«Су соғысы»: Адамзат су драмасының алқымында тұр

0
2865

«Qazaq» газетінің 27 сәуірдегі №17 санында Аружан  Мұханбетқалидің «Жайықтың жанайқайы: Еуропаның ең ірі үшінші өзені Аралдың тағдырын қайталай ма?» атты проблемалық мақаласы бізді бейжай қалдырмады. Өйткені, адамзат тарихында су үшін талас бұрынғы өткен ғасырларда дәл бүгінгідей өткір болмапты. Бүгінгі таңда урбанизацияның жедел дамуы суға деген  адамзаттың  сұранысын  тудырып  отыр. Тарихи уақыттың адам айтқысыз жылдамдықпен жылжып бара жатқаны – дау туғызбайтын ақиқат. Оның өн бойында бір тамшы судың үлкен басымдыққа ие екені айқын. Бұл, әсіресе, жаһандық ақпараттық-коммуникация технологияларының өте жылдам әрі үздіксіз жаңаруынан, жаңа өндіргіш күштер мен адамзат қоғамының жаңғыру кезеңіне, қала индустриясының дамуы мен урбанизация дәуірінде зәрулікке айналып отыр. Бұл қарқын алғашқы индустриялық революцияның қозғаушы күші – көмір мен будың біртіндеп жолдан шығып, екінші индустриялық революциялық энергетикалық қуатына негіз болған мұнай мен көгілдір отынға, одан соң атом қуатына, енді міне, үшінші индустриялық революцияның энергия иіріміне айнала бастаған балама қуат көздеріне орын босата бастағанынан анық байқалып тұр. Бұл құбылысты төртінші индустриялық революцияның күретамырына айналып үлгерген биотехнология, информатика және нанотехнология синтездерінен туындап жатқан соны ғылыми өркендеуден де көруге болады. Осылардың бәрінде судың алатын рөлі айрықша басымдыққа ие. Не істеу керек?

ӘЛЕМДЕ 2 МИЛЛИАРДТАЙ АДАМ АУЫЗ СУҒА ЗӘРУ

Осыдан  бірер  жыл  бұрын  АҚШ-та еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ шеңберінде ұйымдастырылған Су мен бейбітшілік мәселесі жөніндегі Жаһандық топтың төрағасы Данило Тюркпен  кездесіп, болашақтағы әлеуметтік теңдіктің ұтымды бағыты туралы әңгіме өткізген-ді. Словенияның бұрынғы президенті Тюрктің сол тұстағы адамзат қоғамын алаңдатып отырған мәселе туралы түсінігі көңіл алаңдатарлықтай болды. Шынтуайтына сайсақ, әңгіме ауаны адам қызығарлықтай емес еді. 

Данило Тюрк өз тобының «Тірі қалу мәселесі» атты тұжырымымен жан-жақты таныстырып, біздің Сыртқы істер министрді осы істе өзін қолдауға шақырған. Тюрктің тобы осы мақсатта «Тірі қалу мәселесі» атты ғылыми-сараптамалық еңбек жазып, оны ғаламдық деңгейде мемлекет басшылары мен көрнекті тұлғаларға таныстырған болатын. Ол өз еңбегінде ғаламдық су мәселесі адамзаттың қоғамдық, құқықтық дамуы ғана емес, Жер бетінде тірі  қалудың өзі қауіпті екендігін көрсетіп берген. Демек, алдағы уақытта су мәселесін шешпесе, адамзаттың тірі қалуының өзі күрделі мәселеге айналуы мүмкін.

«Біздің жұмыс тобымыз осы жұмыстарды іске асыру үшін нақты ұсыныстар дайындады. Су қатерінің алдын алу – жекелеген бір елдің емес, жалпы ғаламдық мәселе екенін мойындап, оны шешуге бәрі де атсалысуы керек. Егер ядролық қару жер бетіндегі тіршілік атаулыны бір-бірлеп өлтірсе, су жетіспеушілігі адамзаттың өзін-өзі өлтіруіне әкеліп соғатынын ұмытпауға тиіспіз», – дейді Данило Тюрк.  

