Әскери инфрақұрылымды жетілдіру – басты міндеттердің бірі

0
506

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың басшылығымен аудандық пайдалану бөлімдері мен жол пайдалану учаскелері бастықтарының жиыны өтті. Жиында қолда бар тұрғын үйлер мен қызметтік қорларды ұстап тұру және пайдалану бойынша жартыжылдық қызметтің қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге тапсырмалар қойылды.

Әскери инфрақұрылымды дамыту мен Қарулы күштердің негізгі қорларын үздіксіз қамтамасыз ету – әскерлерді сапалы даярлаудың маңызды құрамдас бөлігі. Биылғы 18 мамырда өткен ведомствоның алқа отырысында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын.

Генерал-майор Мұхамеджан Таласов бүгінгі таңда гарнизондарда әскери қалашықтар үшін жаңа ғимараттар салу және қолда бар ғимараттарды жөндеу, оларды қажетті коммуникациялармен жабдықтау жұмыстары жоспарлы жүргізіліп жатқанын атап өтті.

2016 жылдан бастап әскерлер модульдік казармалармен, асханалармен, штабтармен, оқу, әкімшілік және техникалық ғимараттармен қамтамасыз етіліп келеді. Осы мақсатқа жалпы құны 2,9 млрд теңге болатын 42 ғимарат сатып алынды.

Қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде «мобильді тұрғын үйлер» деп аталатын құрылыс арқылы тұрғын үй салуға мүмкіндік туып отыр.

Қазіргі уақытта модульдік конструкцияларды пайдалана отырып, Сарыкемердегі 13 нысан, оның ішінде асхана, казарма, штаб, медициналық пункт, қарауылдық үй-жай, монша-кір жуу кешені салынып, пайдалануға берілгенін атап өткен жөн.

– Өткен жылдан бастап әскери-құрылыс саласы үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Осыған сәйкес, әскери нысандар салу мен оларды қайта жаңарту үшін конкурстық негізде жеке инвестициялар тарту мүмкіндігі пайда болды. Солардың көмегімен Түркістан, Маңғыстау облыстарында ірі әскери инфрақұрылым объектілерін, Ақтауда әскери-теңіз госпиталін салуды жүзеге асыру және талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа IT-компаниялардың ресурстық және зияткерлік әлеуетін тарту қарастырылуда, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Генерал-майор Мұхамеджан Таласов аудандық пайдалану бөлімдері бастықтарының алдына «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы шеңберінде өткізілетін қару мен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру жөніндегі кешенді жоспардағы іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын бақылау туралы нақты тапсырма қойды. Бұдан өзге, Ақтөбе облысының Жем қаласындағы әскери қалашықтың, биылғы жылға жоспарланған көпбейінді қоймалардың құрылысын сапалы техникалық жағдайлармен және рұқсат беру құжаттамасымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ жазғы кезеңде ғимараттарды, инженерлік желілерді, коммуналдық нысандарды жөндеу мен алдағы жылыту маусымына дайындауды ұйымдастыруды тапсырды.

Сонымен бірге, жиында әрбір аудандық пайдалану бөлімдері мен жол пайдалану учаскелерінің өткен кезеңдегі қызметінің қорытындысы шығарылды. Жұмыста үздік нәтиже көрсеткен басшылар атап өтілді. Бұдан басқа, қызметті неғұрлым тиімді ұйымдастыру мақсатында лауазымды тұлғалар арасында қайта тағайындаулар жүргізілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here