Университет мерекелік жәрмеңке мен марафон ұйымдастырды

0
1091

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне арналған апталықтың қорытындысы ретінде марафон, салтанатты шеру, форум және жәрмеңке ұйымдастырылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жиылғандарды Республика күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Республика күні қайта жанданып, ұлттық мереке ретінде бекітілді. Маңызды мереке аясында университетімізде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Мақсат – білім алушы жастардың бойындағы патриоттық сезімді ояту, елін, жерін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу. Баршаңызға мықты денсаулық, әр шаңыраққа бақыт-береке тілеймін», – деді университет басшысы.

Арнайы ұйымдастырылған мерекелік күзгі марафонға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, шетелдік мұғалімдер мен 1000-нан астам білім алушы жастар қатысты. Күзгі спартакиада картасындағы квест ойыны қызықты әрі көңілді болды. Спорттық іс-шаралар салауатты өмір салтын ұстануға, денешынықтыруды насихаттауға үндейді. Марафонға қатысушылардың бірі – журналистика факультетінің студенті Диана Баянбаева. Ол марафонннан алған әсерімен бөлісті.

«Марафонға қатысып, оң қуат пен көп әсер алдым. Достарымның қолдау көрсеткеніне қуаныштымын. Шетелдік азаматтармен де таныстым және бұл дәстүр университетімізде жалғасын табады деп сенемін. Үйлесімділік пен бірлік орнаған Қазақстанның азаматы болу қандай керемет! Мен өз елімді мақтан тұтамын!» – деді.

Марафон соңында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев 1000 қатысушының арасынан суырылып шығып, алғаш келген жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен Алғыс хаттар табыстады.

Сонымен қатар жастар арасында шахмат, қазақша күрес, еркін күрес, тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды.

«Республика күні – еліміз үшін айтулы мереке, мемлекеттігіміздің символы. Сондықтан балаларымыздың бойына өз еліне, тіліне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілікті сіңдіріп, мемлекеттік рәміздерге, мерекелерге құрметпен қарауға тәрбиелеу аса маңызды», – дейді химия және химиялық технология факультеті деканының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Лейла Кудреева.

Сондай-ақ қатысушылар мен қонақтар ҚазҰУ-дың «Алтын күз» жәрмеңкесін тамашалады. Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдарының бірегей үлгілері, түрлі ұлттың тағамдары, кондитерлік және азық-түлік өнімдері қойылды. Сурет көрмесінің экспозициясында студенттердің стартап жобалары ұсынылды.

«Кітапхана алдында концерт тыңдап, әр елден келген студенттердің дайындаған өнімдерін тамашалап, сауда жасап, кәдесыйлар алдық. Бұл шынымен де естен кетпес жақсы күн болды. Сонымен қатар ауа райының жайлы болуы іс-шараның көркін арттыра түсті. Іс-шараға атсалысқандар мен ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін», – дейді ТҮРКСОЙ кафедрасының аға оқытушысы Нуреттин Чакыр.

Кореядан сабақ беруге ҚазҰУ-ға арнайы келген профессор Ли Бенг Джо барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, лебізін жеткізді.

«Республика күні – қазақ халқы үшін маңызы жоғары мерекелердің бірі. Қазақ ұлттық университеті ұлттық мерекені жан-жақты атап өтуде. Осы университеттің мүшесі ретінде білімгерлер, оқытушы-профессорлар ұжымының мерекеге атсалысып, белсенділік танытып жатқанына қуаныштымын. Осындай іс-шаралар университет ұжымының ауызбіршілігін көрсетеді», – деді профессор.

Іс-шара студенттердің қатысуымен өткен мерекелік шерумен аяқталды. Жастар қолдарына Қазақ елінің туын ұстап, Әл-Фараби даңғылынан «Мәңгілік ел» аркасына дейін барып, республика бойынша басталған челленджді қолдап, мемлекеттік Әнұранды шырқады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here