Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақ: Ғұсман Қосановтың спорттағы жеңісі мен өмірдегі жеңілісі

0
2426

Отыз жыл бұрын шілденің шіліңгір 19 жұлдызында Олимпиада медалін алған тұңғыш қазақ атлеті ретінде тарихта қалған адам өз өмірін өзі қиып кеткен еді. «Спорттың төресі» атанған жеңіл атлетиканың шыңын бағындырған оның өмірі қайғылы жағдайда аяқталды. Ал, осы қыркүйек айында оның Римдегі Жазғы Олимпиада ойындарындағы жұлдызды сәтіне 60 жыл толады.

Бүгінгі жастарда «Ғұсман Қосанов несімен ұлттың есінде қалды?» деген сауал туындауы мүмкін. Сөздің шыны керек, Қазақстан жеңіл атлетика мектебінің тарихы тым тереңде десек те, көп жыл бойы халықаралық ареналарда ел намысын өзге ұлт өкілдері қорғап келді. Оның үстіне қоғамда «Қазақ жүгіруге емес, күресуге бейім халық» деген ұғым қалыптасты. Міне, Ғұсман Қосанов осы ұғымды түбегейлі теріске шығарған санаулы азаматтардың бірі.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қазаққа алғашқы Олимпиада жүлдесін алып берген желаяқтың спорттағы жеңісі мен өмірдегі жеңілісіне шолу жасайды.

ОЛИМПИАДАҒА АПАРАР ЖОЛ

Жүгіру үшін жаралған Ғұсман Қосанов 1935 жылдың 25 мамырында қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында орын тепкен аядай ғана Изатолла деген ауылда дүниеге келді. Оның балалық пен жастық шағы соғыс және соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерге тұспа-тұс келгендіктен, спортпен кеш, яғни 16 жасында Семей теміржол училищесіне оқуға түскеннен кейін ғана айналысты. Одан соң Отан алдындағы борышын өтеді. Дәл сол уақытта оны Кишинев спорт техникумына жүйрік желаяқ ретінде оқуға шақырды. Молдова астанасында отау құрып, жергілікті құраманың құрамында өнер көрсете бастайды. Мамандар Қосановтың табиғат берген мүмкіндіктерін атай келе: «Егер ол осы қасиеттерін ерте жасында дамытып бастағанында оның мансабы әлдеқайда табысты болар еді» деген өкініштерін де білдірген.

Ғұсман Қосановқа жалпыодақтық танымалдылық 1959 жылы КСРО халықтарының екінші жазғы Спартакиадасында келді. Сол жылғы доданың қорытындысын жасаған «Легкая атлетика» журналы былайша жазды: «Жарыс кезінде қабілетті жастар көрінді. Олар қысқа шақырымға жүгіру барысында Ғ.Қосанов (Молдова) және С.Солнцев (Беларусь) екеуі 100 метрді 10,5 және 10,6 секундта бағындырған». Сонымен қатар, жүз метрге жүгіруде ленинградтық Эдвин Озолин, киевтік Леонид Бартенев пен бакулік Юрий Коновалов жүлдегер болды. Олар, әлбетте, финалдық 200 метрге жүгіру нәтижелері бойынша құрмет тұғырына шықты. Бұл бір жылдан кейін 1960 жылы Олимпиадада Қосановпен бірге кеңестік эстафетаның төрттігін құраған үштік болды.

Дәл сол 1959 жылы Ғұсман Қосанов өз жетістігін 10,4 секундқа жеткізіп, Молдованың рекордын жаңартады. Алайда, ол кезде оның олимпиадалық келешегі туралы сөз қозғауға әлі ертелеу еді.

Ғұсман Қосановтың спорттық мансабында 1960 жылы Мәскеуде шілденің ортасында өткен КСРО чемпионаты өте маңызды рөл ойнайды. Бұл кезде Жазғы Ойындарға бар болғаны бір жарым ай қалған еді. Мәскеу чемпионатында Ғұсман Қосанов Одақ құрамасында өнер көрсетуге мүмкіндігі жететінін дәлелдай алды. Шешуші жүгірісте қос спринтші 100 метрлік қашықтықты жүгіріп өтті (ол кезде ақтық мәреде қазіргідей сегіз емес, алты спортшы қатысатын).  Екі жүз метрлікті 6-шы, ал жүз метрлікті 5-ші болып аяқтады. Екінші жағдайда оны жоғарыда айтқан үштік пен мәскеулік Слава Прохоровский басып озды. Сондай-ақ, Олимпиадаға қатысатын эстафеталық төрттікті іріктеу барысында КСРО құрамасының жаттықтырушылар штабы қазақ желаяғын қатыстыруды дұрыс деп санайды.  Ғұсман Қосановтың басқа бәсекелестерін басып озуының себебі старттан өте жылдам жүгіріп кететінінде болса керек. Ал, бұл спорт шебері үшін, әсіресе, эстафетаның бірінші сатысында жүгіретін адам үшін өте құнды нәрсе. Жаттықтырушылар Қосановтың осы қасиетін ерекше бағалапты. Мұндай нұсқа «Легкая атлетика» журналының тағы бір мақаласында жазылған екен. Онда Прохоровты АҚШ құрамасының мүшесімен сынайды: «Американдық спринтші старттан жүгіріп кеткенде, Прохоров «сөрелік екпін» жасайды. Осыдан келіп оның бір техникаға байланғандығы мен кемшіліктері пайда болған деседі. Яғни, старттан жәй ғана жүгірмей, үдетіп желе жорту керектігі туралы психологиялық ұстанымдарға зиянды қағидалар пайда болған».

