Қазақстан халқы Ассамблеясы: Не ұттық, неден ұтылдық?

0
860

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерекесін атап өтуге арналған кешенді іс-шараларды өткізуге тапсырма берді. Ел тәуелсіздігін одан әрі баянды ету жолындағы бұл кешенді шаралар ұлтымыздың мәдени-рухани өзегіндегі өз болмысын танытып, ұлттық рухын сапалы секірістерге бағыттауға арналған ауқымды жұмыстардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, отыз жылдың аясында республикамыздың қоғамдық-саяси өмірінде маңызды орын алатын қоғамдық саяси институттардың атқарған жұмыстарын да ой-елегінен өткізіп, жеткен жетістіктері мен жіберілген кемшіліктерін қорытындылап, сараптап қойсақ артық етпес.

Еліміз азаттық алғаннан кейінгі қоғамдық-саяси өміріміздегі қоғамдық-саяси институттардың бірегейі – Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА). «Бұл ұйым қашан және неліктен құрылды» деген сұрақтарға жауап беру үшін тәуелсіздігіміздің іргесі қаланған тоқсаныншы жылдардағы тарихи кезеңді парақтап қарағанымыз жөн болар.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған кезеңде еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай өте ауыр болатын. Бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстардың үзілуіне байланысты жұмыс істеп отырған кәсіпорындар бірінен соң бірі тоқтап жатты. Жұмыссыздық көбейді. Асқынған инфляция шарықтап кетті.

Міне, осындай қиын жағдайда республикамызды мекендеп жатқан халықтардың өзара татулығын қамтамасыз ету еліміз үшін аса маңызды істердің қатарында тұрған еді. Ресей империясы кезеңінде Қазақ жеріне орыс шаруалары жаппай қоныс аударылған болса, КСРО деп аталған кеңестік кезеңде қаншама ұлттар еріксіз күштеп жер аударылды. Осындай отарлық, озбырлық саясаттың нәтижесінде қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, басқа халықтардың саны басымдыққа ие болды. Еліміз тәуелсіздік алған кезде қазақ халқы республика халқының қырық екі пайызын ғана құрған болатын.

Халқымызда қиын-қыстау кезеңде айтылатын «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, мемлекетімізді қалыптастыру барысындағы жаңа заңдарды қабылдау кезінде бұрыннан «бойлары» үстемдікке ие болып қалған шовинистік топ азаттықтың арқасындағы ұлттық рухымызды жаңғыртуға бағытталған қадамдарымызға қарсы шығып, түрлі деңгейдегі арандатуларды қолдан қоздырып жатты. Әсіресе, бұндай қитұрқы қадамдар жаңа Ата заңымыздың жобасын талқылау кезінде айқын көрінді. Мәселен, Ата заңның жобасындағы мемлекеттік құрылысқа байланысты айтылған «өзін-өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттілігінің түрі ретінде Қазақстан Республикасы  өзінің барлық азаматының құқық теңдігін қамтамасыз етеді» деген сөйлемге олар қарсы шығып, егерде Қазақстанда қазақ ұлтының мүддесі негізінен қорғалып, ұлттық мемлекет құрылатын болса, біздің жағдайымыз қандай болмақ деген сипатта бұрмалады. Олар тәуелсіз мемлекеттің ежелгі қазақ жерінде құрылғанын, қазақ халқының өзінің мемлекеттік құрылымын өз тарихи Отанында құрып, өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жандандыруға толық құқысы бар екендігіне астамшылықпен қарап, түсінгісі келмеді. Сондай-ақ, заң жобасындағы «Қазақстан азаматтығын алған азамат, екінші бір елдің азаматы бола алмайды, яғни қос азаматтыққа жол берілмейді» деген мәселеге республикамызда тұрып жатқан орыс халқының өкілдері қарсы шығып, Қазақстан мен Ресейдің қос азаматтығын беруді талап етті. Республика халқының елу пайыздан астамы өзге ұлт өкілдерінен тұрғандықтан бұған ешқандай жағдайда жол беруге болмайтын еді.

Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы жобада «Қазақстан Республикасының жері бір тұтас, ол бөлінбейді және оған қол сұғуға болмайды» делінді. Болашақ Конституциядағы бұл нормаларға кейбір казак ұйымдарының, сепаратизмді жақтаған орыс ұлты өкілдерінің кейбіреулері қарсылық білдіріп, «мемлекеттік құрылым федерациялық болып жазылсын» деді. Сөйтіп, біртұтас Қазақ жерін түрлі автономиялық құрылымдарға бөлшектеуді жақтап шықты.

Сонымен қатар, республикамыздың өз ішіндегі ұлы державашыл шовинистер мен коммунистер бұрынғы одақты қалпына келтіру жолында аянбай тер төгіп жатты. Ал, казак ұйымдары болса, астыртын әскериленген қарулы топтар құрып, өз ұйымдарын заңдастырып алуға күш салды. Казак ұйымдары Әділет министрлігінен «өз дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді дамыту мақсатында әрекет жасаймыз» деп тіркеуден өтіп, Қазақстан Республикасының заңдарын өрескел түрде бұзу әрекеттеріне барды. 1994 жылы қазан айында Шығыс Қазақстанда арандату әрекетінің жолы кесілді. Оқиға барысында Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, кенді Алтай-Казачествосының өкілі Ф.Черепановты белгісіз біреулердің ұрлап әкетуіне байланысты казак ұйымдары «бұл Қазақстанның арнайы ұйымдарының істеп отырған әрекеті, Қазақстанда казактарға қарсы қысым көрсетіліп жатыр» деп байбалам салды. Бұған көрші Ресей Федерациясының казак ұйымдары да үн қосып, «Қазақстандағы казактарға әскери көмек береміз» деп даурығып жатты. 1994 жылғы қазан айының жиырма бесі мен қарашаның үші аралығында болған бұл арандатушылардың мақсаты облыстағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін жасалынғаны белгілі жағдай болатын. Кейіннен Ф.Черепановты өздерінің адамдары «ұрлаған» болып шықты. 1994 жылы 19 қарашада Жетісу казактарын қолдау қоғамының мүшелігі қоғамдық бірлестіктер туралы заңды өрескел бұзып, Алматыдағы «Целинный» кинотеатрының жанында рұқсат етілмеген митинг өткізіп, шеруде Қазақстанды РФ-ның құрамына автономия ретінде кіру жөнінде референдум өткізуге қол жинауға шақырған үндеушілер табылды. Қазақстанның солтүстік аймақтарында тіркелмеген «Лад» қоғамының ұйымдастыруымен бұл аймақты Ресей Федерациясына қосу әрекеттері жасалынды. 1995 жылы ақпан айында Степногорск қалалық кеңесі «Біз Қазақстанның барлық деңгейдегі атқару билігінің тұтқалары КСРО-ның заңдарына бағынуын талап етеміз. Бұл талап орындалмаған жағдайда, одақтық азаматтардың еркін ұлттық дамуы туралы заңына сүйеніп, ұлттық-территориялық әкімшілік құрылым ұйымдастыру құқығын пайдаланамыз» деген қаулы қабылдады. «Лад» қоғамының Ақмола қаласында өткен республикалық жиыны тығыз орналасқан жерлерге ұлттық-мәдени автономия алуға үндеді. Тіпті, еліміздің астанасын Ақмолаға ауыстыруға да қарсы шығып, «Ақмоланы тыңға келгендер салғандықтан, қаланың тағдырын солар ғана шешуге тиісті» деп те сандырақтады. Тәуелсіз еліміз өзінің тәуелсіздік қадамын орнықтыру жолында бұндай қоқайлардың талайын бастан кешірген болатын.

