Қоғамда ерекше жандарға түрлі бағытта қолдау көрсету әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі. Бүгінде өңірдегі мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеп, оңалту шаралары қаншалықты қарқынды жүріп жатыр? Жаңа «Әлеуметтік кодекс» саладағы мәселелердің оң шешімін табуға ықпал ете алды ма? Саладағы осындай мәселелер бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Еркін Егембердіұлы, сұхбатты өңірдегі әлеуметтік оңалту шараларының басым бағыттарынан бастасақ. Басқарма тарапынан ерекше жандарды қоғамға бейімдеу үшін қандай шаралар жүзеге асуда?
– Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жалпы үш бағыт бойынша жұмыс атқарады: халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және мүгедектігі бар жандарға көмектесу. Басқарма сан салалы жұмысының әр бағытына сәйкес тиісті шараларды атқаруда. Ерекше жандарды қоғамға бейімдеп, әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету бағыты бойынша да ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар жүргізіліп, жалғасын табуда.
Негізінен осы салада сегіз жылға жуық қызмет істеп келе жатқан маман ретінде бұл саладағы сан түрлі сұрақтар мен мәселелерге қанықпын. Өзімнің ет жақындарымның арасында да өкінішке қарай, мүгедектігі бар жандар жоқ емес. Сол себепті адамгершілік тұрғыдан да ерекше жандар үшін барынша қолайлы жағдай туғызу, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырудың маңыздылығын жақсы білемін. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдарға және өзіне-өзі қызмет ете алмайтын, өзге адамның көмегіне мұқтаж қарттарға қызмет көрсететін 7 стационар жағдайындағы, 9 жартылай стационар жағдайындағы орталық бар. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарының барлығы басқармаға қарасты. Орталықтардың қызметі мен тыныс-тіршілігі жіті назарда. Айта кеткен жөн, 7 стационар жағдайындағы орталықтың 4-і қарттар мен 1, 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған орталықтар, 2-і 18 жастан асқан жүйке ауруына шалдыққандарға арналған орталықтар және 1-і 3 жастан 18 жасқа дейінгі ақыл-есі кем балаларға арналған орталық. Аталған медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 202 төсек-орын болса, орталықтарда 1 167 адам толық мемлекет қамқорлығына алынған. Ал 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарында қазіргі уақытта 623 адамға қызмет көрсетілуде. Алайда, мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеуде ешқандай мәселе туындамайды деп айта алмаймыз. Әр түрлі күрмеулі мәселелер дер кезінде заң аясында шешімін тауып жүр. Осы тұста ерекше айта кететін жайт, өткен жылдың соңында қабылданған «Әлеуметтік кодекс» саладағы күрмеулі мәселелерді шешуді айтарлықтай жеңілдете түсті. Өйткені, әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамдарға көп көңіл бөлінген. Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген. Сонымен бірге былтырғы жылы өңірімізде аутизм орталығы ашылды. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен ел игілігіне берілген орталықтағы мамандар қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 120-ға жуық ерекше балаға АВА-терапия, музыкалық терапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы т.б. бағдарлау бойынша білім беріп, тегін қызмет көрсетуде.
– Аталған орталыққа келушілердің сыйымдылығы 120-ға жуық деп атап өттіңіз. Ал ауыл-аймақтағы аутист балаларды қоғамға бейімдеп, оңалту шарасы қалай болмақ?
– Аутизм орталығы ашылмастан бұрын бізде аутист балаларды қоғамға бейімдеп, оңалту бойынша арнайы әлеуметтік жобалар, оқыту курстары жүзеге асып жүрді. Оған бюджеттен арнайы қаржы қарастырылады. Соңғы деректер бойынша, аутизм орталығына келіп, көмек алып жүрген балалардың саны – 110. Орталықта әлі 10 балаға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Жасыратыны жоқ, орталықтың қызметіне жүгіну қалалықтар үшін қолжетімдірек. Шалғай ауылдағы аутист балалар үшін арақашықтық, жергілікті мамандардың қызметіне жүгінуде кезекте күтіп қалу мәселесі әлі де бар. Десек те, сөз басында атап өткенімдей арнайы оқыту курстарына негізделген әлеуметтік жобалар жалғасып жатыр. Ауылды жерде осы мәселені басынан өткізіп, мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеп, оңалтуда көмек қолын созуға ниетті жандар болса біз оқыту курстарын ұйымдастырып, жолға қойылған әлеуметтік жобаларға жан бітіруге дайынбыз. Өйткені, біз үшін мүгедектігі бар азаматтардың, көмекке мұқтаж қарттардың мәселелері басты назарда. Осы мақсатта тек қаламыздағы аутизм орталығы ғана қызмет көрсетіп жатыр деп түсіну – қате. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолы болмаса да, жеңілдетуге жол ашары сөзсіз.
– Басқарма тарапынан мүгедектігі бар азаматтар үшін өңірдің қолайлығы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіледі ме?
