«Qazaq» газетінің құрылтайшысы Махмұт Нәлібаев Пайғамбар жасына келді

0
1742

Бүгін, 1 маусымда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы, «Qazaq» газетінің құрылтайшысы, «Марсель групп» компаниясының президенті, «Алтын жүрек», «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлықтарының және Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты, меценат Махмұт Нәлібаев 63-ке, яғни қазақы пайымдағы Пайғамбар жасына толды. 

Ат үстінде жүрген азаматтың жақсы атын халыққа сіңірген еңбегі шығарады. Өйткені, халық жады – тасқа түскен таңбамен тең. Өшіруге де, көшіруге де көнбейді. Әрбір ісің мен сөзіңді халық жады қалт жібермей, ой төрінде өрнектеп, сана кеңістігінде сақтайды. Сақтап қана қоймай, қажетті жерінде азаматтың абыройын асқақтатып, беделін биіктетер әрлі әңгімеге қанат бітіреді. Ақиқатын аңыздай тербеп, аңызын ақиқаттай етіп тереңнен қозғап, сырын айтады…

Біз таныған, танып та жүрген Махмұт Нәлібаев – тұлғалы басшы, тұғырлы азамат, жүрген жерінде жақсы атымен, абыройлы ісімен, сабырлы мінезімен, халықшыл қалыбымен танылған, өзін тағылымды ұйымдастырушы, табанды басшы ретінде көрсете білген үлкен жүректің иесі.

Қазақстан мұнай-газ саласының өркендеуі жолында зор еңбек сіңіріп, еліміздің экономикасының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан тұлға ретінде де танымал. Махмұт Ыбырайханұлының басқаруымен бірнеше жаңа жобалар қолға алынып, қазіргі таңда кен орындарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Соңғы 10 жылдықтың ішінде Махмұт Нәлібаев басқаратын компаниялар тобы 135 млн АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартты. Сонымен қатар, елдің әлеуметтік саласына да баса назар аударып келеді. Оның барлығын жазуға газет беті де көтермейді. Сондықтан біз бүгін қалталы азаматтардың руханиятқа бет бұрмайтын, қол ұшын созбайтын уақытта Махмұт Ыбырайханұлының ұлт руханиятына жасап жатқан жанашырлығына қысқаша тоқталамыз.

Махмұт Нәлібаев басқаратын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының да атқарып жүрген шаруасы толайым. Бұл – Халық Қаһарманының көзі тірісінде рұқсатын алып, құрылған қоры саналады. Қоғамдық қоры 10 жылға жуық уақыт ішінде біраз игі істердің ұйытқысы болды, соның ішінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының (Ақмола облысы), Қобыланды батырдың (Қостанай қаласы), Сағадат Нұрмағамбетовтың (Мәскеу) еңселі ескерткіштерінің ашылуына демеушілік көрсетті. Қордың қаржыландыруымен «Ұлт мақтанышы – Сағадат Нұрмағамбетов» атты арнайы фотоальбом, «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» атты кітабын үш тілде, «Мұстафа Шоқай көзімен» атты шығармашылық туындылары бес тілде шығарылса, сондай-ақ «Елбасының сыныптастары», «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты энциклопедиясы, Ақжігіт Әлібекұлының «Мәмлүктер билігі кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті», «Казахстан – родина строй отряда», Оразбек Сәрсенбайұлының «Азаттық құрбандары», Құдайберген Сұлтанбаевқа арналған және тағы басқа да кітаптар оқырман назарына ұсынылды. Сағадат Қожахметұлының 95 жылдығына арналған Республика көлеміндегі шаралардың басы-қасында Махмұт Ыбырайханұлы бастаған Батыр атындағы Қордың өкілдері жүрді, бір кісідей атсалысты. Ескерткіштердің ашылып, көшеге есімдерінің берілуіне ұйытқы болды. Бір айта кетерлігі, ұлттық дәстүрді сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беру, шет елдегі қазақ диаспораларымен қарым-қатынасты жандандыру мақсатында құрылған Қор бұл күндері сол бағыттарда өнімді еңбек етіп, бұл мақсаттарға Махмұт Нәлібаев және Қордың белсенділері 700 млн теңгеден астам қаражат жұмсап, еліміздің барлық өңірлерінде қайырымдылық патриоттық жұмыстардың сапалы жасалуына тікелей ықпал етті. Сөйтіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына да өзіндік үлесін қосып келеді. Жалпы, Махмұт Ыбырайханұлының басқаруындағы ұжым осы кезге дейін біраз шаруаны тындырды. Оның бәрін айту бізге мақсат та емес. Біздің айтпағымыз, ұлт жанашырының 2017 жылы «Qazaq» газетін қолға алып, оның жандануына қосқан үлесі туралы болмақ.