Көріп отырғанымыздай, біздің өз жеріміздегі санымыздың аз болуы, өзге халықтардың санының басым болуы және оларды сыртқы теріс пиғылды, арам ойлы күштердің қолдап, қуаттап отыруы бізден ұлтаралық қарым-қатынасты жүргізуде халқымыздың даналығында айтылатын «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын талап етті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты күшейту – еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз етудің басты тетіктерінің бірі екенін айқын түсініп, осы жолдағы көтерілген қаншама бастамалар мен ұсыныстардың бастамашысы өзі болды. Және осы жолда батыл қадамдар жасады. 1995 жылы 1 наурызда елдегі қоғамдық тұрақтылық және ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан консультативтік кеңесші орган ретінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясының (қазіргі Қазақстан халқы Ассамблеясы) құрылуы мемлекетіміздің ұлттық саясатты жүргізудегі маңызды қадамы болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің қызметінде мынадай басты мәселелерді шешуге бағытталған болатын:

– елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға ықпал жасау;

– Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан әр алуан ұлт өкілдерінің арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізу бойынша ұсыныстар әзірлеу, теңдік қағидаларын сақтау негізіндегі олардың рухани-мәдени жағынан қайта өрлеуіне жәрдемдесу;

– ұлттардың әр алуан мүдделерін ескере отырып, мемлекеттік-ұлттық саясатты жүргізуіне ықпал жасау.

Республикамыздың тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, елімізді мекендеуші этнос өкілдерінің тілі мен салт-дәстүрінің сақталуына бағытталған пәрменді шаралар қолға алынды. Республикамызда украин, тәжік, өзбек, ұйғыр және тағы да басқа тілдерде сабақ беретін 88 этникалық жалпы білім беретін мектептер жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілдері жеке пән ретінде оқытылуда. 190 арнайы лингвистикалық орталықтарда 30-ға жуық этностың тілдері оқытылады. Жыл сайын Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткізіліп келеді. Осы сарайда этно-мәдени орталықтардың бірлестіктері жұмыс істейді. Газет-журналдар 15 тілде шығады, ал театрлар 7 тілде сөйлейді. Қоғамдық деңгейде 16 достық үйі, 15 ҚХА-ның медиация орталықтары жұмыс істеуде. Республикамыздағы барлық жоғары оқу орындарында ҚХА пәні жеке пән ретінде оқытылуда. Елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің тілдерін, мәдени салт-дәстүрін дамытуға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, оның көлемі жылдан-жылға өсіп келеді.

Бұдан кейінгі жылдары да Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы одан әрі жетілдірілді, күшейтілді және арнайы заңдық мәртебе де беріліп, қоғамдық институттан конституциялық органға айналды. 2008 жылы қазан айында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заң Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттің ұлттық саясатты іске асыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру және қалыптастырудың тәртібін заңдық тұрғыдан айқындады. Және ұлтаралық қатынас саласында азаматтық қоғамдық институттар мен мемлекеттік институттардың өзара бірлескен жұмыстарының тиімділігін арттыруды жолға қойды. Заң бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізіп, ҚХА-ның құрамынан тоғыз адам Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланатын болды. Қазіргі уақытта Мәжілісте ҚХА-ның құрамынан сайланған тоғыз депутат бар. Заңда ҚХА-ның негізгі міндеттеріне – ұлтаралық қарым-қатынас саласындағы азаматтық қоғамдық институттар мен мемлекеттік ұйымдардың ара-қатынасының тиімділігін қамтамасыз ету, этникалық келісімді одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасау, халықтың бірлігін қамтамасыз ету, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің көріністеріне қарсы тұруда мемлекеттік ұйымдарға жәрдем көрсету, демократиялық қалыптарға негізделген азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру, Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне жету жолында этномәдени және тағы да басқа қоғамдық бірлестіктердің өзара ықпалдастыруын қамтамасыз ету, Қазақстан халқының тілі мен салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін дамыту, сақтау, өркендету сынды қадау-қадау ауқымды шаралар жатқызылды.