Сараптамалық зерттеуде XXI ғасырдың алдағы 40 жылында әлемдік геосаясат пен халықаралық қатынастардың да, қаржы жүйелері мен экономикалық байланыстардың да, сол сияқты ғылым мен мәдениеттің, қоршаған орта мен әлем қауіпсіздігінің болашақ болмысының қалай өзгеретіні жайында салмақты да салиқалы пікірлер түйінделген, қоршаған ортаның күйреуі, денсаулық сақтау саласындағы төңкеріс, әлемнің дамыған елдеріндегі теңсіздіктің ұлғаюы және алдағы 40 жылдан соң әлемнің қай елінің экономикасы басымдыққа ие болатыны туралы ой қозғалған. Бұл тақырыпқа 20 сарапшы ғылыми түрде талдау жасай отырып, әлемнің 2050 жылдарға дейінгі болмысын жан-жақты суреттеген. Ал, нәтижесі үрей тудырады.

Бүгінгі таңда адамзат су драмасының алдында тұр. Данило Тюрк тобының болжамына зер салсақ, әлемде екі миллиардтай адам ішетін таза ауыз суға зәру екенін көреміз. Соның ішінде әлемнің түрлі кикілжіңдер мен соғыстардың кесірінен тұрақсыздық жайлаған аймақтардағы ахуал тіпті көзге  ұрып тұр. Қарсыласушы жақтар су жүйелерінің нысандарын торуылдап, оның ағысын  бұрып оны қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып жатыр. Оның үстіне аймақтардағы демографиялық өсім де су тапшылығын арттыруда.

«Біз Таяу Шығыстағы Палестина мен Израильдың арасындағы басты проблема су мәселесінен туындап отырғанын қаперімізге алғымыз келмейді. Жерді бөлуге болады, ал суды қалай бөлесің? Бұрынғы Кеңестер  Одағында 110 өзен болыпты, ал Израильде 1-ақ өзен бар. Оның өзі аймақтағы екі мемлекеттің иелігіндегі өзен. Мұндайда су қоймасы ауданында шекара жүргізу аса қауіпті екені айқын. Адамзат қоғамына XXI ғасырдың ортасына дейін азық-түлік қорын 50 пайызға дейін арттыруға тура келеді. Жер оны көтере алады. Ол үшін алдымен су мәселесін шешпесе, ондай мақсатқа қол жеткізу қиын. Сондықтан да халықаралық қоғамдастық су мәселесі жөніндегі  ықпалдастықты жаңаша көзқараспен бағалап, оны түбірімен өзгерту керек», – дейді Данило Тюрк тобы.

Сарапшылардың айтуынша, ол үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттер арасындағы суды пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың нақты басымдықтары бойынша барлық қырларын қарастыруы қажет. Өз кезегінде аталмыш құбылыстардың геосаясатқа да, мемлекетаралық қарым-қатынастар мен әлемдік нарықтарға да, сол сияқты азаматтық қоғамның жаңаша қалыптасып, адамзат ой-санасының жаңаша дамуына да тікелей әсер ете бастағаны күмән тудырмайды. Өйткені, бүкіләлемдік мегаөзгерістер толқыны қазірдің өзінде-ақ айқын сыр беріп, планета тынысының болашақ болмысын болжайтын әйгілі футурист-философтарды да, физиктерді де, экологтар мен биологтарды да, макроэкономистер мен микроэкономистерді де, тіпті, мемлекет тізгінін ұстаған саясаткерлерді де жаппай ойландыра бастағаны шындықтан алыс емес және мұның дәлелдері жеткілікті.

