Отандық фармацевтика қашан оңалады?

0
5931

Бірінші байлық – денсаулығымыздың кей жағдайларда дәрі-дәрмекке тәуелді болатыны түсінікті жағдай. Ал, қазіргідей пандемия кезінде, алты алаштың басы қосылса, айтатыны дәрі-дәрмек төңірегіндегі әңгіме. Өйткені, коронавирус індеті отандық фармацевтиканың нақты жағдайын көрсетті. Әнебір әзілде айтылғандай, «әжептәуір елу елдің қатарына қосылғалы жатыр едік, парацетамол бәрін бүлдірді».

Иә, әр әзілде бір шындық бар. Бүгінгі отандық фармацевтика – ұлттық саясаттың ұрымтал тұсы. Жасыратын несі бар, елімізде сәуір, мамыр, маусым айларында дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезілді. Билік бұған алып-сатарларды кінәлады. Несін айтайық, дәрі саудасында көзге көрініп, көрінбейтін, көбіміз хабарсыз болып жүрген жәйттер жетерлік екен. Мәселен, Шымкент қаласында маусым айында арнайы құрылған мониторингтік топ бір күннің ішінде 52 заң бұзушылыққа хаттама толтырған.

Айта берсек, бұл салада күрмеуі шешілмеген мәселе көп. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті отандық дәрі өндірісінің жай-күйіне үңіліп көрді. Дәрілерді қай елдерден сатып аламыз? Импортқа тәуелділіктен қалай құтыламыз? Отандық дәрі-дәрмектерді арттыруға не кедергі? Міне, осы және өзге де сауалдарға бірге жауап іздеп көрсек.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сенсек, елімізде 8 мыңнан аса дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын қамтамасыз ету деңгейі 13% ғана, қалғанын сырттан тасимыз, яғни дәрі-дәрмектің 87%-ы импорт.

Қазақстандық фармацевтикалық өнеркәсіп жалпы 79 кәсіпорыннан тұрады. Олардың қатарында ірі де, ұсақ та медициналық өнімдерді шығаратын өндірістер бар. Ал, Қазақстанда шығарылатын дәрілердің 90 пайыздан астамы ірі 6 зауыттың үлесіне тиесілі. Олардың қатарында «Химфарм», «Глобал Фарм БК», «Нобел АФФ», «Ромат», «Нұр-Май Фарм», «Қарағанды фармацевтикалық кешені» тәрізді кәсіпорындар бар.

Қазақстан дәрі-дәрмектерді әлемнің 80 елінен сатып алады. Германия, Франция, Ресей, Үндістан, Швейцария, Италия, Словения, Түркия және АҚШ – дәрі-дәрмекті бізге импорттаушы негізгі елдер. Мәселен, әлемді әбігерге салған биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан Германиядан 58,9 млн долларға, Үндістаннан 29,6 млн долларға, Франциядан 27,3 млн долларға, Ресейден 24,7 млн долларға, Италиядан 22,3 млн долларға, Швейцариядан 16,7 млн долларға, Словениядан 13,6 млн долларға, Түркиядан 13,4 млн долларға, АҚШ-тан 11,9 млн долларға, Польшадан 10,6 млн долларға, Ұлыбританиядан 10,2 млн долларға дәрі-дәрмек сатып алды. Жалпы бұған еліміз төрт айда 345,9 млн долларға шығындалды. Бұл 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 10,7%-ға артық көрсеткіш. Оның себебі де түсінікті – коронавирус.

Дәрі-дәрмек шетелдерден импортталатын болған соң, отандық фармөндірісшілердің позициясы да төмендей береді. Фармацевтика өндірісінің негізгі мәселесі де дәл осы отандық ассортименттің «арзан» және «тар ауқымды» болуында жатыр. Бүгінде Қазақстанның фармацевтикалық нарығының негізгі бөлігі импортталатын өнімдерден тұрады. Ол бағалық тұрғыдан алғанда 90 пайызды, ал нақты заттық көріністе 70 пайызды құрайды. Отандық дәрілік құралдардың үлесі тиісінше 10 және 30 пайыз ғана болып отыр. Оның сыртында қазақстандық фармацевтикалық өнеркәсіп табыстылық жағынан да шетелдік компанияларға жол беріп келеді.

Айналым қаржылары жетіспеушілігінің фармацевтерге кәсіпорынды модернизациялап, олардың өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік бермегені еш құпия емес. Оның сыртында Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібі шикізат (субстанциялар), жабдықтар мен қаптаушы материалдар импортына да тәуелді.

