«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…»

0
1331
Коллаж: Айнұр Қайратбек

Абайдан адамзатқа қарата айтылмаған сөзі қалмаған-ау, сірә…

Ұлы ғұламаның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген терең ойлы сөзі Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын паш етіп тұрғандай.

Бізде шүкір, мемлекетіміз көп ұлтты. Осы көп ұлтты мемлекетімізде дініміз бен тіліміз, діліміз бәрі де қалыпты ырғақпен дамып келеді. Тіпті, барлық ұлт пен ұлыстардың құқығы да тең дәрежеде сақталған. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған татулығымыздың арқасында Қазақстан үлкен іргесі ажырамайтын шаңыраққа айналып, әлемдік аренада өзіндік айтулы орнын алған. Ертеңді ойласақ, еңселі ел боламыз деген осы болар…

Бұл мереке сонау 1996 жылдан бері елімізде дәстүрлі түрде тойланып келеді.  

Рас, көп ұлтты елімізде ынтымақ пен бірлікті нығайту түсу үшін қаншама шаруалар тындырылуда. Ол істердің басым бөлігі көзге көріне бермеуі де мүмкін. Алайда,  маңыздысы, тыныштық пен бейбітшілік осы қыруар атқарылып жатқан істердің толыққанды нәтижесі екенін кез келген жан ұғына білгені дұрыс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелік құттықтауында бұл күннің татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мереке екенін атай отырып, былай дейді: «Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Бүгінде еліміздің барша азаматтары біртұтас ұлт болып Әділетті Қазақстанды құрып жатыр. Ырысты ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы.»

Міне, президенттің сарабдал саясаты мен оның ел басқарудағы көрегендігін тек қазақстандықтар ғана емес, әлем елдері мойындап отыр.

Иә, ынтымақ бар жерде жақсылық атаулы жұмылған жұдырықтай болып бірігеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін еліміздің бірқатар аймақтарында орын алған су тасқыны кезінде де куә болдық. Қазақстандықтар өзара ұйымдасып, гуманитарлық көмектен ешқайсысы аянып қалмады. Тіпті, мұндай көмектер әр ауылдан, әр отбасынан шығып жатты. Бірлік дегеніміз осы емес пе!

«Ел бірлігі, әсіресе, қиын-қыстау сәттерде сыналады. Биыл біз бұрын-соңды болмаған «алапат тасқынмен» бірлесе күресіп жатырмыз. Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді. Халқымыз жасампаздық пен жаңашылдық, еңбекқорлық пен білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерінің арқасында өсіп-өркендей береді деп сенемін», – деп Мемлекет басшысы өте орынды баға берді.

Сөйтіп, осынау су тасқыны елдің пейілі кең болғаннан ешкім де кем болмайтынын қайыра тағы бір түсіндіргендей болды…

Қаз дауысты Қазыбек би айтқандай, «Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Тәуелсіз Отанымыздың ынтымағы жарасты болғай!

«Қазақ» ақпарат

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here