Шәміл Серіков 33 жасында неге өз-өзіне қол жұмсады?

0
4838

Бұрынғы классикалық күрес, бүгінгі грек-рим күресінде ертең, 7 сәуірде туғанына 150 жыл толатын Қажымұқан Мұңайтпасовтың жеңісті жолын оның ізбасарлары жалғап келеді. Алысқа бармай-ақ Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Нұрбақыт Теңізбаев сияқты кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін грек-рим күресінің шеберлері Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында қазақтың намысын қолдан бермеді. Сол атақты балуандардың көшін бастаған грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ әрі Олимпиада чемпионы Шәміл Серіков көзі тірі болғанда өткен 5 наурызда 65 жасқа толар еді.

1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған үш қазақ – Шәміл Серіков (алтын), Серік Қонақбаев (күміс), Жақсылық Үшкемпіров (алтын)

1956 жылы 5 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген Шәміл Серіков алғаш күрестің қыр-сырын бапкері Аянбек Алдабергеновтен үйренді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, ол үлкен жеңістің тәтті дәмін ерте татты, Олимпиада және екі дүркін Әлем чемпионы атанды. Дегенмен, үлкен спортта жеңіске жеткен атақты балуан өмірден ерте жеңілді. Бәрін басынан бастайық…

1976 жылғы Мюнхен Олимпиадасы КСРО балуандары үшін сәтсіз аяқталды. Әлем чемпионы ретінде боз кілемге шыққан Фархат Мұстафин қола жүлдемен шектелгеннен кейін КСРО құрамасы үшін кезекті байрақты бәсекеде аталған спорт түрінен алтын медаль жеңіп алу маңызды болды. Екінші, үшінші орын жеңіліс деп саналды. Содан 57 келіге дейінгі салмақта да іріктеу басталды. Командаға басқа балуандарды артынан ерте алатын жаңа көшбасшы ауадай қажет еді. Ал, балуандар арасындағы бәсеке жеңіл болған жоқ. Бәрі де КСРО намысын әлемдік аренада қорғауға лайық спортшылар-тын. Сол «үкілеген үмітті ақтай алады-ау» деген балуандардың арасында жастар құрамасынан ересектерге енді ғана ауысқан Шәміл Серіков пен қазақ баласынан бақандай жеті жас үлкен әрі 52 келіге дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы атанған тісқаққан спортшы Виталий Константинов бар болатын. Дегенмен, Константиновтың атағы мен тәжірибесі өзіне ғана тән ерекше күрес техникасын меңгерген жас Серіковтің мысын баса алмады. Сөйтіп, сайдың тасындай іріктелген спортшылар сыналған сайыста бабы мен бағы келіскен Шәміл Серіковтің жұлдызы жанды.

1978 жылы Шәміл Серіков атағынан ат үркетін Виталий Константиновтың жауырынын жерге екі рет тигізді. Иван Поддубный мемориалы мен КСРО біріншілігінде Олимпиада, Әлем чемпионын жеңді. Осылайша, қарапайым қазақ баласы сол жылы Мехикода өткен Әлем чемпионатына жолдама алды. 22 жастағы балуан өзінің ересектер арасындағы алғашқы үлкен жарысында атақты поляк Юзеф Липень сияқты мықтыларды жеңіп, күрестің бұл түрінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде оның есімі Қазақстанның спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Бір жылдан кейін Шәміл Серіков Мехикодағы жетістігін Сан-Диего қаласында қайталады. Сол жылы Румынияда өткен Еуропа чемпионатында да алтыннан алқа тақты.

Жіпке тізілген жеңістерінен кейін 1980 жылғы Олимпиада жолдамасы Шәміл Серіковтің қанжығасына байланғандай болып көрінді. Ал, кеңес спортшылары үшін өз елінде өтетін Мәскеу Олимпиадасының орны бөлек болды. Жолдамалар үшін тартыс кей уақыттарда боз кілемде емес, шенділер арасында шешілгені тарихтан белгілі.

Мысалы, Серіковтен екі рет жеңілген Константинов спорттағы сәтсіздіктерін «әлдекімдердің өзіне жасаған қастандығына» балады. Спортшыны қолдаған шовинистік көзқарастағы басылымдар таласқа түскен жолдама ҚазКСР-ның 60 жылдығына орай сыйлық ретінде қазаққа берілгенін жарыса жазып жатты. Дегенмен, Шәміл Серіков еңбегімен жеңіп алған заңды жолдамасын ешкімге бермеді.

Грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ Шәміл Серіковтің ұлы – Тимур Серіков

Мәскеу Олимпиадасында досқа күлкі, дұшпанға таба болмау үшін Шәміл Серіков намысқа тырысты. Төрт жылдықтың басты додасына кіл мықтылар келгендіктен, жеңіске жетудің жолы оңай болмағаны рас. Отандасымызға жеңіс жолында едәуір қиындық тудырған спортшылардың бірі – итальяндық Антонино Кальтабиано болды.

