Швеция коронавируспен карантинсіз қалай күреспек болды?

0
1459

Солтүстік Корея (КХДР) мен Түркіменстанның коронавирусқа қатысты ұстанымдары өз алдына бөлек әңгіме. Ал, көзге көрінбейтін жауды төтенше жағдай жарияламай, карантин шараларын енгізбей-ақ жеңбек болған Еуропада екі ел бар. Біріншісі – Беларусь, екіншісі – Швеция. Сол бірінші елдің басшысы Лукашенко шектеу енгізетін болса, халқы індеттен емес, аштықтан өлетінін ашық мойындады. Жалпы, Беларусь экономикасының жағдайы бәріне белгілі. Адам саулығынан бұрын экономиканы алға қойғаны үшін Минскті жазғыруға тағы болмас. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса». Дегенмен, екінші елдің коронавирусқа келгенде неге тарылғанын түсіну қиын. Өйткені, Швеция – әлемдегі ең бай елдің бірі. Төтенше жағдайды да, карантиндік шектеулерді де мықты экономикасы көтеретін еді.

Рас, COVID-19 індетіне байланысты ешқандай шектеулерді қолға алмаған скандинавиялық елдегі жағдайды әлемдік қауымдастық жіті бақылап келеді. Неге десеңіз, еуропалық елдер жаппай тұрғындарын үйлеріне «қамап» жатқанда, түк болмағандай кейіп танытқан Стокгольм жайбарақаттық танытты. Балабақшалар, мектептер, дүкендер, тіпті адам көп жиналатын мейрамханалар да жұмысын тоқтатпады. Ал, Швеция Солтүстік Корея мен Түркіменстан сияқты коронавирусты мойындамай отырған жоқ. Індетті жұқтырған алғашқы науқас ақпан айында тіркелді. Сонда Стокгольм коронавируспен неге карантинсіз күреспек болды? Бұл ұстанымы скандинавиялық елді қайда апарды? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін сол сұрақтарға жауап іздейді.

ШВЕЦИЯ КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ЖАУДАН ЖЕҢІЛДІ МЕ?

Карантин шараларын қолға алмаған Еуропалық Одақтағы жалғыз елді көзге көрінбейтін жау жеңді. Өйткені, бар жауапкершілікті халқының мойнына арта салған Швецияда жағдай тым күрделене түсті. 10,3 млн халқы бар елде коронавирусты жұқтырғандар саны 50 мыңнан асты. Өкінішке қарай, 5 мыңнан астам швед халқы індеттің құрбаны болды. Нақты айтқанда, COVID-19 індетімен ауырғандардың 11,2%-ы өмірден өтті. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштің бірі. Мысалы, індетті 2,1 млн адам жұқтырған АҚШ-та бұл көрсеткіш 5%-дан аспайды. Алысқа бармай-ақ Швецияның көршілеріне тоқталайық. Данияда 594 адам (5%), Финляндияда 325 адам (4%), Норвегияда 242 адам (2%) коронавирусқа төтеп бере алмады.

Міне, Швеция билігінің салғырттығынан коронавирустың құрбандары батыстағы көршісі Норвегиядан 20 есе, шығыстағы көршісі Финляндиядан 15 есе, оңтүстіктегі көршісі Даниядан 10 есе жоғары болды.

СКАНДИНАВИЯЛЫҚ ЕЛДЕГІ ЖАҒДАЙҒА КІМ КІНӘЛІ?

Швециядағы қазіргі күрделі ахуалға кінәлі бір адам бар. Ол – Швецияның бас эпидемиолог дәрігері Андерс Тенгелл. Нақты сол адам елде коронавирус өршімей тұрғанда төтенше жағдай мен карантин енгізбеуге, шамалы ғана шектеумен шектелуге Үкіметті сендіре білді. Мысалы, еуропалық елдер карантин аясында жаппай бәрін жауып жатқанда, ел билігі 500-ден артық адам жиналатын түрлі шаралар мен концерттерді ғана өткізбеумен шектелді. Жоғарыда жазғанымыздай, балабақшалар, мектептер, дүкендер, мейрамханалар, мәдени орындар… бәрі де жұмысын тоқтатқан жоқ. Өйткені, Андерс Тенгелл пандемиясыз да ешкіммен араласпайтын, жалғыз тұруды әдетке айналдырған шведтер жауапкершілікті жете сезініп, билік айтпаса да, карантин сияқты шаралармен мәжбүрлемесе де, олардың қашықтық пен қауіпсіздік шараларын сақтайтындарына имандай сенді, билікті де, халықты да сендірді. Дегенмен, оны сенімі алдапты.

