атақ-даңқы қазақ еліне ерте жайылғаннан бастап, жұрттың қадірлеп, сыйлайтынын Сәбит жақсы білген. Қанша жау аталса да, Міржақыпты жазушы ретінде, ақын ретінде бағаламауы мүмкін емес шығар. Адамгершілігі үлкен, қазақы мінезді Сәбит Төтенше комитеттің («ЧК-ның») қыспағына қарамастан, Міржақыпты өлімге қимай, қиянаттан құтқаруына жоғарыда айтылған себептер түрткі болмады деудің қисыны келмес деп ойлаймын. Кемел жазушымыз Сәбит ағамыздың көзі тірісінде үйіне барып, осы оқиға жайлы және Міржақыпқа деген көзқарасын өз аузынан естіп, толық жазып алмағаныма қатты өкінемін.

Сәбеңнің белсенді жас кезінде Міржақып пен алашордашыларға тиісіп, жамандап жазғаны үшін өз басым кінә тағып өкпелей алмаймын. Өйткені, оны қатаң заман талабынан шыға алмауынан көремін. Неге олай жазды, неге бұлай жазбады деп жазғырудан аулақпын, кек тұтқаным да жоқ. Кім не айтты, не жазды деп бәрін жіпке тізе бергім келмейді. Өзім білетін Сәбит ағамыз соңғы 1960-1970 жылдары Міржақыпқа деген бұрынғы көзқарасынан, пікірінен күрт өзгергенін, райынан қайтқанын аңғарып, көріп жүрдім. Мұның өзі бірталай әңгіме. Қай жылы екені есімде жоқ, Сәбеңмен және біраз белгілі жазушылардың ортасында Әбен екеуіміздің де бір үйде қонақта болғанымыз бар. Сонда дастарқан басында жазушылардың өткен-кеткенді естеріне алып, әңгімелері ұзаққа созылған еді. Сәбеңнің қысқа қайырған әңгімесін қалт жібермей, ұйып тыңдап отырдық, бәрі қызық, тартымды. Езуіміз күлкіден жиылмады.

Үстелге ет қойылды. Табақ толы сүйегімен мүшеленген еттің үстіне тұтас қазы, шұжық, қарта салынған. Қойдың басы Сәбеңе тартылды. Пысықай жігіттер ет турай бастады. Сәбең бастың құйқасын бір кесіп асады да, маған қарап: «Міржақып ағамның қызы, Гүлнәр қарындасым, саған құлағын берейін», – деп қолыма ұстатты. Ағамыздың жұрт көзінше әкемді Міржақып ағам дегеніне жүрегім зырқ ете қалды (ол жылдары М.Дулатовты атау деген қылмыс). «Апырым-ай, мына сөзінің соны неге апарып соғар екен? Менің қырсығым өзіне тиіп кетпес пе екен?» – деп зәрем қалмады. Бірақ, іштей қуанғанымды несіне жасырам. Арада бірнеше жылдар өтті. Сәбеңмен келесі және соңғы кездесуім – Ғалекеңнің (Ғалым Ахмедов) бәйбішесі Қанапияның қайтқанына жыл толған кезде болып еді. Ғалекеңнің қайғысына ортақтасуға келген ең жақын қаламдас жолдастары, туыстары ішінде Әбен екеуіміз де болғанбыз. Қаралы жиындағылар марқұмды еске алып, сөйлеп жатты. Бір кезде Сәбең кеудесін керіп, қарлығыңқыраған дауысымен тақпақтата жөнелді:

Мынау кім жатқан әлеумет,
Жас қабірді жамылып,
Мұнша ардақты кім еді?
Тұрсыңдар бәрің жабығып,
Жалғызы ма еді бұл елдің,
Құрметтейтін жабылып!
Бұл жатқан –
Жарлы да емес,
Бай да емес.
Би де емес,
Бек те емес,
Сейіт те емес,
Хан да емес.
Алаштың бұл құрбаны –
Аяулы жолдас – Қази жас.
Қош, бауырым, жолдасым!
Армансыз сенің өз басың,
Қабыл болып құрбаның,
Алашты Құдай оңдасын…

