Такир БАЛЫҚБАЕВ: «Біз еліміздің ертеңін тәрбиелейміз»

0
2947

Біздер кейде өткенді еске алсақ, сол өткеннен тұтас тұлғаны іздейміз, кесек-кесек керемет көріністерді жіліктеуге немесе тұлғаға қатысты бір ерекше жәйтке мән бере қарағанды жөн санаймыз. Онымыз рас. Сол қазақы болмысқа тоқтап, біз де кейіпкеріміз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Такир Оспанұлы Балықбаевтың тұлғалық бастау бұлағынан, яғни кішіге жөн сілтер, көпшілікке елдікті айтар басшының балалығынан бүгінгі лауазымына дейінгі кезеңдерінен сыр суыртпақтап, басқаруындағы қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны туралы ашық әңгімелескен едік.

«МЕНІҢ ӨМІРЛІК ҰСТАЗЫМ – ӘКЕМ»

 – «Ауыл – алтын бесік» дейміз. Ендеше, сұхбатымызды туған ауылыңыздан бастасақ орынды болар. Сұрағымды Сіздің ауылыңыздан, жалпы отбасыңыздан бастап отырғаным да тегін емес. Өйткені, «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, ұстаздар ұясынан ұшып шыққаныңызды да білеміз. Педагог мамандығын таңдауыңызға әкеңіздің түрткі болғанын да күні кеше әлеуметтік желідегі парақшаңызда жаздыңыз. Ал, қандай ауылдан, отбасынан шықтыңыз?

– «Ауыл – алтын бесік» дегеніңізбен толықтай келісемін. Менің өмір жолым Жамбыл облысының Талас ауданындағы Талас өзенінің төменгі беткейіндегі кішкентай ғана ауылдан бастау алады. Қазір ауылымыз Көшек батыр есімін иеленген.

Отбасында көрген тәлім мен жадына тоқыған тәрбиенің арқасында бала көкірегі ояу, есті болып өседі. Менің де тұлға болып қалыптасуыма өскен ортамның, яғни ауылым мен отбасымның әсері мол болды. Бәрін рет-ретімен айтайын.

Атам Балықбай Мейірманов белгілі шопан болған. Кеңес Одағының ең жоғары марапаты – Ленин орденінің иегері атанған. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Содан әкем 14 жасында әкесіз қалып, анасының тәрбиесінде өсті. Ал, апам Әсемкүл Сұлтанбекқызы ғасыр жасап, 2006 жылы дүниеден озды. Жарықтық апам өз дәуірінде молдадан сауат ашқан, кейін кириллицаны да жақсы меңгерген көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған-ды. Сол анасының сауаттандыруымен өскен әкем Оспан Балықбайұлы ғұмыр бойы мектепте математика пәнінен сабақ беріп, елге жанашыр, білікті ұстаз атанған жан. Анам Ұлболған Өтеуқызы да әкеммен бір мектепте түрлі жұмыс істеді.

Әкемді жанашыр деуімнің себебі, ол сегізжылдық мектеп құрудың басы-қасында жүргендердің бірі. Өйткені, ауылда бұрын бастауыш мектеп қана болған. Әкем бастауыш мектептен соң оқуын жалғастыра алмай қалған көптеген қыздар мен жігіттерді жастары үлкейіп кеткеніне қарамай сол мектепте баулып, ағартушылық жұмысты да өзге мұғалімдермен бірдей жалғастырған.

Біздің шаңырақ – ұстаздардың үйі болғандықтан ба, кез келген уақытта оқушылар үйге келіп, бірге математикадан есеп шығаратын, әкем оларға ән айту мен би  билеуді де үйрететін, осылайша мұғалім мен оқушы арасындағы жақындықты көріп өстім. Бойыма ұстаздыққа деген ниет-қабілеттің сол кезде оянғаны да даусыз.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді халық даналығы. Жоғарыда айтқанымдай, бала нені көрсе, соған еліктейді ғой. Алдын көріп, тәлім алған ұстаздарымыз біз үшін үлкен тұлға болды. Математика ғылымына бет бұруыма себеп болған әрі мектептегі, әрі өмірлік ұстазым – әкем. Сол кісілерге қарап өстік. Кейін үлкен армандар ұлы жолға бастап, ұстаздық жолға аяқ бастық. Бұл бір жағынан сол шағын ғана ауыл ұстаздарының ықпалынан болса керек. Жақында туған ауылымда болдым. Бір қуаныштысы, 55 жыл бұрын бой көтерген ауыл мектебі бүгінде қайта салынып, заман талабына қарай жанданып келеді. Ғылым, білім жолын таңдауымның бір негізі – осы кішкентай ғана білім ордасында жатыр. Әрине, армандап қою аздық етеді. Оқушы кезімнен математикаға арналған оқулықтар мен журналдарды бар ынтамен оқып өстім.