Иә, өткен аптада Андерс Тенгелл коронавируспен карантинсіз күресте қатты қателескенін, бастапқыда еуропалық елдердің жолымен төтенше жағдай жариялап, карантин енгізгенде тиімді болатындығын мойындағандай болды. Әрине, қазір өкінгеннен пайда жоқ. Болар іс болды, бояуы сіңді. Дегенмен, «қолымен жасағанды мойнымен көтеруі керектігін» басқа-басқа еуропалықтар жақсы біледі. Күні кеше барлық саяси партиялардың жетекшілері Премьер-министр Стефан Левеннің шешімін сынға алып, бас эпидемиолог дәрігердің қызметінен кетуін талап етті.

СТОКГОЛЬМ ҚАНДАЙ ЖОЛДЫ ТАҢДАДЫ?

Андерс Тенгелл өз кінәсін мойындағандай болғанымен, брифингтер мен сұхбаттарында дұрыс жол таңдағанын айтудан таймайды.

Бас эпидемиолог дәрігердің айтуынша, о баста ғалымдар індеттің қауіп-қатерін нақты анықтай алғанда, скандинавиялық ел басқа жолды таңдар еді. Яғни, Италия, Франция, Испания сияқты карантиндік шараларды қолға алып, бүгінгідей адам шығыны көп болмас та еді.

Расында, коронавируспен күресте Швеция қандай жолмен жүрді?

Ақиқатын айтқанда, шведтерде шектеулер болды. Бірақ, еуропалық елдердегідей кең ауқымда емес. 500-ден артық адам жиналатын түрлі шаралар мен концерттердің болмағанын жоғарыда жаздық. Сонымен қатар, Еуропалық Одаққа кірмейтін елдерге шекарасы жабылды. Қоғамдық орындарда қашықтық сақталып, дезинфекция жасалып тұрды. Пойыздар мен ұшақтарда бір орынға билет сатылса, екіншісіне жолаушылар отырғызылмады. Мұндай тәртіпті сақтамағандар басқа елдердегідей айыппұл арқалады.

Өкінішке қарай, бұл шаралардың бәрі де бастауын Қытайдың Ухань қаласынан алған коронавирус үшін аздық етеді. Швецияда індетті жұқтырғандар мен оның құрбаны болғандар санының көп болуы карантиндік шаралардың аз болғандығынан екенін Стокгольм бүгінде амалсыз мойындайды.

КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСТЕ ШВЕДТЕРДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨМЕКТЕСТІ МЕ?

Бастапқыда Швеция билігі бар жауапкершілікті тұрғындардың өзіне артты. Яғни, «індетті жұқтырдың ба – сақтанбаған өзіңнен көр» деген саясатты ұстанды. Жалпы, биліктің мұндай ұстанымда болуы түсінікті еді. Өйткені, шведтер жаратылысынан өзгелерге ұқсамайды. Жауапкершілікті жете сезінеді. Біздегідей өз денсаулықтарына жүрдім-бардым қарамайды. Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі. Шведтер осы ұстаныммен өмір сүреді.

Швецияның COVID-19 індетімен күресте таңдаған жолын кезінде Ақ үй қожайыны Дональд Трамп та құптады. Өйткені, америкалық президенттің пікірінше, өзге ұлттарға қарағанда шведтер тәртіппен өмір сүретін жауапкершілігі зор халық.

