Тәжікстанның келесі президенті кім болмақ?

0
1767
Әкесі жақсы қандай-ды! Тәжікстан президентінің 44 жастағы қызы Озода Рахмон – Тәжікстан президенті аппаратының жетекшісі, 34 жастағы ұлы Рустам Эмомали – Душанбе қаласының әкімі әрі Тәжікстан парламенті Жоғарғы палатасының төрағасы

Тәжікстанда соңғы рет президент сайлауы екі жыл бұрын өтті. Памир тауының бөктерінде орналасқан Орталық Азиядағы елдің азаттық алғалы бері өткен сол алтыншы президент сайлауында әдеттегідей Эмомали Рахмон жеңіске жетті. «Әдеттегідей» деп отырғанымыз, 30 жыл бойы билік тізгінін ешкімге бермей, 10 млн халықты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отырған ол ел тарихындағы алты сайлаудың бесеуіне қатысып, соның барлығында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп шыққан. Заң бойынша келесі президент сайлауы 2027 жылдың күзінде өтуі тиіс. Бірақ, мерзімінен бұрын сайлау өткізу Тәжікстанда үйреншікті жағдайға айналғанын алға тартқан сарапшылар жетінші президент сайлауы 2-3 жылдың ішінде өтетінін, оған қазіргі президенттің тұңғыш қызы немесе ұлы қатысатынын айтады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, расында Эмомали Рахмонның соңғы жылдары мұрагер тағайындауға күш салып жүргені байқалады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін сарапшылардың Тәжікстанның келесі президенті туралы болжамдарына тоқталады.

СОВХОЗ БАСТЫҒЫ БИЛІККЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Негізгі тақырыпқа тоқталмас бұрын, әуелі Эмомали Рахмонның билік басына қалай келгеніне қысқаша тоқталайық.

1991 жылы 9 қыркүйекте КСРО-дан азаттығын алған Тәжікстанға тәуелсіз мемлекет құру оңайға түскен жоқ. Себебі, Мәскеудің уысынан шыққан өзге елдер тоқсаныншы жылдары экономикалық дағдарысты басынан кешсе, Тәжікстан экономикалық құлдыраудан бөлек, бес жылға созылған Азамат соғысының ауыр зардабын да қоса тартты.

Тәжікстанда тұңғыш президент сайлауы 1991 жылы 24 қарашада өтті. Сол саяси бәйгеде сайлаушылардың 58,5% дауысын алған Рахмон Нәбиев президент болып сайланды. Оның басты қарсыласы Давлатназар Худоназаров сайлауға қатысқан халықтың 30,1% дауысына ие болды.

Сөйтіп, билікке келген тұңғыш президент елде демократия орнату үшін барын салады. Сөз бостандығына шектеу қоймайды. Әркім өзінің пікірін айтуға да, ойын білдіруге де құқылы екенін құптайды. Бірақ, осы демократиялық құндылықтар президенттің өзіне кері әсер етеді. Себебі, оппозициялық күштер мемлекеттегі мұндай «жеңілдіктерді» өз пайдасына жарата алды. Олар бұқаралық ақпарат құралдарында, шерулерде Рахмон Нәбиев билігін ашық сынға алып, халықты ұлы күреске шақырды. Оппозициялық топ тұңғыш президентті демократияны желеу етіп, кеңестік идеологиядан арылмаған, ислам құндылықтарына зиянын тигізетін басшы ретінде айыптады. Билік пен оппозиция арасындағы қарулы қақтығыс Азамат соғысына ұласты. Оппозиция өкілдері жеңіске жетті. Тұңғыш президент 1992 жылы 7 қыркүйекте отставкаға кетуге мәжбүр болды.

Сол жылы 20 қарашада Тәжікстанда президент лауазымы жойылды, президенттің функциялары Тәжікстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасына берілді. Ал, сол тұста төраға қызметін қазіргі президент Эмомали Рахмон атқарды. Осылайша, 1987 жылдан 1992 жылға дейін Ленин совхозын басқарған Эмомали Рахмон билік басына келді.

