Air Astana Черногорияға тікелей рейстер ашты

0
303

1 маусымнан бастап «Air Astana» әуе компаниясы Қазақстан мен Черногория арасында тұрақты әуе қатынасы қалпына келеді. Бұл туралы «Air Astana» әуе компаниясының Баспасөз қызметі хабарлады.

Черногория астанасы Подгорицаға жолаушыларды жаңа жайлы Airbus 321LR лайнері тасымалдайды. Рейстер бейсенбі және жексенбі күндері Нұр-Сұлтаннан, ал дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және сенбі күндері Алматыдан ұшады.

Рейстер Нұр-Сұлтаннан сағат 08:50-де ұшып шығып, Подгорицаға сағат 10:55-те ұшып келеді, ал Подгорицадан сағат 12:00-де ұшып, Нұр-Сұлтанға 21:20-да ұшып келеді. Алматыдан рейстер сағат 07:30-да ұшып шығып, Подгорицаға 10:25-те ұшып келеді, ал Подгорицадан кері қарай 11:30-да ұшып кетіп, Алматыға 21:25-те ұшып келеді.

Екі бағыттағы билеттердің құны салықтарды ескергенде эконом-класта 252 255 теңгеден, ал бизнес-класта 753 565 теңгеден басталады.

Черногорияға барғысы келетін жолаушыларға ПТР-тест пен вакцинация паспорты қажет емес. Ал, Қазақстан азаматтары Черногорияда 30 күнге дейін визасыз жүре алады.

Айта кетейік, Черногория – Еуропаның оңтүстік-шығысында және Балқан түбегінің батысында орналасқан славян елі. Жер көлемі біздің Шу ауданымен шамалас мемлекет 2017 жылдан бері НАТО мүшесі. 2010 жылы Еуропалық Одақ мүшелігіне кандидат мемлекет ретінде ресми тіркелді. Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі болмаса да, еуро қолданады. Астанасы – Подгорица. Онда 160 мыңдай халық тұрады. Халқының басым бөлігін черногорлар (43,16%) мен сербтер (31,99%) құрайды. Туризм саласы дамыған. Мысалы, 620 мың халық тұратын елге жыл сайын кемінде 1 миллионнан артық туристер келеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here