Американдық «Chevron» компаниясының Бас директоры Майкл Вирт ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында қазақстандықтарға қолдау білдірді.
«Қазақстанның байырғы досы және серіктесі ретінде, біз «Chevron»-да өткен аптада болған оқиғаларға қайғырып, Сізге және Қазақстан халқына көңіл айтамыз. Біздің ойларымыз осы қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқымен бірге және біз Қазақстанға қазіргі қиыншылықтарды тезірек еңсеруге деген ізгі тілектерімізді жолдаймыз», – деді ол.
Майкл Вирт еліміздегі компания кәсіпорындарының персоналына ерекше көңіл бөлді: «Қазақстандағы қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі мен амандығы басымдығымыз болып қалуда. Біз Теңізде тұрақты, қауіпсіз және сенімді жұмысты қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді салуды жалғастырамыз және «Теңізшевройл» қызметкерлеріне өз ісіне адалдығы үшін алғысымызды білдіреміз».
Хаттың көшірмесі Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшісі Ержан Ашықбаевтың Twitter-дегі парақшасында жарияланды. Дипломат «Chevron» Бас директорына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, елдің үкіметі инвесторлардың Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына деген сенімін сақтау үшін барлық мүмкін шараларды қабылдайтынына сендірді.