Араға екі жыл салып Тәжікстанда президент лауазымы қайта пайда болды. Содан Азамат соғысы болып жатқан 1994 жылы Рудаки елінде екінші президент сайлауы өтті. Қолындағы билігін ұтымды пайдалана білген Эмомали Рахмон 42 жасында Тәжікстан президенті болып сайланды.

Иә, тәжік басшысы билікті уысынан шығармау үшін біраз тер төкті. 1999, 2006 және 2013 жылдары мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, айқын басымдықпен қайта сайланып отырды. 2003 жылы халықтық референдум өткізіп, президенттік өкілеттігін 4 жылдан 7 жылға дейін ұзартып алды. Ол аз десеңіз, 2006 жылы Конституциялық кеңестің шешімімен сайлауға қалағанынша қатысу құқығына ие болды.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰЛЫ ЕЛ ТІЗГІНІН ҚОЛЫНА ҰСТАЙ МА?

5 қазан күні жетпістің жотасына шыққан Эмомали Рахмонның ел тізгінін ұстап отырғанына 30 жылға жуықтады. Соған байланысты ол келесі президент сайлауына түспей, билік транзитінің түркіменстандық нұсқасын қолдануы мүмкін. Себебі, оған алғышарттар да жасалды. Ел Конституциясына енгізілген өзгертулер президент пен оның ұлын түрлі қатерден сақтайды.

Қазіргі президенттің ұлы Рустам Эмомалидің «тақ мұрагері» екені бұрыннан айтылып та, жазылып та жүр. 2016 жылы Эмомали Рахмонның Конституцияға өзгеріс енгізуі, артынша 30 жастағы ұлын Душанбенің мэрі етіп тағайындауы қалың жұртшылыққа мұрагердің кім екенін сездірсе керек.

Осыдан алты жыл бұрын Эмомали Рахмонның пәрменімен Тәжікстан Конституциясының 65-бабына бір ауыздан түзету енгізіліп, «президенттікке үміткердің жасы отыздан басталуы шарт» деп тайға таңба басқандай анық жазылды. Бұл өзгеріс президенттің 34 жастағы ұлының оң жамбасына дөп келеді. Сөйтіп, Рустамның алдындағы Конституциялық кедергілер жойылып, «айы оңынан, жұлдызы соңынан» туып тұр.

Тәжік президенті билікті ұлына берудің алғышарттарын әзірлегенімен, өзінің қауіпсіздігі мен уысындағы билігін де сақтандыруды ұмытпады. Ол үшін Конституцияның 65-бабының 4-тармағына мынандай өзгеріс енгізді: «Бір тұлға екі мерзімге президент болып сайлана алмайды. Бұл шектеу бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы, ұлт көшбасшысына қолданылмайды». Ал, «бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы» – Эмомали Рахмонның өзі.

Әділін айтар болсақ, Азамат соғысының (1992-1997) өрті лаулаған Тәжікстанға бейбітшілік сыйлаған, ұлтының басын біріктірген жалғыз Эмомали Рахмон емес, бейбітшіліктің орнауына алдымен Ресей мен Иранның ықпалы зор болды. Бұл турасында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та айтып жүр. Өйткені, Тәжікстанның ушыққан мәселесін реттеу үшін алғашқы келіссөздер 1994 жылы Мәскеуде басталып, кейіннен 1997 жылы бейбітшілік туралы келісімге Кремльде қол қойылған.

Посткеңестік елдердегі көптеген сарапшылар Эмомали Рахмонның «тағын» ұлына беретіндігіне шүбә келтірмейді. Олардың мұндай қорытындыға келуіне Конституцияға енгізілген жоғарыдағы өзгерістер ғана емес, Рустам Эмомалидің қысқа уақыттың ішінде қызмет сатысында тез көтерілуі болса керек. Айталық, Тәжік ұлттық университетінің 2-курс студенті Рустам Эмомали 19 жасында ТР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Дүниежүзілік сауда ұйымымен байланыс бөлімінде бас маман болып еңбек жолын бастайды. Содан ай санап емес, күн санап өсетін ертегідегі Толағай сияқты президенттің ұлы қызмет баспалдақтарынан жылдам көтеріледі. 26 жасында Тәжікстанның Кеден қызметін, 28 жасында Мемлекеттік қаржылық бақылау және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін басқарады. Ал, 2017 жылы 30 жасқа толмай жатып ел астанасы Душанбенің тізгінін қолына ұстады. Бұл аз десеңіз, президенттің ұлы екі қызметті қоса атқарады. Әкім әрі Тәжікстан парламенті Жоғарғы палатасының төрағасы. Соңғы қызметке 2020 жылдың 17 сәуірінде кірісті.

