«Әуезовтің 21 спектаклінде ойнаған»

0
2015

Ұлтымызда өнерімізді асқақтатып, мемлекетіміздің абыройын өзге елдерге танытқан қандастарымыз жеткілікті. Солардың бірегейі – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі, театр мен кино қос қанатындай болған Қапан Оралұлы Бадыров еді. Оның шығармашылығымен көрермендер жақсы таныс. Алайда, көрнекті тұлғаның адамгершілік, отбасылық және басқа да қырларын жұртшылықтың бәрі бірдей біле бермейтіндігі ақиқат. Сондықтан атақты әртістің інісі Ғалымның Қостанай шаһарында тұратын ұлы, яғни біздің замандасымыз Орынтаймен арнайы жүздесіп, Қапекеңнің кісілік келбеті, ұрпақтары, артында қалдырған жарқын іздері жайлы сөйлескен едік. Бүгін осы «Өнерім – өмірім» деп өткен ардақты мәдениет қайраткері жайлы сыр-сұхбатты талғампаз қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ол келешекте өнерді қуамын деп жүрген жастарға да ықпалын тигізеді деген ойдамыз.

«Әріптестері оны «Тірі энциклопедист» дейтін»

 – Орынтай Ғалымұлы, Сіз ұлтымыздың мәртебесін биіктетіп, бүкіл саналы ғұмырын мәдениетімізге арнаған, жаны ізгілікке толы Қапан атамыздың туған бауыры Ғалым ағаның ұрпағы екендігіңізді білеміз. Өзіңіз бір жүздескенімізде ол жайлы тебірене әңгімелеген болатынсыз. Бүгінгі сұхбатымызды осыдан бастасақ…

– Ең алдымен, атамыз жайлы сұхбат берердің алдында үлкен толғанысқа түстім. Өйткені, ол кісінің өмірін бір кісідей жақсы білемін. Жастайымнан араласып, қолына су құйып өстім. Көргенде мені қатты еркелететін. Сондықтан да айтарым мол.

Оның өткен өмір жолына тоқталатын болсақ, құжатында 1904 жылы 21 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданының Табынды деп аталатын киелі мекенінде дүниеге келгендігі туралы жазылған.

Атамызбен үйінде болған кездерімде жас айырмашылығына қарамастан әңгіме тиегін ағытып, көп сырласатынбыз. Сондай кездері «Айналайын Орынтай, сенің біліп жүргенің дұрыс. Барлық қағаздарда жоғарыдағыдай мәліметтер жазылғанмен, негізі мен 1902 жылы туғанмын» дейтін.

Ол қазақтың өнер тарихында өзінің жарқын ізін қалдырған қайталанбас тұлға. Артта қалған кезеңдерге кішкене шегініс жасайтын болсақ, атамыз сонау бір шақтарда, алдымен, бастауыш ауыл мектебін қатар құрбыларындай тәмамдаған соң, 1922-1925 жылдары Орынбор шаһарындағы Қазақ халық ағарту институтында білім алды.

– Сирек дарын иесінің өнерге келуі жайлы не дейсіз? Биік асуларды қалай бағындырды?

– Оның бойындағы талант ұшқыны сонда оқып жүрген кезінде-ақ жарқырап көрінді. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, бозбала алғаш рет даңқты жерлесіміз, қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің «Бетім-ау, құдағи» деп аталатын шағын ғана пьесасында Айқынның бейнесін сәтті шығарған.

Уақыт өте атамның өнердегі жолы басталып, 1925 жылы елімізде жаңадан ашылып жатқан қазақ драма театрына қызметке алынды. Арада көп өтпей ол арнайы жолдамамен Алматы мал дәрігерлік техникумына оқуға жіберіліпті.