Бір әкеден тарап, бір анадан тәлім алған тоғызымыздың үлкені – өзім. (Жалпы он ағайынды едік). Жалғыз мен емес, менің бауырларым да осы саланың айналасында еңбек етеді. Төрт қарындасым мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Әрқайсысымыз түрлі пәнді таңдағанымызбен, барлығымыздың ұрпақ тәрбиесі жолында жүрген жайымыз бар.

Жалпы, жастардың болашақ мамандығын таңдауында оған үлгі болып жүрген тұлғаның әсері зор болады. Мысалы, баланың «Кім болам?» деген сұраққа жауап іздеп, қиялға берілетіні бар. Ал, оның күнде көретіні – мектептегі мұғалімі. Міне, педагог мамандығын таңдап, ұлы жолды жанына серік еткісі келетін әр адам әрекетінің арғы жағында – қызығу, еліктеу, «осындай ұстаз болсам ғой» деген асқақ арман жататыны сөзсіз.

«МЕН КІММЕН ЖҰМЫС ІСТЕСЕМ ДЕ, СОНЫҢ ЖАҚСЫ ЖАҒЫН АЛУҒА ТЫРЫСТЫМ»

– Сіз ұзақ та үлкен өмір жолынан, еңбек баспалдақтарынан өттіңіз. Кеңестік кезеңде де, Тәуелсіздік тұсында да мемлекеттік түрлі жауапты қызметтер атқардыңыз. Ал, сол жолыңыз қалай басталып еді? Қандай ұстаздардың алдынан өттіңіз?

– Мен мектепті аяқтаған соң оқуға түспей, ауылда бір жыл қарапайым электромонтер болып жұмыс істедім. Кеңестік дәуірде қай саланың жастары болмасын түрлі шаруашылық жұмыстарға жіберілетінін білесіз. Сондай жастардың қатарында мен де болдым. Біздерді сақпанға, қырықтыққа (қой жүнін қырқу науқаны), шөп тасуға, басқа да совхоздың толып жатқан шаруашылық жұмысына жібергенде, өзіме бір шешім қабылдағаным бар. Ол бойымдағы барымды тек білім мен ғылымға жұмсауым керек деген шешім еді. Шүкір, мақсатым да, арманым да орындалды.

1975 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Бала күнімнен математикаға жақын болғандықтан, жоғары оқу орнында да таңдаған мамандығым осы болды. Бұл жерде атақты ғалымдар мен профессорлардың алдын көріп, солардың дәрісін тыңдадық. Сол уақытта аға буын саналған Асқар Закарин, Хасен Ибрашев, сол кездегі факультет декандары болған Вячеслав Романов, Мамажан Орынбасаров, профессорлар Өмірзақ Сұлтанғазин, Александр Женсікбаев, Нұрлан Темірғалиев сияқты тұлғалардың тәлімі бізге өмірлік азық болды. Сонымен қатар, еліміздегі бас жоғары оқу орнын үлкен  деңгейге жеткізген университет ректоры, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің де есімін ерекше атап өткім келеді.

Ол кезеңде бір ғана жүйеленген бағытпен жүруге дағдыланып, сол бағытта ғана ізденетін қағида болатын. Айталық, мен мектепте үздік оқыдым, университетте өзіміздің курста үздік студент атандым, сөйтіп сол оқу орнында жұмысқа қалдырылдым.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне тағылымдамаға барып, сол жерде аспирантураны аяқтадым. Білім жолымды Мәскеуде жалғастырып, тәжірибе жинауыма ықпал болған Өмірбек Арысланұлының ұсынысы болды. Ол кісі мен сияқты талай жастың жолын ашып берді. Аспирантурадан кейін университетке келдім, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары болдым. Ғылым-білімге деген үлкен қадамым осындай баспалдақтардан басталды.

Мәскеуде ғылыми жетекшілерім Борис Сергеевич Кашин мен Петр Лаврентьевич Ульянов болды. Мен осы кісілердің жетекшілігімен диссертациямды қорғадым және әлемдегі соңғы үрдістердің жетістіктерін Мәскеуде көргенмін. Осы кезең жеке басыма ертегідей әсер етті. Неге десеңіз, ол жерде есімі мәшһүр академиктер Андрей Николаевич Колмогоров, Иван Матвеевич Виноградов, Сергей Михайлович Никольский, Борис Владимирович Гнеденколардың лекцияларын тыңдап, оларды өз көзіммен көріп, олармен пікір алмастым. Бұлардың әрқайсысы біртуар жандар!

Тұғырлы тұлғаға айналған академиктердің сабақ беру әдісін, ғылыми баяндаманы қалай жасағанын көріп, солардың тәлімін алуға тырыстық. Ол шақ – математика ғылымының шарықтап тұрған дәуірі еді. Жалпы, ғылыми орта – ерекше орта. Ғылыми ортаның ғажаптығын біздер жоғарыда аты аталған кісілер арқылы танып-білдік.

