Ағартушылық идеясын ту еткен ұйымдар

0
4277
«Талап» ұйымының төрағасы болған Халел Досмұхамедұлының Императорлық Әскери-медицина академиясын бітірген кезі. Санкт-Петербург. 1909 ж.

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында халықтың көкейінде жүрген шетін мәселелерді қозғап, тарихымыз тереңде болса да, әлі қазақ тарихында өз зерттеулерін күтіп жатқан іргелі тақырыптардың мол екендігіне арнайы тоқтап, отандық тарихшыларға зор міндеттер жүктегені мәлім. Дегенмен, тарихтың әр түрлі салалары бойынша ғылыми зерттеулердің қарқынды түрде жүргізіліп жатқанына қарамастан, ғылыми-зерттеу нысанасына айналмаған тақырыптар да бар. Солардың бірі – еліміздегі өткен ғасырдағы қоғамдық ұйымдардың мәдени-ағартушылық қызметінің тарихы.

Рас, мұны жете зерттелмеген және көпшілік назарынан тыс қалған тақырып деуге болады. Осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатында біз де өз тарапымыздан мемлекеттік ғылыми жоба аясында (AP09260737) «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың ағартушылық қызметі» тақырыбына біраз ғылыми талдаулар жасап, зерттеулерімізді көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

Кеңестік дәуірдің бас кезіндегі тарихи оқиғалардың өрбу барысына көз жүгіртер болсақ, оның аумалы-төкпелі аласапыран әрі күрделі әлеуметтік қайшылықтарға толы болғандығын байқаймыз. Бірінші дүниежүзілік соғыс, ұлт-азаттық күрестермен жалғасқан революциялық толқулар болды. Міне, осы оқиғалардың бәрі Алаш зиялыларының халықтың қамын ойлап, ерте есеюіне жол ашқаны кәміл. Саяси тұрғыдан «әлі де болса пісіп жетілмеген», «қазақтың ескі оқығандары» деп жіктелген зиялы қауым өкілдерінің біразы алғашқы кезде ұлттық негіздегі Алашорда үкіметін құрмақ ниетте болып, кейін «райынан қайтып» кеңестік дәуірде қызмет етсе де, өз қызметтерін туған халқына бағыштағаны ақиқат. Қалай десек те, қазақ қоғамындағы ұлттық саяси оянудың басында Алаш зиялылары тұрғаны, олар ұлттық сананы қалыптастыруда үлкен қызметтер атқарғаны тарихқа аян. Жылдар бойы іште тынып жатқан Алаш азаматтарының жанайқайы дәл осы кезеңде шығуын табиғи логикалық заңдылық деп қарау керек. Міржақып Дулатов өз мақаласында «Жасасын Алаш автономиясы! Көркейсін Алаш! Қайтсек жұрт боламыз?» деп толғанса, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп алдағы күндерге үлкен үмітпен қарағаны да осы кез.

Әрине, қалың қазақтың төңкерістің не екенін толық түсіне қоймауы да заңдылық. Сондықтан 1917 жылы «Алаштың талапты азаматына» арнаған мақаласында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның: «Болып тұрған бостандық, теңдік, туысқандық біздің қазақ баласына жоқ жерден аспаннан түсті. Бұл жақсылыққа бізді кездестірген біздің мемлекеттің тұрмыс тарихы, орыс жұртының ерлерінің жүз жыл сарп еткен қызметі. Надан біз түгел, жалпы орыстың көп жұрты аспаннан түскен, ойда жоқ жақсылық. Мұжық болсын, татар болсын, қазақ болсын жақсылық қадірін біліп жатқан жоқ» деп жазуын ұлт зиялыларының жанайқайы деп түсіну керек. Алайда, осындай аласапыран кезеңде қазақ қауымы қалың ұйқыда жатты десек тарихқа қиянат болар еді. Әр-әр жерде бірден саяси ұйымға айналмаса да, мәдени-ағартушылық бағыттағы бас қосулар болып жатты. 1914 жылы Омбы қаласы жастарының ұйымдастыруымен құрылған «Бірлік» қоғамдық ұйымы қазақ студенттері мен жастарының және зиялы қауым өкілдерінің басын қосып біріктіру мақсатын қойған болатын.