Тұла бойынан әртістік қабілеті көзге ұрып тұратын бозбала мұнда да уақытын босқа өткізбеді. Осындағы қыз-жігіттердің басын қосып, жастар театрының көркемдік жағына жетекшілік етті. Ол кішігірім ұжымда ұлтымыздың мақтанышы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» және басқа да бірқатар спектакльдерді қойды. Бірақ, өзі де бірқатар рөлдерді сомдап, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды. Алайда, оны үлкен өнер ордасы өзіне тартты да тұрды. 1935 жылы баяғы өзін әртістік қызметке шақырған қазақ драма театрына оралып, шығармашылық жұмысын одан әрі жалғастырды.

Атамыздың режиссерлік қабілет-қарымы да зиялы қауымды тәнті етті. Сондықтан да шығар, ол сонау Ұлы Отан соғысы қарсаңында, яғни 1940-1941 жылдары осы жауапкершілігі жоғары саламен де айналысып, ұлтымыздың белгілі қаламгері Әлжаппар Әбішевтің «Жолдастар» деп аталатын драмалық туындысын дайындап, талғампаз көрермендерге ұсынды.

Оқырмандар назарына сала кетер бір жай, оның тұңғыш шығарған сәтті образы – М.Тригердің «Сүңгуір қайығы» деп аталатын туындысы. Мұнда ол Игорь Олениннің бейнесін аса бір шеберлікпен ойнап шықты. Одан кейін де қаншама белгілі жазушы-драматургтардың шығармаларын үлкен сахнада жүректерге жеткізе білді.

Классикалық туындыларды да сомдады. Әрине, оның бәрін қайталап жатпайық. Ерекше тоқталатыным, қазақ халқының біртуар перзенті Мұхтар Әуезовтің спектакльдері оның ғұмырында ерекше орын алды десем, қателесе қоймаспын. Атақты академик-жазушының 21 пьесасында жоғары актерлік қырымен дараланғанын тілге тиек еткім келеді.

Мұхтар Омарханұлының әлемге танылған «Абай» романын сахналағанда Абай рөлі үшін оған КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл 1952 жыл болатын. Сол кездегі бұл атақ атамыздың мерейін үстем етіп, ұзақ жылғы ізденісіне берілген әділ баға еді.

«Бұл әулетте бес ұл-қыз өсті. Үйдің тұңғышы – Қапан атамыз»

– Біз даңқты жерлесіміздің өнердегі көтерілген биік шыңын жақсы білеміз. Алайда, оның ата-анасы, бауырлары, өскен ортасынан бейхабармыз. Сондықтан соған да қысқаша тоқталып өткеніңіз орынды секілді.  

– Өнерде өшпес ізін қалдырған мәдениет қайраткерінің балалық шағы ұлтымызға тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералинді, Социалистік Еңбек Ері, ұлы актер Серке Қожамқұловтарды берген Қарабалық ауданы, яғни жан-жағы нулы орманды, жасыл шалғынды, табиғаты сонадайдан көзге ұрып тұратын таңғажайып өңірде өтті.

Ата-анасы ұл мен қыздарының амандығын тілейтін, өздеріне сеніп тапсырылған шаруаларын мінсіз атқаратын қарапайым ғана кісілер болатын. Отағасы Орал құрылыс саласында аянбай жұмыс істеді. Көнекөз кісілердің айтуына қарағанда, қолы өте шебер екен. Ал, оның бәйбішесі қазақтың барлық қыздарына тән асыл қасиеттер – қонақжайлықты, инабаттылықты, кішіпейілдікті жетік меңгерген үй шаруасындағы әйел-тін.

Өздері жұрт қатарлы тіршілік кешсе де, перзенттерін жастайынан ізгілікке, мейірбандылыққа, адалдыққа баулыды. Бұл әулетте бес ұл-қыз өсті. Інілері Ғалым, Дәуіт, Бұхар және қарындасы Зурабибіге, үйдің тұңғышы болған соң Қапан атамыз қолдан келген қамқорлықты жасады.

