Алты президенттің тілін тапқан Жапаров

0
1305

Кеше, 13 қазанда Қырғыз Республикасында кезекті кадрлық ауыс-түйіс болды. Атап айтқанда, Үкіметті сегіз ай ғана басқарған 42 жастағы Ұлықбек Марипов Министрлер кабинетінің төрағасы қызметінен кетіп, оның орнына 57 жастағы Ақылбек Жапаров тағайындалды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Президенті мен премьері жиі ауысатын көрші елде тоқсаныншы жылдардан бері аттан түспей келе жатқан жалғыз саяси қайраткердің биліктегі карьерасына тоқталады.

АҚАЕВТЫҢ ТҰСЫНДА БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Министрлер кабинетінің су жаңа төрағасы Ақылбек Жапаров Фрунзе политехникалық институтының 1986 жылғы түлегі. Мамандығы – инженер-құрылысшы. Еңбек жолын өз институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. Кейін политехникалық институттың Комсомол комитетінің хатшысы, Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының Студенттік құрылыс жасақтары Орталық кеңесінің мүшесі болды. Қырғызстан азаттық алған жылдары «Толкун» ЖШС бас директорының орынбасары қызметін атқарды.

Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев тұсында Ақылбек Жапаров Президент және Үкімет аппаратының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісінен Жогорку Кенешке (Парламент) дейінгі жолды жүріп өтті. Айталық, 1992-1993 жылдары Президент және Үкімет аппаратының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, 1993-1995 жылдары Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясының жауапты хатшысы, аппарат басшысы, 1995-1996 жылдары бірінші вице-премьердің көмекшісі, 1996-1997 жылдары Президент жанындағы бағалы қағаздар нарығы жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, 1997-2000 жылдары Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік салық инспекциясының бастығы, 2000-2005 жылдары Жогорку Кенеш депутаты болды.

БАКИЕВТЕН ЖЭЭНБЕКОВКЕ ДЕЙІН

Билікке Құрманбек Бакиевтің келуімен Ақылбек Жапаров екі жыл Экономика және қаржы министрлігінің тізгінін қолына ұстады. Тағы екі жыл Экономикалық даму және сауда министрлігін басқарды. Оппозицияның күшімен Бакиев Беларуське қашуға мәжбүр болған 2010 жылы Жапаров Қырғызстанның бірінші вице-премьер-министрі қызметінде еді.

Бір қызығы, Бакиев дәуірінен кейін екінші президент пен оның жақтастары жаппай саяси қысымға ұшырап жатқанда, Ақылбек Жапаров бірінші вице-премьер-министр қызметінен кеткенімен, оның саяси мансабына нүкте қойылған жоқ. Уақытша үкімет кезінде ол Жогорку Кенештің депутаты болды, ал билік басына Алмазбек Атамбаевтың келуімен қайтадан Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2015 жылдан 2020 жылға дейін депутаттың жылы орындығында тапжылмай отырды.

ДЕПУТАТ ЖАПАРОВ ПРЕЗИДЕНТ ЖАПАРОВТЫҢ ДА ТІЛІН ТАПТЫ

Былтыр күзде Қырғызстанда кезекті төңкерісте кезекті президент қуғындалды. Билік басына Садыр Жапаров келді. Бұған дейін бес президентпен қызметтес болған Ақылбек Жапаров алтыншы президенттің де тілін тапты, көңілінен шықты. Мәселен, Садыр Жапаров президент болғаннан кейін жарты жыл өткен соң қайтадан Экономика және қаржы министрі атанды. Сондай-ақ, Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметін қосымша атқарды. Ал, күні кеше өзінің саяси карьерасындағы ең жоғары лауазымға тағайындалды. Енді ол Министрлер кабинетінің төрағасы.

Осылайша, Ақылбек Жапаров үш рет Парламент депутаты, үш рет Қаржы министрі болды. Бір қызығы, үш рет билік ауысқанда үш жаңа президент те оған елдің қаржы саласын сеніп тапсырды. Өкінішке қарай, қырғыздардың басым көпшілігі Ақылбек Жапаровтың тісқаққан саясаткер екеніне күмән келтіріп, отыз жылдан бері аттан түспеуін оның жаңа билікпен тез тіл табысып кететін қасиетімен ғана байланыстырады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бір жыл бұрынғы төңкерістен кейін түрмеден таққа отырған Садыр Жапаровтың бастамасымен көктемде Қырғыз Республикасының кезекті жаңа Конституциясы қабылданды. Сөйтіп, ежелден бізбен ауылы аралас, қойы қоралас оңтүстіктегі көршіміз парламенттік басқарудан президенттік басқаруға қайта өтті. Яғни, елдің алтыншы президенті билікті өз қолына толықтай алды. 2021 жылдың 5 мамырында күшіне енген бұл Конституция бойынша премьер-министр лауазымы Министрлер кабинетінің төрағасына алмастырылды. Жаңа президент экс-президент пен оның командасының үстінен қылмыстық іс қозғауды әдетке айналдырған елде барлық басшылардың тілін тауып, «суға салса – батпайтын, отқа түссе – жанбайтын» саяси қайраткерге айналған Ақылбек Жапаров осы бір үлкен қызметтің тізгінін ұстады.

Айта кетейік, азаттық алған отыз жылда Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар 32 рет Үкімет басшысын (ішінде екі реттен тағайындалғандар да бар) ауыстырған екен.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here