Мен кіммен жұмыс істесем де, соның жақсы жағын алуға тырысамын. Сондықтан білім-ғылым саласындағы көп адамды өзіме үлгі тұтып, ұстаз санаймын. ҚР Білім және ғылым министрлігіне жұмысқа келген кезде де маған көп нәрсені үйреткен сол министрліктің, білім комитетінің басшылары, орынбасарлары еді. Әділ Құрманжанұлы Ахметов, Базар Қабдошұлы Дамитов сияқты ағаларымды да «менің ұстаздарым» деп айта аламын.

Жетіп жатқан жетістіктерімнің бір басында осы кісілерден алған тәлім-тәрбиеміз тұрса, таразының екінші жағын өзіміздің талпынысымыз тартып тұрады. Себебі, сол кезде жоғары оқу орнында оқу, одан қалды Мәскеуде білімді жалғастыру, біріншіден, екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс болса, екінші жағынан, бұл үлкен талап пен еңбекті қажет етеді. Сол кездегі ғылым мен білімге деген қызығушылығымыз бертін келе қызметке алып келіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінде, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында жауапты қызметтер атқардым. Жастық шақтағы талпыныс пен қызығушылық «қайтсем ғылым мен білімді дамытамын» деген жақсы ниетке ауысты.

– Ғұмырбаяныңызға зер салсақ, өміріңіз білім-ғылыммен тікелей байланысты екен. Осы күрделі салаға қандай жоба, жаңалық енгізе алдым деп ойлайсыз?

– Бұл сұрағыңызға біраз тоқталуға тура келеді. Біріншіден, математика саласында ғылыми жұмыстармен айналыстым. «Ортогональдік қатарлар мен жүйелер» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізіп, кандидаттық диссертация қорғадым. Осы тақырып аясында еңбектер жазып шықтым. Бұл менің таза ғылымға, соның ішінде математика ғылымына қосқан үлесім болса керек. Екіншіден, менің қызметтік жолым бірыңғай ғылыммен ғана емес, білім саласына қатысты жұмыстармен де байланысты. Сондықтан осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсем орынды болар.

Әуелі, Қазақстандағы білім беру саласына тест жүйесін енгізуге азды-көпті үлес қостым деп айта аламын. Тест орталығы директорының орынбасары ретінде 1999 жылы талапкерлерді жоғары оқу орнына қабылдаудың жаңа үлгісін енгізудің басы-қасында жүргендердің бірі болдым. Одан кейін 2004 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) білім саласына енгіздік. Ол кезде мен тест орталығының директоры болып қызмет атқаратынмын. Содан тестілеуге қатысты біраз жаңалық енгені белгілі. Бүгінгі күні олардың көбісі өзгеріске ұшырап, жаңарып келеді. Себебі, уақыт өзгеріп жатыр, ал білім саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық. Тестілеу жүйесінің енгізілгеніне 20 жылдай уақыт өтсе де, білім беру сапасын көтеруге, түлектерді оқу орнына қабылдау кезіндегі жемқорлықты жоюға үлкен үлес қосты, білім саласындағы негізгі бақылау жүйесіне айналды.

Бір айта кететін нәрсе, жұмысты жаңалық енгізу үшін істемейсіз. Істеп жатқан жұмысымызда елдегі білім беру жүйесі жақсарса, тың өзгеріс, алға басушылық болса деген ниет басым тұруы қажет.

Ұлттық білім академиясының президенті болып қызмет атқарған кезде жоғары білім мен техникалық кәсіби білім берудің жаңа стандарттарының үлгісін жасау керек болды. Республикадағы оқу орындарының жетекші мамандарымен ақылдаса отырып, сол стандарттардың жаңа үлгісін жасадық. Соның нәтижесінде кәсіптік техникалық білім берудің жаңа стандарты қалыптасып, жаңа мазмұн пайда болды. Бұл одан әрі дамуға ықпал етті.

Сонымен қатар, қазір біз университет ішіндегі екі институтта көлденең-дөңгелек басқару жүйесін енгізуге талаптанудамыз. Жалпы, біздегі басқару жүйесінің бәрі иерархиялық болса, басқарудың біз ұсынып отырған жүйесінде барлығы өзгеше. Мұның мәні – қамтамасыз ететін ұйымдардың барлығы бір деңгейде болады. Бәрі көлденең болып, бір-біріне циклді түрде қарайды. Сондықтан осындай мәселені енгізіп жатқан жайымыз бар. Бұл тек білім беруде ғана емес, басқару жүйесіне де жаңалық болып енуі мүмкін. Себебі, басқарудың бұл түрі Қазақстанда жоқ. Осындай идеяларды ұсынған кезде жұмысты жақсарту көзделеді. Мұндағы мақсат не? Мысалы, біздің университетте жеті институт, бір факультет бар. Солар өздерінің басқару жүйесінде, ішкі мәселелерін шешуде дербестікке ие болса деген ниетпен осындай жаңалықтар енгізудеміз. Мұндай институттардың дербестігі батыс университетінің көбіне тән. Біздегі Назарбаев университетінде де жоғары мектептері дербес жұмыс істейді.

