Әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері талқыланды

0
140

Қорғаныс министрлігінде Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқаты мен азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне арналған көшпелі отырысы өтті.

Оған Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Бас прокуратураның, мүдделі министрліктердің, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, бизнес-қоғамдастықтың және сарбаз аналары комитетінің өкілдері қатысты.

Отырыста әлемде өңірлік және жергілікті қақтығыстардың жиілеп кетуі, тұрақсыз геоэкономикалық ахуал жағдайында әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу мәселелері ерекше өзектілікке ие болатыны атап өтілді.

– Біздің отырысымыздың тақырыбы Жолдау мен Президенттің сайлауалды бағдарламасының рухына сәйкес келеді. Біз Мемлекет басшысының әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін және әскери қызметтің беделін арттыру туралы тапсырмаларын іске асыру бойынша тәжірибелік шараларды бірлесіп әзірлеуіміз қажет, – деп түсіндірді кездесу мақсатын Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов депутаттарды биыл атқарылған жұмыстармен, сондай-ақ әскерлерді жарақтандыру және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріндегі проблемалар туралы хабардар етті.

– Мемлекет басшысының армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қарулы күштер құрылымын қайта форматтау, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту, кадрлардың кәсіби даярлығын жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қабылданды. Ведомствоаралық оқу-жаттығулар, оның ішінде дағдарыстық жағдайларға ден қою мәселелерін пысықтаумен өткізілді. Армия дамуының оң динамикасына қарамастан, бірқатар проблемалық мәселелер де бар. Оларды шешу үшін біз бөлінген лимиттер шегінде өз ресурстарымыз есебінен қаражат іздейміз, – деп толықтырды министр.

Ведомство басшысы Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. 2022 жылдан бастап кезең-кезеңмен жалақсы өсіріліп келеді. Десек те, әскери қызметшілердің бүгінгі жалақы деңгейі және қолда бар әлеуметтік жеңілдіктер қызметтің қарқындылығы мен әскери қызмет туғызатын тәуекелді ескере отырып, олардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етпейді деді.

Кадрлардың басқа салаларға кету көрінісі байқалады. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне еңбекақы төлеу және әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру қажеттілігі туындады. Азаматтық сектормен салыстырғанда, әскери дәрігерлер, жоғары әскери оқу орындарының азаматтық оқытушылары мен Қарулы күштердің қызметкерлері жақсы жағдайда емес.

– Менің ойымша, әскери қызметшілер мен күштік құрылымдар қызметкерлерінің жалақысында айырмашылық болмауы керек. Өйткені олардың бәрінің Отан алдындағы борышын атқарудағы міндеті бірдей, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Ақшалай қаражат, тұрғын үй және тамақтану сапасы – әскери қызметшілердің қызмет жағдайларына қанағаттануы, жеке құрам мен олардың отбасыларының әл-ауқаты әлеуметтік пакеттің осы және басқа да көптеген компоненттеріне байланысты.

Кездесу қорытындысы бойынша Үкіметке жіберу үшін әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруды жақсартуға қатысты ұсыныстар дайындау туралы шешім қабылданды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here