«Қасіретті қаңтар»: Алматыда зардап шеккен жеке тұлғаларға да өтемақы төлене бастады

0
552

Жаппай тәртіпсіздіктен ең көп зардап шеккен шаһар Алматы болды. Бұл күндері 2 млн тұрғыны бар мегаполис өмірі қалыпты күйге келіп, өз арнасына түсті. Шүкір! Әрине, елде болған ойран жүрегіміздегі жараны емдей қоймас, бірақ тірі адам тіршілігін жасайтыны тағы рас. Президент тапсырмасы бойынша 24 қаңтардан бастап Алматы қаласында тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен жеке тұлғаларға да өтемақы төлеу процесі басталды. Бұл туралы 24 қаңтарда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімнің орынбасары Ілияс Өсеров айтты.

Зардап шеккен жеке тұлғалар қатарында мемлекеттік органдардың, ауруханалар мен БАҚ-тың 603 қызметкері бар. Әкім орынбасарының мәліметінше, оның ішінде 592 құқық қорғау органдарының қызметкеріне, Төтенше жағдайлар департаментінің 1 қызметкеріне, жергілікті атқарушы органдардың 3 қызметкеріне, «Алматы» телеарнасының 1 қызметкеріне және медициналық ұйымдардың 6 қызметкеріне өтемақы төлеу көзделген.

Ілияс Өсеровтың дерегінше, ауыр дәрежеде зақым келген жағдайда – 2 млн теңге, орташа дәрежеде – 1 млн теңге, жеңіл түрде – 500 мың теңге беріледі.

Сонымен қатар, ол ТЖ кезінде жұмылдырылған полиция департаментінің 3878 қызметкеріне, Төтенше жағдайлар департаментінің 1207 қызметкеріне, Қоғамдық денсаулық басқармасының 3888 қызметкеріне, құтқару қызметінің 93 қызметкеріне 100 мың теңге қаржылай көмек төленетінін де атап өтті.

«Бүгін тиісті құжаттар қаржы мекемесіне жіберіліп, түстен кейін алғашқы төлемдер жасалады», – деп толықтырды Алматы әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, полиция департаментіне тиісті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін зардап шеккен автокөліктерге төлемдерді қамтамасыз ету үшін шамамен 200 млн теңге мөлшерінде бастапқы сома жіберіледі. Қажет болған жағдайда бұл сома көбейтілмек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here