Эмомали Рахмон тәжірибесі жоқ ұлын үлкен қызметтерге тағайындағаны аздай, ол ұлына нағыз бәсекелес болатын саяси күштерді де қырына алып, саяси алаңды олардан тазартуға көшті. Тәжікстанның қайта өрлеу партиясын «террористік ұйым» деп танып, республика көлемінде партияның қызметіне тосқауыл қойды. Рустам Эмомалиге дейін тура 20 жыл Душанбе қаласының мэрі болған Махмадсаид Убайдуллоевтың үнін өшірді. Осылайша, ішкі саясаттағы кедергілердің алдын алған Эмомали Рахмон сыртқы күштердің де әсерін ұмыт қалдырмайды. Мысалы, үнемі Ресей президенті Владимир Путинді Душанбеде құдасындай күтеді. Иіліп төсек, жайылып жастық болады. Жалпы, тәжік халқының басым көпшілігі ел тағдыры Ресейдің қолында екеніне сенімді. Ол қисынды да. Біріншіден, ел бюджетінің жартысына жуығы еңбек мигранттарының Ресейден жіберген қаражатынан құралады. Ал, ел халқының 11 пайызы (1,1 млн) нәпақасын Ресейден тауып жүр. Екіншіден, Ресейдің әскери базасының арқасында Ауғанстанмен шектесетін Тәжікстан сыртқы күштерден төнетін қауіп-қатерлерден сақтандырылған.

ӘКЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ

Тәжікстанның ішкі саясатын тереңінен білмейтіндер «Эмомали Рахмон «тағын» ұлына береді немесе орнында қалады» деп ойлауы мүмкін. Айтылған екі нұсқадан бөлек үшінші нұсқасы және бар. Себебі, президенттің билік басында отырған қызын да ұмытуға тағы болмайды.

44 жастағы Озода Рахмон бүгінде Тәжікстан президентінің аппаратын басқарады. Озода да Рустам сияқты қызмет сатысынан жылдам көтерілді. Дегенмен, тәжіктер Озоданы алдағы уақытта Президент ретінде көргісі келмейді. Бұл «Байтал шауып бәйге алмас, құнан шауып құр қалмас» дегенді білдірмейді. Ел халқының көпшілігі ресейшілдер болғандықтан, олар «Озода Рахмон президент болған күнде АҚШ-қа арқа сүйейді» деген болжам айтады. Президент қызының АҚШ-тың екі университетінде (Georgetown University мен University of Maryland) жоғары білім алғанына, АҚШ-та Тәжікстан елшілігінде қызмет атқарғанына бола күдіктенеді.

Әкесінің арқасында Озода да інісі сияқты елдегі беделді саяси тұлғаға айналып шыға келді. Орталық Азиядағы ең ықпалды 10 әйелдің бірі саналады.

Сарапшылардың пікірінше, Рахмон Путиннің көңілін табуға тырысып, оның қолдауын ұлын Тәжікстанның бірінші тұлғасына айналдыру жолында пайдаланбақ. Екінші жағынан алып қарағанда, Озоданы батыстың халықаралық саяси аренасына шығаруға күш салып жатыр.