Kursiv.kz порталы елімізде фармөндірісінің көлеміне сараптама жасап көріпті. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 2019 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда негізгі фармацевтикалық өнімдер мен дәрі-дәрмектердің өнеркәсіптік өндіріс индексі 123,6%-ды құрады. Егер фармпрепараттар өндірісінің көлемін тек маусым айымен салыстырсақ, өткен жылдағыдан үш есе артқанын байқауға болады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сенсек, дәрі өндірісі Алматы облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында өскені байқалады.  Дәл осы үш аймаққа елімізде шығарылатын дәрі-дәрмектің 90%-ы тиесілі. Республикадағы осы салада тынымсыз еңбек етіп жатқан өнеркәсіп орындарының ішінде Қазақстандағы дәрі өндірісінің алпауыты Шымкент қаласында орналасқан «Химфарм» АҚ да бар. Бұл өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы 600 млн тонна таблетка мен капсуланы, 193,8 млн  инъекциялық ерітінді ампуланы, 2,6 млн сұйықтық ерітінді құтыны, 4,5 млн сұйық пероральді дәріні, 35,4 млн цефалоспорин тобындағы антибиотиктердің ұнтақ түріндегі құтыны құрайды. 

Алматы қаласындағы «Нобел АФФ» АҚ-ның қуаттылығы – жылына 750 млн таблетка, 250 млн капсула, 20 млн шырын мен суспензия құтылары, 10 млн туб кремдер мен гельдер.

2019 жылдың басында Қазақстанда «Негізгі фармацевтикалық өнімдер өндірісі» сияқты экономикалық қызмет түрлерінің ішінде 72 өнеркәсіп орны болған. Оның ішінде 45 кәсіпорынға бұл негізгі қызмет түрі болып саналады. Басты фармацевтикалық өнімдер өндірісінде республикада 2019 жылдың басында 3,6 мың адам жұмылдырылған.

Республикада коронавирус пандемиясына орай дәрі-дәрмекке деген сұмдық сұраныс отандық дәрі өндірушілерді 24/7 жұмыс режиміне ауыстырып, олар коронавирус инфекциясы терапиясына аса қажетті дәрі-дәрмек қуаттылығын арттыруда.

«Santo Member of Polpharma Group» (SANTO) сауда маркасындағы «Химфарм» АҚ 2020 жылдың бірінші жарты жылында өндіріс көлемін 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17%-ға көбейтті. Өндірілген өнімнің 80%-дайы мемлекеттік тапсырыс аясында «СК-Фармациямен» келісімшарт негізінде амбулаторлық ем үшін ауруханаларға жеткізіледі.

«COVID-19 ауруының кең таралуын және кейбір емдеу препараттарына сұраныстың күрт артқанын ескере отырып, коронавирус инфекциясы кезінде азаматтардың емдік шараларына қолданылатын дәрі-дәрмектердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін препараттардың ассортименті мен өнеркәсіптік артықшылықтарын қайта қарадық. Осы эпидемиологиялық ахуал кезінде аса қажеттілігі жоқ тауарлар өндірісінің азаюы есебінен біз аса қажетті антибиотиктердің көлемін 80%-ға ұлғайттық», – дейді компания өкілдері.

SANTO өндіретін антибиотиктердің басым бөлігі коронавирус пен ауруханадан тыс пневмонияны емдеуге қолданылады – таблетка және капсула түріндегі азитромицин, құтыдағы цефтриаксон, цефалоспорин қатарына кіретін антибиотиктер, меропенем, левофлоксацин және моксифлоксацин, т.б.

Антибиотиктерден өзге қазақстандық үздік фармөндіруші COVID-19 терапиясында қолданылатын көптеген дәрі-дәрмектерді өндіріп, ауруханаларға жеткізіп береді. Бұл гепарин, жүрек-қантамыр құралдары, электролиттер, ампуладағы С дәрумені мен қақырық түсіргіш дәрілер сияқты антикоагулянттар.

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ өндірісі ТЖ режимі кезінде де, қазір де, тіпті карантин қайта енгізілгенде де тоқтаған емес. 

«Бүгінде біз үш ауысымды жұмыс режиміне көштік, яғни аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейміз. Дәрі-дәрмек көлемін арттырамыз, технологиялық тәсілдерді ауыстырамыз және тапшы болып жатқан препараттарды өндіреміз», – дейді «Нобел АФФ» атқарушы директоры  Светлана Киль. 

