«ҚызПУ-дың танымал ғалымдары»: Айгүл Сатбекова

0
2395

«Qazaq» республикалық газеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірлесуімен «ҚызПУ-дың танымал ғалымдары» танымдық жобасы әрмен қарай жалғасуда.

Еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір іргелі оқу орнының ғылыми әлеуетінің артуына және қарашаңырақ қабырғасында ұзақ жылдар бойы үздіксіз маман даярлауға елеулі үлес қосып келе жатқан білікті ғалымдар мен оқытушылардың еңбегін жан-жақты насихаттауға арналған жобаның авторы  – Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, белгілі журналист Жандар Асан. 

Біз бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Сатбекованың ғылымдағы жолына тоқталамыз.

Айгүл Сатбекова – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі.

Ғалымның кешенді ғылыми-әдістемелік зерттеуі нәтижесінде халықаралық, республикалық басылымдарда 300-ден аса ғылыми зерттеу және ғылыми-әдістемелік мақаласы жарық көрді.

Ол 12 оқулық, 22 оқу құралы, 24 әдістемелік нұсқаулық пен 2 монографияның авторы.

Айгүл Сатбекованың бірнеше оқу-әдістемелік кешені ғылыми айналымға түсіп, орта және жоғары мектеп тәжірибесінен сәтті өткізілді.

Ғылымдағы еңбегі

Айгүл Амантайқызы 1996 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Аблақовтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі септіктерді орыс мектебінің 6-класында оқыту» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын, 2009 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ. Қадашеваның ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ тілін өзгетілді дәрісханада жобалай оқыту технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері (гуманитарлық бөлім)» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

Ғалымға 1998 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен педагогика мамандығы бойынша доцент, 2011 жылы профессор ғылыми атақтары берілді.

Айгүл Сатбекованың кешенді ғылыми-әдістемелік зерттеуі нәтижесінде халықаралық, республикалық басылымдарда 300-ден аса ғылыми зерттеу, ғылыми-әдістемелік мақаласы жарық көрді.

Жаңа сапалы және мазмұнды оқытуға құрылатын 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша ғалымның 10 оқулығы, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 2 оқулығы, 22 оқу құралы, 24 әдістемелік нұсқаулығы, бірнеше жаттығулар мен диктанттар жинағы жарық көрсе, жоғары мектепте кәсіби сапалы білім беру жолдарын қарастыруға байланысты 2 монография, 3 грамматикалық кесте мен грамматикалық анықтағышы, бірнеше оқу-әдістемелік кешені ғылыми айналымға түсіп, орта және жоғары мектеп тәжірибесінен өткізілді.

«Түзу тәрбие болмаған жерде алынған білім қоғам үшін қауіпті». Сол себептен де Айгүл Амантайқызы 2004-2015 жылдары аралығында Қыздар университетінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған кезде студенттерге зайырлы қоғам мүддесіне жауап беретін, ұлттық болмысымызға сай тәрбие берілуіне үлкен мән берді.

Сол кездегі университет ректоры, қоғам қайраткері Шәмша Көпбайқызы Беркімбаеваның бастамасымен қазақтың бүгінгі зиялы азаматтарымен, қоғам қайраткерлерімен, елінің елеулісіне айналған аналармен, ұлтына ұлағат айтқан ұстаздармен, халқының қалаулысы болып үлгерген өнер жұлдыздарымен тағылымды кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналғанын айрықша атап өткіміз келеді.

Өмірбаяны

Айгүл Сатбекова 1967 жылғы 27 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1984 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы № 229 «Абызтөбе» орта мектебін үздік бағамен бітірген.

1989 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін «Ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша тәмәмдайды.

Еңбек жолын өзі білім алған оқу орнының комсомол комитетінің хатшылығынан бастайды.

1990 жылғы қыркүйекте Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы қызметіне қабылданады. Ал 1994 жылы Қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы лауазымына ауыстырылады.

2003 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты жанындағы Біріккен докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі әрі ғалым хатшысы болып тағайындалды. 2004-2015 жылдары аралығында Тарих-филология факультетінің деканы, Оқу-әдістеме бөлімінің меңгерушісі, Тәрбие ісі жөніндегі проректоры, Филология факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды.

2015 жылдан бері Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің Тіл теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры қызметінде.

Айгүл Сатбекова 2009 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің бұйрығына сәйкес Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын мемлекеттік аттестациядан өткізу мақсатында аттестациялық комиссия мүшесі болып тағайындалды. Сонымен қатар 2015 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Білім беру (гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары)» мамандықтары бойынша философия ғылымдарының докторы (PhD ) ғылыми  атағын беруге арналған диссертациялық кеңестің мүшесі әрі ғалым хатшысы болып тағайындалды.

Айгүл Амантайқызының шәкірт тәрбиелеудегі және ғылымды дамытудағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ.

Атап айтқанда, ол  жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы. Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, «Білім беруді дамытудағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

А. Сатбекова «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері, Педагогикалық білім берудің халықаралық ғылым академиясы (МАНПО) мен Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here