Оппозициялық Лейбористік партияның өкілі (Ұлыбританиядағы екі жетекші саяси партияның бірі, – ред.) Садық Хан Лондон мэрі болып қайта сайланды. Корольдік тарихында 2016 жылы Ұлыбритания астанасының тізгінін қолына ұстаған алғашқы мұсылман осымен сайлауда үшінші рет жеңіске жетті. Оған дейін ешкім британ астанасының мэрі лауазымында қатарынан екі мерзімнен артық отыра алмаған еді. Садық Хан 9,7 миллион халқы бар Лондонды басқаруын жалғастырады.
Сенбі күні жергілікті сайлаудың қорытындысы жарияланды. Дауыс беру нәтижесіне сенсек, 53 жастағы Садық Хан сайлаушылардың 43,8 пайыз дауысын жинады. Оның консервативті партиядағы қарсыласы – 69 жастағы Сьюзен Холл дауыс берушілердің 32,7 пайызы қолдады.
Сайлау науқаны кезінде Садық Хан сайлаушыларға Лондонда 40 мың арзан әлеуметтік пәтер салуға, мектеп оқушыларына тегін түскі ас беруге уәде берді.
Айта кетейік, Садық Хан 1970 жылы 8 қазанда Лондонда дүниеге келді. Оның ата-анасы болашақ мэрдің өмірге келеріне аз уақыт қалғанда Пәкістаннан Англияға қоныс аударған. Ал, ата-әжесі кезінде Пәкістанға Үндістаннан көшіп келген деседі. Ол – үйдің бесінші перзенті, сегіз ағайынды (жеті ұл, бір қыз). Әкесі Амуналла ұзақ жылдар бойы автобус жүргізушісі, анасы Сехрун тігінші болды. Көп балалы отбасы Лондонның оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын үйде тұрды. Қарапайым отбасынан шыққан Садық Хан жергілікті мектепте, Эрнест Бевин атындағы колледжде білім алды. Мектепте жүргенде-ақ саясатқа қызыға бастады. 15 жасында Лейбористік партияның қатарына енді. Ол бала күнінде тіс дәрігері болуды армандаса да, Солтүстік Лондон университеті мен Гилфордтағы заң колледжінде заңгер мамандығын алып шықты.
(Толығырақ: https://qazaq1913.com/2022/02/17/europada-me-r-bol-an-al-ash-yi-m-syilman/ )