Екпе алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ

0
480

Тараз қаласындағы № 5 емхананың жылжымалы тобы 46 мұғалім қызмет ететін № 32 мектепке екпе жүргізді.

«Емхананың жылжымалы екпе тобы рефрижераторлы тоңазытқыш қондырғысын пайдаланады. Коронавирусқа қарсы вакциналар аталған шағын тоңазытқыш арқылы тасымалданады. Мобильді топтың құрамында дәрігер, терапевт және екпе егетін медбике болады. Бұл бастама өте ыңғайлы, екпе салдыру үшін емханаға сабылудың қажеті жоқ, жұмыс орнында вакцина мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы Баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева.

Ел тұрғындарының 60 пайызы вакцина салдырған кезде ғана топтық иммунитет қалыптасады. Сол арқылы барлық карантиндік шектеулерді алып тастауға жол ашылады. Облыста жоспар бойынша жыл соңына дейін 582  мың адамға вакцина егілмек.  

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Әскерұлы аймақтағы екпе жұмыстары туралы былай дейді: «Қазіргі кезде коронавирус індетінің таралуына тосқауыл болатын бірден-бір жол –вакцинация. Белгіленген талап бойынша вакцинация 18-65 жас аралығындағы азаматтарға жүргізілетіндіктен, бұл санатта бүгінде аймақта 597 700 адам тіркеліп тұр. Жыл басынан бастап облысқа 10 000 доза отандық «QazVac», 231 700 доза «Спутник V» вакцинасының 1 компоненті және 173 425 доза 2 компоненті, 60 000 доза «Хаят Вак» вакцинасы және «КоронаВак» вакцинасының 34 000 дозасы жеткізілді. Бүгінгі таңда 262 мың адам 1-ші компонентін,143 мыңнан астам адам екінші компанентін салдырды. Нақтырақ айтсақ, 17 мыңнан астам медицина қызметкерлері, 33 мың білім беру мекемелерінің қызметкерлері, 18 мың құқық қорғаушы, 6 мың мемлекеттік қызметкерлер екпе қабылдады. Вакцинация ерікті түрде жүргізіліп жатыр».

Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері Гульфайра Құралбекқызы өңірдегі вакцина саны мен екпе алғандардың статистикасымен бөлісті.

«Жамбыл облысы бойынша 20 емхана және коронавирусқа қарсы 5 медициналық орталық екпе салу жұмысымен айналысып жатыр. Оның ішінде 43 екпе кабинеттері ашылған. 10 жылжымалы екпе пунктері және 31 жылжымалы екпе бригадалары бар. Қазіргі уақытта екпенің бірінші компонентінің 27 мыңнан астам дозасы бар болса, екінші екпе бойынша 82 мыңнан астам дозасы толық жеткілікті. Жамбыл облысында халықтың басым бөлігі «Спутник V» екпесін қабылдауда. Қазіргі таңда 582 мың екпеге жоспарланған адамдар арасынан 43%-ы, яғни 251 277 адам бірінші компонентін алды. 21 күннен кейін 22,9%-ы, яғни 133 066 адам вакцинаның 2 компонентімен егілді. Осы тұрғындарға вакцинация паспорты берілді. Екпені тек жастар емес, егде жастағы қарттар да өз еріктерімен қабылдауда. Халық арасында екпеден кейін асқынулар болған жоқ. Қазір егу жұмыстары жалғасуда. Өңірде вакцина алам деушілердің саны күн сайын көбеюде. Отандастарымды көпшілік жерге бармауға шақырамын. Сонымен қатар, қазіргі вирустан құтылудың жалғыз жолы ретінде осы вакцинаны қабылдауға маман ретінде кеңес беремін. Біз екпе салдыру арқылы пандемияны жеңеміз», – дейді эпидемиолог дәрігер.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here