Қарап отырсаңыз, бұл бір жаңалық ашу қажеттігінен емес, заман ағымына орай бейімделу мен даму жолында пайда болатын дүниелер.

«ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫ ДӘСТҮРМЕН ҰШТАСТЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ»

– Қазақта ұрпақ жалғастығы деген бар. Өзіңіз айтып отырғандай, Сіз үлкен мектептен өттіңіз, аға буыннан тәлім-тәрбие алдыңыз. Ол кісілер бағыт-бағдар берді, жол көрсетті. Ал, Өзіңіздің соңыңыздан ерген білім-ғылым саласындағы жастардан кімді атай аласыз?

– Бүгінде ғылым саласын бетке алып, білім айдынында еркін жүзіп жүрген жастар аз емес. Қазір мен қызмет бабымен тікелей шәкірт тәрбиелеумен айналысып жатқан жоқпын. Бірақ, осы университеттің өзінде көптеген беделді жастар бар. Олар ғылымда, өнерде, спортта, басқа да салаларда жетістікке жетіп жүр. Оларға өзінің әлеуетін көтеруге, жетістіктерге жетуіне мүмкіндік беру – біздің міндетіміз. Мысалы, жақында ғана, осы пандемияның кезінде, көптеген елдің жас ғалымдарының басын қосып, үлкен онлайн конференция өткіздік. Сол жерде біздің жас ғалымдарымыз өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Жастардың ғылым жолында жетістіктерге жетуі үшін жеткілікті дәрежеде жағдай жасалуы, сол жастарды ғылымға қызықтыра алатындай мүмкіндік берілуі қажет.

Қазір ғылымға бөлінетін қаржының да, мүмкіндіктің де көбейгеніне байланысты жас ғалымдарға үлкен жол ашылып келеді. Ағымдағы жылы студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының Республикалық конкурсының нәтижесінде университетіміздің 20 студенті мен 14 магистранты жеңімпаз атанып, ҚР Білім және ғылым министрінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Ал, конкурсқа еліміздің 25 жоғары оқу орнынан кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты 170 жас ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстары (жобалары) қатысты.

Былтыр ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған гранттық қаржыландыру бойынша 2020-2023 жылдарға арналған Жас ғалымдар жобасының конкурсына университетімізден 14 жоба ұсынылып, соның екеуі жеңіске жетті.

Университетімізде бұл салада жетістіктерге жетіп, болашағынан зор үміт күттіретін жастардың көп болуы қуантады. Жас ғалымдардың өз кезегінде ғылымдағы өзіндік даңғыл жолымен жүріп өтетіндігіне сенеміз. Біздің тарапымыздан керегі – жастарды қолдау және оларға әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беру.

– Қателеспесем, қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 14-ші ректоры екенсіз. Тарихтың көзімен пайымдасақ, ұлыны ұлықтап, дарынды бағалаған, ұрпақ санасын тәрбиелеудің үлкен мектебін қалыптастырған оқу орнын басқарып отырсыз. Осы ұстаздар ұстаханасының қазіргі тынысы қандай?

– Ең бірінші тілге тиек ететініміз – біздің университетіміздің қазақстандық жоғары білімнің қара шаңырағы екендігі рас. Қазақтың небір ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері осы ұядан түлеп ұшқан. Атақты ғалымдар, мықты профессорлар қызмет етіп, ұлылардың ізі қалған. Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсыновтар, олардан кейінгі Мәлік Ғабдуллин, Темірбек Жүргенов сияқты тұлғалар, университетіміздің ректорлары мен ғалымдары туралы айтсақ, әрқайсысының оқу орнының өркендеуіне қосқан үлесі зор.

Біз мынадай негізгі идеяны жүзеге асырудамыз. Біріншіден, біз жаңашылдыққа ұмтылуымыз керек. Білім ордасы қазіргі жетістіктерімен тоқтап қалмауы үшін ұдайы заман ағымына сай даму мен жаңару жолында болуы қажет. Екіншіден, жаңашылдықты дәстүрмен ұштастыра білуіміз тиіс. Осылардың барлығын біріктіре отырып, өз миссиямызды жоғары дәрежеде атқара аламыз. Айталық, біздің университеттің негізгі мақсаты – «бала жанының бағбанын», яғни ұстаз дайындау. Осы жолда біз дәстүрді ұмыт қалдырмай, бұрынғы мен бүгінгіні біріктіре отырып әрекет ететін болсақ, өз мақсатымызға жеткеніміз болып саналады.

Бүгінгі таңда университеттің жеткен жетістіктері мен әлемдік деңгейдегі көрсеткіштері ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, 2017 жылы бізде 6,5 мың студент оқыса, биыл олардың саны 13,5 мыңға жетті. Бұл жай ғана екі есе өсу емес, университет білімінің сапасы артқандығын, соған сай сұраныстың жоғарылағандығын көрсетеді.