Иә, руханият жанашыры болып жүрген Махмұт Нәлібаевтың шарапаты «Qazaq» газетіне де аз тиген жоқ. Оның үстіне Әлихан, Ахмет, Міржақыптар негізін қалап, 1913-1918 жылдары 265 саны жарық көрген «Qazaq» газетін араға 88 жылдан кейін халқымен қайта қауыштырған жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің қолға алған тарихи игі бастамасына шын ықыластық танытқан азамат та Махмұт Ыбырайханұлы болды. «Qazaq»-тың екінші тынысын ашқан жазушы Қоғабай Сәтенұлымен жақын араласты, 100 жылдан астам бай тарихы бар ата басылымға қаржылай қарайласып тұрғанын да несіне жасырайық.

2014 жылы Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткенде «Qazaq»-тың күні енді не болар екен?» деген екіұдай пікірлердің басы қылтиып шыққаны да, тіпті редакция қызметкерлерінің желдей ескен жорамалдардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке қарай, марқұм Қоғабай ағаның қазасынан кейін көбі «өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенді ұстанды. Бар ауыртпалық Қоғабай Сәтенұлының жары Гүлбаршын Мүталапқызы, ұрпақтары мен редакцияға түсті. 2014-2016 жылдары газет қиын-қыстау кездерді басынан өткерді. Сол сын сағатта тағы да тау тұлғалы Махмұт Ыбырайханұлы шықты. Газеттің бар ауыртпалығын мойнына алды. «Qazaq» газетінің үшінші тынысын ашты.

Ең бастысы, газет таралымын арттыру мақсатында біраз істер атқарды. Оның ықпалымен газет таралымы 30 мың данаға жетті. Атап айтқанда, «Qazaq» газеті Халықаралық Алматы әуежайында, «Сайран» автобекетінде, «Алматы-1», «Алматы-2» темір жол бекеттерінде, Алматы метрополитенінің 9 бекетінде тегін таралады. Газетте ребрендинг жасалды. Газеттің мазмұны кеңейіп, безендірілуі өзгерді.

Мұны Махмұт Ыбырайханұлының ұлылар қалдырған ұлағаттың үнпарағы болған «Qazaq»-тың шығармашылығына азаматтық айбар, қайраткерлік қажыр қосқанын, дағдарыс кезеңінен тарықпай өтуіне рух бергенін Алаш арыстары тапсырған аманаттың жауапкершілігін жан жүрегімен сезінгені деп қабылдадық.

1913 жылдың 2 ақпанында «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болсын деп, ұлттың тұңғыш демократиялық басылымы «Qazaq» газетін Алаш қайраткерлері шығарғаны тарихта таңба басқандай етіп анық жазылған. Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды арыстар газетті ұйымдастырып, шығарушылар сапында тұрды. Алайда, сол қиын-қыстау дәуірдің өзінде де басылымның дер кезінде шығып, қара орман қазағының қолына жетіп отыру үшін де үлкен қаражат керек болғаны анық. Бүгінгі тілмен айтсақ, демеушілері, қолдаушылары болған. Тап сол қоғамдағы қаражат тапшылығын жаңа ХХІ ғасырда «Qazaq» қайта басынан кешіргенін, сын сағатта Махмұт Нәлібаев «Qazaq»-ты қайта «Qazaq» етіп, қанатының астына алғанын жоғарыда айттық.

