Есімдерін табыс көзіне айналдырған спортшылар

0
1707

Әрине, біреудің ақшасын санау әдепсіздік болар. Дегенмен, қарапайым отбасынан шыққан спортшылардың қалай табысқа кенелгені оқырманға қызық болса керек. Мысалы, күні кеше «Ювентус» сайыпқыраны Криштиану Роналду 1 млрд доллар табыс тапқан әлемдегі алғашқы футболшы, төртінші спортшы атанды. 35 жастағы португал футболшысына дейін «Forbes» тізіміне 44 жастағы америкалық гольфшы Тайгер Вудс, 43 жастағы америкалық боксшы Флойд Мейвезер және 57 жастағы америкалық баскетболшы Майкл Джордан енген-ді. Бір анығы, Роналду да, Вудс та, Мейвезер де, Джордан да мол табысқа жарнама мен бизнес арқылы кенелді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін есімдерін брендке айналдырып, одан қыруар қаржы тауып жатқан атақты спортшыларға тоқталады.

«PELE» КОФЕСІ

Пеле (Эдсон Арантис ду Насимент) – есімін брендке айналдырып, одан табыс тапқан әлемдегі алғашқы спортшы. Бразилия сапында футболдан үш рет әлем чемпионы (1958, 1962, 1970) болып, «Футбол патшасы» атанады. Содан атағы жер жарып тұрғанын пайдаланып, «темірді қызған кезінде соғады». Яғни, аяғынан нық тұра алмай жатқан бразилиялық «Cacique» компаниясына өзінің атақты атын пайдалануды ұсынады. Сөйтіп, 1972 жылы футболшы кофе шығаратын компаниямен келісімге қол қояды. Аталған келісімнен екі тарап та қыруар қаржыға кенеледі. Өйткені, «Pele» кофесі ішкі де, сыртқы да нарықта үлкен сұранысқа ие болады. Ал, келісім бойынша «Cacique» компаниясы Пелеге 70 млн доллар көлемінде қаламақы төледі. Қазірдің өзінде әрбір ішілген кофенің кесесі үшін 80 жастағы футболшының қалтасына қосымша ақша түседі.

«AIR JORDAN» АЯҚ КИІМІ

Атағы жер жармай тұрғанда, 1984 жылы «Nike» фирмасы 21 жастағы баскетболшы Майкл Джорданмен келісімге отырады. Келісім бойынша әйгілі фирма «Air Jordan» атымен арнайы спорттық аяқ киім (кроссовка) тігеді. Бастапқыда оның бағасы 100 доллар болса, қазір спорттық аяқ киімнің құны 2 мың долларға дейін жетеді. Атағы жер жаратын баскетболшы атақты фирмамен өмірінің соңына дейін келісім шартқа отырған. Соның арқасында 57 жастағы америкалық баскетболшы жыл сайын 100 млн долларға қалтасын қампайтады.

«RF» БАС КИІМІ

Майкл Джорданмен келісімге келген «Nike» фирмасы 2006 жылдан бері швейцариялық теннисші Роджер Федерермен де әріптес саналады. Елу жылдан астам бай тарихы бар америкалық фирма «RF» атауымен бас киімдер (бейсболка) мен түрлі спорттық киімдер шығарады. Спорт тарихындағы ең мықты теннисшіге есімін қолданғаны үшін «Nike» фирмасы жыл сайын 26 млн доллар төлейді. Оның сыртында 39 жастағы Роджер Федерер «Credit Suisse», «Mercedes-Benz» және «Rolex» компанияларының амбассадоры болғаны үшін жылына 86 млн доллар табыс табады.

«CR7» КИІМДЕРІ

Басқа әріптестеріне қарағанда Криштиану Роналду өзінің брендін қалыптастырды. Футболшы «CR7» брендімен шұлықтан іш киімге, сөмкеден иіс суға дейін шығарады.

Жалпы, аты аңызға айналған футболшының үш табыс көзі бар: футбол, жарнама және бизнес. Бір қызығы, қазір  футбол  оның  басты табыс көзі саналмайды. Мысалы, футболшы бүгінде итальяндық клубтан жылына 35 млн евро жалақы алады. Яғни, айына алатын жалақысы – 2,92 млн евро. Бұған әр жеңіс пен соғылған әр гол үшін төленетін бонустарды қосыңыз. Мықты футболшы мықты кәсіпкерге де айналған. Мадрид (Испания), Лиссабон, Фуншал (Португалия), Монте-Карло (Монако) қалаларында қонақ үй желісі бар. Жарнамадан табатын табысы өз алдына бөлек әңгіме. Ал, «Cristiano Ronaldo» есімі бұрыннан «CR7» сауда белгісімен танылған қымбат бренд. Байлығының басым бөлігін осы әлемге әйгілі атының арқасында табады. Онымен келісімге отыруға асыққан компаниялар көп. 2016 жылы футболшы «Nike» фирмасымен ақтық демі таусылғанша күшін жоймайтын келісімге отырған үшінші спортшы атанды. Футболшының алдында баскетболшылар Леброн Джеймс пен Майкл Джордан ғана осындай құрметке ие болған-ды. Атақты фирма футболшының жеке шотына өмірінің соңына дейін жылына 23 млн евро аударып тұрады. Мұндай келісім итальяндық бренд «Armani»-мен де бар. Олар жылына 1 млн евро төлейді.

«DAVID BECKHAM» ИІС СУЫ

45 жастағы ағылшын футболшысы Дэвид Бекхэмді «Spice Girls» тобында ән шырқаған әйелі Виктория Бекхэм (Адамс) кезінде «David Beckham» брендімен тауарлар шығаруға итермелейді. Олар шығарған киім-кешекке, арақ-шарапқа, көзілдірікке қарағанда иіс сулары үлкен сұранысқа ие болды.

«TGR» МЕЙРАМХАНАСЫ

44 жастағы америкалық гольфшы Тайгер Вудс қазір кәсіби спортқа хобби ретінде қарайды. Өйткені, оның табысы спорттан емес, жарнамадан құралады. 1996 жылдан бері 1,4 млрд доллар табысқа кенеліпті. Жарнамадан жылына 30 млн доллар пайда табады. Оның сыртында «TGR» атауымен өзінің мейрамхана желісі бар.

«SUGARPOVA» ТӘТТІЛЕРІ

Кезінде допинг қолданғанын мойындаған ресейлік теннисші Мария Шарапова 2016 жылы үлкен спортпен қоштасты. Дегенмен, үлкен спорттан кетсе де, допинг қолданғанын мойындаған спортшыға қызығушылық арта түсті. Осыны сәтті қолданған орыс қызы тәттілер шығаратын фабриканы құрды. Кезінде өз брендін қалыптастыруға 500 мың доллар шығындаған 33 жастағы теннисші қазір жылына 10 млн доллар пайда табатын жағдайға жетті.

«MESSI KIDS» КИІМДЕРІ

Немістің мақтанышы «Adidas» 2012 жылы аргентиналық футболшы Лионель Мессиге өз есімімен спорттық киімдер шығаруға ұсыныс жасады. Бастапқыда «Барселона» көшбасшысы бұл ұсыныстан бас тартады. Өйткені, атақты футболшы басқа әріптестеріндей ақшанның соңына түсіп, есепсіз пайда табуды көздемейді. Дегенмен, жұбайы футболшыны «Adidas» ұсынысын қабылдауға көндіреді. Осылайша, 8-13 жастағыларға арналған «Messi kids» киімдері нарыққа шығады. Бірақ, футболшының жеке шотына әр сатылған киім үшін символикалық түрде бір цент қана түседі.

 Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here