«ҚызПУ-дың танымал ғалымдары»: Сайра Жиенбаева

0
3652

«Qazaq» республикалық газеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірлесуімен «ҚызПУ-дың танымал ғалымдары» танымдық жобасы әрмен қарай жалғасуда.

Еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір іргелі оқу орнының ғылыми әлеуетінің артуына және қарашаңырақ қабырғасында ұзақ жылдар бойы үздіксіз маман даярлауға елеулі үлес қосып келе жатқан білікті ғалымдар мен оқытушылардың еңбегін жан-жақты насихаттауға арналған жобаның авторы  – Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, белгілі журналист Жандар Асан.

Біз бүгін педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайра Жиенбаеваның ғылымдағы жолына тоқталамыз.

Сайра Жиенбаева – педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Ғалымның 300-ге жуық ғылыми еңбегі жарық көрген. Олардың қатарында монографиялар, оқу құралдары мен іргелі ғылыми зерттеулер бар.

Ғылымдағы еңбегі

Сайра Нағашыбайқызы 2002 жылы «Мектепке дейінгі білім беру теориясы және әдістемесі мамандығы бойынша «Мектепалды балаларын еңбекке баулудың ғылыми-педагогикалық негіздері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 2010 жылы «Бастауыш сынып оқушыларының еңбек іс-әрекеті тәжірибесін қалыптастырудың ғылыми негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Ғалымға 2010 жылғы 25 маусымда доцент, 2010 жылғы 13 желтоқсанда профессор ғылыми атағы берілді.

Сайра Жиенбаеваның кандидаттық зерттеуі нәтижесінде мектепалды балаларын еңбекке баулудың теориялық негізі анықталып, мотивациялық, когнитивтік және іс-әрекеттік компоненттер бірлігіндегі моделі, өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері ұсынылып, мектепалды балаларын еңбекке баулудың әдістемесі дайындалды. Сонымен қатар «Балбөбек» бағдарламасына қосымша «Еңбекке баулу» бағдарламасы практикада тиімділігі дәлелденді. Аталған зерттеу нәтижесінде «Мектепалды балаларын еңбекке баулу» әдістемелік құралы мен «Қол еңбегі» әдістемелік кешені жарық көрді.

Ал ғалым-ұстаздың докторлық диссертациясы бүгінгі күннің мектепке дейінгі балаларды еңбекке баулу бастауыш мектептегі еңбекке баулудың сабақтастығының өзекті мәселесін шешудің жолын қарастырады.  Диссертациядағы зерттеліп отырған мәселенің теориялық-әдіснамалық негізінің анықталуы, тұжырымдамасы, үлгісінің және оны жүзеге асыруда практикалық мәні ерекше оқу-әдістемелік кешендердің дайындалуы көтеріліп отырған мәселенің көкейкестілігін нақтылай түседі. 

Докторлық диссертация осы мәселенің жалғасы ретінде дамытыла отырып, «еңбек іс-әрекеті», «субъекті», «тәжірибе» ұғымдарына философиялық, әлеуметтану, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерге талдау жасалынып, белгілі ғалымдардың пікірлерімен дәлелденіп, ғылыми жаңалығын өзіндік көзқарасымен тұжырымдалған. Ғалым мектепалды және кіші мектеп жасындағы балалардың еңбек іс-әрекеті субъектісі ретінде тәжірибесін қалыптастырудың теориясын, ғылыми тұжырымдамасы мен әдістемесін ұсынып отыр.

Сайра Жиенбаева 300-ге жуық ғылыми еңбектің авторы.

Олардың қатарында «Мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының еңбек іс-әрекеті субъектісі ретінде тәжірибесін қалыптастырудың теориялық негіздері», «Бастауыш сынып оқушыларының еңбек іс-әрекеті тәжірибесін қалыптастырудың теориясы және әдістемесі» атты монографиялары, «Бастауыш сынып оқушыларын еңбек іс-әрекеті тәжірибесін қалыптастыру» тұжырымдамасы, «Сенсорлық тәрбие теориясы мен әдістемесі», «Мектепке дейінгі ұйымдағы педагогикалық технологиялар», «Сәби шақтағы балалардың дамуы және тәрбиелеу», «Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістемесі», «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістері» атты оқу құралдары бар.

Сайра Жиенбаева – 1-2 сынып оқушыларына арналған «Технология» оқу-әдістемелік кешенінің, «Өзін-өзі тану» пәнінің және бірнеше оқулықтың авторы.

Сонымен қатар ол «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының стандарты мен бірнеше типтік бағдарламалары мен «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының бакалавры және магистратура, докторантура стандарты және типтік бағдарламаларының және  мектепалды топтарына арналған «Қол еңбегі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы.

С. Нағашыбайқызы ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі оқулық және оқу-әдістемелік кешен бойынша республикалық кеңестің мүшесі.

Ғалымның ұйытқы болуымен 2010 жылы «12 жылдық білім беруге көшу жағдайында мектепке дейінгі білім дамуының ғылыми-әдістемелік негізін дайындау» атты қолданбалы жоба дайындалды. С. Жиенбаева Ресей, Сингапур, Хорватия, Германия, Венгрия, Белорусь, Қырғызстан, Өзбекстанда өткен халықаралық конференцияларға қатысып, саланы дамыту турасында шетелдік әріптестерімен үнемі кеңесіп отырады.

Оның жетекшілігімен Асима Рысқұлбекова «Бастауыш сынып оқушыларының коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында кандидаттық диссертациясын және мектепке дейінгі білім берудің мәселелері бойынша магистранттар зерттеу жұмыстарын қорғады.

Ол 2015 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауыш мектептің педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша PhD докторлық кеңестің мүшесі.

Өмірбаяны

Сайра Жиенбаева 1962 жылғы 27 қарашада Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша үздік бағамен бітірген. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «Педагогика және психология (мектепке дейінгі тәрбие)» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007 жылы аталған жоғары оқу орнының докторантурасын «Педагогика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы қаласындағы №320 балабақшаның тәрбиешілігінен бастаған. 1990-1992 жылдары Алматы темір жолының №46  мектебінің бір жылдық педагогикалық сынып мұғалімі, 1992-2004 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Мектепке дейінгі педагогика кафедрасының аға оқытушысы, 2010-2012 жылдары Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ал 2012-2020 жылдары аралығында Педагогика және психология факультетінің деканы болып еңбек етті.

Отандық кадрлар мектебін қалыптастыруға қомақты үлес қосқан ғалымның ерен еңбегі ескерусіз қалмады.

Ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағымен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін мерейтойлық «Құрмет белгісі» медалімен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here