79 жастағы АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстаннан келетін тауарларға 25 пайыз көлемінде импорттық баж салығын енгізеді. Бұл туралы ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдады. Жаңа тариф 1 тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін. Ақ үй басшысының жаңа тарифке негізделген саясаты әлемдік нарықтағы күштің кімнің қолында екенін еске салғандай. Бұл өзгерістің ел экономикасына қалай әсер етеді? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сауалға жауап іздейді.
ДОНАЛЬД ТРАМП ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВҚА ХАТ ЖОЛДАДЫ
Ақ үй басшысы мәлімдемесінде екі ел арасындағы сауда қатынасының маңыздылығын атап өтіп, сауда балансының тапшылығына қарамастан, Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізген.
Дональд Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы сауда қарым-қатынастарын тиімді деуге келмейді.
«Біз Қазақстанмен сауда қатынасымызды ұзақ жылдар бойы талқыладық және Қазақстанның тарифтік және тарифтік емес саясаты мен сауда кедергілерінен туындаған ұзақ мерзімді және өте тұрақты сауда тапшылығынан бас тартуымыз керек деген қорытындыға келдік. 2025 жылдың 1 тамыздан бастап АҚШ-қа жөнелтілетін барлық қазақстандық тауарларға салалық тарифтерден бөлек, бар болғаны 25 пайыздық баж салығын аламыз», – делінген.
Хат соңында АҚШ-тың 45-ші және 47-ші Президенті Астанаға салыққа қарсы шаралар қабылдамауға шақырып, олай болған жағдайда қазақстандық тауарларға салынған тариф одан әрі өсуі мүмкін екенін де ескертті.
Ал, 2025 жылғы 10 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті.
Қазақстан Президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
АҚ ҮЙ БАСШЫСЫ АМЕРИКАНЫ ҚАЙТА ҰЛЫ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫРА МА?
Дональд Трамп тарифті жанындай жақсы көреді. Ол бүкіл әлемді тарифпен тұсаулап, сол арқылы Американы қайтадан ұлы елге айналдыруды көздейді. Оның айтуынша, тарифтер сауда тапшылығын азайтып, бюджет бүйірін толтырып, отандық өндірушіні қорғайды. Алайда, осы айтылғандар ақиқат па? Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін алдымен тарифтердің қалай жұмыс істейтінін және неліктен Дональд Трамп пен африкалық елдер ғана сауда соғыстары мен тарифтерді пайдалы деп санайтынын түсіну қажет.
Америкалықтар шетелдік өнімдерді көп тұтынғанымен, өз өнімдерін өзге елдерге аз сатады. Сол себепті АҚШ-тың Қытай, Мексика, Канада, Еуропалық Одақ елдері бәрімен сауда сальдосы төмен. Осы мәселені шешу үшін Трамп шетелдік тауарларға салық салуды қолға алды. Бұл салық – тариф деп аталады. Тағы бір атауы – импорттық баж салығы.
Тариф енгізу – тығырықтан шығаратын жол емес. Тарифтер сауда тапшылығын қысқартпайды, салықтың орнын басып, қазынаны толтыра алмайды. Керісінше, отандық өндірісті әлсіретіп, америкалық тұтынушыны қымбатшылық пен тауардың аздығымен тығырыққа тірейді. Бұдан бөлек, тарифтер сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына жол ашып, ел экономикасының жалпы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
Тарифтер соңғы рет 1930 жылдары Америка ауыр экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезде сәнде болған. Конгресс бүкіл сыртқы саудаға баж салығын енгізуді ұсынып, президент те үнсіз келісімін берді. Сол кезде де қазіргідей экономистер бұл шешімге қарсы болып, ақыры олардың сөзі шындыққа айналды.
