Қазаққа қыз беріп, қазақтан қыз алған Теміровтер әулеті

0
3346

Елімізде халқымызбен, біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен біте қайнасып кеткен өзге ұлт өкілдері баршылық. Солардың бірі – ұлты өзге болса да, жан-тәнімен, бар болмыс-бітімімен қазақ болып кеткен шымкенттік Теміровтер әулетін ұйғыр дегеннен гөрі қазақ деуге көбірек келетіндей. Бұлай дейтініміз, олардың ұрпақтары, балалары мен немере-шөберелері ұйғыр тілін білмейді, есесіне қазақша сөйлейді, қазақ мектебіне барады.

Зәйтүнә Темірова

Тағы бір таңданарлығы, бұл әулет қазаққа қыз беріп, қыз алған. Табалдырықтан аттағаннан-ақ осы әулеттің келіні Динара бізге иіліп сәлем салды. Келген қонаққа иіліп сәлем салатын салт ұйғырларда да бар. «Журналистер келеді» деген соң әулеттің үлкені мен кішісі, құдалары Зәйтүнә әжейдің шаңырағына жиналыпты. Бәрі қаз-қатар тұрып, хал-жағдай сұрасып жатыр. Қонақжай шаңырақтың ыстық пейілі олардың әрбір іс-әрекетінен, сөзі мен лебізінен білініп-ақ тұр.

Қонақ бөлмесінде басталған әңгімеміз әулеттің үлкендерімен сұхбаттасудан басталды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Зәйтүнә әжей бүгінде осы әулеттің ақ самайлы қариясы, ақылшысы.

«Көп ұлтты қазақ жерінде ел қатарлы біздер, ұйғырлар да тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Қазақ халқы ешқашан бізді кеудемізден итерген емес. Тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтауға кедергі жоқ. Ол үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалып, қамқорлық көрсетіліп келеді», – деді Зәйтүнә Темірова қазақ тілінде ағынан жарылып.

Оның қасында отырған құдағиы Тұрниса Тұрдиеваны да бір қарағанда қазақ екен деп қаласыз. Ауылдағы өзіміздің жаулығы қарқарадай әжелеріміз сияқты екі құдағи әңгіме тиегін ағытты. Қос құлынын үйлендіріп, той жасағандағы қызықтарын еске алды.

Бір байқағанымыз, қазақ пен ұйғырдың салты өте ұқсас. Келін түсіру, беташар жасау, құрсақ көтеру тойы, шілдехана, бесік той, азан шақырып ат қою, тұсаукесер, баланы ашамайға мінгізу, сүндет той, қыз ұзату, құда той, кит беру, т.б. салт-дәстүр түрлері оларда да бар. Содан да болар, ұйғырлардың достық пен ынтымақ дәнекері болып, қазаққа қыз беріп, қыз алғаны.

«Өзімнің інілерім де, әпке-сіңлілерім де, ұл-қыздарым да қазақтармен бас қосты. Ешкім де қарсылық танытпады. Қазақтан алған келіндеріміз түскен күнінен-ақ біздің ортамызға үйренісіп кетті. Мәселен, інім Нижадтың үйіндегі Динара келіннің түскеніне 13 жыл болды. Қазір 4 баланың анасы, мақтаулы келіндердің қатарынан. Қыздарымыздың да барған жері риза. Құда-құдағиларымыздың көңілі толмай, алаңдағанын көрген емеспін», – деді Тұрниса Әбілахатқызы.

Теміровтер әулетінің келіні Гөзәл – Шымкенттегі ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымының орынбасары жұмысын негізгі адвокаттық жұмысына қосымша алып жүр. Өзінің төрт қызын, яғни Зәйтүнә әжейдің 4 немересін түгел бесікке салып өсіріпті. Гөзәл әңгіме арасында ұйғыр тілін енді-енді үйреніп жүргенін айтып қалды. Ал, қыздары тек қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді екен.

Қонақжай шаңыраққа бізбен қатар қалалық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің жанындағы Әйелдер кеңесінің төрайымы Нұрғиса Ниязова да қонақ болып келген екен. Шымкентке отбасымен қоныстанғанына 50 жылдан асқан апамыз бірлестіктің жұмысына да тоқталып өтті. 2016 жылы «Ет асу» фестивалінде бірінші орынды иеленген аталған бірлестіктің басқа да түрлі жетістіктері жетерлік.

Нұрғиса қажының айтуынша, Шымкент қаласының өзінде қазіргі таңда 2,5 мыңдай ұйғыр татулықта, бірлік пен жасампаздықта өмір сүруде. Ұйғырлардың жергілікті халықпен араласып, біте қайнасып кетуінің көрінісі, қазақпен құда болғандығында болса керек.

«Өзімнің отбасымда менен басқасының барлығы қазақ ұлтымен отбасын құрған. Туған әпкем мен екі сіңлім қазаққа күйеуге шыққан. Інім де қазақтың қызына үйленді. Қазір бәрі де немере көріп отыр», – дейді Нұрғиса Ниязова.

Қызды-қызды әңгімемен отырғанда, Гөзәл барлығымызды дастархан басына шақырды. Біздің келе жатқанымызды ести салысымен, қазан көтеріп, ет асыпты. Теміровтердің мол дастарханынан ет жеп, сорпа іштік. Қазақтың кең көңілі мен дархан пейілінің лебі ескендей болды. Елдің амандығын тілеп, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы болып отырған Теміровтер әулеті үлгілі, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат тұтады.

Иә, тоталитарлық жүйенің өктемдігімен түрлі ұлттардың күштеп жер аударылғаны белгілі. Дала пейілді, дархан көңілді қазақ халқы оларды жатсынбады. Барын тосты, бауырына басты. Міне, ынтымақ пен бірліктің арқасында қазақ елі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астына ұйыстырды. Тату-тәтті тұрып жатқан бейбіт елге айналды. Сол жарасымды ауызбіршіліктің көрінісі біз жазған Теміровтер әулетінен де көрініс береді. Еліміздің ынтымағы артып, ауызбіршілігі бұдан да нығая бергей!

Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here