Халықаралық форумда жаңартылатын және баламалы энергия көздері талқыланды

0
2469

1-3 қараша аралығында Қазақстан-Британ техникалық университетінде БҰҰ ЕЭК, АзТМЭӘК, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, ТМД Электр энергетикалық кеңесі ұйымдастырған Орталық Азиядағы су және энергетикалық ресурстарды пайдаланудың инновациялары мен жаңғыртылуы жөніндегі халықаралық форум өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Үкіметке электр генераторларындағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін арттыруды және энергия өндірісі, энергияны үнемді пайдалану, цифрландыру және тұрақты экономикалық өсу сияқты негізгі бағыттарды ілгерілетуге ықпал ететін бірқатар ұлттық жобаларды әзірлеуді тапсырды. Бұл мәселеде халықаралық форум алаңы қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында жақын және алыс шет елдер арасында тәжірибе алмасу және ынтымақтастық бойынша нәтижелі диалогты қамтамасыз етуге көмектесті.

БҰҰ, үкімет, жеке және қаржы секторларының сарапшылары Орталық Азия елдерінің жаңартылатын энергия көздеріне көшу проблемалары туралы өз ойларымен бөлісті. Форумға қатысушылар тығыз ынтымақтастық өңірлік теңгерімсіздіктерді еңсеруге көмектеседі деген қорытындыға келді.

Қоғамдық дамудың негізі ретінде энергиямен байланысты мәселелер, соның ішінде:

  • жаңартылатын энергия көздері,
  • энергияны көп қажет ететін салаларды декарбонизациялау,
  • дөңгелек көміртегі экономикасы, инновация және сауда мәселелері талқыланды.

Дмитрий Марьясин, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысының орынбасары:

«Бұл жерде Қазақстан көшбасшы рөлінде. Көп жағдайда Қазақстан көмірсутегі шикізатын ірі көлемде өндіруші және қазір төмен көміртекті дамуға белсенді түрде қаржы салып жатқан ел ретінде үлгі көрсетуге тиіс. Бізге Орталық Азияның басқа елдерінің тәжірибесін тыңдау өте маңызды».

Форумға қатысушылар Орталық Азия елдері экономикаларының тарихи, мәдени және энергетикалық байланыстылығын, оның ішінде өңірдің экономикалық интеграциясы үшін негіз болып табылатын Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі бірыңғай су-энергетикалық ресурстарының мәселелерін қозғады.

Марат Қалменов, «KAZENERGY» Қауымдастығы ЗТБ атқарушы директоры:

«Біз Орталық Азия өңірі экономикасының ұзақ мерзімді дамуының негізінде әрбір қатысушы елдің және жалпы өңірдің елдік құндылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірлік су-энергетикалық консорциум құру негізінде ортақ табиғи және минералдық ресурстарды ұтымды әрі орнықты пайдалану мәселелері тұрғанын жете түсінеміз».

Маратбек Ғабдуллин, Қазақстан-Британ техникалық университеті ректорының м.а.:

«Баламалы энергия көздеріне көшу ғылымды дамыту және кадрларды даярлау орталықтары ретінде университеттерге белгілі бір міндеттемелер жүктейді. Қазіргі уақытта біз жасыл энергетикада жаңа ғылыми бағыттарды құру және дамыту, осы салада қажетті білімі бар мамандарды даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, өңірлік экожүйенің дамуы Орталық Азияның әрбір елінің ұжымдық жұмысымен және қолда бар инфрақұрылымымен, жинақталған тәжірибесімен және одан әрі дамуға мүмкіндік беретін алғышарттарымен тікелей байланысты екенін атап өту қажет».

Стефани Хельд, БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика комитетінің хатшысы және экономикалық мәселелер жөніндегі аға қызметкер:

 «Осы іс-шарада көптеген танымал ұйымдармен ынтымақтастық тұрақты болашаққа жасалған алғашқы қадам болды: ешкімде барлық туындаған сұрақтардың толыққанды шешімі жоқ. Тек бірлескен оқыту және батыл идеяларды бірлесіп зерттеу арқылы прогреске қол жеткізуге болады. Орталық Азияда инновациялар мен трансшекаралық ынтымақтастық есебінен энергетика және сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту және құру үшін барлық ресурстар бар».

Баяндамалардың ішінде Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі Владимир Школьниктің баяндамасын атап өтуге болады. Ғалым-химик Каримовтың қолдауымен академик «Болашақ энергиясы және климат» баяндамасын ұсынды, онда әлемдік энергетиканың болашағын және оның жер климатына әсері туралы талдауын ұсынды.

Сарапшының айтуынша, жылынудың негізгі көзі төмен энергиялы жылудың жинақталуы болып табылады.

«Адамзат жердің климатын басқаруға мүмкіндік беретін технологиялық даму деңгейіне жетті. Техникалық тұрғыдан бұл күн сәулесінің жерге түсетін мөлшерін реттеп отыратын спутник-экрандарды жердің орбитасында орналастыру арқылы шешіледі, соның нәтижесінде температураны төмендетуге болады. Бұл технология жердің температурасын реттеуге (төмендетуге немесе көтеруге) мүмкіндік береді», – деді Школьник.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының қызметкері Жақсылық Тоқаев климаттың теріс өзгерістерін жою үшін елдер ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті: «Халықаралық сарапшылар әлем экономикасы экологиялық мүмкіндіктер шегіне жақындап келе жатқанын атап өтті. Бұл жерде белгілі бір елдердің ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастықтың климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағытындағы күш-жігерін біріктіру қажет».

БҰҰ ЕЭК экономикалық мәселелер жөніндегі маманы Виктор Бадакер Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару контексінде жел және гидроэнергетика туралы пайымдай отырып, табиғаттың өзі елдерге берген артықшылықтарды пайдалануға шақырды: «Егер осындай керемет, табиғатпен жасалған жел энергетикасы орындары болса және гидроэнергетика рөлі негізгі болып табылатын елдердің гидроэнергетикасында жақсы жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, онда олар биылғы жылы құрғақ мезгілден туындаған проблемалардан аулақ бола алады және көрші елдерденн электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болады».

2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы күн тәртібінің контексінде тұрақты экономикалық даму және декарбонизация бағытындағы өңірлік жол картасы ұсынылды. Олқылықтарды шешу және «толық аяқталған» жобаларды анықтау бағытында презентациялар көрсетіліп, баяндамалар жасалды.

БҰҰ ЕЭК, тұрақты энергетика бөлімі, экономикалық мәселелер жөніндегі маманы Ива Бркич форумды қорытындылай келе: «Сонымен, осы форумның негізгі тұжырымдары – бізге көміртегі бейтараптығы мен таза энергетикалық жүйелерге қол жеткізуге көмектесетін барлық таза технологиялар мен шешімдер туралы хабардарлықты арттыру қажет, осы технологияларды орналастыруға және енгізуге көмектесетін нормативтік-құқықтық базаны жасау, сонымен қатар технологияны коммерцияландыруға көмектесетін қаржыландыру тетіктерін қарастыру керек», – деді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here