«Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

0
181

Otbasybank.kz платформасында 20 маусым мен 19 шілде аралығында «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылданады. Бұл үшін өтініш берушілер «Отбасы банкінің» клиенті және қолында аутентификация кодын алу үшін ұялы телефоны болуы тиіс. Қосымша құжат пен анықтама қажет емес. Жүйе үміткердің мәліметтерін өзі тексеріп, кейін өтінімді қабылдайды.

Бағдарламаға келесі санаттағы азаматтар қатыса алады:

  • көпбалалы отбасылар;
  • ерекше қажеттілігі бар балаларды асырап отырған отбасылар;
  • толық емес отбасылар / ажырасқанына кемінде 3 жыл болуы тиіс /.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушыларды таңдау кезінде азаматтардың табысы тексеріледі. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс соңғы алты айда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауы тиіс / 2022 жылы ЕТКД 37 389 теңгеге тең, тиісінше отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 115 905 теңгеден аспауы тиіс /.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна ретінде үй құнының 10 пайызын төлеп, жылына 2% мөлшерлемемен үй сатып алуға болады. Қарыз 20 жылға беріледі. Отбасы жергілікті әкімдіктер салған, бірінші, екінші нарықтағы және жекеменшік жер үйді де ала алады. Нұр-Сұлтан, Алматы және олармен шекаралас аумақтарда қарыздың ең үлкен сомасы 15 млн теңге, ал Шымкент, Ақтау және Атырауда 10 млн теңгені құрайды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here