АЛТЫНҒА БЕРГІСІЗ КҮМІС ЖҮЛДЕ

Егер қазіргі күні жүз метрлікке жүгіру үш кезеңде жүргізілсе (алдын-ала, жартылай финал және финал), ал бұрынғы уақытта ол төрт сатыда өтетін. Қосанов бірінші сатысында ширек финалға өткен 28 қатысушының ішіне кірді. Алайда, одан кейін оған және өзге де екі кеңестік спринтшіге додадан шығуына тура келеді. Ақтық мәредегі алтылықтың жартысы американдықтардан құралды, батыс пен шығыс немістері де бар-тұғын. Дегенмен, жеңіске Германияның Біріккен командасының Армин Хари атты спортшысы жеңіске жетеді.

Бір аптадан кейін эстафеталық жарыстар басталады. Біздің төрттік саты бойынша былай болды: Қосанов – Бартенев – Коновалов – Озолин. Олар алғашқы екі кезеңді сәтті аяқтап, 8 қыркүйекке белгіленген алты мықты командамен бірге финалға өтті. Негізгі жеңіске үміткер ретінде американдықтар мен немістер саналды. Ал, КСРО мен Ұлыбритания, Италияның квартеттері өз арасында «қолаға» таласады деген болжам болды. Соңғы екеуінің құрамында оған дейін Рим Олимпиадасының медалін жеңіп алған нағыз «жұлдыздар» бар еді. Олар 100 метрлікте қола жүлде алған ағылшындық Петер Рэдфорд, итальяндықтардан одан бес күн алдын екі жүз метрлікте «алтын» жеңіп алған Ливио Беррути. Алайда, эстафеталық таяқшаны тапсырудан әбден жаттыққан кеңестік төрттік бұл екі команданы да басып оза алды. Ол 40,24 уақытымен үшінші болып мәреге жетті. Бірінші бөлімде Қосанов олимпиадалық чемпион, «желе жортуылшы» ретінде танылған Харимен бірге жүгірді. Неміс әлем елдерінің арасында ең жоғары старттық жылдамдыққа ие еді.

Бірінші орынға талас кезінде американдықтар Германияның Біріккен командасындағы бәсекелестерінен әлдеқайда жылдам болды. Алайда, жүгіріс кезінде олар екі рет ереже бұзды: АҚШ атлеттерінің бірі эстафета таяқшасын кеш берді, екіншісі алаңның жиегіне шығып кетті. Нәтижесінде олар мәреден шеттетілді, ал кеңестік квартет «қоланың» орнына «күміс» алды. Мұндай жетістікті КСРО спорт билігі үлкен сәттілікке, жеңіске балады.

Сол олимпиадалық жылдың күзінде Ғұсман Қосанов тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Бұл Кеңес біріншілігінің эстафеталық жарысында орын алды. Қосанов жүгірген Қарулы күштер құрамасы барлық басқа спорттық одақтардың командаларының қара үзіп шықты. Олардың арасында Озолин, Бартенев пен Игорь Тер-Ованесяннің (атақты ұзындыққа секіргіш жоғары жылдамдықтың иесі) «Буревестнигі» де бар.

Атақты желаяқтар – Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосанов

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ҚОС ЖЕЛАЯҚ

1962 жылы Қосанов елге оралып, Қазақстанның атынан шыға бастады. Сол уақытта біздің республикамызда тағы бір талантты желаяқ Әмин Тұяқов өсіп келе жатыр еді. Ол кейіннен мәскеулік ЦСКА-ға әскери қызметке шақырылған. Дәл сол жылы Тұяқов КСРО чемпионатында 200 метрлікте «алтын» жеңіп алады, ал ең қысқа қашықтықта «қолаға» қол жеткізіп, тек Озолин мен Николай Политикоға жол береді. Әмин құрдасы сияқты Рим Олимпиадасынан кейін спринтерлік таңдаулы топтың құрамына соңғылардың бірі болып кіреді.