Ғаламдық топ өздерінің есебінде кикілжің болып жатқан елдердің су ресурстары мен құрылымдарын қарсыластарына қарсы құрал ретінде пайдалануы халықаралық адамгершілік құқығын аяққа басу, сондықтан мұндайды бүкіл адамзат айыптауы керек деп санайды. Ал, су құрылымдарын дереу қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы билік қайырымдылық ұйымдарымен бірлесе іс қылғаны жөн дейді. Сонымен қатар, су шаруашылығы құрылымдарының қауіпсіздігін террористік шабуылдардан сақтау  –  әлемдік қоғамдастықтың тікелей жауапкершілігіне алатын мәселе. Оны ұйымдастырып, қорғауға алуды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тікелей өз мойнына алғанда ғана бұл іс алға басады.

Соңымен қатар, Данило Тюрктің тобы суға байланысты құқық пен трансшекаралық өзендер мәселесін қарастыру – аурудың алдын алумен тең әрекет екенін атап көрсеткен. Өйткені, осы арадан туған кикілжіндердің аймақтағы бейбітшілікті аяқ асты ету қатері бары айтылады. Әрине, халықаралық өзен ағындарын қалай пайдалану жөніндегі қағидаттар жүйесі, нормалар мен институттар қабылданған. Олар «Халықаралық кеме жүзбейтін су ағындарын пайдалану құқықтары» және «Трансшекаралық өзендер мен халықаралық көлдерді күзету мен пайдалану туралы» БҰҰ Конвенциялары бойынша реттеледі. Алайда, әлемнің көптеген аймақтарында су пайдалану жөніндегі трансшекаралық және аймақтық ынтымақтастықтарды барлық жаққа тиімді деңгейге көтеру мәселесі шешілмей отырғандығын ғаламдық топ атап өткен. Газет көтеріп отырған мәселе де осыған саяды.

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕРДІҢ БАҒЫН БАЙЛАМАУ КЕРЕК

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің Орталық Азияның саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына мүдделі екені атап көрсетілген. Бұл сыртқы саясатымыздағы басымдықтардың бірі болатыны айтылған. Әйтсе де, Орталық Азия елдеріндегі халықты сумен қамтамасыз ету әлі күнге дейін үлкен проблема болып отыр. Су мәселесін жүйелі шешу жолындағы барлық әрекеттер нәтижесіз аяқталып келеді. Су ресурстарына тауар ретінде  қарайтын Қырғызстан суды пайдаланатын Орта Азия елдерінің бәрінен өтемақы сұрауды әдетке  айналдырып  алған. Әрине,  су  – тауар. Сондықтан бүгінгі нарықтық жағдайда оны дұрыс емес деп те айта алмайсың. Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жақында елімізге жасаған  сапарында  да  су  проблемасы әңгіме арқауына  айналды. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бұрынғы ынтымақтастықты қайта жандандыруды тағы бір пысықтап, қайта қарамаса болмайды.

Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін жете сезінеді. Себебі, қазіргідей алмағайып заманда өңірлік тұрақтылық  пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаңа сын-қатерлерге, оның ішінде шекаралас жатқан мемлекеттерден таралуы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау басты міндеттердің бірі саналады. Сондықтан еліміз өзіне алған су мәселесі бойынша міндеттемесінде «Қазақстан Орталық Азияда жанжалға бейім әлеуетті әлсірету, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды, су-энергетикалық торап пен өзге де қайшылықтардың түйінін шешу мақсатында ішкі өңірлік интеграцияны дамытуға ұмтылады» деп көрсетуі тегін емес.       

Кез келген мемлекетке, оның ішінде көрші әрі тарихы тамырлас елдерге әр салада интеграциялық байланыстар орнатып, ынтымақтастықты нығайту аса қажет және ол барлық тарапқа тиімді.

Рас, мұндай ынтымақтастық кезінде өңірдегі бес мемлекеттің арасында болған. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты тереңге тамыр тартуы тиіс сол байланыстар соңғы онжылдықта әлсірей бастаған. Сайып келгенде, бұл өңірдегі елдердің экономикасына да кері ықпал етіп отыр. Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде: «Аталған мәселе бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие. Орталық Азияның шекарааралық су ресурстары өңірдегі барлық халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болып табылатынын атап өткен жөн», – деді.