Патшалық Ресейдің отаршылдық мүддесін жүзеге асыруды мақсат еткен экономикалық, саяси-әлеуметтік және ғылыми салалардағы қоғамдық ұйымдармен қатар, таза ұлттық мүддені қорғауға бағытталған және кейін «ұлттық сипатта» деген айыптаулармен жабылып қалған, қазақ зиялылары басшылық жасаған, негізінен әлеуметті мәдени-ағартушылық зерттеу мақсаттарын көздеген біраз ұйымдар да болды. ҚР Орталық мұрағатының деректері тұңғыш құрылған осындай қоғамдық ұйымның бірі – 1914 жылы Омбы қаласындағы «Бірлік» қоғамы екенін көрсетеді (ҚР ОММ, 693:20). Қоғам мүшелерінің негізгі мақсаты – қазақ мәдениетін көркейтіп, өркениетті елдер қатарына қосу, ұлттық мүддені қорғау, мәдениетті дәріптеу арқылы жастар бойында өз ұлтына деген сүйіспеншілікті арттыру болды.

Смағұл Сәдуақасов өзінің 1920 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Жастарға жаңа жол» атты еңбегінде жастардың бастамасымен құрылған «Бірлік» ұйымы өздерінің бағдарламасында қазақ мәдениеті мен әдебиетін дамыған халықтар деңгейіне дейін көтеру, этникалық төлтума мәдениетті сақтау, ұлттық сезімдерді ояту және жастар арасында патриоттық рухты қалыптастыру қажеттігін баса көрсеткенін жазған.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін жер-жерлерде, Қазақстан аймағындағы басқа қалаларда да «Бірлік» сияқты қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. Мәселен, Орынборда – «Еркін Дала», Челябі облысының Троицк қаласында – «Үміт», Семейде – «Жанар», Қызылжарда – «Талап», «Иірім» мұсылман жұмыскерлер клубы, Көкшетауда – «Жас ұран», «Білім серіктігі», «Оқығандар», Атбасарда – «Ынтымақ», Оралда – «Жас қазақ», Павлодарда – «Ғылым», «Ғылым ұйымы», «Қызмет», Зайсанда – «Қазақ жәрдемі», «Теңдік» және т.б.

Аталған ұйымдар мәдени-ағартушылық қызметтермен қоса, сол кездері аймақтардағы буырқанған әлеуметтік-саяси өзгерістерге де белсене араласып, қоғамда болып жатқан саяси мәселелерге де үн қата бастады. Атап айтқанда, құрамында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов болған «Еркін Дала» жастар қоғамдық ұйымы өз бағдарламаларында аймақтарда түрлі бағыттағы мектептер ашып, оларға шәкіртақылар тағайындап, оқушыларға қажетті кітаптар, журналдар мен газеттер шығаруды жоспарлаған. Ұйымның қолға алған міндеттерінің бірі – жергілікті халыққа шаруашылық жағдайына байланысты түсінбестік сауалдарды шешуге жәрдемдесіп, шаруашылық жерге қатысты  мәселелерге байланысты дауларды реттеу шаралары болды. Сол сияқты ұйым мүшелері әлеуметтік жағдайлары төмен отбасынан шыққан тәрбиеленушілерге тегін білім беру, жатын орындары мен тегін тамақтануды ұйымдастыру жағын да қолға алған.

Ақпан төңкерісінен кейін Петропавл қаласында құрылған «Талап» жастар ұйымы халықты Уақытша үкіметтің қаулы-қарарларымен таныстыру, демократия жолына демеу болу, қазақтарды земство басқармаларын ашуға даярлау, қазақ балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз ету, қазақ әдебиетінің өркендеуіне қолғабыс етіп, халық арасынан ауыз әдебиеті үлгілерін және шежірелер жинау, ел арасында зиянды деп сыналған саяси партиялардың ықпалына тосқауыл қою, қазақ кедейлеріне қамқор болу, әйел теңдігін қамтамасыз ету, қазақтар арасында театр өнерінің қанат жаюына ықпал ету, қазақ тілінде газет-журнал шығарып, халық арасына тарату секілді міндеттерді жүзеге асыруды мақсат еткен.

1917 жылдың көктемі мен жазында елде болып жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістерге байланысты «Бірлік» ұйымы арасында да іріткі туып, қауым мүшелігіне радикалды, революциялық демократиялық бағыт ұстанған жастар толқыны келе бастады. Мәселен, соның әсерімен Әулиеата үйезіндегі  Меркіде Тұрар Рысқұлов бастаған «Қазақ жастарының революциялық кеңесі» құрылса, Ақмолада Сәкен Сейфуллин бастаған «Жас қазақ», Омбыда Демократиялық оқушы жастар кеңесі, Спасск заводында «Жас жүрек», т.б. қоғамдық ұйымдар құрылып, олар өз бағдарламаларына ағартушылық міндеттермен қоса, Уақытша үкіметке қарсы ұйымдасқан күрес жүргізу және қазақ ауылдарына көмектесу мақсаттарын көздеген баптарды да қосып отырды.