Бір жылдан кейін КСРО халықтарының 3-ші жазғы Спартакиадасы басталады. Ол төрт жылда бір рет өткізілетін Одақтағы ең айтулы додалардың бірі еді. Ақтық сынға екі спринтерлік қашықтықта қос қазақ желаяғы өтіп, «ТОП-6»-ға кіреді. Олар, әсіресе, 100 метрлікте жақсы өнер көрсетеді: Тұяқов күміс, Қосанов қола (бірдей уақыт көрсетеді) медальге қол жеткізеді. Оларды тек Озолин ғана басып оза алды. Ол 200 метрлікті жеңіп, Әмин үшінші, Ғұсман алтыншы орын алады. Ақырғы шешуші күні 4х100 метрлік эстафетаның ақтық сыны өтеді. Мәскеуліктер жеңіске ие болады. Оның ішінде Тұяқов та бар еді. Осылайша, ол Спартакиада марапаттарының толық жиынтығының иегері атанады. Ал, Қосанов жетекшілік ететін қазақстандық квартет 4-ші орын алып, Мәскеу, Ленинград және РСФСР командаларына жол береді.

Сонымен қатар, 1964 жылдың қазанында Жапония астанасында өткізілуі тиіс кезекті Олимпиада жақындап келе жатқан болатын. Оның басталуына бір жарым ай уақыт қалғанда Киевте КСРО чемпионаты өткізіліп, ойындарға іріктеудің негізгі сатысы ретінде қарастырылды.  Туған жерінің атынан шығып жүрген Тұяқов 100 метрлікте қола жүлдегер, ал Қосанов төртінші болып мәреге жетті. «Күмісті» алған Озолин, осы қашықтықта көпжылдық рекордты жаңартқан Политико сияқты екеуі де 10,3 секунд көрсеткіш көрсетті. Соңғысы 200 метрлікте жеңіп, спринтерлік құраманың көшбасшысы ретінде танылды.

Эстафеталық төрттікті қалыптастыруда жаттықтырушылар штабының таңдауы Озолинге, мәскеулік Борис Зубовқа (200 метрлік қашықтықтағы қола жүлдегер), Қосанов пен Политикоға түсті – дәл осы тәртіппен олар жазғы ойындарда өнер көрсетуі керек еді. Токиоға бесінші запаста Тұяқов тұрды.  Алайда, олимпиадалық бәйгелердің басталуының қарсаңында Политико жарақат алды. Оның орнына жаттықтырушылар Тұяқовты ұсынды, ал 20 жасар «бәйге көрмеген» Борис Савчуктың одан да ұзын спринтке шамасы жететін. Нәтижесінде ол 400 метрлікте Кеңес Одағының бірнеше дүркін чемпионы болды. Бірақ, оның әлі де эстафеталарға қатысуға тәжірибесі аздық етті. Бәлкім, бұл шешімге қазақстандықтың құяң ауруы себеп болған шығар. Қалай болғанда да, Украинаның перзентіне жүктелген төртінші шешуші саты ол үшін сәтсіз болды. Ақтық жүгіруде Қосанов Озолин мен Зубовтан қалған сара жолды жалғастырды. Сөйтті де таяқшаны бірінші болып берді. Тіпті, американдықтар да артта болды. Алайда, Савчук өз сатысының басталуы кезеңінде қателік жіберіп, бесінші болып мәре сызығын кесті. Сөйтіп, біздің төрттігіміз «күміс» пен «қола» алған командалардан болмашы секундтарға ұтылып қалады. Егер Политико зақым алмағанда бәрі де басқаша болар ма еді…

ҚАЙҒЫЛЫ ФИНАЛ

Бір жылдан кейін Киевте КСРО-АҚШ арасындағы дәстүрлі жеңілатлетикалық жарыс өтті. Алдында 4х100 метрлік ерлер эстафетасын алты рет шүбәсіз американдықтар ұтып алды. Енді Озолин, Тұяқов, Қосанов пен Политико сияқты майталмандары бар кеңестік құрама бірінші рет жоғарыдан көрінді (әрі бүкілкеңестік рекордты жаңартты). Сол үшін төртеуі де «КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын иемденді. Басқалай айтсақ, американдықтарды жеңген кездесу 1960 жылғы Олимпиададағы «күмістен» де жоғары бағаланды. Оның үстіне АҚШ құрамасында Джим Хайнс өнер көрсеткен еді. Ал, ол үш жылдан кейін 100 метрлікте Олимпиада чемпионы болып, әлем бойынша бірінші рет 10 секундты бағындырады.