Бұл күндері олардың ұрпақтары да үйлі-баранды. Мысалы, бәрін айтпағанның өзінде, Дәуіт ағамыздың ұлы Мұрат жастайынан көпшіл, талапты жігіт болып қалыптасты. Өсе келе, дәрігерлік мамандықты таңдады. Қаншама адамдарды емдеп, жұртшылықтың алғысына бөленді. Қазір зейнеткер. Облыс орталығында ғұмыр кешіп жатыр.

– Қапан Оралұлы өзі Алматыда тұрса да бір әулеттен тараған бауырлары және олардың ұрпақтарымен тығыз байланыста болған шығар. Осы жөнінде де айта кетсеңіз?

– Иә, атамыздың бүкіл саналы өмірі театр және киномен тығыз байланысты болды. Алайда, уақытының тығыздығына қарамастан туып-өскен жеріндегі ағайын-бауырларымен де араласуды ешқашан ұмытқан емес. Осы жақтан жылы хабар естісе, марқайып, кәдімгі жас балаша қуанып қалатын. Ал, еңбек демалысы кездерінде Қарабалықтағы барлық туысқандарды түгел аралап шығатын. Ата-анасы мәңгілік тыныстап жатқан зиратқа барып Құран оқытатын. Дүниеден өткен ағайындардың үйлеріне арнайы барып, ежелден келе жатқан дәстүр бойынша бата оқып, жерлестерінің қайғысына ортақтасып жататын.

– Өзіңіз атаңызды алғаш рет қашан көрдіңіз? Сол сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз? Ол кездегі Алматыда болудың өзі ауылдағы Сіз секілді қазақтың арманшыл балалары үшін қол жетпес асыл арман емес пе еді?

– Бал дәурен балалық шақтағы көзбен көріп, көңілге түйген қимас әсерлер адамның жүрегінде мәңгілік сақталып қалады екен. Ұмытпасам, 1964 жыл болар, шалғайдағы ауылда тұратын әкем екеуіміз пойызға отырып, Алматыға жол тарттық. Сондағы қуанышымды тілмен айтып жеткізе алмаспын.  

Әрине, бұрын бұл әлемдегі көркем қала жайлы кейбір кісілер әңгіме қозғағанда ұйып тыңдап қалатынбыз. Сондықтан да шығар, бұл шаһарға жеткенше асыққанымды жасырмаймын.

Сол жылдары Қапан атаның отбасы үлкен қаладағы 8 наурыз көшесіндегі жеке үйде тұратын. Ауласында көздің жауын алатын қып-қызыл шие және басқа да жеміс-жидектер өсіретін.  

Өзім үйдің алдындағы арықтан сылдырап аққан мөп-мөлдір суды бірден байқадым. Оның тазалығы соншалықты, судың түбіндегі ұсақ тастарға дейін ап-анық көрінетін.

Шіркін, сол кездегі Алматының апортын айтсаңызшы! Дәмі тіл үйіретін, үлкендігіне жұмсаң жұдырығың жетпейтін. Шаһардың кәусар ауасы да тынысыңды кеңейтіп, таң атқаннан бастап қос рельстермен жүретін трамвайлардың дыбысы түннің бір уағына дейін құлаққа жетіп жататын.

Атамыздың үш баласы болды. Солардың қатарындағы Алина және Олегпен тез тіл табысып кеттім. Қанша дегенмен, әлі де болса ойын баласы емеспін бе? Бұрынғы астанадағы М.Горький саябағындағы Хайуанаттар бағына барғанымыз да әлі күнге дейін есімде.

«Шаңырақтың алтын діңгегі болған Анна апамыз орыс қызы болатын»

 – Ер азаматтың сүйікті ісімен айналысып, жұртшылықтың арасында абырой-беделінің жоғары болуы, ұрпақтарының тағылымды тәрбие алуы сол шаңырақтағы әйелдің парасат-пайымына, жан сарайының қаншалықты кеңдігіне де байланысты екендігін өмірден көріп жүрміз. Сөздің орайы келгенде өнерлі шаңырақтың өзара сыйластығы хақында сыр шертсеңіз?