Спортшының ұлы Тимур Серіков әкесімен бірге Олимпиадаға барған Анатолий Жарковтың сол жекпе-жек туралы айтқан әңгімесімен бөлісті: «Мәскеуде менің әкем Әлем чемпионаттарынан таныс ескі қарсыласы Кальтабианомен күрескен. Қарсыласы жеңе алмайтынын біліп, алдауға тырысыпты. Оның денесіне май жағып шыққанын төреші де байқамаған. Теріге сіңіп кеткен май итальяндық спортшы терлеген кезде езіліпті. Тайғақ терінің кесірінен әкемнің бірнеше әдісі жүзеге аспай қалған екен. Жекпе-жек тең ұпаймен аяқталуға жақын қалғанда Кальтабианоның бұрышы «КСРО балуаны денесіне май жағып алған» деп наразылық білдірген. Сонда  әкем: «Анатолий Павлович, біз де наразылық білдірейік. Ол өзіне май жағып алған, күресуге мүмкіндік бермейді», – дейді. «Шәміл, сен қазір наразылық білдіре алмайсың. Төрешілер сенің де май жағып алғаныңды айтып, екеуіңді жарыстан шеттетеді. Оның денесіндегі май саған да жұғып қалған болуы керек. Біз жүлдеден айырылып қаламыз. Сондықтан бір амалын тауып, есепті асыруымыз керек», – деп ақыл айтады. Осы сөзден кейін әкем қарсыласынан айласын асырып, Антониноны бір ұпай айырмашылығымен жеңген».

Шәміл Серіков ақтық кезеңде швед балуаны Бенни Юнгбекті уақытынан бұрын тізе бүктірген. Одан кейін екі жыл бұрын Әлем чемпионатында жеңген поляк Юзеф Липеннен де айласын асыра алған. Отандасымыз осылайша Олимп шыңын бағындырады.

Өкінішке қарай, аталған тұғыр отандасымыздың бағындырған биіктерінің соңғысы болды. Балуан байрақты бәсекелердегі бұрынғы жігерін жоғалтып, жарақатының кесірінен кезекті жарыстарының биігіне шыға алмады. Спортшының өміріндегі жеңілістер көбейіп, үміті де үзілді. Балуанның соңғы қатысқан жарысы 1982 жылғы Қазақстан чемпионаты еді. Ол осыған дейін ішкі жарысқа мүлдем қатыспаған, үнемі КСРО құрама сапында болатын. Үздіктер қатарынан түсіп қалған спортшының ішкі чемпионаттағы жеңісі көңілін сергіте алмады. Содан атақты балуан үлкен спорттан кетіп, балаларды жаттықтырды, көкөніс шаруашылығының бригадирі де болды. Қарбыз да сатты. Яғни, күн көру үшін кез келген жұмыстан қашпады. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау атақты балуанның тағдырын тас-талқан етті. Анығы, 1989 жылы 22 қарашада тұрмыс тауқыметі мен таршылығынан қажыған Шәміл Серіков үлкен күйзеліске түсіп, өз өмірін қиды.

«Әкемнің қазасынан кейін ұзақ уақыт, 20 жылдың көлемінде оны ешкім еске алмады. Өйткені, әкеме көмек қажет кезде қол ұшын созбағандардың көбі билікте болатын. Спортшының қысқа ғұмыры, қиын өмірі туралы еске алып, өздерінің айыбын ашқысы келмеді. Алайда, 12 жыл бұрын әкемнің үлкен спорттағы досы Жақсыбай Базылбаев марқұмның атынан алғаш Республикалық турнир өткізді. Содан кейін әкемнің ұмыт қалған есімі қайта жаңғырды. Телеарналарда арнайы хабар түсіріліп, Алматының бір көшесіне аты берілді. Әлемдік күрес бірлестігі әкемнің атын тарихи спортшылар тізіміне қосты», – деп еске алады тектінің тұяғы.

«Ат тұяғын тай басар» дейміз. «Орнында бар оңалар» дегенді де қазақ айтқан. Сол айтқандай, қазір марқұм спортшының ұлы Тимур Серіков әкесінің атынан спорт клубын ашуды қолға алған. Онда спорт залы мен мұражай болмақ.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақ спортының аспанында жұлдыздай жарқырап, орда бұзар жасында опат болған Шәміл Серіковті алдыңғы буын тағдырлы талант ретінде танығанымен, ұлт намысын көкке көтеріп, боз кілемде қарсыластарын қаңбақтай ұшырған балуанды кейінгі буынның біле бермейтіні өкінішті. Ал,  спорттың бұл түрінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ ұмытылуға лайық па еді?!

Индира БІРЖАНСАЛ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here