Нұрболат Дүйсенов: «Жаңа өзгерістер кәсіпкерлерге балық шаруашылығына мол инвестиция салуға мүмкіндік береді»

0
1094

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы қаулысымен балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бағдарламада қолда бар әлеуетті ескере отырып, 2030 жылға қарай өсірілетін балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін арттыру міндеті қойылған. Биылғы жылдан бастап елдің балық саласына енетін өзгерістер жөнінде Ақтөбе облысы бойынша Балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Дүйсеновтен сұрадық.

– Нұрболат Рахметұлы, бұл өзгерістердің мәні неде?

– Мен саланың өзінде болған үлкен құрылымдық өзгерістерден бастайын. Мәселен, қаңтар айында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Балық шаруашылығы комитеті, сондай-ақ олардың аумақтық облысаралық бөлімшелері бар бейінді ведомство құрылды. Ақтөбе және Қостанай облыстарында балық ресурстарын әрі басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту мен пайдалану саласындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшін наурызда «Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ құрылды.

– Қандай заңнамалық шаралар қабылданды? Өйткені, онсыз балық шаруашылығын одан әрі алға дамыту, балық өсірушілерге қолайлы жағдай жасау мүмкін емес екені айдан анық…

– Биыл Балық шаруашылығы комитеті заңнамаға көптеген өзгерістер енгізді. Алдымен кәсіпшілік су айдындарын акваөсіруге ауыстыру қағидалары қабылданды; Су кодексінде су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтарын орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды; Жер кодексіне ауыл шаруашылығына арналған жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығындарды өтеуден босату бөлігінде өзгеріс енгізілді; Салық кодексінің балық ресурстарын пайдаланғаны үшін жылдық төлемнің орнына тоқсан сайын төлем енгізу бөлігінде өзгеріс енгізілді. Бұрын балық аулау кәсіпорны балық аулауға арналған төлемдерді рұқсат алудан бұрын төлейтін, бұл айтарлықтай қаржылық салмақ салды әрі көбінесе несие алуға немесе айналым капиталын пайдалануға мәжбүр ететін. Сондай-ақ, заңнамаға «балық шаруашылығы технологиялық су айдыны» – гидротехникалық құрылысжайлардың немесе құрылғылардың көмегімен сумен толтырылатын, акваөсіру объектілерін өсіруге жағдай жасауға арналған, жасанды жасалған су айдыны (тоған, балық өсіру бассейні) жаңа ұғымы енгізілді. Архитектура, қала құрылысы саласындағы заңнамаға бөлінген жер учаскелері бойынша жергілікті атқарушы органмен келісілген жобалар негізінде жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптама жасамай ауданы 0,15 гектарға дейін балық аулайтын тоғандар салуға рұқсат беру бөлігіне өзгерістер енгізілді.

Балық шаруашылығын жүргізуге арналған үлгі шарт бекітілді және осы шартты жасасудың нақты мерзімі – 49 жыл болып белгіленді. Бұл кәсіпкерге балық шаруашылығына сеніммен инвестиция салуға және ұзақ мерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік береді. Ал, кәсіпкерлер үшін балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беру жөніндегі конкурс толығымен автоматтандырылып, электрондық аукцион форматында өткізілетін болады, демек, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді.

Осы шаралардың барлығы бұрын саланың дамуын тежеген артық талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді. Бүгінде балық өсірушілерге қойылатын жалғыз міндет – балықтың белгіленген көлемін өсіру.

– Нақты не істелді?

– 2020 жыл бойы министрлік ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп, еліміздің балық саласының әлеуетіне талдау жүргізді. Осыған байланысты облыс әкімдіктері осы жылдың наурыз айында өңірлік бағдарламаларды қабылдады. Соның негізінде балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі салалық бағдарламасы әзірленді. Осыған орай елімізде жылына 270 мың тоннаға жуық балық экспортын арттыру, 545 жаңа балық өсіру шаруашылықтарын құру жоспарланған. Жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығуы тиіс.

– Бұл салада балық өндірушілерге қандай қолдау көрсетіледі?

– Діттеген мақсаттарға қол жеткізу үшін салалық бағдарлама мемлекеттің қолдауын көздейді. Олардың өнімдерді шығаруға кететін шығындарының негізгі компоненттеріне – жем-шөп, балық тұқымы мен бағалы балық түрлерін ұстау, дәрі-дәрмектер алу, балық-биологиялық негіздемелерді әзірлеу, сондай-ақ балық өсіретін шаруашылықтардың барлық түрлері бойынша инвестициялық субсидиялар кіреді. Осылай қолдау көрсетілгенде ғана мұндай шаруашылықтардың тиімділігі артып, кәсіпкерлердің осындай қызметпен айналысуына мотивация болатынына сенімдімін.

– Ақтөбе облысының балық саласы туралы сөйлессек. Мұнда қандай басымдықтар мен перспективалар бар?

– Балық шаруашылығын дамыту акваөсіруге, яғни тауарлық балықты жасанды өсіруге баса назар аударылмақ. Өңірлік бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға қарай облыста балық экспорты көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Негізгі көлемді жабық сумен жабдықтау қондырғыларында, торлы және тоғандағы, сондай-ақ көлдік-тауарлық балық өсіретін шаруашылықтарда көбейтетін болжам бар.

– Қандай мысал келтіре аласыз?

– Жабық сумен қамтамасыз ету қондырғыларында балықты тауарлы өсірудің алғашқы жобасы Ақтөбедегі «Мұрагер 22» ЖШС-де жұмыс істейді, онда 2021 жылдың соңына дейін 500 тонна кларий жайынын алу жоспарланған. «Ардағым» ШҚ тоған балық өсіру шаруашылығының әлеуеті жоғары. Айтпақшы, оның тұқы мен бекіре тұқымдас балықтарды өсірудегі көп жылдық тәжірибесі межеленген аймақтық бағдарламаның дұрыстығын растайды. Сондай-ақ, шарбақтық шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін Қарғалы және Хромтау аудандарының бұрынғы карьерлері мен су қоймаларының терең су учаскелерін пайдалану жоспарланғанын айта кеткім келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі кәсіпкерлерді тарту үшін су қоймаларында зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды.

– Қазіргі таңда балық саласы өңір кәсіпкерлері үшін қаншалықты қызықты?

– Соңғы жылдары кәсіпкерлер балық бизнесіне қызығушылық таныта бастады, тұқы, форель өсіру бойынша тоған шаруашылықтарының құрылысы жанданды, торлар, балық өсіру жабдықтары сатып алынды, шаруашылықтар балық өсіру материалдарын (шабақтарды) инкубациялаумен және өсірумен, балықты қайта өңдеумен айналыса бастады. Біздің болжамымыз бойынша, балық экспорттауға 30-дан астам көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтары тартылатын болады. Мемлекеттік қолдауды ескере келе, балық шаруашылығын дамыту бойынша қойылған мақсаттарға жетеміз деген сенім мол.

– Нұрболат Рахметұлы, сұхбатыңызға алғыс айтамыз!

 Сұхбаттасқан Мирал Жармұхамбетов

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here