Президент екі перзентін де биліктің басында ұстағысы келеді. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» үшін жақыннан – Ресейден дорбалауға, алыстан – АҚШ-тан арбалауға әрекет етудің алдында тұр. Қазіргі уақытта Рустам мен Озода республиканың ықпалды ресурстарын иемденуге тырысады. Бұл әрекеттері саяси кландар мен кәсіпкерлердің арасында ғана емес, президент отбасы мүшелерінің де жанжалдасуына жағдай туғызады. Өйткені, Эмомали Рахмонның тоғыз перзенті, төрт күйеу баласы, ондаған туысқаны бар.

Рустам Эмомали туралы алып-қашпа әңгімелер де баршылық. Оның республикадағы беделді тұлға саналатын нағашы ағасы Хасан Асадуллозодаға оқ атқаны жұртшылықтың есінде.

«International Crisis Group» ұйымының бағалауынша, Озода Рахмон мемлекеттік қызметте інісіне қарағанда ауыз толтырып айтарлықтай сауатты, мемлекетті басқару қабілеті жоғары. Бірақ, әйел заты болғандықтан, оның мұсылман елін басқаруы мүмкін емес шығар. Демек, әпкесіне қарағанда Рустамның ұпайы түгел. Яғни, алдағы жылдары Эмомали Рахмонның елді уысында ұстап тұруға шамасы жетсе де, түбі ұлын өзінің орнына қояды.

Тәжікстанның келесі президенті кім болса да, бір нәрсе анық – Эмомали Рахмонның кіндігінен тараған ұрпағының бірі билік басына келеді. Өйткені, бүгінгі Тәжікстанның саяси бағдары демократиядан алыстап, диктатурадан монархияға қадам басудың аз-ақ алдында тұрғандай әсер қалдырады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өкінішке қарай, ХХІ ғасырға аяқ бассақ та, әлем елдерінің көбінде демократиялық басқару құрылымы толықтай орнай қоймады. Әсіресе, демократияның салтанат құрмауы кешегі КСРО құрамында болған кейбір посткеңестік елдердің бас ауруына айналды. Дегенмен, «Бетеге кетіп бел қалар, бектер кетіп ел қалар» дегендей, посткеңестік елдердің көбіне тән індеттің бір емі табылары сөзсіз. Өйткені, қандай да бір тұлғаның шексіз билік жүргізгені тарихта кездеспеген. Түбі билік кетеді, халық қалады.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Айта кетейік, Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан Түркіменстан жыл басында посткеңестік кеңістіктегі президент «тағына» әкесінен кейін баласы отырған үшінші мемлекет атанды. Биліктегі мұндай ауыс-түйіс алдымен Әзербайжанда, кейін Ресей Федерациясының құрамындағы Шешенстанда болған еді. Айталық, 2003 жылы 21 сәуірде бір салтанатты мәжілісте Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтің денсаулығы сыр береді. Он минуттан кейін президент мінбеге қайта шығып, өз сөзін жалғастырады. Дегенмен, сөзін аяқтай алмай жерге талып құлайды. Ұзақ уақыт Түркияда ем қабылдайды. Сол тұста елде президенттік сайлау науқаны басталады. Үміткерлердің арасында президенттің жалғыз ұлы Ильхам Әлиев те бар-тын. Сол жылы 2 қазанда АҚШ-тың ауруханасында қатты ауырып жатқан Гейдар Әлиев телеарна арқылы халқына үндеу жолдайды. Үндеуінде жалғыз ұлын өзінің заңды мұрагері санап, халықтан оның кандидатурасын қолдап дауыс берулерін өтінеді. Президенттің айтқаны айдай келді. Кіші Әлиев 2003 жылы 9 қазанда өткен президенттік сайлауда сайлаушылардың 84,6 пайыз дауысын иеленіп, әкесінің орнына отырды. Ұлының президенттік «таққа» отырғанын өз көзімен көріп үлгерген Гейдар Әлиев сол жылы 12 желтоқсанда көз жұмды. Сөйтіп, үлкен Әлиевтің ізін ала Әзербайжанда кіші Әлиевтің шексіз билік құру дәуірі жалғасты. Ал, билік транзиті әкеден балаға өткен посткеңестік кеңістіктегі екінші ел – Шешенстан. Ахмат Қадыровтың ұлы Рамзан 30 жасында Шешенстан басшысы атанды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here