Рас, Ақ үй басшысының бұл пікірімен келіспеске тағы болмайды. Коронавирусқа дейін де шведтер оқшауланып өмір сүрді. Итальяндар, испандар сияқты қонаққа баруды, қонақ күтуді білмейді. Үйлерінен себепсіз шықпайды. Ел халқының 40 пайызы жалғыз, 43 пайызы жер үйде тұрады. Еуропалық өлшеммен алғанда жері көп, халқы аз, яғни халқы бір-бірімен тығыз шоғырланбаған. Біздегідей 200-300 қонақ шақырып той жасамайды. Қуаныштарына елуге де жетпейтін қонақ шақырады. Бұл – Швеция халқының басты ерекшелігі.

Швеция халқының және бір артықшылығы бар. Ол – швед халқының денсаулығы мықты. Бәлкім, Еуропаның солтүстігінде тұрғандықтан болар, көбіне шведтердің иммунитеті жоғары. Салауатты өмір салтын ұстанады. Спортпен шұғылданады. Суға жүзу мектептің бағдарламасына енген. Содан халқы ұзақ өмір сүреді. Орташа өмір сүру ұзақтығы – 82,7 жыл. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 11-ші орын алады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 101-ші орында тұрған Қазақстанда бұл көрсеткіш 73,2 жасты құрайды. Демек, шведтердің мұндай болмысы коронавирусты айналып өтуге көмектесуі керек болған-ды.

АНДЕРС ТЕНГЕЛЛ НЕДЕН МҮЛТ КЕТТІ?

Швецияның бас эпидемиолог дәрігері Андерс Тенгелл коронавируспен карантинсіз күресте жоғарыда сөз болған шведтердің жауапкершілігі мен денсаулығына арқа сүйеді. Сонда ол неден мүлт кетті?

Швеция – өзге елдердің азаматтарын жатырқамайтын әрі өзекке теппейтін скандинавиялық ел. Ал, тұрмысы жоғары ел халқының 20 пайызын сырттан келгендер құрайды. Олардың саны бүгінде екі млн-нан асты. Жыл сайын Швецияға өз елінен «екі қолға бір күрек таппаған» 150 мыңнан астам Сирия, Польша, Ирак, Иран, Үндістан, Сомали, Ауғанстан азаматтары жақсы өмірді аңсап келеді. Өкінішке қарай, келімсектердің денсаулықтары да, жауапкершіліктері де, өмірге көзқарастары да шведтерден әлдеқайда ерекшеленеді. Міне, мұны ескермеген Андерс Тенгелл осы тұста мүлт кетті. Неге десеңіз, Швецияда алғаш коронавирус індеті астанада тұратын Иран азаматынан табылды. Індеттің құрбаны болғандардың 40 пайызы Сомали азаматтары. Шведтер сияқты оқшауланып өмір сүру олардың болмысына жат келеді. Сондықтан жергілікті халыққа қарағанда келімсектер арасында коронавирусты жұқтырғандар мен одан опат болғандардың қарасы көп. Бұл – бірінші топ.

Коронавирустан жапа шеккендердің екінші тобы – қарттар үйінде тұратын қариялар. 70-90 жастағылардың басым бөлігі өз ажалынан өлген жоқ, коронавирустың құрбаны болды. Ал, оларға коронавирус қайдан жұқты? Бұған тағы да келімсектер кінәлі. Өйткені, Швециядағы қара жұмыстың бәрін еңбек мигранттары жасайды. Қарттар үйінде жұмыс жасайтын шведтерді таппайсыз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Кемедегінің жаны бір» дегендей, Швеция билігі бар жауапкершілікті еңбек мигранттарына ысыра салған жоқ. Басқа індеттер сияқты коронавирус та адамды бай-кедей, білімді-білімсіз, ақ-қара деп бөлмейтінін түсінеді. Ел билігі қазір «ештен кеш жақсы» деп бірқатар шараларды қолға алды. Ешкімді бөліп-жармай халықты жаппай коронавирусқа тексере бастады.

Ел қатарлы карантиндік шараларды уақытылы қолға алмауына экономикасы да себеп болғанын Стокгольм жасырмайды. Дегенмен, карантинсіз-ақ экономиканың құлдырағанын қазір мойындайды. Мемлекет бай болғанымен, экономикасы бәрібір экспортқа тәуелді. Ал, әлемде алыс-беріс, барыс-келіс тоқтағанда, мықты экономиканың да құлайтыны нарықтың жазылмаған заңы болса керек.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here