Осылайша, 1917 жылы Ақмолада С.Сейфуллин мен Б.Серікбаев ұйымдастырған «Жас қазақ» ұйымы өздерінің «Тіршілік» газетін шығарып қана қоймай, жергілікті байлар мен Уақытша үкімет органдарына  қарсылық көрсетумен болды.

1917 жылғы революциялық дүмпулер мен саяси оқиғалардың әсерінен әу баста «Бірлік» ұйымы болып бір тудың астында бас қосқан қазақ жастары өзара жікке бөліне бастады. Осыдан бастап жастар ұйымдарының алға қойған міндеттері мен тактикалық әрекеттерін өзгерту идеялары туындаған болатын. Осы мақсатпен 1918 жылы «Бірліктің» идеялық лидерлері С.Сәдуақасов пен Қ.Кемеңгеров бастаған мүшелері бас қосып, Бүкіл қазақ жастарының съезін ұйымдастырды. Смағұл Сәдуақасовтың дерегі бойынша, сол кездері Қазақстан аумағында «Бірлікпен» қоса жиырма бір жастар ұйымы болған. Олар: «Еркін Дала», «Игілік» (Орынбор), «Жанар», «Талап», «Оқытушылар ұйымы» (Семей және Шығыс Қазақстан облыстары), «Қамқор» (Торғай), «Ғылым ұйымы», «Қызмет», «Ғылым» (Кереку), «Жас қазақ» (Орал), «Үміт» (Троицк), «Талап» (Қызылжар), «Оқығандар» (Көкшетау), «Ұйым» (Семей облысы, Екібастұз зауыты), «Ынтымақ» (Атбасар), «Жастар ұйымшасы» (Бөкей Ордасы), «Жас қазақ» (Ақмола), «Қазақ жәрдемі» (Зайсан), «Ерік» (Семей облысы, Баянауыл), «Жас тілек» (Ақтөбе), «Жас жүрек» (Спасск зауыты) және басқалар. Бұлардың ішінде белсенділігімен ерекше көзге түскендері «Еркін Дала» мен «Жанар» қоғамдық ұйымдары болған екен. Бұл жиынның қорытындысында қазақ жастары «Жас азамат» ұйымын құру туралы мәмілеге келді.

Ұйымның алға қойған мақсаты – ұлттық тәуелсіздік және ұлттық теңдікке қол жеткізу міндеттерін белгілеу болды. Бұл ұлттық идеялардың өміршең жалғастығы туралы сол кездегі беделді басылым «Қазақ» газеті «Жас азаматтың» алтын идеялы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі. Осы айтылған жолдарда қарсы күш – қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік. «Жас азамат» қажыса, талса, қатерден қорықса, от екпінді ұлтшыл жастардың рухының сөнгені, ұлт үшін «ыстық қан, жас жан құрбан!» деген пікірден қайтқандығы жоқ…  Бұл мүмкін емес, өйткені жүректеріне нық байланып, ыстық қандарына сіңген зат – бір буыннан бір буынға көшіп отыратын қасиетті мұра» деп жазып, сол дәуірдің тынысын білдіріп отырған.

1922 жылы желтоқсан айының басында сол кездегі Түркістан республикасының астанасы Ташкент қаласында «Талап» ұйымы құрылды. Ол кезде қазақ зиялыларының бір тобы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы болған Орынборда, енді бір тобы Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Ташкентте жұмыс істеген еді.

Түркістандағы мәдени-ағарту саласын дамытуда қазақ зиялыларының алдында алдымен оқу-білім саласындағы мәселелерді шешу міндеті тұрды. Аталған бағытта іс-шараларды жүзеге асыру үшін 1922 жылы 4 желтоқсанда Ташкент қаласында Халел Досмұхамедұлы оқыған қазақ зиялыларының басын қосып, Мемлекеттік Ғылыми Кеңестің алдына «қырғыз-қазақ мәдениетін өркендетуді мақсат еткен» «Талап» ұйымын құру туралы мәселе қояды.

