Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі – Президент

0
532

Бүгін, 25 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қазақстанның жарты аумағын басып қалған су тасқынымен күрес қалай жүріп жатқанына тоқталды.

«Менің тапсырмаммен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ, апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі.

«Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды», – деді Мемлекет басшысы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here