Тоғыз рет Олимпиадаға қатысқан тарихтағы тұңғыш әйел

0
3482

Нино Салуквадзе  – пневматикалық тапаншадан оқ атудан грузин спортшысы. 1988 жылы Сеулде Олимп шыңын бағындырған спортшы бірнеше дүркін Әлем және Еуропа чемпионы. КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері (1988) тоғыз мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан тарихтағы алғашқы әйел.

Нино Салуквадзе ұлы Цотнэ Мачаварианимен 2019 жылы Беларусь астанасы Минск қаласында өткен Еуропа ойындарына қатысып, екеуі қола жүлдені иеленді

Грузия мақтанышы 1969 жылы 1 ақпанда Тбилиси қаласында дүниеге келді. 1988 жылы Сеулде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында 25 метр қашықтықтан спорттық тапаншамен атудан чемпион болып, 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен атудан күміс медальға ие болды.

1992 жылы Барселонада өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Нино Салуквадзе басқа кеңестік әріптестері сияқты Халықаралық Олимпиада комитеті туының астында сынға түсті. Сонда спорттық тапаншамен атудан үздік бестікті қорытындылап, жүлдегер атануға бір табан жақын қалды.

1993 жылдан бастап Грузияның ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетеді.

1996 жылы Атлантадағы Олимпиада ойындарында бақ сынаған Нино Салуквадзе пневматикалық тапаншамен атудан 5-орын, спорттық тапаншамен атудан 7-орын алды. 2000 жылы Сидней Олимпиадасына, 2004 жылы Афина Олимпиадасына қатысқанымен, қанжығасы майланбады.  Сиднейде ақтық сынға да шыға алмады. Ал, Афинада пневматикалық тапаншамен атудан 8-орынға және спорттық тапаншамен атудан 10-орынға табан тіреді.

2008 жылы Бейжің Олимпиадасында пневматикалық тапаншамен атудан қола жүлдегер атанды. Марапаттау рәсімінде Салуквадзе мен ресейлік күміс жүлдегер Наталья Падерина екеуі достық пейілмен қол алысып, бір-бірін құттықтады. Оңтүстік Осетия жанжалы кезінде болған бұл сәтті сол кездегі ХОК президенті Жак Рогге спорттық рух пен бірліктің көрінісі деп бағалады.

Әлем чемпионатында 1986 жылы алтын және күміс, 1987 жылы алтын, 1989 жылы алтын және күміс, 1990 жылы атудың екі түрінен де алтын алып, 1991 жылы да чемпиондық орыннан табылды. Сондай-ақ, төрт дүркін Еуропа чемпионы атанып, төрт күміс, төрт қола медальдерді иеленді. 1999 жылы Әлем кубогінің жеңімпазы атанды.

Осы күнге дейін спортпен шұғылдануын жалғастыруда. Грузияның ату спорт түрлері Федерациясының және Грузия Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті лауазымдарында да жұмыс атқарады. Жаттығуларын  Грузияның еңбек сіңірген бапкері, КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, өзінің әкесі Вахтанг Салуквадзенің жетекшілігімен жасайды.

Нино Салуквадзе  регбиші Гочей Мачаварианимен шаңырақ көтерген. Спортшылардың Нино есімді қызы мен Цотнэ есімді ұлы бар. Бір қызығы, 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына Цотнэ спортшы анасымен бірге барды. Сөйтіп, тарихта тұңғыш рет Олимпиада ойындарына анасы мен ұлы қатар қатысты. 2019 жылы Беларусь астанасы Минск қаласында Нино Салуквадзе мен Цотнэ Мачавариани аралас тәртіптегі 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі тапаншамен атудан Еуропа ойындарының қола жүлдегерлері болды.

2019 жылы Әлем кубогінде төртінші кезеңнің қорытындысында 2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында 10 метр қашықтықта пневматикалық тапаншамен атуға лицензия берілді. Сөйтіп, өз мансабында тоғызыншы рет Олимпиадаға жолдама алды. Пневматикалық тапаншадан 10 метр қашықтықтан ату кезінде ол 51 ойыншының ішінен 31-орынға ие болды. Салуквадзе өз сөзінде бұл Токио Олимпиадасы мансабындағы соңғы ойын болатынын мәлімдеді.

«Қазіргідей ауыртпалықпен ешкімнің Олимпиадаға тоғыз мәрте қатыса алмайтынын жақсы білемін. Осыдан кейін мансабымды аяқтаймын. Себебі, өте қиын. Моральдық, физикалық, техникалық тұрғыдан сақадай сай болғаныммен, көзім қартайды. Көздеу қиынға соғады, тіпті ота да жасаттым. Көздеуішімді ауыстырып, сол жақ көзіммен нысанаға алатын болдым. Атуды жалғастыру үшін пышаққа түсуді ұсынды. Қарапайым өмір үшін маған мұндай ота қажет болмас та еді. Отадан еш нәтиже шықпады. Есесіне өмірде нысанадан басқасының бәрін жақсы көремін», – дейді 52 жастағы грузиялық спортшы.

Айта кетейік, Германия мен Италия құрамаларында байдарка мен каноэ есуден өнер көрсеткен Йозеф Идем және канадалық академиялық есуші Лесли Томпсон Олимпиада ойындарына сегіз рет қатысқан. Сондай-ақ, қазір өтіп жатқан Токио Олимпиадасына Өзбекстанның 46 жастағы жеңіл атлеті Оксана Чусовитина да қатысуда. Бұл да оның сегізінші Олимпиадасы.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here