Елімізде ұлтаралық достық пен татулықты нығайту шаралары жылдан-жылға жалғасын тауып келеді. 2010 жылы «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» қабылданды. Ел бірлігі доктринасының «Бір ел – бір тағдыр» атты бөлімінде еліміздің барлық азаматының өз тағдырын Отаны – Қазақстан Республикасының тағдырымен бірге әрі терең тамырлас екенін сезінуінен бастап, басты байлығымыз – Тәуелсіздікке, жерге, бірлік пен рухани құндылықтарға тағзым ету, азаматтар мен қоғам тарапынан мемлекеттілікті нығайту, Тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты қорғауға мейлінше жәрдемдесу баса қарастырылған болса, «Тегі басқа – теңдігі бір» бөлімінде республикамызда тұрып жатқан барлық халықтардың шығу тегі, нәсілі, тілі, діни-наным сенімі, әлеуметтік тобы және қандай қоғамдық ұйымдар мен партияларға жататындығына қарамастан олардың азаматтық құқығы мен бостандығы теңдігін қамтамасыз ету қағидалары қарастырылды. Ал, «Ұлт рухының дамуы» бөлімінде елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, салтын, тілін дамытуға жағдай жасай отырып, мемлекеттік тілді дамытуға және оның аясын кеңейтуге ұлт бірлігін нығайтатын фактор ретінде басымдық бере отырып, «Жас ұрпақты сыйластық, отаншылдық, еліне және халқына адал қызмет ету құндылықтары рухында тәрбиелеу» мәселелері қамтылған болатын.

Елімізде жыл сайын өткізіліп келе жатқан ҚХА-ның сессиясында Ассамблея төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ұлттар татулығын, достығын қамтамасыз етуде жер иесі – қазақ халқына айрықша міндет жүктелетінін әрдайым айтып келеді. Сонымен қатар, ұлтаралық татулықты сақтауда, өзара құрмет көрсетуде өзге ұлттардың да алдында зор жауапкершілік тұрғанын қалыс қалдырған емес. Елбасы «Біздің ер әрі өр халқымыз үлкен тағзымға лайық!» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының 2015 жылы өткен 22 сессиясында былай деген еді: «Оларды қу далаға әкеліп, мал таситын вагондардан қаптатып түсіріп жататын. Қолдарында кішкентай дорбадан басқа ештеңелері жоқ, аш-жалаңаш. Ол уақытта осынау ұлы далада тек қана қазақтар тұратын. Сондықтан оларды ауылда да, қалаларда да тек қазақтар ғана қарсы алатын еді. Егер қазақтар кейбір керауыздар айтатындай, жабайы, қанішер-варвар болғанда, ол байғұстарды талап, тонап, зорлап, қырып тастайтын еді. Бірақ, қазақ кең пейілді, қайырымды, адамзат баласына құшағын ашатын дархандығын көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурыз күнін жыл сайын барлық этностардың «қайырымдылық танытқан, өз бауырындай құшағына тартқан қазақ халқына алғыс айту, ризашылығын білдіру күні» ретінде атап өтуіміз керек».

Осылайша, Елбасының бастамасымен республикамыздағы мерекелер қатарына 1 наурыз – Алғыс айту күні енгізілді. 2016 жылы 14 қаңтарда Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, Жарлыққа қол қойған еді. Елбасы бұл күн туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

Елімізде аталып өтілетін Алғыс айту күніне байланысты айта кететін бір мәселе, әлі күнге дейін бұл мерекенің мәні мен мақсатын дұрыс түсініп жүрген жоқпыз және дұрыс түсіндіріп те жүрген жоқпыз. Көпшілігі бұл мерекені бір-біріне Алғыс айту күні деп түсінеді. Қиын-қыстау кезеңде қолындағы бір үзім нанын бөліп берген, өз үйінің бір бұрышынан пана берген кең пейіл қазақ халқына Алғыс айту күні екені барынша насихатталуы керек.

