Таеквондодан әлемнің үздік 30 төрешісі сапына енген қазақ

0
1738

Таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белдіктің 5-ші дан иегері, халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Мұрат Темірәлиев аталған спорт түрі бойынша Орталық Азия аймағынан шыққан тұңғыш халықаралық деңгейдегі төреші атанды.

Бүгінде Мұрат Темірәлиев АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұрады. Халықаралық таеквондо федерациясында қызмет атқаратын білікті маман 2021 жылы Жапония астанасы Токиода өткен Паралимпиада ойындарында төрешілік қызметті жоғары деңгейде атқарды.

Кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтайтын төрешілерді іріктеу барысы бірнеше кезеңді қамтыған. Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткен алғашқы кезеңге әлемнің 500-ден астам төрешісі қатысқан. Іріктеуге әр құрлықтың үздік деп танылған 100 төрешісі таңдалып алынған.

Іріктеу бірнеше кезеңді қамтыды. Атап айтқанда, мамандар физикалық дайындығы мен интеллектуалдық мүмкіндігін таразылап, таэквондо спорты бойынша білім деңгейін анықтауға арналған тест тапсырмаларын орындады. Сондай-ақ, ойындарды бағалау әдістемесі мен ағылшын тілі деңгейін анықтайтын сұрақтарға жауап берді.

«Алғашқы кезең қорытындысы бойынша үздік деп танылған 50 төреші іріктеудің екінші кезеңіне жолдама алды. Онда мамандар құрлықтық лицензияланған турнирлерде төрешілік жасап, өзінің біліктілігі мен білімін нақты көрсетуі тиіс. Соның ішінде 30 төреші Халықаралық таэквондо федерациясы тарапынан барлық талапқа сай, яғни кәсіби біліктілігі жоғары деп танылып, бекітілді. Мен де соның бірі ретінде таеквондо спорты бойынша Паралимпиада ойындарында төрешілік қызмет атқардым», – дейді Мұрат Темірәлиев.

Паралимпиада ойындары барысында Мұрат Темірәлиев Еуропа, Африка, Панамерика мемлекеттерінен келген спортшылардың жартылай финалдық, финалдық жекпе-жектерінде төрешілік жасады. Аламан бәйгеде таеквондо бойынша өткен жекпе-жектер Халықаралық Олимпиада комитеті басшылығы тарапынан жоғары бағасын алды. Мамандар ойындардың тиісті деңгейде өтуіне белсенді атсалысқан төрешілерге алғыс білдіріп, сый-сияпат көрсетті. Оның ішінде біздің отандасымыз Мұрат Темірәлиев те бар.

Бүгінде Темірәлиев Лос-Анджелес қаласында «TURAN Promotion» компаниясын құрып, кәсіпқой бокс және ММА спорт түрлері бойынша спортшыларды дайындауда.

«TURAN Promotion» компаниясын құрудағы басты мақсатымыз – аталған спорт түрлері бойынша Қазақстаннан АҚШ-қа келген спортшыларға кәсіби спортта жетістікке жетулеріне қолдау көрсету, материалдық тұрғыдан демеу беру. Қазіргі күнде компаниямызды аяққа тұрғызу жұмыстарымен айналысудамыз», – деді Мұрат Темірәлиев.

Айта кетейік, Мұрат Темірәлиев – Түлкібас ауданының (Түркістан облысы) тумасы. Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі. Кейіннен Алматы технологиялық университетінің студенті атана жүріп, таеквондо үйірмелеріне қатысып, Мұстафа Өзтүрік, Бексейіт Түлкеев, Исатай Кабеков сынды спорт саңлақтарынан тәлім-тәрбие алады. 2005-2013 жылдар аралығында республикалық таеквондо федерациясының бас хатшысы және команда басшысы қызметтерін атқарды. 2012 жылы ұлттық команда мүшелерін Лондон Олимпиадасына бастап апарған мамандардың бірі болды. Сондай-ақ, ол Әлем мен құрлық чемпионаттарында, Азия ойындары мен әлем кубогында және басқа да көптеген дүбірлі додаларда қазылық етті. Мұрат Темірәлиевтің еңбегі ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланып, оған «Әлемнің және Азияның ең үздік төрешісі» атағы берілді.

Жандар АСАН, журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here