– Абыз актердің киелі шаңырағы жөнінде олар араласатын зиялы қауымнан тек қана жылы лебіз еститінбіз. Өйткені, отағасы мен отанасы Анна екеуі ұзақ жылдар бойы жарасымды тіршілік кешті. Жоғарыда тілге тиек еткенімдей, өздері тағылымды тәрбие берген үш баласын оқытып, өмірден өз орындарын табуына ықпалдарын тигізді.

Шаңырақтың алтын діңгегі болған Анна апамыз орыс қызы болатын. Бірақ, оның біздің ұлтымызға деген құрметі мен ниеті қашан да түзу еді. Қазақтың барлық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына деген ықыласы бірден көзге ұрып тұратын.

Қонақжайлығы да ауыз толтырып айтарлықтай-тын. Алыстан келген туған-туыстарын жылы жүзбен қарсы алып, барын алдына қоятын. Отағасын дүниеден өткенше «Қапеке» деп сыйлады. Атамыз да бәйбішесіне артық сөз айтқан емес. Екеуінің арасындағы түсіністік керемет-ті.

Отанасы, негізі, Алматыға сонау бір жылы Самарадағы педагогикалық институтты аяқтаған соң, арнайы жолдамамен келіпті. Содан көп жылдар бойы ұстаздық қызметпен айналысқан. Қаншама өнегелі шәкірттер тәрбиелеген. Адал қызметі жоғары бағаланып, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атанды.

– Қапекең отбасында қандай әке болды? Ол араласып, сыйласқан зиялы қауым өкілдерінен кімдердің есімдерін атар едіңіз?

– Атамыз отбасының берекесін, ынтымақ-бірлігін әрқашан жоғары қойды. Зайыбы Анна апамыздың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық мүмкіндікті жасады. Қажет кезінде ақыл-кеңес те берді. Мұғалімнің жұмысы қашан да жетіп артылады емес пе?

Өзі гастрольден шаршап-шалдығып келген кездері балалары алдынан жүгіріп шығып, мойнына асылғанда оларға әкелік махаббатын үйіп-төгіп жататын. Олардың сабағына да көп көңіл бөлді. Ең бастысы, перзенттерінің еліне адал қызмет етіп, саналы, парасатты, намысты, ар-ожданды биік қоятын азаматтар болып қалыптасуына ерекше назар аударды.

Қызы Алинаның бойындағы өнерге деген құштарлықты ерте сезді. Сондықтан мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап оны музыкалық мектептің фортепиано класына берді. Ол үнемі: «Музыкаға бейім баланың жаны сұлу, талғампаз болып өседі. Адамдық, кісілік қасиеті жоғары болады», – деп айтып отыратын.

Сол Алина әкесі секілді айтулы мәдениет қайраткері болмағанмен, ғылымға ерекше ден қойды. Соның нәтижесінде биология ғылымдарының кандидаты атанды. Ол бұл күндері 85 жаста. Мәскеу шаһарында тұрады. Кезінде сүйген адамына қосылып, екі бала тәрбиеледі. Оның бірі дүниеден өтті. Екіншісі Николай болса, бұл күндері анасының нағыз жанашыры.

Өзім осынау тұлғасы биік, жаны сұлу, ұлтын шексіз сүйетін әпкемді ерекше жақсы көремін. Інілік парызыма адалмын. Оның мейірімді де қайырымды, бауырмалдық қырлары сөйлеген сөзінен сезіліп тұрады. Осыдан біраз уақыт бұрын Ресейдің жүрегі болып табылатын көрікті қалада болдым. Мені жылы қарсы алып, елге оралар кезімде қимай қоштасты.