Светлана Кильдің сөзіне сенсек, қазақстандық фармөндірушілер COVID-19 емдеу протоколына енген әлемдік тенденция мен өзгерістерді бақылап отырады.

«Біз «Фавипиравир» дәрілік препаратының өндірісін бір жолға қойдық. Бұл дәрінің Қытай мен Жапонияда қолданылғанын және Ресей Федерациясы екі айдың ішінде оның өндірісін бір ізге түсіргенін білесіздер. Біз, қазақстандық өндірушілер, әлемдік үдерістерден қалып қоймадық, технологиялар ауысымының көмегімен аталған препаратты шығарып жатырмыз. Екі ай көлемінде жеделдетілген тіркеуден өтіп, қыркүйек-қазан айларында аталған препаратты аурухана мекемелеріне жеткіземіз деп үміттеніп отырмыз», – дейді «Нобел АФФ» атқарушы директоры.

Қарағандыдағы фармөндірушілер де коронавирус инфекциясын емдеуге қолданылатын жаңа дәрі-дәрмек шығарудың мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып жатыр.

«Біздің ресейлік серіктестеріміз өз нарығына коронавирус терапиясында қолданылатын және аурудың орташа сатысынан ауыр сатысына өтуіне жол бермейтін «Илсира» («Левилимаб») препаратын шығарды. Қазір біз осы дәріні өзіміздің технологиялық құрылғыда өндіруді және алдағы уақытта отандық нарыққа шығарудың мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», – дейді «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС атқарушы директоры Ерікбек Ағатанов.

SANTO компаниясының R&D-лабораториясы пандемия кезеңінде нарыққа жаңа дәрі-дәрмек өнімдерін шығарып, толық қуаттылығымен жұмыс істеп жатыр. 

«Жыл басынан бері біз үш жаңа препаратты тіркеуден өткіздік, жыл соңына дейін тағы үш-төртеуін шығаруды жоспарлап отырмыз. Олар стационарда аса ауыр жағдайларда қолданылатын инъекциялық ерітінділер, амбулаторлық емдеуге арналған кардиологиялық және неврологиялық дәрі-дәрмектер. Сондай-ақ, СOVID-19 емдеу протоколына кіретін дәрілерді қайта өндіріп жатырмыз», – дейді SANTO өкілдері.

Әрине, бұл саладағы отандық алпауыт компаниялардың коронавирус жағдайындағы жұмыстарына көңіл толады. Дегенмен, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге бұл аздық етеді. Мәселені шешу үшін тағы осындай он ірі фармацевтикалық компания керек. Ал, компания ашу оңай болғанымен, оны мамандармен, шикізаттармен қамтамасыз ету өз алдына күрделі мәселе.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Фармацевтика – қару-жарақ сатудан кейінгі ең табысты сала. Ал, жоғары сұранысқа ие бұл саладан көл-көсір пайдаға кенеліп отырғандардың көшін әдеттегідей АҚШ пен Еуропа елдері бастайды. Фармацевтикалық өнімдерді ең көп экспорттайтын елдердің алғашқы ондығына Германия, Швейцария, Бельгия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ирландия, Италия, Нидерланды және Испания енеді. Мысалы, АҚШ-тың «Johnson & Johnson» фармацевтикалық компаниясының нарықтағы капиталы 372 млрд долларға бағаланады. Дәрі-дәрмекті сатудан алдына ешқандай компанияны салмайтын бұл фармацевтикалық алпауыт 2019 жылы 82 млрд долларға сауда жасады. Сөйтіп, компания бір жылда 17 млрд доллар таза табыс тапты. Табысы көл-көсір фармацевтикалық алпауыттардың қатарында АҚШ-тың алты, Швейцарияның екі, Ұлыбританияның екі компаниясы бар.

Қазақстан жоғарыдағы елдер сияқты фармацевтикадан пайда табудан бұрын өзінің ішкі нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отырғаны шындық. Ал, осыдан 10 жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада ішкі нарықты 50% отандық өнімдермен қамту көзделген-ді. Қазіргі көрсеткіш – 13%. Демек, жоғарыдағы мемлекеттік бағдарламаның нәтижесіз болғанын мойындауға тура келеді. Өйткені, бағдарламада көтерілген мәселелердің бәрі толыққанды жүзеге асырылғанда, отандық фармацевтиканың да аяқ алысы бүгінгідей нашар болмас еді. Алайда, бұл сала салғырттықты көтермейтінін коронавирус пандемиясы анық көрсетті. Өткен айлардағы дәрі-дәрмек тапшылығы соған дәлел.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here