Қазақтың бас ақыны: Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласы

0
6327

Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.

Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.

1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да, түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ, ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түсіндіріп, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Оның сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі оқулыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардан оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз. Сөзінің қандай екендігін сөйлеген соң, өзінің де қандай екенін айтып, түсіндіріп өткеніміз теріс болмас.

Абай Семей облысының қазағы, руы Тобықты. Ұлы атамыз Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз деген өзен бойында туған екен. Ырғызбай халқының қолбасы батыры, ел ағасы би екен. Тобықтының аймағы аз кезінде Түркі ханнан елін ертіп ауып келіп, Шыңғыс тауы малға еніпті деп, қоныс еткен екен. Кіші атасы Өскенбай би ел арасында ғаділ би атанған. Өз елі түгіл, басқа алыс елдер де араларындағы зор дауларын Өскенбай бидің жұртына келіп бітіседі екен. Өз әкесі Құнанбай жұрт аузында қазақтың бас адамдарының бірі болған. Қазақты билер билеп, сұлтандар төрелерден қойылып тұрған заман, солармен таласып, қарадан сұлтан болған адам екен. Шешесі Ұлжан бәйбіше Қарқаралы уезіндегі Әбдірей, Тыржық деген жердегі Қаракесектің Бошан руынан, Бертіс тұқымынан. Шеше тұқымы күлдіргі, қалжың, әзілге Қантай, Тонтай деген күлкімен сөгіп, қалжыңмен киіп, аты шыққан адамдар нәсілінен. Тонтай малды адам екен. Ауырғанда өзгелерден гөрі қожа, молдалар жиірек сұрайтынын байқап жүреді екен. Өлер жолы келіп, ауырып жатқанда молдалар көңілін сұрай келіп отырғанында айтқан: «Баяғыдан бері жазыла-жазыла қожа, молдалардан да ұят болды, енді өлмесе болмас», – деп.

Абай 1845-ші жылы туған. Жылы жылан екен. Ибраһим деген атын бұзып, Абай деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады. Абай 10 жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыған. 13 жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүргенде 3 айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша оқып, 3 ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. 15 жасында-ақ балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастаған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдердің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен.

Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың (таспен) би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген. «Білімнен мал артық болушы ма еді», – деп, Абай жұрттың онысына көнбей, таласқан. Сөйтіп, партия алаңына кіріп кеткен, өнер, білімін партия ісіне салған. Білімінің қызығын жалғыз ғана Тобықтылар көріп, басқаларға пайдасы тимей, болыстыққа құмар көп қазақтың бірі болып, бәлки, сол күйімен өліп те кетуі ықтимал еді. Қазақтың бағына, ондай болудан Құдай сақтаған. 80-ші жылдарда жер аударылып барған Михаэлис деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпындағы қағидаларды жиюға елге шыққан Гросс деген екеуімен Абай таныс болған. Бұлар Абайдікіне қонаққа келіп-кетіп жүрген. Абайдың тегін адам емес екенін байқап, олар болыстықтан гөрі жақсырақ нәрсе барлығын Абайға сездірген. Абайдай зерек адамға жөн сілтесе болғаны, онан арғысын өзі іздейді.

Олар орыстың атақты ақындары Пушкин, Лермонтов, Некрасов барлығын, қара сөзді келістіріп жазғыш Толстой, Салтыков, Достоевский барлығын, сөз сыншысы Добролюбов, Писарев барлығын Абайға білдірген кітаптарымен таныстырған. Өлең жазып Пушкин, Лермонтов, Некрасовтар қазақтың би, болыстарынан гөрі қадірлі екендігін Абайға түсіндірген. Ғылымды өлең жазу, сөз жазу нағыз қадірлі істің бірі екенін Абай енді ұққан. Ақындық, өлеңшілік ел көзіне қадірсіз ол кемшілік ақындық пен өлеңшілікте емес, ақындық пен өлеңшілікті орнына жұмсамағандықта екендігін, өлеңшілікті қазақ ақындары, өлеңшілері қайыршы, тіленшілік орынға жұмсағаннан өлеңнің қадірі кететінін Абай әбден білген соң, өлең жазуға түскен.