КСРО чемпионатындағы соңғы медалін Қосанов 1966 жылы алады. 100 метрліктің финалында Озолинге ғана жол береді. Содан кейін ол жаттықтырушылық қызметке кетеді: бірінші қатардағы бапкер, содан соң республикалық жеңіл атлетикадан жоғары спорт мектебін басқарады. 1988 жылғы Олимпиадада Қазақ КСР-ның атынан бірден 6 жеңіл атлеттің қатысып, оның үшеуінің медальмен оралуы, қалған екеуінің құрмет тұғырына шығуына сәл-ақ қалғаны, бәрі-бәрінде Қосановтың өлшеусіз үлесі болды.

1980 жылы Ғұсман Қосанов Молдовада үйленген зайыбы Зинаида Тихоновнамен бірге көлік апатына ұшырайды. Өзі ауыр жарақаттанып, жан сақтау бөліміне түседі де, әйелі тіл тартпай көз жұмады. Чемпионды жақсы білетін таныстары Ғұсман Қосановтың әйелінің қазасын ауыр қабылдағанын, одан кейін құрған отбасы ол қайғысын үдете түскенін айтады. Себебі, балаларының өгей шешесімен қарым-қатынасы дұрыс болмапты.

Спорттық ұйымның республикалық мектепті қайта ұйымдастыру туралы идеясы да Қосановтың психологиялық ахуалына кері әсер етті. РШВСМ-ді әр түрлі спорт түрінен бір жерге біріктіру туралы шешім қабылданды. Жеңіл атлетика мектебін біраз уақыт басқарған оған жаңа құрылымды басқаруға рұқсат бермеді ме, әлде белгілі бір себептермен өзі бас тартты ма, жеме-жемге келгенде Қосанов директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ал, бұл сондай атақты адамның еңсесін езді.  Сонымен қатар, ол қатты науқастанып та қалған еді.

1991 жылы жоғарыда аты аталған «Легкая атлетика» журналында атақты спринтшіні еске алуға арналған Борис Валиевтің мақаласы жарық көрді. Онда Әмин Тұяқовтың: «Оның өзін-өзі өлтіруіне жарты жыл уақыт бұрын біз Совминнің ауруханасында бірге жаттық. Сол уақытта менің аллергиялық демікпем асқынып, құяң ауруының белгілері пайда бола бастаған еді. Ал, Ғұсман небәрі бірнеше айдың ішінде ауыр дәрежедегі қант диабетімен ауырып қалды. Мен өз еркіммен ауруханаға жатып, спорт басшылығынан көмек сұрасам, Қосановты еркінен тыс «қинап» жатқызды. Палатада ауру оның сыртқы келбетіне ғана емес, психикасына да қатты әсер еткенін байқадым. Түндерде ол мүлде ұйықтамады десем де болады: аурухана дәлізінде жүріп, үнемі бір нәрсені ойлап жүретін. Бірақ, ине шаншығаннан соң 20 сағат тұрмастан ұйықтайтын, кейін қайтадан ұйқысыздық. Мен онымен бірнеше рет тілдесуге тырыстым. «Ғұсман, сені қинайтын не? Ішіңдегіні айтсаңшы, сәл жеңілдейсің ғой…» дегенімде, ол бетіме безірейіп қана қарайтын. Уақыт өте келе мен дәрігерлердің өзара Қосановты өздерінің науқасы еместігі, психдиспансерге апарып жатқызу қажеттігі туралы сыбырласқан әңгімелерін жиі еститін болдым», – деген пікірі жарияланды.

Валиевтің сөзіне сүйенсек, Леонид Бартенев Қосановтың төмендегі ерекшелігіне тоқталыпты: «Маңызды старттардың алдында оның қатты уайымдағаны сонша, оның бірден температурасы көтеріліп кететін. Өзіндік ішкі жоғары талабы осылайша ауруға айналды».

Бәлкім, осындай біз біле бермейтін жағдайлар оның өмірінің қасақана қиылуына алып келген болар. Қайғылы жағдай 1990 жылдың 19 шілдесінде орын алды. Ол өзінің өлер алдындағы хатына ешкімді кінәламайтынын жазып, ұлдарынан кешірім сұрапты.  Ғұсман Ситтықұлының жасы небәрі 55-те болатын. Дәл сол жылы «Жалын» журналында оның «Тұғырға жол» деген автобиографиялық повесі жарық көрді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақты жаһанға танытқан желаяқ Ғұсман Қосановтың ғұмыр жолын, спортттағы айтулы жетістіктерін саралай келе «адам қандай тұғырға көтерілсе де, өзін жоғалтпауға тырысу керек» деген ой түйдік. Мейлі ол қандай маңызды қадам болса да, алдымен өзімізді сақтауымыз керек екен. Сондай-ақ, «жүрген соң баурайында күнде көріп, биіктігі байқалмайтын алып тауларымызды» дер кезінде бағалай білмейтініміз өкінішті. Ғұсман Қосанов сияқты аңыз адамның өмірінің соңы трагедиямен аяқталғанына өзге емес, өзіміз кінәліміз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here