Езілген елдің жоқтаушысы болған «Qazaq» газеті ХХ ғасырда қандай жомарт жандардың қаржылай көмегімен шыққандығына осы арада дәлелдер келтіре кетейік. Сол дәуірдің өзінде дәулетімен ұлтқа қызмет ету жолында аттары шыққан қазақтың ақ жүрек қалталы азаматтарының көбі «Qazaq» газетінің жарық көруіне септігін тигізген. Бұлар көмектерін әрқайсысы айрықша әр уақытта жіберген еді. Біз олардың бәрін жарияламасақ та, мүмкіндігінше біразының аты-жөндерін жариялауға тырыстық. «Көмек берушілер: Есенқұл қажы Маманұлы – 100 сом, Ғайнижамал Еменқұл қажы жамағаты – 100 сом, Тәңірберген қажы Тұрысбекұлы – 429 сом, Айтмұхамбет Тұрысбекұлы – 100 сом, Қожа Ахмет Маманұлы – 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы – 50 сом, Егеубек Жиенбайұлы – 10 сом, Ғ.Әлібекұлы – 150 сом, Хұсайын Үкенұлы – 25 сом, Жолымбет Тұрымбетұлы – 25 сом, Ерназар Жауқашарұлы – 20 сом, мұғалім Нығметолла Күзембайұлы – 15 сом, Нұғман Қанатбайұлы – 5 cом, Өмірәлі Пәнтешұлы – 5 сом, Тілеген Бадырақұлы – 5 cом. Барлығы – 1274 сом» деп газет басқармасы алғыстарын білдірген.

Енді тарихи дерекке жүгінсек, газет патшалық саясатқа қарсы мақалалар жариялағаны үшін төрт-бес мәрте үлкен айыппен тоқтатылған. Сондай қысылтаяң кездерде оның қайта ашылуы үшін төленетін қаржыны (әр кездері 50, 1500, 2000, 3000, 4550 сом айыппұл тағылған) ұлтымыздың ауқатты ақ жүрек азаматтары төлеген еді.

«Дүниеден бір сабақ жіптен жиылса, жалаңашқа көйлек» деген мақал бар. Қазақ оқырмандары үшін қазақ даласының әр шалғайынан «Qazaq» газетінің редакциясына осылайша демеушілік жасалып тұрған.

Міне, сол Алаш қайраткерлері атымтай жомарттардың қаржылай демеушілігімен ата басылымды қазақтың Ұлы даласына таратып еді…

Иә, қиын-қыстау шақта халқына пана болып, бейбіт заманда ақыны мен батырын әспеттеп, төбесіне көтерген қазақтың қалталы азаматтары әр кезеңде болған. Өнерлісін еркелете төбесіне көтеріп, білімдісін жасына қарамай төрге оздыратын бабаларымыз рухани байлықтың бағасы өзге дүниеден басым екенін о бастан-ақ терең түсінген. Бабадан жалғасқан осы дәстүрді ары қарай дамытып, қазақ руханиятының дамуына атсалысып жүрген Махмұт Ыбырайханұлын бүгінгі заманның нағыз Атымтай Жомарты деп атасақ, жаңылмайтын секілдіміз.

Әдетте, қазақшыл болу бар да, сол қазақтың қамын ойлау, өзіңді сөзбен емес іспен көрсету тағы бар. Ал тұғырлы тұлға топқа емес, ең алдымен ұлтқа қызмет етуді ойласа керек. Ендеше, Махмұт Нәлібаевтай кең жүректі азамат барда ертеңгі ұрпақ та осындай мәрттік пен жақсылықтан кенде болмайтындығына кәміл сенеміз.

Құрылтайшымызды бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Ізгі тілекпен, «Qazaq» газетінің ұжымы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here