Екінші жағынан, жоғарыда айтқанымдай, біз ғылымға баса мән беріп, білімді көтерудеміз. 2017 жылы университетте ғылымға бөлінген қаржы 100 млн теңгеге жуық болса, қазір бұл көрсеткіш 350 млн-нан асып отыр. Қаржы жас ғалымдарды ынталандыруға да жұмсалуда, бұл да біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі. Себебі, университет болған соң, бізге жастарға білім беру мен оларды тәрбиелеу ғана емес, үлкен ғылымды жасау міндеті де жүктеледі.

Университет бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Оқу орнының 2025 жылға дейін жоспарланып отырған стратегиясы бар. Әр бағыт бойынша атқарылып жатқан шаруа қыруар. Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Университет алдында жаңа белестерді бағындыру мақсаты тұр. Ол үшін үлкен істер атқарылуы тиіс.

«БОЛАШАҚ ҰСТАЗДАРЫМЫЗ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕНУІ КЕРЕК»

– Жоғарыда Өзіңіз атап өткендей, Санжар Асфендияров, Мәлік Ғабдуллин, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов сынды қазақтың біртуар ұлдарының іздері бұл қара шаңырақта сайрап-ақ  жатыр. Ал, сол ұлттың асыл ұлдарын университет қалай ұлықтап жүр?

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында жазғанындай, ұлы даланың тұлғаларын ұлықтау – біз үшін, тарих үшін керек болса, екінші жағынан ол біздің жастарды тәрбиелеу үшін таптырмас құралымыз. Сондықтан біздің негізгі жұмысымыз тұлғаларды жай ғана ұлықтау емес, оны жастар тәрбиесінде қолдану. Осы мақсатта біздің университетте «Ұлы дала тұлғалары» орталығы құрылды. Орталық жұмысы барысында бұрынғы немесе бүгінгі тарихи тұлғаларға, ұлт мақтаныштарына арналған танымдық кездесулер өткіземіз. Кездесуде тақырып етіп алынған тұлға турасында сөз қозғалып, олардың өнегелі өмір жолы әңгіме арқауы болады. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, мұндай кездесулерге негізге алынып отырған тұлғаның көзін көрген, қызметтес болған кісілерді шақырып, пікірін білуді де әдетке айналдырдық. Осылайша, біз ұлыларды ұлықтауды тәрбиемен ұштастырып отырамыз. Оның ішінде университет ректорлары, университеттен шыққан нар тұлғалы кісілер, университет түлектері, ұстаздары бар. Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, белгілі математик Әбдімәжит Өтеш сияқты тұлғалармен арнайы кездесулер өткізу арқылы оларды жас ұрпақ арасында насихаттап, үлгі етеміз. Өйткені, біздің болашақ ұстаздарымыз солар арқылы тәрбиеленуі керек.

«Ұлы дала тұлғалары» орталығында  Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Халел Досмұхамедов, Мәлік Ғабдуллин, Асқар Закариндер жайында студенттерге арналған танымдық кештер ұйымдастырдық.

Сонымен қатар, «Ұлы дала тұлғалары» орталығы негізінде жастардың танымын кеңейтетін оқулық, кітаптар шығарудамыз. Себебі, біз тарихты тұлғалар арқылы беруіміз керек. Тарихтың бет-бейнесі – ондағы тұлғалар десек, тарихи тұлғаларды жастарға таныту өте маңызды. Сондықтан тарихты, тарихи оқиғаны тұлғалармен таныстыру – ұрпақ тәрбиелеуде ұтымды тәсіл болмақ.

2018 жылы университет басшылығында болған бес тұлғаға арнап «Өнегелі өмір» топтамасымен кітаптар шығардық. Бұл кітаптар Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Мәлік Ғабдуллин, Халел Досмұхамедовтердің өнегелі өміріне арналды. Қазір «Ұлағат» топтамасымен біздің түлектер, педагогика жолында жүрген тұлғалардың өмірі туралы естеліктерді баспаға дайындаудамыз. Бұл атқарып жатқан істердің негізгі мақсаты – сол кісілердің өмір жолын, өнегелі ісін жастарға үлгі ету.

– «Жемқорлық – індет, жою – міндет» дейміз. Өкінішке қарай, жемқорлық білім ордаларын да айналып өтпейді. «Дипломды басып шығарумен» ғана айналысатын ЖОО-лар туралы жиі сын айтылып, мін тағылады. Ал, Сіздер жемқорлықпен қалай күресіп жатырсыздар?

– Шындығында, сұрағыңыз өте маңызды. Тәуелсіздік алғанға дейін елімізде тек мемлекеттік университеттер болған. Егемендікке қол жеткен жылдардан кейін жекеменшік жоғары оқу орындары пайда болды. Бұндай оқу орындарының көбінің мақсаты, өкінішке қарай, сапалы білімнен гөрі пайда табуды көздейтіндігі жасырын емес. Осы жерден келіп мәселе туындайды. Аттестаттау комитетінде басшылық қызметте болған кезімде университеттерді тексеріп, 30-дан астам университет пен 60-тан астам филиалды бір жылдың ішінде жабуға тура келген жағдайлар кездесті. Сол себепті қазіргі кезде «дипломды басып шығаратын» немесе сапасы төмен университеттерді тәртіпке шақыру, оларды жоғары білім беру құқығынан айыру қажет нәрсе.