Әлемдік сауда соғысы ешбір елге пайда әкелген жоқ. Америкадағы экономикалық қиындықтар ушығып, үлкен дағдарысқа ұласты. Ал, Еуропа Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбанына айналды. Осы жайсыз жағдайдан кейін әлем өзара ынтымақтастық орнатып, ашық сауда жасаған дұрыс деген ортақ шешімге келді. Бірден болмаса да біртіндеп тарифтер мен баж салығы төмендеп, 2000 жылдарға қарай сауда кедергілері толық жойылды. Ал, 2001 жылы Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қабылданды. Бар-жоғы ширек ғасыр ішінде аспан асты елі кедейлік қамытынан құтылып, АҚШ-тан кейінгі әлемнің екінші ірі экономикасына айналды. Оның ізімен Ресей, Үндістан, Түркия, Индонезия сияқты ірі мемлекеттер де кедейшілік құрсауынан шығып, экономикалық серпіліс жасады. Мұның бәрі – еркін сауданың нәтижесі. Өйткені, еркін сауда әркімді жеке-дара емес, бәрін бірдей байытады. Бұл жүйенің басты артықшылығы да осы.
Еркін сауда не үшін қажет?
Тариф пен баж салығы жоқ әлемде әр ел өзінде тиімді өндірілетін тауарларды басқаларға сатып, сол арқылы түскен табысқа жақсы өнімдерді сатып алады.
«Экспорттан түсетін табыс импортты төлеуге, халыққа қажетті тауарларды арзанырақ бағада ұсынуға мүмкіндік береді», – дейді британдық Institute for Fiscal Studies зерттеу орталығының өкілі Питер Левелл.
Осылайша, әр ел қаражатын басқа елдермен бәсекелесе алатын, тиімді салаларға бағыттайды.
«Нәтижесінде, әр ел жеке-жеке әрекет еткеннен гөрі, бірігіп жұмыс істегенде әлем бойынша өнім көлемі де, сапасы да артады», – деп түсіндіреді британдық сарапшы.
Еркін сауданың тағы бір артықшылығы – экономика көлемі. Бұрын бұл шекарамен шектелетін. Ал, кедендік кедергілердің жойылуы өндірісті кеңейтіп, сату нарығын ұлғайтуға жол ашады.
Мысалға Солтүстік Американы келтіруге болады. Канада – табиғи ресурстарға бай, АҚШ қаржы мен технологиямен қамтамасыз етеді, ал Мексикада жылы климат пен арзан жұмыс күші бар. Қазір бұл үш мемлекет еркін сауда аймағында бірігіп, шығындарды азайтып, сапалы тауарларды арзан бағамен өндіріп, оларды сұраныс бар нарықтарға тиімді сатуға мүмкіндік алып отыр. Ал, Трамп мұның бәрін баж салығы арқылы жойғысы келеді. Неге? Өйткені, Трамп сауда дефицитін шығын деп санайды. Оның айтуынша, Америкаға импорттың қажеті жоқ, өйткені елде барлығы жеткілікті – табиғи ресурстар да, жұмыс күші де, технология да, нарық та бар. Импортты шектеу үшін баж салығын енгізу жеткілікті, сонда Tesla мен Apple өз өнімдерін Қытайда емес, Мичиган мен Калифорнияда өндіретін болады.
Экономистердің пікірінше, америкалықтар телефон мен көліктерді шетелден сатып алады, өйткені оларға тауар өндіргеннен гөрі өздері жақсы меңгерген қызмет көрсетумен айналысқан тиімді.
Америкаға спорт киімдерін тігу мен ағаш кесуден гөрі Голливуд, әлеуметтік желілер, банктер, операциялық жүйелер көп табыс әкеледі. Қызмет көрсету саласы бойынша АҚШ-тың табысы артық, бірақ ол сауда дефицитін толық жаппайды.
Осы күрделі тетіктің тағы бір маңызды бөлігі бар. Американың инвестицияны көбейте білуі, технология бойынша басымдығы, жабайы капитализм, теңдессіз әскери қуаты, жекеменшік құқығының беріктігі және әлемдегі ең ірі экономика ретіндегі мәртебесі оны жаһандық инвестиция үшін ең тартымды елге айналдырады. Басқа елдер облигацияларды сатып алып, Америка үкіметіне қарыз беруге немесе олардың акцияларын сатып алу арқылы американдық компаниялардың алдағы пайдасынан үлес алуға ұмтылады.
