Президент сайлауына қатысуға 12 кандидат ниет білдірді

0
1538

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну уақыты кеше аяқталады. Саяси додаға қатысуға 12 кандидат ниет білдірді.

Бірінші кандидат – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев. Алғашқы кандидаттың ерекше есімі интернет-мемге айналды. Содан бұған дейін есімі Жамбыл жұртшылығына ғана таныс болып келген Жигули Молдахалықұлы бір күнде жалпы Қазақстанға танылды. Мықты пиар ход болды!

Екінші кандидат – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынған Нұрлан Әуесбаев болды. Бұған дейінгі сайлауларға байкот жариялап келген оппозициялық партияның кандидат ұсынғаны құптарлық. Күрессіз жеңіс болмайды.

Үшінші кандидат – «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкен. Оның кандидатурасын «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі ұсынды. Ақиқатын айтқанда, кандидатты мүлдем танымаймын, бірақ сайлауға партиялардан бөлек басқа да ұйымдардың қатысқаны жақсылықтың нышаны.

Төртінші кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазіргі Президенттің кандидатурасын «AMANAT» партиясынан бөлек басқа да саяси бірлестіктер ұсынып отыр. Оны кеше Мемлекет басшысы: «Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің ірі коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады», – деп түсіндірді. Енді Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылады. Расында, Қазақстан үшін тың бастама!

Бесінші кандидат – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясының мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Қарақат Әбден. 48 жастағы Қарақат Жақсылыққызының кандидатурасын 7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.

Алтыншы кандидатты 10 қазанда «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі ұсынды. Ол – экс-депутат, кәсіпкер Талғат Ерғалиев. Талғат Файзуллиұлы – 56 жаста, Ақмола облысының тумасы.

Жетінші кандидат – экс-депутат Жұматай Әлиев. Оны 10 қазан күні «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынды.

Сегізінші кандидатты 11 қазанда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр. Президент сайлауына үміткер ретінде аталған бірлестік атынан құқық қорғаушы Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова ұсынылды. 

Тоғызыншы кандидатты «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. Ол – суретші, сәулетші, Қазақстанның төл ұлттық валютасы – теңгенің автор Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов.

Оныншы кандидат – Нұржан Әлтаев. Мәжілістің экс-депутатын «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.

Он бірінші кандидат та кеше тіркелді. Фатима Бизакова Орталық сайлау комиссиясына құжатты «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан тапсырды.

Соңғы кандидат та соңғы күні құжатын тапсырды. Бақыт Маратұлы Жаңабаев «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігінің атынан ниет білдіріп отыр.

Осылайша, кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Ал, жақында құрылған Демократиялық күштер коалициясы үнсіз қалды. Өткенде өздері «Бұл күресте бір болатындығымызды, көзқарастар мен ұстанымдардағы өзгешеліктерді, келіспеушіліктерді ысырып тастап, Демократиялық күштер коалициясы төңірегіне топтасатынымызды тағы да мәлімдейміз» деді. Өкінішке қарай, құры сөзден іске көше алмады. Яғни, бұл саяси додаға ортақ келісімге келіп, бір кандидатты ұсынбады.

P.S. Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – енді қазақстандықтар «бәріне қарсы» дауыс бере алады. Президенттің саяси реформасының нәтижесінде Қазақстанда 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауының бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Яғни, президенттікке ұсынылған кандидаттарға сайлаушылардың көңілі толмаса, олар дәл осы тармақты таңдап, өз қарсылығын білдіре алады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here