Алинадан кейінгі Олег және Владислав деген жиендеріміз жасы келіп қайтыс болды. Атамыз аталған балаларынан үш немере сүйді. Сол немерелерінің бірі – Павел өнер жолын қуды. Әртістік қабілеті өте жоғары. Сонымен қатар, спортпен де шұғылданады. Қазіргі таңда Санкт-Петербург шаһарында тұрады.  

Менің байқауымша, Қапановтар әулеті Алматыда аса сыйлы шаңырақтардың қатарында болды. Сондықтан әріптестерін былай қойғанда, ұлтымыздың бетке ұстар қаймақтары болып табылатын қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және басқа да танымал кісілермен сыйласты.

Жалпы, өмірден түйгенім, өнер адамдары ешқашан да дүние қуған емес. Олардың ғұмыры сахнада өтеді. Барлық уақыты мен ізденісі тек соған ғана арналады. Атамның үйінде болған кездері байқағаным, бөлмелерінің қабырғалары кітапқа толы-тын. Кітапханалардан табылмайтын рухани қазыналар осы шаңырақтағы сөрелерде тұратын.

– Қазақстанның Халық әртісі кино саласында да көп тер төккендігі белгілі. Жұмыстан қолы босаған кездері немен айналысатын?

– Оныңыз рас. Атам жиырмаға жуық көркем фильмдерге түсті. Оның бәрін моншақтай тізіп жатпай-ақ қояйын. Соңғы түскен фильмдерінің бірі «Еңлікгүл шешек атқанда» деп аталады. Онда Жүнісовтің образын сомдады.

Зиялы қауым өкілдері оны «сегіз қырлы, бір сырлы актер» деп босқа атамаған болар. Өнер саласындағы қызметі де ескерусіз қалған жоқ. Кезінде кеудесіне қос рет Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендері тағылды. Қазақстанның Халық әртісі атанды. Қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі ретінде есімі тарихта қалды.

Жалпы, атам бос уақытты текке жібермейтін. Оның әрбір сәтін тиімді пайдалануға тырысты. Көп оқитын. Күнделік жазатын. Сонымен қатар, қазақ өнерінің саңлақтары Күләш Байсейітова мен Серке Қожамқұловтың мерейтойларына арнап жыр шумақтарын ақ қағаз бетіне түсіргені де бар. Сондай-ақ, ол көзі тірі кезінде «Өткендер мен өткелдер», «Естен кетпес есімдер», «Театр, моя судьба» деп аталатын кітаптарын мұра етіп қалдырды. Оларды қолға алып оқыған жастар қаншама тағылым алары айдан анық.  

– Оның өмірінің соңғы кездері де жадыңызда сақталған болар?

– Халқының сүйіспеншілігіне бөленген тұлғаның өнердегі жолы кейінгі өскелең ұрпаққа қай жағынан алсақ та өнеге. Ол мәнді де мағыналы ғұмыр кешті. Кездескен сайын маған: «Менің қанатым, адалдықты пір тұт. Ешкімге қиянат жасама. Маңдай термен тапқан нанның дәмі тәтті болатындығын ешқашан ұмытпа» дейтін. Сол кісінің айтқандары мен өсиет сөздерін бойтұмардай ұстанып келемін. Жоғары білім алып, Роза есімді қазақ қызымен тағдырымды қостым. Қос перзентімнен үш немере сүйдім. Құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықтым. Қазір соның жемісін көріп отырмын.

Атамыздың соңғы кездері көру қабілеті нашарлады. Денсаулығы да сыр бере бастаған-ды. Ол 2000 жылы қайтыс болды. Алматы қаласында жерленді. Анна апамыз да отағасынан кейін дүниеден өтті. Осы үлкен шаһарға жолым түскен сайын зиратқа барып, оның аруағына бағыштап Құран оқытуды ұмытпаймын.

Сол кездері есіме өнер саласындағы көнекөз қарттардың «Дүние-мансап – қолдың кірі, ал өнер – мәңгілік» деген даналы сөздері есіме еріксіз түседі. Шынында да солай емес пе?!

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Оразалы Жақсанов

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here