Рас, жемқорлық – біздің қоғамымыздағы күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өз Жолдауларында мұны сөз етіп, мәселеге баса мән береді. Себебі, жемқорлық – бүгінгі  қоғамның дерті. Оны уақытында емдеу қажет.

Бұл тұста бізге артылар жүк ауыр. Себебі, біз еліміздің ертеңін тәрбиелеп отырмыз. Бізде жемқорлық атымен болмауы керек және болашағымыздың иесі саналатын жастарда жемқорлыққа қарсы сана-сезім қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын. Оларға сыбайластықтан сескенетіндей, жиренетіндей тәрбие беруге тиіспіз. Бұл тұста да университет ұжымы жоспарлы түрде жұмыс жасауда. Біріншіден, студенттерге жемқорлыққа қарсы арнайы сабақтар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл бойынша бізде арнайы дәрістер өткізіледі. Сондай-ақ, қоғам дертінің дауасын табу үшін қолданатын біздің өзіндік жүйеміз бар. Ол – жемқорлыққа қарсы кеңес пен арнайы комиссия. Бұл орталықтар өз деңгейінде жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, сесиия кезінде арнайы анонимді сауалнамалар жүргізіледі.

Өткен жылы «Парасат» орталығын құрдық. Басты мақсат – сыбайлас жемқорлықты жою. Бұл жерде барлық құжаттар мен арнайы әдістемелік нұсқаулықтар жасалады.

Атқарылған істер нәтижесін беруде. Университетіміз биылғы жылы жазда жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттың талаптарына толық сай деп сертификатталды. Бұл қазақстандық университеттер арасында тұңғыш рет орын алған жағдай. Біз үшін бұның өзі үлкен жетістік, жоғары көрсеткіш.

«Жемқорлыққа қарсы орталық құрдық, сабақтар жүргіздік» деп жатырмыз. Бірақ, құр үгітпен іс бітпейтіні анық. Тәрбиенің басқа да жағы бар. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде атқарылып жатқан істердің бірі – парасаттылықты дамыту. Ал, парасатты адамның қисық жолға түспейтіндігіне кәміл сенім білдіруге болады. Бұл да үлкен нәтиже беретін тәсіл. Сондықтан біз осы агенттікпен бірлесе отырып, «Ізгілік елшісі» еріктілер жобасын бастадық. Бұл жоба бүгінде республикалық бағыт алып отыр. Жобаны Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, профессор Айнұр Сәбитова басқарады. Қазір біз сол арқылы ел жастарын парасаттылыққа, ізгілікке тәрбиелеп жатырмыз деп ауыз толтырып айта аламыз. Осылайша, біздегі жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты жүзеге асуда. Оған қосымша қазір әдеп жөнінде және жемқорлыққа байланысты түрлі тәуекелдерді жою туралы арнайы өкіл тағайындадық. Біздің өкіл өте тәжірибелі маман. Онымен жұмысты жалғастыра отырып, жақсы жетістіктерге жетеміз деп ойлаймыз.

Атқарылып жатқан істердің түпкі мақсаты – біздің қызметкерлеріміздің де, студенттеріміздің де сана-сезімінен жемқорлық түсінігін түбегейлі жою.

«ПРАЙМЕРИЗДЕГІ БІРАЗ ОЙЛАР МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ЖҰМЫСЫМА ДА ОҢ ӘСЕРІН ТИГІЗДІ»

– Қадірі биік қара шаңырақта университет есімін иеленген Ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өту Сізге бұйырыпты. Осы елеулі мерейтойды қалай атап өттіңіздер?

– Биыл біз көптеген шараны жоспарлаған болатынбыз. Олардың ішінде барлығы болмаса да, көбісі іске асты. Мүмкіндігіне қарай онлайн форматта біршама шара өткіздік. Қалғандарын алдағы уақытта өткізу жоспарымызда бар.

Шаралар барысында жастардың шығармашылығына көңіл бөлуді көздедік. Осы мақсатта Ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап жас ақындар айтысын ұйымдастырдық. Біздің университетте «Менің пірім – Сүйінбай» тақырыбы аясында дәстүрлі жас ақындар айтысы жыл сайын өткізіледі. Биылғы айтыс Абайдың 175 жылдығына арналды.

Сонымен қатар, республикалық деңгейде дебаттық турнир өткіздік. Қазір «Абай әлемі» атты жоғары оқу орындары студенттерінің арасында республикалық жарыс өткізудеміз. Желтоқсан айының басында бұл сайыстың ақтық мәресін өткізу жоспарлануда.

Ғылыми, шығармашылық, танымдық бағытында кемінде 20-30 шара өткізілді. Бұл жердегі біздің басты мақсатымыз – Абай шығармашылығын көрсету, онымен кейінгі ұрпақты таныстыру.

