Астанада «Бейбітшілік ағашы» көпшілікке таныстырылды

0
212

Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев «Бейбітшілік ағашы» инсталляциясын көпшілікке салтанатты таныстыру рәсіміне қатысты. Елордада бой көтерген өнер туындысына әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ізгі тілектері мен жолдаулары жазылған.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Съезд дінаралық диалогты жалғастыруға елеулі үлес қосатынын және рухани құндылықтарды, диалог пен өзара құрмет мәдениетін ілгерілету ісіндегі маңызды бастама екенін айтты.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі деңгейі мен қатысушылардың саны жағынан да, бүгінгідей әлемдік қоғамдастық үшін күрделі кезеңде қаралған мәселелердің маңызы жағынан да тарихи әрі бірегей оқиға болды. Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайеб және басқа да әлемдік дін лидерлері қазіргі әлемнің дамуына, диалог, өзара құрмет, бейбітсүйгіштік мәдениетін ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Оның бәрі форумның қорытынды Декларациясына енгізілді. Осындай тарихи оқиғадан жасампаз естелік ретінде біз екі шығармашылық жобаны қолға алған едік. Оның бірі Астанадағы заманауи және көпбейінді Бейбітшілік және келісім саябағы. Екінші – әлемдік дін лидерлерінің ізгі тілектері жазылған «Бейбітшілік ағашы» атты инсталляция», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы биыл қыркүйек айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне әлемнің 50-ге жуық елінен 100-ден астам делегат қатысқанын атап өтті. Олардың қатарында ислам, христиан, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм, буддизм, бахаизм және джайнизм діндерінің өкілдері бар.

«Бейбітшілік ағашы» интерактивті өнер инсталляциясы Съезд идеологиясына табан тірейтін әлеуметтік-философиялық қағидаттардың бірі – әлемдік және дәстүрлі діндер арқылы жалпыадамзаттық ортақ құндылықты іздеуді сипаттайды. Жаңа туындыға VII Съезге қатысушылардың өз қолдарымен жазылған мәтіндері қосылған. Жобаның авторы – белгілі суретші Лейла Махат.

Айта кетейік, іс-шараға Парламент депутаттары, Қазақстандағы бірқатар шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары, жоғары оқу орындарының, діни және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here