«Талап» ұйымының төрағасы – Халел Досмұхамедұлы, төраға орынбасары – Мырзағазы Есполов, мүшелері – профессор Александр Шмидт, Иса Тоқтыбайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы (қазынашы), жас ғылыми қызметкер Мұқтар Әуезұлы (хатшы), қырғыз ақыны (студент) Қасым Тыныстанұлы болып сайланып, ұйым Жарғысын жасауға Халел Досмұхамедұлы, Александр Шмидт, этнограф әрі қазақ фольклорын жинаушы Әубәкір Диваев, Мағжан Жұмабаев, Кәрім Жәленұлы, Николай Архангельский қатысты. Жарғыда «Қазақ-қырғыз халқының мәдени көркеюіне жәрдем келтіру жағында қауымның көздеген мақсаттары мыналар: а) қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылым атауларын (терминология), емлесін һәм басқа мәселелерін тексерту; б) ұлт өнерін (искусствосын) тәртіптеу; п) қазақ-қырғыз халқының тарихын һәм салтын тексеріп, қарастыру; т) қазақ-қырғыз мектептеріндегі оқыту мәселесін реттеп, жөнге салу; ж) қазақ-қырғыз халқының қызметкерлеріне һәм өнер қайраткерлеріне жәрдем көрсету» делінген.

Ұйым мүшелері бір жыл ішінде халыққа арнап он лекция, атап айтқанда, М.Тынышпаев «XIII ғасырға дейінгі түріктердің ежелгі тарихы», «Шыңғыс хан және оның империясы», «Қазақ-қырғыз тарихы», Ә.Диваев «Археологиялық деректер бойынша Түркістан халықтары туралы», «Жырлардағы қазақ әйелі», М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің дамуындағы негізгі сатылар», С.Қожанов «Ауылдағы халыққа білім беру ісінің жолға қойылуы», М.Есполов «Ыбырай Алтынсарин: оның өмір сүрген кезеңі мен қазақты ағарту саласындағы маңызды орны», М.Жұмабаев «Ақын Абай: оның шығармаларының сыны», Х.Досмұхамедов «Түркі тілінде, соның ішінде қазақтағы сингармонизм заңы» тақырыптарында лекция оқыды.

Міне, осы тақырыптардың өзінен-ақ Алаш зиялыларының кең ауқымын, жан-жақты білімдарлығын, ғылымның әр саласын қамтығандығын байқауға болады.

«Талап» ұйымының негізгі мақсаты халықтың мәдениеті мен білімін көтеру болғандықтан, біраз жерлерде өздерінің кітапханалары мен кітап оқитын оқу залдарын да ашып отырды. Алайда, үш жылдай өнімді жұмыс істеген ұйым 1925 жылы 21 қарашада өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Айта кету керек, ұйым мүшелері 1924 жылдың күзінен бастап Орта Азия республикаларының ұлттық шекарасын межелеуге де араласқан еді.  Бірақ, түрлі себептермен Қазақстан мен Орта Азия республикалары ұлттық шекарасының межеленуіне байланысты Ташкент қаласы қазақтар үшін маңызды мәдени орталық болудан қалды. Сондықтан ұйым кітапхана қоры мен қаржыларын, іс қағаздарын 1925 жылдан бастап астана атанған Қызылордадағы өлкетану қоғамына тапсырып, оның мүшелері (барлығы 27 адам) түгелдей сол қоғам мүшелігіне кіргендігі ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты деректерінде тіркелген.

Қорыта айтқанда, «Талап» ұйымы сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларын өз айналасына топтастырып, тарихи тұрғыда өзін-өзі ақтаған, ұлт зиялыларын ұлттық мүддеге жұмыс істеуге жұмылдыруды өз қолына алған ұйымдардың бірі болды. Сол замандағы мәдени-ағарту саласындағы істердің қандайына болмасын белсенді араласып, мемлекет тарапынан қолдау табуға ұмтылған. Тілін жоғалтып, тарихи жадынан айырылған халықтың жер бетінен жойылып кететінін жақсы ұғынған ұлт зиялылары қазақтың өткен тарихын, мәдениетін, тарихи ескерткіштері мен ауыз әдебиетін сақтап қалуға аянбай қызмет етті. Қалай болғанда да, ұйым мүшелерінің қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, ұлттық тарихы мен ғылымын қалыптастыруда үлкен із қалдырғандығын ғылыми зерттеулер анықтап отыр. Сол дәуірдегі қоғам қайшылықтарына қарамастан, бастарын қатерге тіге отырып, қазақ зиялыларының басын біріктіре алған қоғамдық ұйымдардың атқарған істерінің тарихи бағасын анықтап, ұрпақтан ұрпаққа үлгі боларлық істерін насихаттау үлкен парыз бен қарыз болмақ.

Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here