Көріп отырғанымыздай, республикамызда тұрып жатқан барлық этнос өкілдеріне қолайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалды. Олардың барлық құқықтары заңмен қорғалып, жер иесі қазақ халқымен тең құқықты Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өсіп-өнуі, өркендеуі қамтамасыз етілді. Мемлекет бюджетінен этнос өкілдерінің әдет-ғұрпы мен тілін дамытуға қомақты қаржы да бөлініп келеді. Ұлтаралық қатынастың, құрметтің шынайы көрінісі ретінде заң шығарушы органымыз Парламенттің Мәжілістегі тоғыз орны ҚХА-ның сайланған өзге ұлт өкілдеріне беріліп келеді. Республикамызда тұрып жатқан этнос өкілдеріне жасалып жатқан мұндай құрмет бұрынғы кеңес одағының құрамына кірген бірде-бір республикада жоқ. Өзінің мемлекеттік құрылымы бойынша федерация болып табылатын көпұлтты Ресей Федерациясының өзінде бұндай жағдай жасалмағанын айтуға тиіспіз.

Халқымыздың даналығында айтылатын «алмақтың да, салмағы бар» демекші, ҚХА құрылған кезінен бастап, еліміздегі ұлттар достығын қамтамасыз етуде қандай жетістіктерге қол жеткізді? Ассамблея өзінің алдына қойған міндеттерін орындай алды ма? Ассамблея алдына Елбасы қойған міндеттер үдерісінен шыға алды ма? Жер иесі қазақ халқының алдындағы қарызы мен парызын өзге ұлттар өтей алды ма? Міне, осындай сан-салалы сұрақтарды да қоятын мезгіл жетті.

Ең бастысы тіл мәселесіне тоқталып өтейік. Елбасының ҚХА-ның сессияларында ұдайы көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі – қазақ тілінің барлық этностарды ұйымдастырушы, топтастырушы рөлі жөніндегі келелі әңгімесі және барлық этностардың мемлекеттік тілді оқып-үйренуі жөнінде болып табылады. Мәселен, Елбасы 2011 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының он жетінші сессиясында сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілге байланысты: «Біз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайызға жетсін, ал 2020 жылға қарай одан да көп болсын деген мақсат қойдық. Он жылдан кейін мектептеріміздің түлектері қазақ тілінде 100 пайыз сөйлейтін болуы тиіс. Барлық азаматтардың қазақ тілін білуі – әншейін бір ұран емес, бұл – олар еліміздің тарихын, ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білетін болады деген сөз. Бұл барлық қазақстандықтардың бұрынғыдан да жақындасуына жетелеп, біздің арамыздағы сенімді күн сайын, жыл сайын нығайта түсетін болады. Ассамблея жұмысының мақсаты, міне, осында», – деген еді.

Елбасы тарапынан ҚХА алдында қойып отырған талап айқын. Бірақ, нәтиже қандай? Сараптап, саралап қарасақ, еліміздегі этностардың мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген құлшынысының төмен екендігін қынжылыспен мойындауға мәжбүрміз. Қазақ тілі Қазақстан халқы Ассамблеясының ортақ тіліне айналған жоқ. Ел бірлігі доктринасында ап-айқын жазылғандай, мемлекеттік тіл – барлық қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор болып табылады десек те, елімізде тұрып жатқан этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйрену, білуге деген ұмтылысы мардымсыз деп айтуға болады. Мемлекеттік тілді үйренбек түгіл, кейбір этнос өкілдерінің «үй ішінен үй тігіп» оқшауланып алып, еліміздің заңдарына мойынсынғысы келмейтін жағдайларды көріп те жүрміз. Осындайда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚХА мүшесі Асылы Осман апайымыздың мемлекеттік тілді өркендету жолындағы атқарып жүрген қыруар жұмыстарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Асылы Әлиқызы өзі бас болып, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігін құрды. Бірлестіктің қажырлы жұмыстарының нәтижесінде республикамыздағы этнос өкілдері арасында қазақ тілін өркендету жолында біршама жұмыстар атқарылды. Бірлестік «Мемлекеттік тіл – осы мемлекетте тұрып жатқан барлық азаматқа ортақ тіл» деген ұранмен жұмыс істеп келеді. Өкініштісі, Асылы Әлиқызы секілді өзге ұлт өкілдерінің ішінен тіл жанашырлары некен-саяқ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің атқарып жатқан істері жайлы мақалаларды парақтап қарасаңыз, олардың дені өздерінің ұлттық мерекелерін атап өту жөніндегі мәдени іс-шаралар аясымен немесе «Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі» күні секілді мерекелерге қатысып, өз ұлтының дәстүрлі әндерін орындап, билерін билеп жатқаны секілді құрғақ мәліметтермен шектеліп жатқандарын байқайсыз.