Бүгінгі таңда әлемдік нарықтардың мемлекеттік шекараларды аттап өтіп, сыртқа қарай кең қанат жайғаны керек. Бұл тек экономикалық қатынастармен ғана шектелмейді.  Алдағы  уақытта  «ұлттық шекаралар» мен  «географиялық кеңістіктер» деген ұғымдар әлсіреп, керісінше, «халықаралық қатынастар» деген ұғымның аясына жұмыс қолы мен тауарлардың да, капитал мен технологиялардың да, тіпті, идеялар мен мәдени-рухани құндылықтардың да сыйып кететіні және олардың еркін айналуына ешнәрсе бөгет бола алмайтыны көрініп тұр.

Қытай, Қазақстан, Ресей елдерінің аумақтарынан өтетін Ертіс өзені бассейнінің де кейбір проблемалары халықаралық Конвенциялармен реттелген. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан да Еуразия құрлығындағы су ресурстарынан ішінара тапшылық көруші елдердің біріне жатады. Республиканың жер үсті суларының жартысына жуығы шекаралас мемлекеттердің аумағынан келетіні айқын. Соңғы 15 жылда жер үстілік судың табиғи ресурстарының тапшы бола бастағандығы байқалуда. Соның ішінде 90 пайызы көршілес елдерден ағып келетін суға тіреліп отыр. Шығыстағы көршіміз Қытай елі өзінің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өсіп келе жатқан қала тұрғындарының су мұқтаждығына байланысты халық сұранысын толық қанағаттандыруға шамасы жетпей, Ертістің суын тежей түсуде. Ал, бұл трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша БҰҰ Конвенциясының талабын бұзу болып есептеледі. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы аумағынан 24 трансшекаралық өзен ағады екен. Соның ішінде Ертіс, Іле, Текес және т.б. өзендердің ағын су көлемі мен сапасы бойынша екі мемлекет жасалған келісімшарттың негізінде ақпараттармен алмасып келеді. Алайда, Қытай тарапының өзендердің суын гидро тоғандармен іркіп отыруы себебінен туындап отырған проблемалар баршылық. Мұндай  проблемалар  өз  ішімізде де бар. Жақында «Жас Алаш» газетінде қызылордалық бір топ қайраткердің Сырдария өзенінің бүгінгі жағдайы туралы жанайқаймен жазған мақаласы жарық көрді. Көтерілген мәселе дұрыс. Бүгінгі таңда ұлы өзен саналатын Сырдариядан аққан су Арал теңізіне жылап ағып жатыр. Мұның көктемгі ауыл шаруашылығы жұмыстарының қызған шағында орын алуы ертең экономикамызды ойсыратып кетпесіне кім кепіл?!   

Судың  тапшылығынан  дүниежүзі бойынша қоршаған орта ластанып, жер бетіндегі климат біршама өзгеріске түсіп  отыр. Ауа температурасының көтеріле бастағаны сезілуде. Мысалы, Алматы – әлемдегі үстінен 22 өзен кесіп өтетін жалғыз мегаполис. Егер ол өзендер болмаса, қаланың сәні де болмасы анық. Бірақ, сол өзендер өз бастауын алатын Алатаудың биік шыңдарындағы мұздықтар соңғы елу жылдың ішінде елу пайызға еріп кеткен көрінеді. Болашақта жағдай осылай жалғаса берсе, елу жылдан кейін Алматының табиғаты адам шошырлық күйге түсуі мүмкін деседі  ғалымдар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Су ресурсының араласпайтын саласы жоқ. Егіншілік азайғанмен,  қалалар қарқындап өсуде. Оның үстіне халықтың суға деген сұранысы да артуда. Демек, оны қазірден бастап шешпесек, ертең кеш болмақ. Өйткені, әлемнің қазіргі жағдайын ескере отырып, келешекте «су соғысы» деп аталатын жаңа соғысты болжау қиын емес. Алысқа бармай-ақ күні кеше 55 адамның өмірін жалмаған Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстың судан басталғанын мысалға келтірсек те жетіп жатыр.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here