Ауыл кәсіпкерлері қалай 5-12 млн теңге несие ала алады?

0
924

Аграрлық несие корпорациясы ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдетілген шағын несиелер беру науқаны басталғанын хабарлады. Биыл ауыл мен моноқала тұрғындарына шағын несие беруге 40 млрд теңге қарастырылған.

Бағдарлама шарты бойынша несиенің сомасы:

  • мал шаруашылығын дамытуға – 5 млн теңге, зәкірлік кооперацияны дамытуға – 12 млн теңге;
  • басқа ауыл шаруашылығы бағыттарына – 6 млн теңге, зәкірлік кооперацияны дамытуға – 12 млн теңге.

Шағын несие 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Жеңілдетілген кезең – несие мерзімінің үштен бір бөлігі.

Сыйақы мөлшерлемесі жылдық – 6% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – жылдық 6%-дан бастап), несие серіктестіктері мен микроқаржы ұйымдары үшін жылдық – 2% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – жылдық 2%-дан бастап), бұл ретте, түпкі қарыз алушыға номиналды мөлшерлеме – жылдық 6%-ға дейін (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – жылдық 6%-дан бастап).

«Шағын несиеге онлайн өтінім беруге болады. Ол үшін фермер ЖСН арқылы www.agronesie.kz платформасына тіркеліп, несие мақсатын таңдап, кепіл берушінің мәліметтерін енгізіп, өтініш жіберуі қажет. Мемлекеттік және басқа да деректер базасымен бірігу кепілді онлайн бағалауға және 10 минут ішінде несиені алдын ала мақұлдау туралы жауапты жіберуге мүмкіндік береді», – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегенов.

Айта кетейік, соңғы бес жылда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында ауыл кәсіпкерлері корпорация арқылы жалпы сомасы 267,3 млрд теңгеге 63,5 мың несие алды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here