ҚХА-ның жұмысын зерттеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу ісі де дұрыс жолға қойылмай келеді. Республикамыздағы ҚХА-ның ғылыми-зерттеу жұмыстары аясындағы өткізіліп жатқан ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми орталықтардың зерттеу жұмыстары еліміздегі этностардың тарихы және мәдениетін талқылау мен зерттеуден әріге бара алған жоқ. Еліміздегі ұлтаралық қатынасты одан әрі жақсарту, ықтимал ұлтаралық жанжалдардың алдын алу немесе болдырмауға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген емес.

Қазақстан халқы Ассамблеясының басты жұмысы – Қазақстан халқының татулығын күшейту, ұлтаралық теріс қатерлі пиғылдар мен істердің алдын алу, әртүрлі этнос өкілдерінің қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне құрметпен қарау жұмыстарын жүргізу болып табылса, бұл салада да қаншама олқылықтардың орын алып отырғаны белгілі. Отыз жылдық мерзім ішіндегі орын алған ұлтаралық жанжалдардың бәрін тізбелеп жатпай-ақ қояйық, 2020 жылдың ақпан айында Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасында болған ұлтаралық жанжал ҚХА-ның жұмысындағы көптеген кемшіліктердің бетін ашып берді. Қақтығыс барысында 11 адам қаза тауып, 19 полиция қызметкері мен 40-тан астам жергілікті тұрғындар жарақат алды. Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орындары, 100-ге жуық көлік қиратылды. Елімізде орын алған ұлтаралық қақтығыстардың ішіндегі адам қазасы мен келтірілген материалдық шығындардың ішіндегі көлемі жағынан ең үлкені болып саналатын Қордай оқиғасына жан-жақты зерттеу жүргізіліп, қорытынды жасалуы тиісті. Қордай оқиғасының орын алуына көптеген факторлардың қатысы бар. Соның ішінде өз ісіне жауапсыз қарап, аудан көлемінде болып жатқан қылмыстарға көз жұма қарап келген жауапты тұлғалардың жемқорлық қылмыстарға баруын да айтуға болады.

Жалпы алғанда, республикамыздағы жетекші қоғамдық саяси институт ҚХА жұмысына байыппен қарайтын болсақ, еліміздегі татулықты қамтамасыз етуді би билеп, той тойлау деген түсінікпен қарау, бізде бәрі керемет деген жалған көпірме сөз ұрандарымен бүркемелеу келмеске кеткенін ұғатын мезгіл жетті. ҚХА-ның жұмысына күрделі өзгерістер мен жаңа тыңғылықты ізденістер қажет. Бүгінгі таңда қазақ халқының саны республикамызда 68 пайызға жетті. Халқымыздың санының өсуіне байланысты да, бұрынғы халқымыздың саны аз кезде қалыптасқан, жасалған көптеген нормаларды да қайта қарап, еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас саласына концептуалды өзгеріс керек деп есептейміз.

Досалы САЛҚЫНБЕК, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚазҰАЗУ-нің профессоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here