Абай жас күнінде күлкі үшін қалжың өлеңдер, қыздарға өлеңдер жазған, есейген соң арланып тастаған, Михаэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен кетер еді. Қандай үлгілі, қандай мағыналы, қандай терең сөздер жерге көмілер еді?! Абай сөздері – қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөндегісі келген кісілерге де, сілтеген жолды ылақпай тұп-тура тапты, адамға да қазақ балалары талай алғыс берер. Орыс адамдарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрметпен, көзқараспен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген. Бірақ, сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қанша оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушы көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жаман болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-сараң екендігі, жұрт мағыналы, маңызды, терең мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа ұнамсыз тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді тындауға құмар Абайдың өлең жайын жазған сөздерінде көрсетілген.

Сонымен Абайдың сыншылығы, өлең жақсы болуға неден екендігін білетіні де көрініп тұр. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық. Жалғыз-ақ міні бар. Ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық. Оның оқығанда я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді, мысалы, төселіп, желіп келе жатып шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса, түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын. Кейбіреулердің айтатын «ауырлығы бар» деген сөздер, ол өлеңнің қисынын келтіре алмағаннан емес, өрнегінің жаңалығынан, қазақ өлеңдерінің дағдылы түрінен басқарақ болған соң, оқушылар жаттыққанша жатырқайды. Сонан ғана ауыр сияқты көрінеді.

Абайдың өзі тексергіш болған соң, оның өлеңін тексеріп, қата шығарып ешкім жарыта алмайды. Абайдың қандай сыншы, сөз тексергіш екендігін төмендегі сөзінен байқауға болады:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Әуелі аят, хадис – сөздің басы,

Қосарлы бейітсымал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы.

Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,

Мінәжат уәлилердің зарналасы.

Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,

Әрбірі келгенінше өз шамасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап,

Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін бай деп мақтар, Құдай қарғап.

Қайда бай, мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да бай болмапты қанша малды ап.

Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,

Былжырақ көрінеді соларды аңдап.

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!

Сендерге де келейін енді аяңдап.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,

Әншейін күн өткізбек әңгімеге

Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.

Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалпы өлең емес, көп нәрсені Абай сөз қылған; сол сөздерінің ішінде Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлендері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз. Абай сөзінен Әбубәкірдің «шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды» деп қайғырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Мысалы, «Аттың сыны» деген өлеңінде сыпайышылық жүзінен құлаққа жағымсыз тиетін сөздер бар; бірақ аттың сынына керек мүшелері болған соң, оларын айтпаса, аттың сыны толық болып шықпас еді. Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңін оқығаныңда, көз алдыңда сол жақсы аттың өзі тұрғандай, пішіні келіп елестейтіні, жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан. Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда, «мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар» деп, таяқтан тартынбаған. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін, жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған. Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар, құты, осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда. Сондай түсінуге қиын көретін сөздерінің бірі мынау:

Көк тұман алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер өткен күнмен бәрібір бос,

Келер, кетер, артына із қалдырмас.

Соның бірі – арнаулы таусыншық күн,

Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе, өлсін, оған бекі!

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,

Тон құмарын іздейсің күнде-түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббат пен

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Адам ғапыл дүниені дер «менікі»,

«Менікі» деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тон қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда, ойла, болады не сенікі?

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден

Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек:

Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.

Ғадәлет пен мархамат – көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.

Әркімнің мақсаты өз керегінде,

Біле алмадым пысығын, зерегін де.

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,

Хақиқат та, дін дағы тереңінде.

1897-ші жыл.

Абайдың осы сөзінің дұрыс емес, қате айтылған, теріс айтылған, жұмбақ қылып, ашпай айтылған еш нәрсесі жоқ. Іші де дұрыс, түзу, тиісті орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді.

Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1909-шы жылы кітап болып басылып шықты. Бірақ, жұртқа тарамай жатыр. Басылған кітап Ақмолада, Семей болысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таң қаларлық іс. Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, кіли қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді. Абайды қолымыздан келген қадарлы жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз.

Ахмет Байтұрсынұлы, «Қазақ» газетінің алғашқы редакторы

«Қазақ» газеті, 1913 жыл.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here