Абзал Есіркепов: «Көзі ашық, көкірегі ояу жас ұрпақ туған елінің дамуына аянбай тер төгеді»

0
2392

Ел болашағын жарқын етуде жастардың үлесі зор. Бір сөзбен айтқанда, жастар – қозғаушы күш, білімді ұрпақ, әлеуметтік белсенді топ. Жастар ресурстық орталығы да осы міндеттердің үдесінен шығу үшін күш салып келеді. Жастардың шығармашылығын дамытуға, жаңашыл жобалардың қанат бітуіне орталықтың берер бағыты мен мүмкіндігі мол. Жастар ресурстық орталығының алдағы уақыттағы жоспарларын Тараз қалалық әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Есіркепов Абзал Есенұлы бізге берген сұхбат барысында айтты.

Абзал Есенұлы, сұхбатымызды қалада тұратын жастардың статистикасынан бастасақ. Себебі, құр сан деп қарағанымызбен, сан сапаға әсер етпей қоймайды ғой

– Тараз қаласында бүгінде 367 мың тұрғын бар. Оның ішінде 75 мыңы, яғни 20,4%-ы – жастар. 2022 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында Тараз қаласы жастарының әлеуметтік портретін жасақтау мақсатында қала жастарына зерделеу және адрестік жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, Тараз қаласында жалпы жастар саны 2022 жылы 76,8 мың болып анықталды. Оның ішінде 18,7 мыңы – мектеп оқушылары, 20,1 мыңы – ЖОО студенттері, 16,8 мыңы – кәсіптік-техникалық білім беру орындарындағы студенттер.

– Таразда жастар арасындағы түйткілді мәселелер шешімін қалай тауып жатыр?

2 594 NEET жастардың ішінде нақты 903-і – ешқандай жерде жұмыс істемейтін, оқымайтын, еш жерде тіркелмеген жастар. Бүгінгі таңда оның 832-сі Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде есепке алынып, 268 жасқа мамандықтарына сәйкес Тараз қалалық білім бөліміне қарасты мектептерден, емханалардан, «Әулие-Ата» халықаралық әуежайынан, «Садыхан» ЖШС сынды дәріханалардан жұмыстар ұсынылды. Қалған 635 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оларға арнайы бағдарламалар таныстырылып, түсіндірме жұмыстары, кеңес берулер өткізіліп жатыр. Бүгінде аталған жастар үшін 6 кеңес беру алаңы, 2 көшпелі жастар форумы және Халықты жұмыспен қамту орталығымен 1 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бүгінде 903 жұмыссыз жастарды 3 категорияға бөле отырып жұмыс істеу жоспарлануда. Жастар арасында жұмыссыздықтың алдын алу мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы қоғамдық жұмыстар «Жастар практикасы», «Жасыл ел» мемлекеттік қайтарымсыз гранттар мен өзге де мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мен түсіндіруге бағытталған кездесулер, көшпелі қабылдаулар, кеңес беру алаңдарын ұйымдастыру, шалғай алқаптағы және ықшам аудандағы жастар үшін көшпелі кеңес беру алаңдары сынды әр тоқсан сайын іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Жұмыс жоспарларыңыз бойынша биыл қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыс жасалынуда. Атап айтқанда, 14-18 жас аралығындағы жастар, жоғары сынып оқушылары үшін «Қажетті маман бол» жобасы, «Зейін» әлеуметтік жобасы, «Жас ұлан», «Жас сарбаз» жастар мен жасөспірімдер ұйымдарымен бірлесе әскерге шақыру, рухани-адамгершілік пен әскери-патриоттық сезімді арттыруға бағытталған «Айбын» жас патриоттар байқауы сынды әскери байқаулар мен әскери жаттығулардан жарыстар ұйымдастырылуда. 19-23 жас аралығындағы жастар, ЖОО және АООО студенттері үшін жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, белсенді болу, өзін-өзі басқаруы бойынша тұрақты жұмыс жүргізу, «Жас саясаткер» жобасы, «Ақпарат алаңы» жобасы, «SANA» ораторлық өнер жобасы жүргізілуде.

Абзал Есенұлы, қалалық жерлердегі жастардың деңгейін, біліктілігін көтеру мақсатында қандай бағдарламалар бар?

– Жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдай жасау бойынша тұрақты кеңес беру алаңдары, бос жұмыс орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. 2021 жылы 1 659 адамға 39 кеңес беру алаңдары өткізілді. Қала жастарын жұмыспен қамту, оның ішінде NEET және маргиналды жастарды жұмыспен қамту мақсатында былтыр жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 5 085 жас тартылды. Сондай-ақ, жастардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу бойынша 2022 жылдың І тоқсанында 15 іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 470 жас қамтылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 2021 жылы 39 іс-шара ұйымдастырылып, 825 адам қамтылды. Аталған бағыт аясында Антикор ғимаратына қоғамдық қабылдаулар, оқуға құжаттар қабылдау орындарына қоғамдық бақылау және қала аумағындағы 2 жоғары және 3 арнаулы орта оқу орындарына сенім жәшіктері орнатылды. 2022 жылдың І тоқсанында 16 іс-шара ұйымдастырылып, оған 560 жас қамтылды.

Өңірге тән жастардың қандай тың жобалары бар?

– Тараз қаласындағы жұмыссыз жастарға, оқуды жаңа бітірген түлектерге жұмыс табуға және өңіріміздің жастары арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін 1 255 000 теңге қайтарымсыз гранттарды алуға көмек беретін Need to Work жобасы іске асты. Жоба барысында 200-ден аса жасқа консультациялық жұмыстар жүргізілді. 11 сынып оқушыларына арналған «Зейін» жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты – әлеуметтік осал топтан шыққан оқушыларға ҰБТ-ға тегін дайындалуға мүмкіндік беру.

Сіз басқарып отырған жерде жастар саясатының қанағаттану деңгейі қандай?

– Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген жас ұрпақ туған елінің дамуына аянбай тер төгеді. Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы да осы міндеттердің үдесінен шығу үшін күш салып келеді. Жастардың шығармашылығын дамытуға, жаңашыл жобалардың қанат бітуіне орталықтың берер бағыты мен мүмкіндігі мол. Қала жастарымен бірге біршама ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеміз, яғни жастармен жұмыс тоқтап жатқан жоқ. Қолымыздан келгенше жастардың тың идеяларына қолдау көрсетіп, демеу беру – біздің басты мақсатымыз.

– Абзал Есенұлы, жас отбасылардың жағдайы қалай? Ажырасудың алдын алу бойынша қандай жұмыстар өткізілуде?

– Жастар арасындағы мұндай өзекті мәселені шешудің жан-жақты жолдары қарастырылуда. Қазір кәсіби психологтармен келісімшарт жасасып, жастармен жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2022 жылға арналған маңызды жобалардың тізіміне «Отбасы институтын нығайтуға және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу» лот тақырыбы енгізілді. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаздар белгіленуде.

Сіздің ойыңызша, жастарды қандай мәселелер толғандырады?

– Жастардың басты мәселелерінің бірі – жұмыссыздық пен баспана. Жұмыс табу бойынша бізде «Need to Work» жобасы іске асырылуда. Тұрғын үй мәселесі бойынша жақында «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы іске қосылды.

Абзал Есенұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here