(Қысқартылып берілді)

Сәбең айтып болды да, беторамалымен маңдайын сүртіп: «Бұл Міржақып ағамның Алаштың Қази атты жігітінің қазасына арнап қабір басында оқыған «Тұңғыш құрбан» деген жоқтауы болатын», – деп үндемей қалды. Әрі қарай отырыс созылған жоқ, сөз базары тарқады да, жұрт тарай бастады. «Тұңғыш құрбанды» шығарған Міржақып әкем екенін Сәбеңнің аузынан алғаш рет естідім.

Сонымен оқушым, Сәбеңнің әріден келе жатқан Міржақыпқа деген көзқарасы теріс болмағанына көздеріңіз жеткен шығар. Бірақ, кеңестік заман ыңғайымен ішіндегісін терең тұңғиыққа батырғандай, үндемей, қағаз бетіне түсіре алмай кеткеніне өкінемін.

* * *

Көкшетаудан қашан кеткенімізді, Семейге қалай жеткенімізді білмеймін. Келіп түскен үйіміз – Әнияр Молдабаевтың Комиссар көшесіндегі екі қабат мекенжайы.  

Әлихан (Бөкейханов) атекемнің отбасымен бірге іргелес тұрғанымызды жақсы білемін. Біз келгенде әжеміз Еленаның ес-түссіз қатты ауырып, жеке бір бөлмеде жатқанын көріп жүрдім. Ол кісіні күні-түні медбикелер кезектесіп, күзететін, оларды «сиделка» дейтінбіз. Атекем жұмысын қалада істейтін де, папам сот қызметін ел ішінде атқарып жүретін. Үйдегілерді: Әлі ағасын, Лиза, Сергей – Үгітай, ауру абысынын, мені күтіп, бірімізге тамақ пісіретін, бағатын – Ғайнижамал анам, үй шаруасына жәрдемдесетін Лиза тәтем болатын.

Уақыт күйбең тіршілікпен өтіп жататын. Кейінгі кезде үйдегілердің сөзі тек ауру төңірегінде өрбитін. «Әне тәуір болады, міне жазылады» деп үміттерін үзбейтін. Бірақ, жақсы тілек-үміттері орындалмай, бастарына қайғы-қасірет орнады. Әлихан атекемнің сүйікті жары, баларының қадірлі анасы Елена Яковлевна дүние салды. Бұл 1921 жылдың күзі болатын. Жиырма жыл бірге өмір сүрген, күйеуінің басына түскен қиын-қыстау кездерін де (түрме, айдалу) бірге бөліскен, қолынан келгенінше жәрдемін аямай, демеп-сүйіп жүрген қосағынан айырылған Әли ағаларының қайғысына ортақ болып, көңіл айтуға келгендер тобы құшақтасып, көрісіп жатты. Марқұмды жерлеуге шалғай ауылда жүрген Міржақып қайнысы қатыса алмады.

Елена Яковлевнаның мәйітін шіркеуде өткізбей, барлық христиан дініне сәйкес рәсімдерді үйде өткізу үшін Әлихан атекем шіркеуден жоғары лауазымды қызметкер алдырды.

Марқұмды шығарып саларда табыт ауланың ортасына қойылды. Шіркеуден келген ұзын шашты шалдың жүзі суық екен, мойнында тағып алған шынжырлы кресі бар. Үстіне кигені – жарқыраған зерлі тон. Гүрілдеген жуан дауысын созып: «Господи, помилуй, господи, помилуй», – деп шоқынып, қолындағы тұтатылған ұзын баулы сауытты (кадило) әрі-бері сермеп, айнала түтіндетіп жүрді.

Бала кезімдегі көргендерімнің бәрі бірдей есімде қалды дей алмаймын. Сонда да ұмытпаған нәрселерім көп-ақ, соның кей тұстарын ғана бұл жолы баяндауым…

Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова

Алаш мұрасының адал шырақшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here