Бір айта кететін мәселе, Абай – мәңгілік тұлға. Сондықтан оған бір жылды ғана арнап, жыл өткеннен кейін «Айттым сәлем, Қаламқас» деп «Қараңғы түнде тау қалғыптың» керін келтіруге болмайды. Осы мақсатта біздің университетте «Хакім Абай» орталығы жұмыс істейді. Сол орталықтың ғалымдары Абай мұраларын зерттеп, оны мектепке, жоғары оқу орындарына қалай енгіземіз деген сұрақ төңірегінде еңбек етуде. Университет бағдарламасына «Абайтану» пәнін енгізгенімізге де он жыл болды. Енді оны әрі қарай дамытсақ, жалғастырсақ деген ниетіміз бар. Мұндағы мақсат – Абайдың даналығын жастарды тәрбиелеуде қолдану. Мысалы, «толық адам» ілімі. Бұны біз қазіргі күні жастарды тәрбиелеуде негізгі жүйе ретінде қолдана отырып, осы арқылы тәрбиелеудің концепциясын жасаудамыз.

– Өткен айда «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатыстыңыз. Сайлауда Медеу аудандық партия мүшелерінің 64 пайыз дауысына ие болдыңыз. Ал, праймеризге қандай мақсатта қатыстыңыз? Праймериз қорытындысы көңіліңізден шықты ма?

– «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен өткен праймериз – жақсы бастама болды. Елбасының бұл бастамасы партияға жаңа серпін, жаңа идея, жаңа есімдер әкелді. Жаңа идея, тың жаңалық енгізсек, соларды пайдалана отырып, елімізді одан әрі өркендететін болсақ, мақсаттың орындалғаны ғой. Менің де мақсатым осы, қатысқан себебім де сол еді.

Мен жас емеспін, бірақ өмірлік тәжірибеме сүйендім. Өзіндік көзқарастарымды іске асыруды мақсат етіп, праймеризге қатысуға бел буған болатынмын. Нәтижесі менің көңілімнен шықты. Дауыс жинау барысында мені қолдағандардың үлесі 64 пайызды құрады. Демек, осынша адамның маған сенім артқанын көрсетеді. Бұл мен үшін бір жағынан – мәртебе, екінші жағынан – жауапкершілік. 

Сол кездегі біраз ойлар қазірдің өзінде менің университеттегі жұмысыма әсер етіп жатыр. Маған кездесулердің бірінде «Университет кітапханасын мектеп оқушылары, жеке тұрғындар пайдалана алады ма?» деген сұрақ қойылған болатын. Осы сұрақ төңірегінде біз ақылдаса отырып, шешім шығардық. Бұдан былай біздің кітапханамыздың электронды оқулық қоры барлық мектептер үшін қолжетімді болмақ. Алдағы уақытта университет студенттерінен тыс тұлғаларға қолма-қол кітап алу құқығын беру туралы да қарастырудамыз. Сондай-ақ бізге тиесілі М.Әуезов атындағы стадионды қала тұрғындарына белгілі бір уақыт аралығында қолжетімді ету мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Медеу ауданындағы мектептермен, ардагерлер және басқа да ұйымдармен бізде байланыс орнатылған. Праймериз отырыстары барысында маған қойылған сұрақтардан жаңа идеяларды алып, оларды шешу, керек тұстарын қолданысқа енгізу жағын ойластырудамын. Сондықтан праймериз нәтижесі менің көңілімнен шықты және алдыға жаңа мәселелер қоя білді деп айта аламын.

– Әлеуметтік желіде белсендісіз. Университетке қатысты дүниелерді жариялап отырасыз. Бұдан Сіздің қоғам алдындағы ашықтығыңызды байқауға бола ма?

– Әлеуметтік желі – бүгінгі таңда біздің өміріміздің үлкен бір бөлігіне айналды. Сондықтан оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Әсіресе, пандемияның кезінде әлеуметтік желіні жиі пайдаланып, онда өз ойларымызбен бөлісіп отырдық. Шынымды айтсам, оған дейін менің әлеуметтік желілердегі белсенділігім төмен болатын. Себебі, ол кезде студенттермен кездесіп, олармен ашық байланыс жасайтынбыз. Студенттердің мәселелерін тікелей біліп, өз ойымызды кездесу барысында білдіріп отыратынбыз. Қазір жағдайға қарай кездесулер де онлайн форматқа көшті. Дегенмен, мен өз ойымды үлкен аудиторияда бөліспек ниетпен әлеуметтік желілерді пайдалануға кірістім. Ол жерде, бір жақсысы, тек өз университетіміздің студенттерімен ғана байланыс орнатып қоймаймыз. Жариялаған жазбаларыма әр адам пікір білдіре алады. Соған сай менің де аудиториям кеңейе түседі. Көп адамның пікір білдіруі жұмысымызды белсенді жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан әлеуметтік желіні біздің жұмысымыздың алға басуына септігін тигізетін мызғымас бөлігі деп санаймын. Бұл, меніңше, дәстүр мен жаңашылдықты жалғастыру. Бүгінгі күні әлеуметтік желілер бізді студенттермен де, баспасөзбен де, барлығымен де жан-жақты байланыстырып отыр.