АҚШ-қа шетелден келетін инвестициялар доллар бағамын нығайтады. Бұл шетелдік тауарларды қолжетімді етіп, импортқа кеткен ақшаның орнын толтырады.
Экономистердің пікірінше, баж салықтары америкалықтардың сұранысын азайтпайды, керісінше көбірек қарыз алуға итермелейді екен.
Сауда дефицитін азайтудың бір жолы – экономиканың жинақтау үлесін арттыру. Бірақ, Трампқа америкалықтарды аз жұмсап, көп үнемдеуге сендіруден гөрі, АҚШ-тың сауда серіктестерін тарифтер арқылы қалай «жазалағанын» айту оңайырақ.
ТАРИФТЕРДІҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ
Жалпы тарифтің екі жағы бар.Трамп енгізген баж салығынан АҚШ-тың өзі де зардап шегеді. Қалай? Дәлел көп. Ең басты алтауына тоқталсақ.
Біріншіден, әрдайым тарифтерге жауап бар. Трамп шабуыл жасағандардың барлығы америкалық тауарларға қарсы баж салығын енгізді. Оның ішінде Қытай да, Канада да, Еуропалық Одақ елдері де бар. Олар әдейі дәл Трампты қолдайтын штаттарға ауыр тиетін тауарларға салық салды.
Екіншіден, Трамп қанша армандаса да, салықтың орнын тарифпен баса алмайды. Салық барлық тауардан жиналады, ал тариф тек импортқа тиесілі. Соның салдарынан нарықтағы баға бұрмаланады, бұл дамыған экономика үшін қауіпті. Оған қоса, тариф жинау салықтан да қиын. Ал, кеденді алдау салық қызметіне қарағанда оңайырақ.
Үшіншіден, тарифтер бағаның өсуіне әкелетіні анық. Трамптың алғашқы сауда соғысы көрсеткендей, ол енгізген баж салықтарының 100 пайызы америкалық тұтынушының қалтасынан төленді, импорттаушылар бұл шығынды тауар бағасына қосты. Артынша отандық өндірушілер де бағаны көтеріп үлгерді. Қазір де сол жағдай көз алдымызда қайталанып жатыр: Трамп болашақта болат пен алюминийге баж салығын енгіземін дегені сол еді, Америкада арматура бірден қымбаттап кетті.
Төртінші мәселе – жақсы жағдайға үйренген американдық компаниялар бәсекелестіктен бас тартады. Тарифтердің арқасында олар қалағанынша баға көтереді, жаңа технологияға ақша салмайды, дамуға ұмтылмайды. Оның орнына олар күш-қуатын заңгерлер мен лоббистерге жұмсап, өздеріне жайлы өмір жасауға әрекет етеді. Соның салдарынан, бәсекеге қабілетсіз болып, ашық нарықта шыңдалған қытайлық компаниялар мен бразилиялық фермерлердің соңында қалады.
Бесінші қауіп – белгісіздік. Трамп бірде баж салығын енгізеді, бірде алып тастайды, аптасына бірнеше рет қорқытады, кейін кешіреді. Ал, бизнес үшін белгісіздіктен жаман ештеңе жоқ. Импорттық шикізат, технология мен жабдық қанша тұратынын білмей тұрып кім ферма мен зауыт салады? Оның үстіне, өнімді қандай елдерге сатады? Ол ел де қарсы баж салығын енгізіп тастауы мүмкін емес пе?
Алтыншы мәселе – шекаралар. Қазіргі заманғы бизнес шекарасыз әлемге бейімделген. Қарапайым мысал. АҚШ-қа әкелінетін тауарлардың жартысына жуығы – дайын өнім емес, ол американдық компаниялардың басқа елдерде өндірілген қосалқы бөлшектері мен жартылай фабрикаттары. Сол шетелде жасалған бөлшектерден америкалықтар өз елінде дайын көліктер, электроника және басқа да сатуға дайын өнімдер құрастырады. Тарифтер осы өндірістік тізбектерді үзіп, ірі халықаралық компаниялардың бизнес-моделін бұзады. Мұның соңы өндірістің қысқаруы мен бағаның өсуіне әкелуі сөзсіз.
