Таразда Шерхан Мұртазаның ескерткіші ашылды

0
768

Таразда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, жамбылдықтардың мақтанышы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы тұлғаның ескерткішінің ашылуымен басталды.

Салтанатты шараға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, қоғам қайраткері, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, профессор, әдебиеттанушы Жанғара Дадебаев қатысты.

Дархан Қыдырәлі баршаны айтулы оқиғамен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Шерхан Мұртаза – саналы ғұмырын халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға арнаған көрнекті тұлға, Халық жазушысы, қоғам қайраткері. Шерхан Мұртаза өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – делінген құттықтау хатта.

Өз кезегінде көрнекті қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де орамды ойларын ортаға салып, жиналғандарды құттықтады.

Ескерткіш Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимараты мен жатақханасының алдында орналасқан.

Демеушілік қаражат есебінен жасалған ескерткіш қоладан құйылған. Тұғырдың биіктігі 4 метрге жуық, ал мүсіннің жалпы биіктігі 7,7 метрді құрайды.

Ескерткіштің авторы – мүсінші Айдос Бүркітбаев. Оның жұмысы «Көне Тараз» қоғамдық қоры жариялаған байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған. Бұл тұрғыда шығармашылық зиялы қауым өкілдерінен комиссия құрылған болатын.

Мүсіншінің Қазақстан бойынша 20-ға жуық туындысы қойылған десек, олардың қатарында ұлы ойшыл әл-Фарабидің, қазақтың белгілі композиторлары Шәмші Қалдаяқов пен Дина Нұрпейісованың мүсіндері бар. Мүсінші тұлғаның бейнесін сомдамас бұрын жазушының 200-ден астам фотосуреттерін, өмірбаянын, шығармаларын, жақындарының естеліктерімен танысып, жан-жақты зерделегенін айтады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here