– Әрине, мүгедектігі бар азаматтар үшін қоғамның ыңғайлы әрі қолжетімді болуы үнемі біздің бақылауда. Тіпті, қай жерде, қандай жағдай жасалуы тиіс деген сұрақтар төңірегінде мәселені саралап, шешімін табу мақсатында арнайы интерактивті карта әзірленген. Мониторинг жұмыстарын тек біздің басқарма ғана емес, қазіргі таңда Аслан Оразбеков басшылық етіп отырған Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті де тұрақты түрде жүргізіп отырады.
Мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына бейімделген объектілердің үлесін арттыру жыл сайын жоспарға сәйкес жүзеге асып отыр. Нақтырақ айтсам, «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша 2023 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған еді. Нәтижесінде, өңірдегі 259 нысан бейімделуден өтіп, 60 пайыздық межеде толық орындалды. Меніңше, бұл жаман көрсеткіш емес. Ал, 2024 жылы бейімделген объектілердің үлесі шамамен 80%-ды құрауы мақсатты түрде жоспарланып отыр.
– Сегіз жылға жуық осы салада қызмет етіп жүрген маман ретінде әлі күнге дейін «шешімін таппады-ау» деп жаныңызға бататын мәселе бар ма?
– Өткен жолы мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен облыс әкімі Ербол Шырақбайұлының жеке қабылдауында болдым. Ол жиында мүгедектігі бар азаматтар үшін тұрғын үй мәселесі қозғалды. Бұл жалғыз біздің облыстағы мәселе емес. Аталған мәселе жаныма бататын жайдың бірі. Дегенмен, алдағы уақытта облыс әкімі Ербол Шырақбайұлының қолдауымен өз шешімін табарына сенімім мол.
Шын мәнінде, салада бірқатар мәселенің барын сұхбат барысында айттым. Біздің салада кез келген күрмеуші жайдың шешімін табуда арнайы әлеуметтік жобалар оң ықпалын беруде. Мәселен, мүгедектігі бар, ерекше азаматтар үшін қоғаммен байланыста болуы, бейімделуі маңызды. Өйткені, адамның жаны – гүл сияқты. Гүлдің күн шуағымен, жарықпен жайқалғаны сияқты, адамның жаны да қоғаммен араласып, адаммен тілдескенде жарқырай түседі. Сондықтан да, оларды жұмысқа тартып, қоғаммен тең өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында әртүрлі бағыттағы жобалар жүзеге асып, жемісін беруде. Мысалы, облыс әкімінің қолдауымен өңірімізде «Тең қоғам» жобасы бастау алды. Жоба аясында мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтып, табыс табуда тең мүмкіндік жасаудың ауқымы артты. 2023 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3 348 адам тартылды. олардың 1 022-і тұрақты жұмыстармен қамтылды. Ал, 517 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 51 адам жастар практикасына жұмыстарға жолданды, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 15 адам, «Күміс жас» жобасына – 43 адам жолданды, онлайн оқыту курстарына – 77 адам жолданды. Байқап қарасаңыздар, мемлекет тарапынан ерекше жандарды қолдауға, қоғамға бейімдеуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Алайда, осы жұмыстардың барлығын жоққа шығарып, мемлекеттен тек талап етуді білетіндер де жоқ емес. Дәл осындай жағдайлардың орын алып жатқандығы жанға бататыны бар.
– Біздің облыста мүгедектігі бар болса да, жеке кәсіппен айналысып, өзгелерге үлгі болып жүргендер көп пе?
– Жеткілікті деуге болады. Олардың ішінде «Жылжымалы хоспис» жобасын жүзеге асырып жүрген Анжелика Сарьянның еңбегін көпке үлгі дер едім. Бүгінде «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қорына жетекшілік етіп жүрген Анжеликаның өзі де онкологиялық ауруға шалдыққандардың қатарында. Соған қарамастан, үлкен бастамаларға мұрындық болып, республика бойынша онкологиялық науқастарға көмек көрсетуге бағытталған акциялар ұйымдастырып, науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмек қолын созып жүр. «Жылжымалы хоспис» жобасы соңғы сатыдағы онкологиялық ауруы бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызметтер және психологиялық қолдау көрсету арқылы-ақ талай жанға демеу болғаны анық. Өңірімізде дәл осындай ісімен төбе көрсетіп жүргендердің қатарында «Асар» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Руслан Төлегенов те бар. Екінші топ мүгедектігі бар Русланның мемлекеттен талап етпей, керісінше қоғамға қызмет етсем деген ниетінің арқасында жиырма жылдан астам мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен айналысып келе жатқаны көпке үлгі. Мінекей, мен осындай жандарды расында, өмірге құштар, ерлікке пара-пар іспен айналысып жүр деп айтар едім. Әрине, өңірімізде мүгедектігі бола тұра, арбаға таңылса да, көру қабілетінен айырылса да, кәсіппен айналысып жүргендер қатары бір-екі есіммен шектелмейді. Нақты көрсеткіштерге тоқтала кетейін: 2023 жылы «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 1 278 адам жолданып, 269 адам грант алды, кәсіптік оқыту курстарына 58 адам жолданды.
– Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан ерекше жандардың өмірге деген құштарлығын оятып, мотивациялық көңіл-күймен қоғамда тең өмір сүруге шақыратын, психологиялық қолдау көрсететін мамандар немесе арнайы жобалар жұмыс істейді ме?
– Әрине. Мүгедектігі бар ерекше жандарды қоғамға бейімдеп, оңалтудағы ең негізгі әрі басты кезеңге – оларға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жатады. Олсыз ерекше жандарды қоғамға бейімдеудегі өзге қадамдар еш деген сөз. Басқарма тарапынан іске асып жатқан кез келген әлеуметтік жобаның мақсатында ерекше жандардың психологиялық жай-күйі бірінші кезекте ескеріледі. Ал, өмірге деген құштарлығын оятып, белгілі бір іспен шұғылдануға шақыру бойынша арнайы әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр. Ол бойынша ерекше жандарға арналған қолөнер бұйымдары бойынша шеберлік сағаттары, жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрады. Тіпті, сол жәрмеңкелердің бірінде болып, ерекше жандардың қолынан шыққан бұйымдарды сатып алып, қолдау көрсетуге тамшыдай болсын үлес қосқандардың қатарынан табылдым. Сол сәтте олардың жанарынан өмір сүруге деген құштарлықтарын байқамау мүмкін емес. Тіпті, ондай жәрмеңкелерге ерекше жандар арнайы шақырылып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналыспайтын мүгедектігі бар жандардың қызығушылыған арттыруға ықпал еткен сәттер де болды.
– Ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет етіп жүрген азамат ретінде ауыз толтырып айтатындай, ерекше мақтанарлық ісіңіз бар ма? Атап өтсеңіз…
– Бәрін өзім жасадым деп айтуға келмес. Біраз ауқымды істердің басы-қасынан табылып, іске асуына әріптестеріммен бірге дәнекер болдық. Мысалы, алдыңғы жылы ел игілігіне берілген аутизм орталығының іргетасы қаланған сәттен, ашылу салтанатына дейінгі ұзақ процесте үлкен еңбек пен күш жатыр. Ол көпшілік көре бермейтін, алайда өзімізге мәлім жағдай. Ал, қазір сол орталыққа келген балалар мен олардың ата-аналарының алғысын есту – біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе десем болады. Сонымен бірге, ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы да – басқарма жұмысының ірі жетістіктерінің бірі. Қазір аталған орталық қарттардың бос уақытын тиімді пайдаланып, өмір сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Орталыққа келушілердің де, қызметіне ризашылығын білдірушілердің де қарасы қалың.
Салада ұзақ жылдар бойы қызмет істеп жүргендіктен үлкенді-кішілі ауыз толтырып айтарлықтай істердің тізбегі көп. Десе де, көзге көрінетін, бүгінде жемісін беріп жатқан осы қос жоба.
– Күрделі мәселеге толы нәзік сала болғандықтан әлеуметтік желіде негатив пікірлер жазылып жатады. Тіпті, бар жұмысыңызды жоққа шығаратын кездер де болған шығар. Адам ретінде жағымсыз пікірлермен қалай күресесіз?
– Біріншіден, блогерлердің ішінде ақпаратты жан-жақты саралағаннан кейін ғана өз аудиториясына ұсынатындары, халыққа жанашырлық танытып, мәселе қозғайтындары барын ескерген абзал. Сонымен бірге, ақпаратқа біржақты қарап, тек жағымсыз тұсын көретіндері де бар. Өкінішке қарай, олардың саны көп дер едім. Өйткені, әлеуметтік желіде жарияланған көптеген пікірлердің тек негатив сарында болуы – мәселенің мән-жайына үңілмеуден туындап отыр деген ойдамын. Блогерлердің көпшілігінде «мемлекет міндетті, ештеңе істеп отырған жоқ» деген көзқарасты ушықтыру мақсатты түрде қарқын алғандай көрінеді. Шын мәнінде, блогерлердің де халықтың алдында арқалаған міндеті бар. Олар оны терең түсінгені жөн. Мәселен, мемлекеттік қызметте болғандықтан біздегі әрбір қызметкердің өз міндеті бар. Олар сонымен айналысады. Соны ескермей кабинетке баса-көктеп кіріп немесе «басшылар кабинетінде отырған жоқ» деп байбалам салатын блогерлерге де белгілі бір деңгейде мәдениет қалыптастыру артық етпейді.
Көп жағдайда ондай жағымсыз пікірлерге бірден кері байланыс беріп, ашық сұхбатқа шақыруға тырысамын. Өйткені, қозғалған мәселенің мән-жайын сол саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген маман ретінде бізден артық ешкім білмейді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