«АТА-ӘЖЕНІҢ ТӘРБИЕСІ АҚЫЛДАН ГӨРІ ЖҮРЕККЕ ҚАРАЙ ОЙЫСАДЫ ЕКЕН»

– «Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұрады» дейді. Ол рас! Өйткені, отағасының алаңсыз өнімді еңбек етуіне бар жағдайды жасайтын отанасы екені даусыз. Отбасыңызға тоқталсаңыз…

– Америка президенті туралы ел арасында анекдот секілді бір әңгіме бар. Бір президент елді аралап, өзінің әйелінің туып-өскен қаласына ат басын тірейді екен. Қасындағы жұбайы бір мейрамхананы нұсқап, сонда тамақтануды ұсынады. Олар келіп жайғасқан соң, әлгі мейрамхананың егесі келіп, оның жұбайымен жылы амандасып, жақсы таныс екендігін білдірсе керек. Әлгі президент әйелінен «Бұл кісі кім?» деп сұрайды. Әйелі мейрамхана егесінің мектептегі досы екендігін, кезінде өзіне ынтық болғандығын айта бергенде, жанындағы жолдасы күліп «Сол кезде осыған тұрмысқа шыққаныңда, бүгінде президенттің емес, жай ғана мейрамхана иесінің әйелі болар едің» депті. Сонда ақылды әйел әзілмен ғана «Мен бәрібір президенттің әйелі болар едім, ал сіз жай ғана мейрамхана егесі болар едіңіз» деп жауап беріпті. Сол айтпақшы, қандай жағдай болса да, отбасым мені үнемі қолдап отырады. Егер олар мені қолдамаса, демеу көрсетпесе, ісімнің оңға басуы екіталай болар еді деп ойлаймын.

Жұбайым – Қуаныш Тұрпанова. Екеумізді тоғыстырған студенттік жылдар болды. Біз бірге оқыдық, яғни ол да математик. Содан бері, Аллаға шүкір, қатар келе жатқанымызға 40 жыл уақыт өтіпті. Кезінде университет қабырғасында өте белсенді студенттер қатарында болды. Өз мамандығы бойынша жұмыс та істеді. Кейін менің қызметімді қолдау мақсатында бала тәрбиесіне, үй шаруасына көңіл бөліп, өмірін солай қарай бағыттады.

Ұлым – Қайрат Балықбаев. Ол да физика-математика мектебін үздік бітірген. Одан кейін әл-Фараби университетінде білімін жалғады. Мемлекеттік компанияларда, мемлекеттік органдарда қызмет атқарды. Ақпарат министрлігінде вице-министр де болды. Қазір де қызмет бабында.

Қызым Гауһар да мектепті үздік бітірген. Англияда «Болашақ» бағдарламасымен білім алды. Қазір Халықаралық қаржы орталығында қызметте. Балаларымның барлығы отбасылы. Олардан тараған төрт немерем бар. Төртеуі де алтындай қыздар.

Балаларымыз біздің болашақ үшін жасап жатқан жұмысымызды түсінеді, әрдайым қолдау көрсетіп отырады.

– Ал, Сіз қандай атасыз?

– Жаман ата емеспін деп ойлаймын (күліп). Менің түсінігім бойынша, ата-анамен салыстырғанда ата-апалардың немереге деген көзқарасы басқаша болады екен. Ата-ана баласына интеллектуалдық тұрғыдан білім бергісі келеді, табысты болғанын қалайды. Керек болса спорт, өнер саласындағы түрлі үйірмелерге араластырғысы келеді. Әрине, бұл дұрыс та. Біз де балаларымызды солай тәрбиелегенбіз. Соның арқасында жақсы тұлға болып қалыптасады… Біз енді немерелерді ақылмен тәрбиелейміз деп айта алмаймын. Ата-әженің тәрбиесі ақылдан гөрі жүрекке қарай ойысып кетіп жатады. Адамгершілік, махаббат, ізгілік… Бұларды балаға ата-анасы да берері хақ. Бірақ, ата мен апаның басты міндеті – немересін жүрекпен ізгілікке тәрбиелеу болуы керек деп ойлаймын. Ұлы Абай «Ақыл мен қайрат жүрекке бағынуы керек» дейді ғой. Сол айтқандай, әке-шешесінен ақыл мен қайрат алған бала өмірде табысты болады. Оған ата мен апаның беріп жатқан «жүрегі» қосылса, жүрегінде иманы бар, адамгершілігі жоғары, саналы ұрпақ өседі деп ойлаймын. Себебі, мейірім шуағына бөленіп өскен баланың жүрегі де мейірімге толы болары анық.

– Такир Оспанұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here