Ташкентте «Науаи және қазақ әдебиеті», «Қардошлар» атты кітаптың тұсаукесері өтті

0
557

23 ақпанда Өзбекстан Жазушылар одағында белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик, жазушы, ақын, аудармашы және қоғам қайраткері, Өзбекстанда қызмет көрсеткен мәдениет қайраткері Қалдыбек Сейдановтың 80 жылдығына арналған «Науаи және қазақ әдебиеті» және «Қардошлар» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

Жазушының «Науаи және қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегі үш бөлімнен тұратын болып, алғашқы бөлім «Қазақ-өзбек әдеби байланысы туралы» бауырлас өзбек пен қазақ халықтарының әдеби байланыстары жөнінде жазылған. «Төл сөздің атасы» атты екінші бөлімде сөз қасиеті сұлтанының өмірі мен поэзиясы баяндалған. Сондай-ақ «Науаи және қазақ әдебиеті», «Науаи және Абай» атты үшінші тарауда ұлы шайырдың қазақ ақындарының, атап айтқанда, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абайға әсері туралы ой-пікірлері сөз болады. Атаулы туынды «Адабиёт» баспасынан 1000 данамен жарық көрген.

Қалдыбек Сейдановтың «Қардошлар» атты кітабында қазақ пен өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары туралы жазылған. Кітап «Қазақ-өзбек әдеби байланыстарының тарихынан» және «ХХ ғасырдағы өзбек-қазақ әдеби байланыстары тарихына көзқарас» деген екі бөлімнен тұрады. Кітап 2021 жылы «Тафаккур» баспасынан 500 данамен жарық көрген.

Өзбекстан Жазушылар одағы және Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткен шарада Қазақстан елшілігі қаламгерді мерейтойымен құттықтап «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медалді» табыс етті. 

Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, жас аудармашы Тұрсынәлі Ахметов жүргізген айтулы шараға, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғайрат Мажит, Өзбекстандағы Қазақстан елшісінің кеңесшісі Руслан Дуйсенов пен Өзбекстандағы қазақ және өзбек қаламгерлері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here