Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа заң бойынша енді қаңтар оқиғасына қатысушылардың бір бөлігі бостандыққа шығады. Нақты айтқанда, рақымшылыққа 1,5 мыңға жуық адам ілінеді.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында жүктеген тапсырмасын орындау үшін әзірленген құжатта қылмыстық теріс қылықтар, ауырлығы аз және орташа қылмыстар жасаған тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қылмыстық істерді тоқтату, осындай әрекеттер бойынша сотталғандарды жазадан босату, сондай-ақ осындай құқық бұзушылықтар үшін жазасын өтегендердің соттылығын алып тастау көзделген. Рақымшылыққа байланысты ауыр қылмыс жасаған адамдарға соттар тағайындаған жаза төрттен үшке, аса ауыр қылмыстар жартысына дейін қысқартылады. Ал, террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық, азаптаулар жасаған, қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған адамдар рақымшылық жасауға жатпайды.
Президенттің өзі айтқандай, «заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр, оларға кешіріммен қараған дұрыс». Осындайда «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген халықтық қағида ойға оралады. Аталған заң – қоғам мен мемлекет тарапынан жасалатын бір реттік мейірімділік пен ізгілік актісі. Яғни, әлдекімдердің айтақтауымен түзу жолдан тағы тайса, мұндай мүмкіндіктің екінші рет берілмейтінін естен шығармау керек.
Тағы бір атап өтерлігі, жаңа заң рақымшылыққа ілінгендердің жақын туыстарына кері әсер етпейді. Өйткені, қолданыстағы заңнама бойынша жақын туыстары оның әрекеті үшін ешқандай құқықтық жауапкершілікке тартылмайды, оларға құқықтық шектеулер қарастырылмайды. Мысалы, рақымшылық жасалған адамның балаларының мемлекеттік немесе әскери қызметке кіруіне кедергі болмайды.