Мұның бәрі тарифтер жаман дегенді білдірмейді. Бүгінде әлемнің барлық елі тарифтерді сауда құралы ретінде қолданады. Ал, Трамп сияқты тарифтерді (салық емес) ел қазынасын толтырудың басты көзіне айналдырғысы келетін елдер санаулы ғана. Бұл елдердің барлығы дерлік Африкада орналасқан.
Қазіргі әлемдегі тарифтердің негізгі міндеті – саудадағы уақытша теңгерімсіздіктерді түзету. Кейде бір ел екіншісін арзан тауармен толтырып тастайды, мұндай әрекет Қытай тарапынан бірнеше рет қайталанған. Осындай кезде антидемпингтік баж салығы енгізіледі. Ол жергілікті өндірісті қорғауға, экономиканы қалпына келтіруге, жаппай жұмыссыздық пен халық наразылығын болдырмауға уақыт береді. Ал, Трамп жалпы шабуыл жасауды жөн деп санап, тарифтерді жекелеген тауарларға емес, бүкіл импортқа бірдей салады.
Баж салығы тек импортты азайтып, отандық өндірушілерге жайлы жағдай жасап беру ғана емес, бұл – биліктің қайнар көзі. Себебі, Трамп кез келген уақытта, күндіз де, түнде де өз қалауы бойынша тариф енгізе алады. Оған қоса, достарына, демеушілеріне немесе оның талабына көнетін сауда серіктестеріне жеңілдік жасай салу да – өз қолында.
Трамп баж салықтарын Конгрестің қатысуынсыз, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деген желеумен жарлық арқылы енгізеді. Ол тарифтерді өзге елдерге, отандық бизнеске де саяси қару ретінде қолданады. Сондықтан, экономистердің тарифтің зияны туралы дәлелдері 79 жастағы америкалық президенттің көзқарасын өзгерте қоюы екіталай. Трамп алғашқы президенттік мерзімінде тарифтерді жақсы қолданды. Сол тарифтердің басым бөлігі әлі де қолданыста. Джо Байден бастаған демократтар да Трамп сияқты отандық өндірісті қорғауға құмар, кейде тіпті одан асып түседі. Енді сол тарифтерге жаңалары қосылмақ. Еуропаға да, басқа елдерге де дайын болу керек.
АҚШ ПЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ САУДА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ҚАНДАЙ?
Қазақстандық саясаттанушы, Азия зерттеулері институтының директоры Сұлтан Әкімбеков АҚШ президентінің алдағы әрекеттерін болжау қиын екенін айтады: «Трампты болжай алмайсың. Ол ертең-ақ ойынан айнып, пікірін өзгертуі мүмкін, бұл бұрыннан белгілі жайт. Бірақ, жалпы тенденцияға қарасақ, ол АҚШ-тың сауда балансының тапшылығын азайтқысы келеді».
Оның айтуынша, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да тізімдегі елдер Америкамен белсенді сауда жасайды. Бірақ, барлық елдермен АҚШ-тың үлкен сауда дефициті бар деп айтуға келмейді.
«Тағы бір маңызды мәселе – қызметтерді экспорттауды да ескеру керек. Баж салығына түскен барлық басқа елдер қызметтерді экспорттау туралы мәселе көтеретіні даусыз. Бұл жағынан американдықтардың пайдасы өте зор. Amazon, Google, Microsoft сынды алып интернет-компаниялар – біздің елдерде қызметтері үшін ақша алатын америкалық компаниялар. Сондықтан, тауарды ғана емес, қызмет түрлерін де ескеру керек», – дейді сарапшы.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев өз телеграм-арнасында АҚШ-тың тарифтері жайлы таңданысын жасырмапты: «Көктемде 27 пайыз болады деп айтылып еді, ал қазір АҚШ үкіметі 25 пайызбен шектелді».
Сарапшының айтуынша, АҚШ Сауда министрлігінің көктемгі есептеріне сәйкес, Қазақстаннан Америкаға жөнелтілетін экспорттың 92 пайызын құрайтын мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар мен бағалы металдарға қосымша тарифтерден салынбайды делінген. Басқаша айтқанда, АҚШ нарығы Қазақстан экспортының 2,5 пайызын алып отыр. Бұл көлемнің 160 миллион долларлық сегіз пайызы бастапқы тарифтерден төмен қосымша тарифтерге түседі. АҚШ бюджетіне түсетін қосымша төлем көлемі жылына бірнеше ондаған миллион доллар ғана.
Сонымен қатар, ол бұл жағдайды әлемдік ауқымдағы жүйелі өзгерістердің бір бөлігі ретінде бағалайды: «Бұл тек Қазақстанға емес, көптеген елге қатысты тарифтердің жүйелі түрде көтерілуі. Халықаралық инвесторлар мұны жақсы түсінеді. Сондықтан, АҚШ-тың бұл әрекеті Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай әсер етпейді. ҚР Үкіметі әліптің артын бағып, қандай да бір қарсы шаралар енгізбейді. Американдық баждардың американдық инфляция мен өнеркәсіпке және АҚШ-тың басқа елдермен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін бақылау керек», – деп түйіндеді саясаттанушы.
Экономист Расул Рысмамбетов те бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, АҚШ-тың 25 пайыздық баж салығы Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етпейді.
«АҚШ Қазақстанның 10 ірі сауда серіктесінің қатарына да кірмейді. Жалпы сыртқы саудамыздағы АҚШ-тың үлесі небәрі 1,2 пайыз шамасында. Біз ол жаққа халық көп тұтынатын тауарлар емес, негізінен шикізат пен жартылай дайын өнімдер экспорттаймыз», – деді ол. Сондай-ақ жаңа тарифтердің Қазақстан экономикасы мен тұтынушылары үшін ешқандай жүйелі немесе бағалық қауіп тудырмайтынын, бірақ мұндай жағдайда АҚШ-тың жалпы ұстанымына назар аудару маңызды екенін атап өтті: «Трамп өз нарығын қалай қорғайтынын айқын көрсетіп отыр. Бұл – кез келген ірі экономиканың ұстанатын жолы: жұмыс орындарын сақтау, өнеркәсіпті күшейту және арзан импорттан қорғану. Қазақстан бұл тізімге неге кірді? Өйткені еліміз АҚШ-тан сатып алғаннан гөрі, оларға көп жеткізіп отыр», – дейді экономист.
Рысмамбетов Трамптың әрекетін батыл қадам деп бағалады.
«Өз өндірушісін қорғау – экономикалық ұлтшылдық емес, ақылға қонымды іс. Трамп экономист емес шығар, бірақ осы саяси сигналын нағыз шеберлік деуге болады. Ал, біз үшін бұл – өз мүддемізді қорғау қажет екенін еске салатын жағдай», – деп түйіндеді Рысмамбетов.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
АҚШ-тың жаңа тарифтері Қазақстан үшін аса ауыр соққы болмаса да, бұл жаһандық саудада ескі қағидалар әлсіреп, жаңа ережелер қалыптасып жатқанын көрсетеді. Трамптың тарифтері – жай экономикалық құрал емес, геосаяси тетік. Сондықтан, Қазақстан бұл үдерістерге сырттай бақылаушы емес, ішкі әлеуетін нығайтып, сауда стратегиясы бар мемлекет ретінде қатысуы тиіс. Әлемдік экономикалық сахнада өз мүддесін нақты қорғай алатын ел ғана ұзақ мерзімді тұрақтылық пен даму жолына түсе алады.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН











